Жұбан Молдағалиев – 100: Нағыз қазақ

0
5079

Жұбан Молдағалиевтің есімі қалың қазақ оқырманына кеңінен таныс. Оның жеке жинақтары мен таңдамалы туындылары Қазақстанда елуден астам кітап болып басылды. Үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Кітаптары орыс тіліне аударылып, Алматы мен Мәскеуде бірнеше рет жарияланды. «Художественная литература» деп аталатын одақтық үлкен баспада екі томдығы жарық көрді. Жекелеген шығармалары Кеңестік республикалар мен сырт шет елдер тілдеріне аударылды. Оның өлең-поэмалары КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығына ие болды. Мұның бәрі ақын оқырмандарының қатарын көбейтіп, Жұбан есімін кең көлемде әйгіледі.

Жұбан есімі қоғамдық қызметімен де көпке таныс еді. Ол ұзақ жылдар Қазақстан баспасөз орындарында (газет-журналдар редакцияларында) басшылық қызметтер атқарды. Республика Жазушылары одағын басқарды (екінші, бірінші хатшы болып). КСРО Жазушылары одағы басқармасының хатшылығы құрамына кірді. Азия-Африка Жазушылары қауымдастығын ұйымдастыру мен оның басшылығында жүргізген жұмыстары да ақынның халықаралық шығармашылық байланысты ұлғайтуға сіңірген еңбегі есебінде көпке танымал. Жұбанның бұл саладағы қызметі мен талантын сол кездегі кеңестік мемлекеттік, партиялық басшылық та танып бағалады. Ол бірнеше рет Жоғарғы кеңес депутаты, Орталық партия комитетіне мүше болып сайланды. Одақтың Ленин және мемлекеттік сыйлықтар комитетіне мүше болды.

Бұларға ақынның азаматтық, ұлтжандылық қасиеттері қазақ халқы тарапынан үлкен құрметке ие болғанын қоссақ, оның есімі мен ақындығының кең тарауы себебін түсінуге әбден болады. Ол ұлт ақыны есебінде өзінің туған халқын шексіз сүйді. Оны одақ көлемінде ғана емес, әлем алдында танытуға бар таланты мен күш-қуатын жұмсады. Қазақ халқы өткен тарихтың тар да қатерлі жолын көркем бейнелеп, ұлт тағдырының қалыптасуын зор шеберлікпен бейнеледі. Бұл тұрғыда басқа шығармаларын тізбелемей-ақ, бір «Мен – қазақпын» поэмасын еске алсақ та жеткілікті. Ұлтжандылық сезім оның бүкіл шығармашылық өмірін айғақтайды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тұсында Жұбанның Колбин алдында сөйлеген сөзі сол халқын сүйген азаматтың ақындық сыры, ол үшін жанын отқа салған батырлық жүрегі сияқты. Кеңес ақыны боп құрмет көріп жүрген Жұбан қазақ жастарының ұлтын сүйгені үшін жеген таяғына қатты жәбірленіп сөйледі. Сол үшін «қазақ ұлтшылдығы» дегенді ойлап тапқан отаршылдық саясатты айыптады. Оның «Алаңда қыздарымның шашын жұлып, ұлдарымды дубинкамен бастан ұрып, алаң қызыл ала қанға боялғанын көргенде, мен – Ұлы Отан соғысының ардагері, окопта мұз төсеніп, қар жастанған қарт солдат, мына сорақы сұмдықты көзіммен көргенше, сол қанды майданда неге қаза тауып, мәңгі қайтпай қалмадым деп, осы күнді көргеніме өкіндім» деген сөзінде аңсаған арманның алдамшы болып шыққанына күйіну де, қайғыру да бар еді. Соны тудырған жағдайларды, бағынушы мен бағындырушының ара жігін ол анық көрді, психологиясын таныды. Соның жан азабын тартты. Одан кейін өзі де ұзақ өмір сүре алған жоқ, 1988 жылы өмірден озды. Заманына, қоғамына үміт артып алданғанын көрген ер азаматтың ызадан күйіп кеткенін көрдік.

