Таулы Қарабақтың даулы Қарабаққа айналғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Қап тауындағы тамыры терең текетірес 1988 жылы бастау алды. Сан ғасырлар бойы әзербайжан халқының қастерлі қонысы, қасиетті мекені болған аймақты 1988-1994 жылдар аралығындағы соғыс нәтижесінде Армения иеленіп, әлемдік қауымдастықта мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасын құрған болатын. Десе де, 2020 жылғы шілдеде бастау алған қарулы қақтығыстардың соңы даулы мәселеге нүкте қойғандай. Бірнеше айға созылған қиын-кескі ұрыстардан соң Әзербайжан мен Армян тарапы келісімге келгендей сыңай танытты. Атап айтқанда, Мемлекет басшылары Қарабақ жерінде әскери қимылдарды тоқтату туралы уағдаластыққа қол қойды. Осы орайда айта кеткен ләзім, армян агрессорларының Таулы Қарабақ аймағындағы тарихи және ұлттық нысандар мен орталықтарға келтірген шығыны орасан зор. Осы жылдары жойылған рухани қазыналар – Әзербайжанның ғана емес, сонымен қатар, жаһандық өркениет үшін үлкен маңызға ие мәдени мұрасы. Хош. Қап тауындағы атышулы аймақтың бүгінгі жағдайы қандай? Зардаптардың орнын жою мақсатында нендей жұмыстар атқарылуда?
СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ШЫҒЫН
Бүгінде Әзербайжанның кез келген қаласы мен елдімекенінде «Қарабақ – Әзербайжан жері!» деген билбордтар мен жазбаларды көптеп кездестіруге болады. Тіпті, осы тақілеттес сөйлемдерді басылымдар мен дүкен сөрелерінде де жазылған.
Әзербайжан халқының пайымдауынша, Таулы Қарабақты қайтару – тарихи әділеттілік. Десе де, қазіргі күнде бомбалау мен атыстан орасан зор зардап шеккен өңірдегі ахуал көз тартарлықтай емес. Қираған ғимараттар, түгелдей істен шыққан инфрақұрылым мен жарылыстан зардап шеккен егіс алқаптары. Мәселен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары аймақтағы өнеркәсібі өркендеген Агдам қаласының аты портвейн ішімдігімен күллі Кеңес Одағына танылған болатын. Алайда, дақпырты дүйім жұртқа жеткен шаһарды бүгіндері қаңғыбас ит пен мысықтар ғана мекендейді. Кезінде өндірісі өркендеген өңір «қирандылар қаласына» айналған.
Әзербайжанның экономика министрі Микаил Джаббаров соғыстан зардап шеккен аудандар қалпына келтіріліп қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына да үлесін қосатын аймақтарға айналатындығына сенімді. Министрдің айтуынша, Әзербайжан билігі азат етілген аумақты қалпына келтіру үшін биыл 1,5 млрд доллар көлемінде қаражат бөлген. Бұдан өзге мемлекеттік компаниялар мен қорлар түрлі жобаларды қаржыландырып, өңірді өркендетуге шетелдік инвестиция тартылып жатыр.
Ресми Баку Таулы Қарабақта дамытуға ниеттілердің қарасы көп боларына сенімді. Бұған себеп те жоқ емес. Себебі, жері құнарлы, климаты қолайлы аймақ ел экономикасының драйверіне айналу мүмкіндігі зор.
Әзербайжан Ғылым академиясы Экономика институтының директоры Назим Имановтың пайымдауынша, Таулы Қарабақты толық қалпына келтіру үшін алдағы 10 жылда 60 млрд АҚШ долларына жуық қаржы қажет. Әлемдегі мұнай-газ қоры жөнінен алдыңғы қатарлы мемлекет болып саналса да, Әзербайжан қазынасына бұл сома айтарлықтай салмақ салады. Қаражаттың басым бөлігі Армениямен болған соңғы қақтығыста қираған қалаларды қалпына келтіруге жұмсалмақ. Өйткені, соңғы текетіресте әсіресе қалалар зардап шеккен. Әзербайжандық ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, Тертер қаласында өткен жылдың күз айынан бері 16 мыңнан астам снаряд жарылған. Шаһардағы барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қираған. Шамамен 600 отбасы басыбайлы баспанасынан айырылған. Алдағы уақытта мемлекеттік қазына есебінен үйі жоқ әрбір әзербайжандыққа жаңа баспана салынады және қажетті жиһаздар мен құрал-жабдықтар сатып алуға 10 мың доллар көлемінде қаржы беріледі.
ҚАРУ МЕН ДАМУДЫҢ АРАСЫ
Қазіргі күнде Таулы Қарабақты қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Десе де, жергілікті билік өкілдері қарулы қақтығыстардың аяқталғанына үш айға жуық уақыт өтсе де, зардап салдарын нақты анықтау жұмыстары әлі жүргізіліп жатқанын айтады.
Мамандардың айтуынша, Таулы Қарабақ территориясы экономикалық тұрғыдан өте тиімді аймақ. Өңірдегі тау-кен өнеркәсібі кеніштері мен ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы егістік алқаптары бұған айқын дәлел. Сондай-ақ, өңірдің туризм мен логистиканың орталығына айналу мүмкіндігі де зор. Шетелдік инвестицияның көптеп тартылуына осылар бірден-бір себеп. Әсіресе, Қарабаққа қаржы салуға ниеттілердің қатарында Түркия, Италия және Ұлыбритания мемлекеттерінің іскер топ өкілдері көп.
Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына және аталған салалардың қарышты ілгерілеуіне ұйытқы болатыны рас. Бұл өз кезегінде мұнай мен газға негізделген ел экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік бермек. Әзербайжан экономика министрі Назим Иманов бұл іс-шаралар болашақта елдің жалпы ішкі өнім көлемін 20 пайызға дейін арттыруға серпін беретініне сенімді. Ол жуық арада аймақта өңірдегі ең ірі IT-орталық құрылуы мүмкін екендігін алға тартты.
Ауқымды жоспарлар мен мақсаттарды жүзеге асыру уақытты қажет ететіндігі айқын. Бүгінгі күндегі ең бірінші мақсат – қақтығыстар орын алған аумақты жарылғыш заттар мен жасырылған миналардан толық тазарту. Қазірге дейін ресейлік мамандармен бірлескен топ мың гектардан астам аймақты тазартып, 25 мыңға жуық жарылғыштарды залалсыздандырған. Соңғы үш айда оннан астам азамат жарылған миналардан зардап шеккен. Осыған орай құзырлы органдар соғыс болған аймақтарға баруға қатаң тыйым салған.
Егістік алқаптарын миналардан толық тазалау үшін ондаған жылдар кетеді. Сәйкесінше диқандар ауыл шаруашылығымен түбегейлі айналысуына да осыншама уақыт қажет. Сарапшылар осылай деп пайымдайды. Тоқсаныншы жылдары Таулы Қарабақтағы жанжалдан көшуге мәжбүр болған аймақтың байырғы тұрғындары негізінен диқаншылықпен айналысқан. Отыз жылдан астам уақыттан бері 600 мың әзербайжандық елдің өзге өңірлеріне көшкен. Болашақта олар атақонысына қайта ма, жоқ әлде тұрақтаған жерінде қала ма – нақты белгісіз. Билік бұл тарапта арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатқан сыңайлы.
Көне түркі тілінен аударғанда «Қарабақ» сөзі «Бай бақ» деген ұғымды білдіреді. Жасыл желегі, мәуелі бақшасы мен құнарлы топырағы берекелі өңірдің осылай деп ат қойып, айдар тағуына басты себеп болса керек-ті. Қаншама бейбіт тұрғынның опат болуына алып келген қиян-кескі ұрыстың аяқталып, тарихи әділеттіліктің орнағаны адамзат үшін ортақ жеңіс екені рас. Келешекте Таулы Қарабақтың даулы Қарабаққа айналмай, шын мәнісінде «Бай баққа» айналуына мүмкіндігі де, әлеуеті де мол екенін көзіқарақты қауым бағамдайды.
ОҚТАУЛЫ МЫЛТЫҚ АТЫЛМАЙ ТҰРМАЙДЫ
XIX ғасырдың екінші жартысында Таулы Қарабақты мекендеген халықтың үштен екі бөлігін әзербайжандар құраған. Бұл аталған өңірді меншіктеп үлгерген армяндарға ұнамайды. Екі халықтың арасында дау-дамай басталып, оның соңы 1918-1920 жылдардағы армян-әзербайжан соғысына ұласты.
Кейін екі ел де Кеңес Одағының құрамына енгеннен кейін Коммунистік партияның Орталық комитеті Таулы Қарабақты Әзербайжанға беру туралы шешім қабылдады.
Жиырмасыншы жылдары армяндар Мәскеумен жақын ымыраластығы арқасында Қарабақты автономиялы округ ретінде құруға қол жеткізді. Мәскеу аймақты уысында ұстау үшін әрі «бөліп ал да билей бер» саясатын ұстанып осындай қадамға барды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Таулы Қарабақтағы әзербайжандарды шетке көшіру саясаты белең алды. Осы жылдары 100 мыңнан аса әзербайжан ығыстырылған.
«Оқтаулы мылтық атылмай тұрмайды». 1980 жылдардың соңын ала Таулы Қарабақ дауы қайта тұтанды. Аймақ 1991 жылға дейін оқ пен оттың өлкесіне айналды.
1994 жылы Ресейдің ара ағайындығымен уақытша бітім хаттамасына қол қойған. Нәтижесінде 1994 жылы аумақ тұтасымен Әзербайжан территориясына қарап, Армениямен арадағы атыс-шабыс тоқтам тапқандай болған. Алайда, аймақ этникалық армяндар бақылауында қалды. Ал, 2020 жылғы шілде айында Таулы Қарабақ пен Әзербайжан арасындағы шекарада тағы жанжал шықты. 44 күнге созылған қарулы қақтығыс соңы өзара бітіммен аяқталды. Өз кезегінде Армения премьер-министрі Никол Пашинян «Уағдаластық біздің халық үшін жеңіл болмайтынын түсінемін. Бірақ, мен мұндай шешімді әскери жағдайды терең зерделеп барып қабылдадым. Бұл қазіргідей жағдайда өте дұрыс қадам деп санаймын», – деп мәлімдеді.
Армения премьер-министрі келісім туралы жариялай салысымен Ереванда толқулар басталды. Үкімет басшысының шешімі шымбайларына батып, ашу-ызасын тудырған жүздеген адам Еревандағы үкімет үйіне басып кіріп, парламент спикерін соққыға жықты. Шеру әлі жалғасып жатыр…
Жандар АСАН, саяси шолушы