Қонаев – ұлы тұлға

0
2747

«Д.А.Қонаев өз халқының көрнекті, адал перзенті бола білген адам. Ондай адамдар тарихта көп болғанымен, әрқайсысы қайталанбас жеке тұлға».

А. Асқаров.

Бүгін, 12 қаңтар күні Күреңбел қазақ орта мектебінің директоры Кыстаубаева Камшат Болатканқызының басшылығымен, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мира Жұмаханқызы мектеп оқушыларымен Алматы қаласында орналасқан Д.А.Қонаев атамыздың музейіне бір күндік танымдық саяхатқа барып қайтты.

Алматы қаласына барғаннан-ақ Д.Қонаев атамыздың ескерткішінің басында оны пір тұтатын қалың жұрттың жиылғанын, келген қонақтарға ыстық сезім ұялатқандарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін еместігін үлкен қуанышпен жеткізді. Мира Жұмаханқызы өз сөзінде «Қыстың қақаған аязды күндері де ұлы тұлғаның құрметіне өз жылуын бергендей, күн шуағы нұрын төгіп, айналасына өз жылуын беріп тұрды. Атамызды сағынышпен еске алып жатқан жандардың жүзінен тек қана нұр төгілгендей. Адамдар арасындағы шынайы мейірімділік байқалады. Бұл да Д.Қонаев атамыздың бойындағы бір қасиеті шығар деп, өзім іштей топшыладым», – дейді.

Мектеп атынан барған оқушылар Қонаевқа арнап арнау өлеңдерін оқып, әріптестерінен естелік сөздерін естіп, Димекеңді туған күнімен құттықтап көздеріне жас та алды. Кешегі өткен күн біздер үшін тарих екеніне тағы мәрте көз жеткізіп қайтты.

Қазақтың бетке ұстар асыл ағалары да жүргені оқушыларға оң әсерін бергендей. Оның ішінде көзіме оттай басылған Олжас Сүлейменов. Бұл кісі де Димекеңді бүгінгі туған күнімен құттықтап арнайы келгені екен. Естелік болсын деген ниетпен, суретке түсіп, сонымен қатар, қоғам қайраткері,  Халықаралық Д.Қонаев қорының вице-президентінің Кеңес Аухадиевтің батасын алып,  қимастықпен қоштасып қайтқандарын сөздерінен байқадық.

Музейдегі керемет аура, оқушылардың қызығушылығы мен ынтасын ашып, көңіл-күйлерін одан әрі көтере түсті. Оқушыларға арнайы қызметкерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тың деректермен сусындап, қимай қоштасқан.

Менің де Д.Қонаевқа деген құрметім одан әрі арта түсті десем, өтірік айтпағаным болар. Әманда осындай ел ағалары ел есінен кетпесе екен деген ойдамын. Жылда дәстүр бойынша 30-дан аса оқушылар апарылатын. Алайда, биылғы індеттің алдын алу мақсатында карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып төрт оқушыны ғана апаруға мүмкіндік болды.

Ұстаздар мен оқушыларға осындай зор мүмкіндік берген Кербұлақ аудандық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі, Күреңбел қазақ орта мектебінің директоры Кыстаубаева Камшат Болатканқызына, оқушылардың бойына патриоттық сезімдерін қалыптастыруда, орасан  үлесін қосып жүрген директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Касенова Мира Жұмаханқызына зор алғысымды білдіремін.

Руслан Байжан, Күреңбел қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here