Жұбан қазақ қаламгерлерінің Ұлы Отан соғысы тұсында келген ұрпағының аса ірі, талантты өкілі еді. Оның ұрпағы (Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, М.Әлімбаев, С.Сеитов, т.б.) ақындық, жазушылық талантын ұрыс майданында, соғыстың қатыгез шындығы жағдайында бастап, азаматтық, намыс, кек, ел, туған жер сағынышы сияқты сезім күйлеріне қайрап шынықтырып оралды. Сондықтан олардың өлең-жырлары, бүкіл шығармашылығы ерлікке, Отан сүюшілік сезімге, жеңіске деген қалтқысыз сенімге толы келетін. Туған елге, ата-анаға, жар мен балаға деген сағыныш сезімі олардың лирикалық жырларын отызыншы жылдардың патетикалық сарынынан саналы түрде бой тартуға итермелеп, шынайы көңіл күйінің сырын кеңірек ашуға жол салды. Бұл ерекшеліктер Жұбанның алғашқы жинағы «Жеңіс жырларынан»-ақ (1949) танылатын. Осыдан бастап қазақ оқырмандарына өзінің ақындық талантын мойындатқан Жұбан ұлттық сөз өнеріне қырық жылдай өмірін арнады. Лирик және эпик ақын есебінде, жалынды публицист, әдебиет ісінің көрнекті ұйымдастырушысы қатарында кең танылды. Ол елінің тәуелсіздік алғанын көре алмай кетті. Бірақ, елін, ұлтын сүйген ақынның ұлы жүрегі қазақ деп соққанын оның жырларынан танимыз. Өзгерген заман екшеуінен өтіп, қайта қаралып, жаңаша бағаланып жатқан мәдени мұра ішінде өз дәуірінің науқандық сырларына бой алдырмай, адамзат рухын, қазақ халқының өмірі мен ой-сезімін шынайы суреттеген Жұбан шығармалары өзінің бағасын төмен түсірген жоқ. Биыл Жұбан жүз жасқа толған күні мұны айту – әрі көңілге жұбаныш, әрі оның аруағы алдындағы борышымыз, ақын аты үшін де зор абырой.

Қай дәуірде болса да, ақын – өз заманының қызметкері. Жұбан да өз заманының, кешегі кеңес кезінің шындығын жырлады. Өз замандастары тәрізді оның да шығармалары ішінде науқаншылықтан туған өлеңдер кездесетіні жасырын емес. Алайда, ол заман мен адам проблемасын зерттеуде үлкен ақындық толғаныстар жасай алды. Өмір шындығын терең түсініп, адамгершілік, адамдық құндылықтарды зор бағалады. Оның өлең-поэмалары заманның биік пафосына құрылып, ақындық желпініспен адамдық рухтың жоғарылығын паш етті. Адам табиғатының ылғи да жақсылықты алдан күтетінін, келешекке үмітпен қарайтынын ескерсек, шындықты ақындық қиялмен, көтеріңкі көңілмен, биік талғаммен суреттеген Жұбан жырларын түсіну қиын емес. Ол өз заманын жаңаша танып, оны алдыңғы кезең суреттерімен салыстыра қарады. Ең бастысы – ол сол заман шындығын жаңартып жатқан Адамды биіктен көрді, оны жаңаша бағамдады, тың образдармен бейнеледі, оның туған даласын «қыранның қанатына» мінген қыран дала бейнесінде тануы – осы ұғымның көрінісі.

Жұбанның лирикалық өлеңдері адам сезімінің әр алуан күйін бейнелей алды. Ол өз сезімі арқылы жалпы адамды сүю, құрмет тұту, ардақтау, жарын, анасын, Отанын сүю дегеннің не екенін нақты жырлады. «Аққуын аспаннан емес, жер бетінен» іздеді. Өмірге «ғашық көзбен» қарады. Талай тарихты бастан кешкен «Қазақ әйелінің мінезіне қайран қалып», оның жарлық, аналық қызметін жоғары қойды. Қазақ әйелін дүниенің бар салмағын көтерген қара жерге ғана теңестірді. Ол отандастарын орыс, қазақ деп бөлген жоқ, бәрін тең санады, бәріне «жолдас» деп қарады. Жұбанның:

Елімде еркек, әйел, кәрі мен жас,

Министр, колхозшы, ақын – бәрі жолдас.

