«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы…»

0
2883

Осыдан тура бір жыл бұрын, 2020 жылдың 19 ақпанында, сексеннің сеңгіріне шығуға бар болғаны 23 күн қалғанда сәулет және құрылысты жобалау ісінің көрнекті инженері, ҚР Ұлттық жобалаушылар қауымдастығының Президенті, Қазақ КСР Еңбек сіңірген құрылысшысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Әбдісағит Тәтіғұлов ұзаққа созылған ауыр науқастан өмірден өткен еді. Кешегі күннен жүйрік жоқ. Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңізші. «Алашым» дегенде кеудесі қарс айырылған, ұлтының рухы мен намысын бәрінен биік қойған, қазақтың жүзін жерге қаратпау үшін бар саналы ғұмырын халқына арнаған Әбдісағит Шаймұханбетұлын сұм ажал арамыздан алып кеткеніне жыл толды.

«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», – деп Қасым Аманжолов дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, қазақ халқы Әбдісағит Шаймұханбетұлын әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын болады. Ал, газетіміздің жанашыры болған марқұмның артында қалған мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халықпен бірге жасай береді. Бұл – ақиқат!

Әлбетте, бір шағын эссемен тұғырлы тұлғаның адамдық, азаматтық, қайраткерлік тұлғасын толық ашу мүмкін емес. Десе де, бір жыл бұрын өмірден өткен қайраткердің ұлағатты өмір жолына қысқаша тоқталып өтуді жөн санадық.

Әбдісағит Тәтіғұлов 1940 жылдың 13 наурызында қазіргі Қостанай облысының Федоров ауданындағы Трактовое ауылында дүниеге келді. Қазақ политехникалық институты құрылыс факультетінің алғашқы түлектерінің бірі (1962).

Еңбек жолын Ақмола (Нұр-Сұлтан) мен Алматының құрылыс алаңдарында мастер, прораб, құрылыс учаскесінің бастығы лауазымдарынан (1962-1964) бастады. Қазақ КСР Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде бас маман, Тұрғын үй-азаматтық құрылыс басқармасының бастығы болып жұмыс істеді, республикалық Мемқұрылыс төралқасының мүшесі болды (1964-1975). 1975 жылдан бастап 45 жылдай саладағы жетекші «Казгорстройпроект» жобалау институтын («KAZGOR» жобалау академиясы) басқарды.

Әбдісағит Шаймұханбетұлы еліміздің әртүрлі даму кезеңдерінде сәулет және құрылыс қызметіне өлшеусіз үлес қосты. 1998 жылы ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 11 наурыздағы №199 қаулысымен оған қазылар алқасының Төрағасы ретінде жаңа елордамыздың Бас жоспарының нобайлық идеясына жарияланған халықаралық маңызы бар байқауды басқару жұмысы сеніп тапсырылды. Ол – жобалау-құрылыс саласының нормативтерін реформалау жөніндегі тұжырымдама авторларының бірі. Сонымен қатар, «Архитектура мен жобалау негiздерi» атты төрт томдық оқулықтың (2001-2005) және төрт жүзден аса ғылыми мақалалар мен жобалық әзірлемелердің авторы. Оның редакция жетекшісі ретіндегі басшылығымен Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктің сәулет және құрылыс саласын қамтитын тоғыз томы жарық көрді. 

Өмірінің жартысынан көбін, яғни 45 жылын 90 жылдық тарихы бар «KAZGOR» жобалау академиясына арнады. Оның басшылығындағы мекеме Алматының бойтұмарына айналған «Қазақстан» қонақ үйі, Республика сарайы, «Алатау» шипажайы, ҚР Мемлекеттік орталық мұражайы сияқты тарихи нысандардың жобасын жасады. Сол тұстағы астанамен шектеліп қалған жоқ. Қазақстанның әр өңіріндегі мәдени, әлеуметтік нысандарда Әбдісағит Шаймұханбетұлының қолтаңбасы қалды.

