Facebook – 2004 жылы Марк Цукербергтің жобасымен құрылып, бүгінде көпшілік үшін ақпарат алмасу көзіне айналған әлеуметтік желі. Автордың өз идеясын бұлай атауына оқу орнындағы жаңадан келген студенттерге берілетін анықтама себеп болған. The Photo Address Book деп аталатын курстастарының фотосуреттері, мекенжайы мен байланыс нөмірлері жазылған құжатты студенттер The Facebook деп атайтын еді. Осыған орай Марк Цукерберг адамдардың жеке деректерін енгізе отырып, ақпарат алмасуын қамтамасыз ететін желіге Facebook деген атау берді. Бұл күнде әлемге танымал әлеуметтік желіні қолданушылар саны 2,6 млрд адамнан асады.
36 ЖАСТАҒЫ МИЛЛИАРДЕР «ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ҚАС ЖАУЫНА» ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?
АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясы (FTC) Facebook-ке қарсы сот ісін бастады. Қазіргі таңда қолданушысы ең көп саналатын WhatsApp пен Instagram-ға да иелік ететін ірі компанияға «әлеуметтік желілерде монополия құрды, сондай-ақ бәсекелестікті әдейі жойды» деген айып тағылуда. АҚШ билігі әлемдегі ең ірі әлеуметтік желі құрушысын «демократияның қас жауы» деп жариялады.
9 желтоқсанда Федералды сауда комиссиясы 46 штат пен екі округтің бас прокурорларымен бірлесе отырып Facebook-ке қарсы іс қозғады. Себеп – Facebook компаниясының арнайы стратегия арқылы әлеуметтік медиа нарығында жеке монополия құрып отырғандығы. «Құпия саясаттың бар екендігінің көрінісі – компания кірісінің жоғарылауы» деп шағымданушылар өз сөзіне дәлел ретінде бірлестіктің соңғы жылдар көлеміндегі табысын тізіп берді. Ол бойынша тек 2019 жылдың өзінде корпорацияның таза табысы 18,5 млрд доллардан асса, Facebook-тің кірісі 70 млрд долларға жеткен.
Facebook әлеуметтік медиа нарығында басымдыққа ие. Сондықтан компания орын алуы мүмкін қауіп-қатердің алдын алуға қауқарлы. Келіп түскен шағымдардың негізгісі – бірлестіктің 2012 жылы Instagram қосымшасын сатып алуына қатысты болды. Дәл сол кезеңде адамдардың жаңа модельдегі смартфондарды пайдалана бастауына байланысты Instagram жиі қолданылатын бағдарламаға айналып, танымалдығы арта түскен. Facebook-тің әуелгі жоспары басқаша болатын. Бастапқыда Facebook бағдарламадағы фото жүктеу қызметтерін жетілдіріп, Instagram желісімен бәсекелес болу көзделген. Кейін корпорация «сын сағатқа түскеннен» сатып алудың оңайырақ екенін ұғынып, әрекетке көшкен.
Иә, күнделікті бір ашып қарап шықпасаңыз, өзіңізді жаңалықтан құр қалғандай сезінетін Instagram әлеуметтік желісі осылайша 2012 жылдың сәуірінен бастап Facebook-тің құрамына кірген. Ал, келісім құны бір млрд долларды құраған.
Instagram қосымшасы 2010 жылдың қазан айынан бастап күнделікті өмірін фото арқылы өзгелерге жариялағанды жаны сүйетіндер үшін қызмет көрсетіп келеді. Яғни, бағдарлама мобильді фотосуреттерді бөлісуге арналған. Бұл қосымша халық арасында кеңінен тарап, 2012 жылдың наурызында Instagram қолданушыларының саны 30 млн-ға жетті.
Бағдарлама Facebook құрамына қосылғалы сегіз жыл уақыт өтті. Осы кезеңде Instagram-ға көптеген жаңартулар енгізілген. Атап айтар болсақ, қосымша қолданушыларына өз парақшаларында тек фото емес, бейнетүсірілімдер жүктеуге де жағдай жасалды. Алғашқыда бір минуттық видео қосу қолжетімді болса, тоқтаусыз даму нәтижесінде IGTV қосымшасы құрылды. Оның көмегімен желі қолданушылары ұзақ видеоларын өз оқырмандарымен бөлісе алады. Сонымен қатар, Instagram арқылы жеке кәсібіңді жарнамалау өте тиімді. Бүгінгі таңда танымал әрі халықтың сұранысындағы кез келген орталықтың жұмысымен осы қосымша арқылы оңай танысуға болады. Қосымшаның қырағы қолданушылары бұған дейін бұл жаңаруларды байқаған болар, енді хабарламалар хронологиялық тәртіппен емес, сіздің қызығушылығыңызға қарай жаңарып отырады. Яғни, «іздеу» бөлімін бассаңыз кез келген фото емес, нақ сіз іздеген, сіз қызыққан дүниелер жарқ ете қалады. Ал, лентаны жаңартса, тіркелушінің жиі «ұнайды» белгісін қалдырған аккаунт бөліскен суреттер көрінеді. Бұл мүмкіндік қолданушыларға керекті парақшаларын бақылап отыру үшін жасалған. Яғни, көпшілік «ұнайды» белгісін қалдырған жазба парақша тіркелушілеріне бірден көрінеді. Осыдан кейін лайықсыз болса да «лайк» сұраушылар көбейді. Instagram кейбіреулерге өзіне қажетті ақпарат іздеу немесе жай уақыт өткізу үшін болса, кәсібін дөңгелетушілер үшін «жарнама жарысына» айналды. Нәтижесінде қосымшаны қолданушылар саны күн санап артып, 500 млн-ға дейін жетті. Bloomberg сарапшылары 2018 жылы компанияның өзін 100 млрд долларға бағалаған.