Жолдаспыз – ойымыз бір, жанымыз бір,

Төскейде мал, төсекте бас аралас.

 

Сүйемін сол үшін де жолдасымды,

Жолына арнай алам өз басымды.

Жолдастан басқа атақ керек емес,

Мысалы, «мистер», «сұлтан», «мырза» сынды, – деген жолдары соңғы жылдары ылғи да менің есімнен шықпайды. Бүгінгі салт өзгергеніне қарамастан, бұл өлең актуалдығын жоймайтын сияқты. Әсіресе, біз тәрізді қарттар үшін. Заман күшпен таңған «мырза», «ханым» деген сөздерден мен өз басым жақындық, жылылық сезе алмаймын. Олар адамды адамға жақындатпай, ресми қатынастың шеңберінен шығармай ұстайды. Жұбан жырлаған «жолдас» деген сөзде қаншама жылылық, адамдарды бір-бірімен жақындастыратын күш бар. Өлеңнің өлмейтін идеясы, оқырман ойына, сезіміне әсер етер күші де осында деп білемін.

Заман туралы толғаныс, оның өткені мен бүгінгісіне, болашағына көз жіберу Жұбан өлеңдері мен поэмаларының негізгі пафосын белгілейді. Ол «Уақыт», «Жол туралы аңыз», «Айттым сәлем», «Қиял қанаты», «Мереке дастарқаны» туындыларынан басталып, «Мен – қазақпын» атты атақты поэмасына ұласты. Бұл шығарма, кім-кім бойында болса да, ел сүю, жер сүю, туған халқын сүю, бүкіл отаншылдық сезімді қозғайды. Осы поэтикалық толғауын ол Қазақ тарихына терең барлау жасау арқылы үлкен суретке айналдырады, ақындық биік ойды жинақтау құдіретімен шешеді. Мұнда Ілиястың дала тарихын терең барлаған жырларының да, оны өзіне рухани күш ете білген Қасым өлеңдерінің де рухы сақталған.

Жүрегім, жырым сенікі

Кеңесті далам, кең далам.

Ен далам – анам, мен – балаң,

Ендеше қалам бер маған, – деп Ілияс тарихты тереңнен қозғап, желпіне айтса, Қасым ақын:

Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін.

Бұл далада атам қолға ту алған,

Бұл даланы анам жаспен суарған.

Бұл далаға жылап келіп уанғам,

Бұл даланы көріп алғаш қуанғам.

Бұл далада өскен жанда жоқ арман, – деп шабыттана шамырқанғанын білеміз.

Жұбан халық тарихы оқиғаларын қазақ характерінің қалыптасу жолын көрсету үшін пайдаланады. Сол арқылы «Мың өліп, мың тірілген» халықтың жасампаздық рухын, оның басынан кешкен азапты өмірін, жыласа күн тұтылғандай, күлсе түн түрілгендей шын сезімін шабыттана жырлады.

Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,

Ат үстінде өлсем де шатпын дедім.

…Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,

Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.

Сансыз басты диюдай сан тіріліп,

«Мен қазақпын» дегенді айта тұрдым, – деген жолдарда ер қазақтың жауынгерлік жолы жатыр. Ол тәуелсіздік үшін болған күрестерде де осы характерін таныта біледі. Ақын қазақтың ұзақ азапты кешіп өтуін өлімге мойын ұсынбаған қайсар мінезінен, өмір сүйгіштігінен деп біледі. Поэманың табысы оның бүкіл образдық жүйесі мен ойлы, тапқыр бейнелілігінде және шұрайлы тілінде. Оның суреттері жарқын. Ақын аз сөзге көп мағына сыйғызып, үлкен тарихтың сырын ашты.