Рас, азаттық алған тоқсаныншы жылдардағы тоқырау Әбдісағит Шаймұханбетұлы басқарған мекемені де айналып өткен жоқ. Дегенмен, біліктілігінің арқасында тарихи мекемені талан-таражға салмай, ел үшін қиын кезеңде аман сақтап қалды. 1993 жылы «Казгорстройпроект» жобалау институты «KAZGOR» жобалау академиясына айналды. 1995 жылы Ақмолада (Нұр-Сұлтан), 1997 жылы Талдықорғанда, 1999 жылы Атырауда өкілдіктерін ашты. Күнде алдынан өтіп жүрген «Нұрлы Тау» мен «Рахат Тауэрс» сияқты Алматыдағы аспанмен таласқан ғимараттардың нобайын сызған да осы «KAZGOR»-дың сәулетшілері еді.

Әбдісағит Шаймұханбетұлы 45 жыл басқарған мекеме оңайлықпен табысқа кенеле қойған жоқ. «KAZGOR» жобалау академиясы білікті басшысының бойындағы алғырлық, табандылық, еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерінің арқасында жетістікке жетті. Расында, Әбдісағит Шаймұханбетұлы тынымсыз еңбек пен табанды күрестің адамы еді. Өйткені, қашанда еңбектің наны тәтті болатынын білді және соны өмірінің ұстанымы етті.

Қазақстанның айтулы ғимараттарының нобайын сызған сәулетші қаламгерлік қырын да таныта алды. Оған артында қалған кітаптары, оқырмандары куә. Ақтық демі таусылғанша қолынан қаламын тастаған жоқ. Тұғырлы тұлғалар, қоғам қайраткерлері, елге белгілі замандастары жайлы жазған эсселері өз алдына бөлек әңгіме. Тарихи тақырыптарға да, өзекті мәселелерге де қалам тербеді. Оның талайы біздің газетте де жарық көрді.

«Qazaq» газетінің мұрағатын ақтарып отырсақ, газетіміздегі соңғы мақаласы 2019 жылы 19 наурызда жарық көріпті. Мақала ата басылымның екінші тынысын ашқан өзінің досы Қоғабай Сәрсекеевтің 80 жылдығына арналыпты.

«Зор мақтанышпен әрі Қоғабайдың қайрат-жігеріне деген үлкен құрметпен айта алатын оның ұрпақтарымыз ұмытпайтын ісі – қазаққа керек «Қазақ» газетін халыққа қайтаруы еді. ХХ ғасырдың басында (1913 жылы), Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсақ, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып дүниеге келген газеттің ғұмыры ұзақ болмаса да, халық алдындағы қызметі үлкен болды. Осыны ескеріп әрі Алаш арыстарының жарқын істерін жаңғырту мақсатында Қоғабай 88 жылдан кейін, адамзат ХХІ ғасырға аяқ басқан кезде газетті қайта басып шығарып, семіп қалған тамырға қайта жан берді. Бұны өзі халқынан сүйінші сұрап жариялап, жаңа дәуірдегі газеттің мақсатын айқындап көрсетті: «Өмірге қайта келген «Қазақтың» мақсаты айқын, ұстанымы берік, жүрегі адал, қызметі – халыққа, тілегі – ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлес қосады». Бұл газеттің ғана емес, Қоғабайдың да өз мақсатына айналды. Өзінің нақылнамаларының бірінде жазған «Қазақ тұтанса – сөнбейтін от» дегенін бар жан-тәнімен кіріскен адал еңбегімен, ұйқысыз өткізген түндерімен, қарбалас күндерімен дәлелдеп берді. Газеттің өмірге келуіне Ахаңдар мен Жахаңдар қандай еңбек етсе, оның бір ғасырдан кейін қайта аяққа тұрып кетуіне Қоғабай да сондай тер төкті. Еңбегі елеусіз қалған жоқ: халықтың ризашылығына, сүйіспеншілігіне бөленді, халқымыздың даму тарихындағы «Қазақ» газетінің атын өшіріп ала жаздаған олқылықтың орнын толтырды» деп жазған еді өз мақаласында асыл азамат.

Әттең, бүгінде арамызда екеуі де жоқ!

Мақаласы газетте шыққан сайын редакцияға қоңырау шалып, алғысын айтатын еді. Бұл оның қарапайымдылығын, адамгершілігін білдірсе керек. Нағыз зиялы еді ғой!

Әбдісағит Шаймұханбетұлы Ақылдастар алқасының мүшесі ретінде «Qazaq» газетінің таралымына үлес қосып, демеушілік көрсетіп жүрді. 2014 жылы Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткенде «Қазақтың» күні енді  не болар екен?» деген  екіұдай пікірлердің басы қылтиып шыққаны да, редакция қызметкерлерінің желдей ескен жорамалдардан дағдарып қалғаны да жасырын емес. Өкінішке қарай, марқұм Қоғабай Сәтенұлының қазасынан кейін көбі «өзі жоқтың – көзі жоқ» дегенді ұстанды. Газет қиын-қыстау кездерді басынан өткерді. Басылымның бас редакторы ретінде талай есікті қақтым. Көбінен көмек болмады. Сол сын сағатта тау тұлғалы Әбдісағит Шаймұханбетұлы шықты. Қабылдауында болдым. Жылы қабылдады. Газетке жылдағыдай жазылатындарын айтты. Тіпті, сол кезде менің бетімді қайтармай, газетке қаржылай көмек те көрсетті. Қоғабай Сәтенұлының қазасынан кейін газетке қамқорлық көрсеткен бес адам болса, сол бесеудің бірі Әбдісағит Шаймұханбетұлы болғанын ашық айта аламыз. Мұны Әбдісағит Шаймұханбетұлының ұлылар қалдырған ұлағаттың үнпарағы болған «Қазақтың» шығармашылығына азаматтық айбар, қайраткерлік қажыр қосқанын, дағдарыс кезеңінен тарықпай өтуіне рух бергенін Алаш арыстары мен досы Қоғабай Сәрсекеев тапсырған аманаттың жауапкершілігін жан жүрегімен сезінгені деп қабылдадық.

«KAZGOR» жобалау академиясы Әбдісағит Шаймұханбетұлының нұсқауымен 2006 жылдан бері Шота Уәлиханов, Серік Қирабаев бастаған 100-ге жуық қайраткерлерді газетке жаздыртып келеді. Бұл дәстүрдің Әбдісағит Шаймұханбетұлының қазасынан кейін де жалғасқаны қуантады. Былтыр «KAZGOR» жобалау академиясын басқарып отырған Айдар Әбдісағитұлына хат жаздық. Өтінішімізді жерге тастаған жоқ. Әке ісін жалғады. Бұдан Әбдісағит Шаймұханбетұлының жақсы ұрпақ тәрбиелегенін байқасақ болады.

Ұлы Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – десе, осы үш қасиет Әбдісағит Шаймұханбетұлының тал бойына туа біткендей еді. Оған бүгін біз түгел қамти алмаған, бірақ шама-шарқымызша баян еткен қайталанбас өнегелі өмірі дәлел.

«Адам артына, басқа адамдардың ақыл-ой дүниесінде, жүрегінде із қалдыру үшін туады» десек, Әбдісағит Шаймұханбетұлының жүріп өткен жолы жас ұрпаққа үлгі боларлық тағылымы мол. Оның өмірде қалдырған өзіндік ізі әлі талайларды тамсандыратын болады. Көзі тірісінде абырой мен бедел биігіне адал еңбегімен көтеріліп, қиын-қыстау кезеңдерде ар тазалығын сақтай білген асыл азаматтың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here