FTC есебінше, Facebook-тің 2012 жылы Instagram желісін сатып алуы басқа әлеуметтік желілердің корпорациямен бәсекеге түсуін едәуір қиындатты.
FACEBOOK WHATSAPP МЕССЕНДЖЕРІН НЕГЕ САТЫП АЛДЫ?
Facebook-ке қарсы іс қозғаушылардың тағы бір шағымы WhatsApp мессенджерін сатып алуға қатысты болды. Бұл келісім 2014 жылы орын алып, корпорация тарапынан 19 млрд доллар (акциялар құнының өзгеруіне орай 22 млрд доллар) төлем жасалған. Сот шағымы сол сәтте корпорация мессенджерлердің монополиялық билікке үлкен қауіп төндіретінін білген деп мәлімдейді. 2012 жылдары WhatsApp мессенджері осы тектес қосымшалар арасында көш бастап тұрды. Арнайы комиссияның көзқарасынша, Facebook компаниясы өз жағдайында қауіп туындамас үшін бұл жолы да бәсекелесін сатып алуды жөн көрген.
WhatsApp мессенджерлерін пайдалану алғашқы жылдары ақылы болатын. Яғни, қосымшаны қолданушы жұмсалған интернет-трафик үшін төлем жасайтын. Қазір бұл бағдарлама су тегін, тіпті ешқандай мегабайтсыз WhatsApp арқылы хабар алмаса аласыз. Нәтижесінде 2020 жылы мессенджер бағдарламасын қолданушылар саны 2 млрд-тан асқан. Егер бұл бағдарламаны қолдану тегін болса, Facebook компаниясы WhatsApp мессенджерін сатып алған қаржыны қалай қайтармақ?
Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг WhatsApp-ты қаржы көзіне айналдыру әдісін ойлап таппағанын, тіпті мұндай жоспарының да жоқ екенін айтты. Дегенмен, корпорацияға WhatsApp арқылы ақша табу идеясы ұдайы түсіп отырған. Ұсынылған әдістер мессенджерлерді бизнес үшін ұтымды ету мақсатында жарнамалар қосудың айналасында болды. Нәтижесінде бұндай қызметті WhatsApp-қа 2020 жылдың басынан бастап енгізу жоспарланды. Бірақ, бұл жүзеге аспады. WhatsApp мессенджердің негізін қалаған Ян Кум мен Брайан Эктон өз өнімдерін «жарнамасыз, ойынсыз, қулықсыз» ұстанымымен құрғандықтан, жарнамалар енгізуге қарсы болды. Кейін Facebook басшылығының жоспарларымен келіспегендіктен, олар компаниядан кетуге мәжбүр болған.
Шағымданушылардың тағы бір күмәні компанияның көп жылдар бойы өз тіркелушілеріне бөгде бағдарламалық платформалармен өзара әрекеттесуіне тыйым салуымен байланысты болды. Мысалы, 2013 жылы Twitter қысқа видеолармен бөлісуге арналған Vine қызметін іске қосқанда, Facebook өз қолданушыларына қосымша арқылы оған кіруге тыйым салған.
Facebook жыл сайын танымал қосымшаларды, акцияларды немесе компанияларды сатып алады. Бірақ, ең көп қаржыны WhatsApp пен Instagram қосымшаларын сатып алуға жұмсаған. Сондай-ақ, Facebook басшылығының Twitter мен АҚШ-тағы танымал SnapChat қосымшаларын сатып алуға жасаған әрекеті сәтсіздікке ұшыраған.
ІШТЕН ШЫҚҚАН ЖАУ
Facebook негізін қалаушылардың бірі Крис Хьюз аталған әлеуметтік желі туралы кері пікірін білдіріп, шағымданушылар жағынан төбе көрсетті. «Іштен шыққан жау жаман» дейді қазақ мұндайда. 2007 жылдан Цукербергпен серіктестікті тоқтатқан ол арада екі жыл өткен соң «The New York Times» газетінде «Facebook-ты жоятын уақыт келді» деген тақырыппен мақала жариялады. Хьюз «компанияның нарықтағы бәсекелестікті жоятынын, әрі желі қолданушыларының жеке деректерінің қорғалмайтынын» алға тартты.