«Мен – қазақпынның» жазылуының өзі ақынның үлкен азаматтық ерлігі еді. Ол 1964 жылы «жылымықтан» кейін партиялық бақылаудың сәл бір босаңсыған тұсында, бірақ әлі де режимнің күшінде тұрған кезінде жазылды. Ол жылдар Қазақстанда қазақ мектептерінің жабылып, ұлттық тіл әлсіреп, ата қоныста келімсектердің саны көбейіп, қазақтардың туған жерінде 29% ғана болып қалған кезі болатын. «Қазақпын» деуге жасқанатын, оны қорлық санайтын бір жылдар болды. Жұбан осы әділетсіздікке қарсы күрес үнін «Мен – қазақпын» поэмасы арқылы бар даусымен жеткізе жария етті. Бұл – ұлтсыздыққа бет бұрып, «бірыңғай кеңес халқы» деген ұғымды тарата бастаған коммунизм бағдарламасына ашық наразылық еді. Бүгін «Мен – қазақпын» бүкіл қазақтың аузында. Адамның намысын жанитын, жанын оятатын тәуелсіздіктің сөзі болып айтылып жүр.

Ерлік деген адам басында, мейлі ол ақын болсын, батыр болсын, күнде туа бермейді. Батырлық ел тарихының ең бір шешуші кезеңдерінде жасалады.  Коммунистік режимге наразылық та күнде айтыла берген  жоқ, оның  ұлт сезіміне тиген  бір  тұсында айтылды. «Мен қазақпын» – осының көрінісі. Кейін «Хатшыға хат» атты өлеңімен Жұбан оны тағы қайталады.  Тағы да ол шындықтың бетіне жасқанбай қарады. Бұл да коммунистік тоталитарлық жүйеге сын еді. Кейін ақын осы ерлігін Желтоқсан  көтерілісі тұсында қайталағаны тағы белгілі. 

Жұбан талантының күші тек оның лирико-публицистикалық толғауларында ғана емес, эпикалық үлкен поэмаларынан да танылады. «Жыр туралы жыр», «Жесір тағдыры», «Сел» сияқты поэмаларды ол аса бір биік суреткерлікпен жазды. Алғашқы поэмада ақын Ұлы Отан  соғысы тұсында жау қолына түсіп, онда жырын  фашистерге қарсы жұмсай білген татар ақыны Мұса Жалильдің өлмес рухын, отаншылдықтың  үлгісін көрсеткен ерлікті суреттесе, екінші шығармасында қазақ бастан кешкен   ауыртпалықты қайсарлықпен арқалап шыққан Айша атты жесір ананың бейнесін  жасады. Бұл поэмаларда заман, өмір суреттері кең қамтылып, басты кейіпкерлер  тағдыры сол оқиғалар легінде ашылады. Екі поэма да тарихи шындыққа сүйенген.  «Сел» де сондай. Ол 1973 жылы Алматыда Медеу шатқалында болған сел апаты оқиғалары арқылы табиғаттың дүлей күшімен  алысып жеңген, «Тасқынға таумен  бөгет  тұрғызған» адам рухының биіктігін көрсетуге құрылды. Салыстырмалы суреттер арқылы берілетін ескі Алматыдағы тасқын мен жаңа апаттың көріністері – ақынның  суреткерлік жолындағы ірі табысына қосылады. Қаусаған қаңқадай қала, жайраған бау-бақтар, шашылған алмалар, арқандай үзілген арықтар, талқандай түйілген кірпіштер  тасқынның  бұрынғы күйін елестетсе, жаңа  тасқын  күші тым  үрейлі суреттерге толы.  Ақын оны «бұралаңдап, шұбалаңдап, ирелеңдеп, сүйрелеңдеп, күркіреп, дүркіреп жоғарыдан құлап келе жатқан мың-мың айдаһардың» қаһарымен  теңестіреді. Үйдей тасты ырғытып, «Сиқыршының шарындай қақпақыл қып келе жатқан» күштің  қаһары аса қорқынышты. Оны тоқтатқан адам күші – ақын замандастарының тасқын күші екенін көресің. Бұл арқылы Жұбан бірі – қиратушы, бүлікші, екіншісі – тоқтатушы, жөндеуші, құрылысшы – екі күштің тартысын үлкен суреткерлікпен таныта білді. 

Жұбанның осындай еңбегі одақ көлемінде ерте-ақ  танылып  бағасын  алды.  60-70 жылдар Кеңес қаламгерлерінің жаңа буынының қабырғасын қатайтып, кең таныла бастаған тұсы болатын. Коммунистік режим де олардың ішінен талантты топты іріктеп, көз алдына ұстауға тырысты. Әсіресе, ұлт жазушылары назарда болды. Шыңғыс Айтматов, Давид Кугултинов, Расул  Гамзатов, Кайсын Күлиев, Мүстай Каримдер  осы кезде шықты.  Партия оларға Социалистік Еңбек ері атағын да, Одақтық парламенттің депутаттығын да берді. Таланты мен Жазушылар одағы басшылығындағы қызметі осылардың ешқайсынан кем болмаса да, Жұбан бұл тізімнен көріне алмады. Осылардың  қатарында жүруге ол әбден лайық еді. 

Қазаққа құдай талантты көп берген ғой. Көптің бағасы бола ма? Соларды біртіндеп жүдетіп тауыстық. Алғаш Ахмет, Міржақып, Әлихан, Мағжан, Жүсіпбектер ұсталды.  Келесі кезекте Сәкен, Бейімбет, Ілиястар кетті. Мұхтар үнемі аңдуда, қудалауда болды.  Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбділда, Қасымдар үнемі сын астында жүрді. Осы қылықтарымыздан жақсымызды жалтыратып алға шығара алмадық. Жұбан да, басқа да оның ағалары мен құрбылары осындай күйді басынан кешті. 

Жұбанның адамдық, адалдық, адамгершілігі мол ірі тұлғасы осындай жағдайда қалыптасты. Ол шығармашылығына ғана сенді. Шын көңілден, шынайы сезімнен туған, адам рухын биіктететін кітаптар жазды. Оның табиғаты таза еді. Жасында да, біз  көрген  әдебиетке  келген  алғашқы  жылдарында да  қаншама қиыншылық  көрсе де, ол  ешкімге салмақ  салып, тіленген  адам  емес.  Өзіне, өз  күшіне, еңбегіне сүйенді. Ол рушылдық, жершілдік деген  аурудан  таза  жігіт  еді.  Маңына топ жинамайтын, топ құрушыларды ұнатпайтын. Кейбір жерлестерінің осындай пиғылын көріп ренжігенінің, олармен  қатынасын үзіп кеткенінің мен талай куәсі болған адаммын. Баспасөзден мен кейде оған өкпелі жігіттердің Жұбанды кіші жүздіктердің тобына қосқан мақалаларын оқып  қаламын. Ол – бекершілік, Жұбанды білмейтін адамдардың сөзі. Жұбанның осы адалдығын  жазушылар  қауымы ерекше  бағалады.  Ағалары – Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбділда, тағы басқалары оны қатты сыйлады, бірге сенісіп қызмет атқарды. 

Бар қазақ Жұбанына сенбеп пе еді,

Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді!

Есінен туған жердің шығар қалай,

Жырымен жас ұрпағын тербеткені, – деп жазды Әбділда ақын. 

Қазір лауазым бітсе, көкиіп шыға келетін мінез шықты ғой. Ол кезде мұндай мінез  тым ерсі көрінетін. Үлкен атағы, беделі бола жүріп, Жұбан өзінің кішіпейілдігімен,  қарапайымдылығынан өзгерген емес. Жаны да жомарт болатын. Оның үйінің  дастарханы да жиылған жоқ. Оны ағалары да, інілері де, алыс-жақыннан келетін қонақтар  да толтырып  отыратын. Қазақтың дастарханы қашан да бірлікке жайылған  ғой. Басшылықта болған адамның есігінің ашық болатын дәстүрін, кешегі ағаларының жолын ол әдемі жалғастыра білді. Сөйтіп Жұбанның үлкен ақындық жүрегі мен азаматтық кеңдігі бірін бірі толықтырды. 

Жұбанды білетін де, оның еңбектерін оқыған адамдар да рухы биік ақынын  ұмытпақ емес. 

Серік Қирабаев, ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here