Сағадат ауылына келіңіздер…

0
2474
Ескерту: Билбордтың жанында тұрған ауыл әкімі С.Ш. Абаханов пен осы жолдардың авторы.

Бұл елді мекен астанадан Бурабай бағытына шыққанда тоқсан шақырымдай жерде орналасқан Еңбек ауылы. «Сағадат» деп отырғанымыз Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының № 1 Халық Қаһарманы, еліміздің Тұңғыш қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов жерлес ағамыз. Кезінде өзінің қатысумен туған жерінде мерейтойлары атап өтілді. Ол кісі 2013 жылы 89 жасында дүние салды.

Сол тас жолмен Еңбек ауылының тұсынан өтіп жүріп, жолаушылардың басым көпшілігі Батырдың елі екенін білмейтіндігіне көзім жетті. Осы кемістікті қалай жою керек екендігін ойлап жүріп, кішкене бағдарламаның жобасын жасап, аудан әкімінен қолдау таптым. Бұл жобаны іске асыру үшін біраз қаржы қажет еді. Демеуші табу үшін ағамыздың атындағы «Жас ұлан» мектебіне бірнеше рет бардым, ақырында «бізде артық қаржы жоқ» деген жауап алдым. Қорғаныс министрлігінің кейбір азаматтарымен сөйлесіп едім, олар да мүмкіншілігі жоқтығын білдірді. Әртүрлі әдістермен Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қордың президенті Махмұт Нәлібаев мырзамен байланысып едім, беріп тастамаса да көмектесетінін білдірді. Бұл кісі өзінің көмекшісі Қали Бүркітбайұлын жіберіп, екеуміз Ақмола облысының әкімінің  қабылдауында болып, мектеп пен мәдениет үйін күрделі жөндеуге қаражат сұрап алдық. Таяуда Еңбек ауылына барғанымда мектеп директоры Қ.Т. Баймолдина айтады: «Мен осы мектепте қырық жылдан астам қызмет істеймін, мұндай жөндеу жұмысы еш уақытта болған емес.  Ұстаздар да, оқушылар да, ата- аналар да дән риза». Осындай сөзді мәдениет үйінде жаттықтырушы Райле және т.б. қызметкерлерінен естідім. Жалпы, Сағадат ағамыздың жерлестері облыс әкімі Ермек Боранбайұлына алғыстарын айтуда.

Осы бағдарлама бойынша ауылға дейінгі төрт шақырым жолды жөндеу, орталық көшені жарықтандыру, автобанның Еңбек ауылы тұсына билборд (суретте) қою қарастырылған болатын. Осы жұмыстарды аудан әкімі Алпысбай Қуандықұлы ауданның бюджетінен қаржы бөліп орындап шықты. Мәдениет үйінде Сағадат Қожахметұлына арналып музей жабдықталып жатыр. Осы шаруалардың уақытында сапалы орындалуын қадағалап, тіпті кейбір басшылармен сөзге келіп қалып жүрген Еңбек ауылының әкімі Сағындық Шәкірұлы Абахановқа және де осы ауқымды істерді атқаруда өз үлестерін қосып жатқандарға зор ризашылығымды білдіргім келеді.

Енді бітпеген бір-екі шаруа бар, оны Сағадат ағамыздың алдағы туған күніне дейін атқарылады деп ойлаймын. Сағадат Қожахметұлының ауылына келіңіздер, ол кісі туралы біраз мағлұмат аласыздар…

Еркін Дәуешұлы, Ақкөл ауданының Құрметті азаматы.

Ақмола облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here