«2011 жылдан бері әлемде бірде-бір ірі әлеуметтік желі пайда болмаған, себебі дами бастаған жоба «жаңалығын» Facebook көшіріп алып, желіні жойып жібереді немесе сатып алу арқылы бәсекелестіктен бас тартады. Нәтижесінде әлеуметтік медиа нарығында жаңалық ашқысы келетіндер алдымен жаңа қосымша ойлап табады да, оның америкалық корпорацияның қолына түсуін күтеді. Бұл жерде үкімет екі нәрсені жолға қоюға тиіс. Біріншісі – монополияны жою, екіншісі – Facebook-тің америкалықтар алдында есеп беріп отыруын қадағалау» деп қосты Крис Хьюз.
Федералды сауда комиссиясының Facebook-ке қарсы сот ісін қозғау жоспары 2020 жылдың күзінде белгілі болғанымен, FTC бұл компанияны қырына алып жүргеніне бір жылдан астам уақыт болған деп хабарлайды Bloomberg ақпарат орталығы.
Еске сала кетейік, Facebook-ке қарсы іс қозғамас бұрын АҚШ әділет министрлігі атақты Google компаниясын «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп айыптаған болатын.
IT алпауыттарды тексеру мақсатында 2019 жылдан басталған тергеу түйіні Facebook, Amazon, Apple және Google компанияларын нарықтағы бәсекелестікті бәсеңдете түседі деп тапты. «Нәтижесі – даму мен жаңаруға ұмтылыс пен жаңа қосымшалардың азаюы» деп түйіндеді монополияға қарсы комиссия мүшелері. Дайындалған 450 бет құжатта IT монополистерінің іс-әрекетін растайтын миллионнан астам дәлел бар. Келтірілген ақпараттар әлеуметтік желі мәселесін біріздендірмесе, елдің экономикасы мен демократиясына қауіп төнеді деген тұжырым жасайды.
АЙЫП ПА, АЙЫППҰЛ МА: ШЕШУШІ ШАРАЛАР ҚАНДАЙ?
Шағым иелері мәселенің түйінін шешу жолын қоса ұсынды. Оның бір нұсқасы АҚШ заңнамасына ІТ империяларын күштеп бөліктерге бөлуді енгізу. Яғни, барлық еншілес компанияларды бас корпорациядан бөлу немесе ірі компаниялар шағындарын сатып алғысы келсе, арнайы рұқсат алуын міндеттеу.
Facebook өкілдері өз кезегінде бұл талаптардың негізсіз екенін алға тартады. Әлеуметтік желінің бас заңгері Дженнифер Ньюстед те компанияның екі танымал қосымшаны сатып алуы әлеуметтік медиа нарығында бәсекені жоймай, керісінше, тұтынушыларға ұтымды жағдай жасай бастағанына сенімді.
Facebook екі бағдарламаны да сатуға міндеттелуі мүмкін. Сонымен қатар, компания тағы айыппұл өтеуге мәжбүрленуі ықтимал. Тағы деуіміздің себебі, 2019 жылы Федералды сауда комиссиясы Facebook компаниясына желіні қолданушы 87 млн адамға олардың келісімінсіз деректер жібергені үшін 5 млрд доллар айыппұл төлеткен. Facebook-тен өз Отанынан басқа елдер де «қауіп тудырғаны үшін» құн сұрап тұрады. Мысалы, Ресей «әлеуметтік желі дербес деректер саласындағы заңнаманы бұзды» деп, 4 млн рубль талап еткен.
Таңылған айыптардың өзі Facebook компаниясының негізгі кірісі жарнамалық сатылымдардан тұратындығымен тікелей байланысты. Кей ірі компаниялардың желідегі жарнамадан бас тартуы корпорацияны құрдымға сүйреді. Unilever мен Verizon 2020 жылдың жазында Facebook жарнамаларынан «жауыр болғанын» жариялауы корпорация акцияларының сегіз пайызға дейін төмендеуіне әкелді. Компания құрушысының қалтасымен есептесек, Цукерберг бір күнде жеті млрд доллардан қағылды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«WhatsApp мессенджерін де, Instagram қосымшасын да корпорация құрамына қосуды өз уақытында ел үкіметі қолдағанымен, қазіргі жағдайға сәйкес Facebook ірі өзгерістерге дайын болғаны жөн» деп жазады мәселенің мәнісіне майшаммен барған шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары. Заман талабына сай кез келген сұранысты қамтамасыз етуге қауқарлы бағдарламаларды ұсынушы ІТ компаниялары пайда болған сәтте АҚШ билігі «бұл – Американың ықпалын бүкіл әлемге тарату тәсілі» деп бөркін көкке атқан еді. Қазір дәл осы әлеуметтік желілерді «демократияның қас жауы» деп айыптап отыр. Ал, сот ісі қанша уақытқа созылары белгісіз. Бірақ, компания өз кезегінде қомақты айыппұл төлеуді жалғастыратын сыңайлы…
Айта кетейік, Facebook иесі Марк Цукерберг – әлемдегі ең бай бес адамның бірі. Forbes есебінше, 36 жастағы миллиардердің табысы 100 млрд долларға жетті.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы