Індет пен міндет: Пандемия кезіндегі отандық медицинаның оңтайлы қадамы

0
1838

Өткен 2020 жыл әлем және еліміз үшін жеңіл болмады. Аурудың асқынып, әлемдік пандемия жарияланғанына да бір жыл уақыт өтіпті. Тәжвирус тұқыртып, коронавирус кесірінен ел экономикасының да дағдарғаны анық. Дегенмен, эпидемиологиялық ахуал мен карантиндік шараларға қарамастан, мемлекетіміз тышқан жылын оң қарқынмен қорытындылады. Өзімізге белгілі, коронавируспен күрес, әуелі, медицина саласын сынға алды. Денсаулық сақтау саласы былтыр коронавирустық инфекцияға қарсы шаралар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, инфекцияға қарсы вакцинация, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, мамандардың жалақысын өсіру, аталған саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сияқты мәселелерге негізгі басымдық берді.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС

Сын сағатта еліміз шектеуші шаралар жиынтығымен эпидемиологиялық ахуалды бақылау мен болжаудың бірегей кешенді жүйесін жасады. Бұл модельді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілдігі мақұлдап, ЕО елдері қолдау танытқанымен қатар, көрші мемлекеттер жоғары бағалады. Қазақстандық мамандар осы әдістеме бойынша Қырғыз Республикасындағы әріптестеріне тренинг өткізді. Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде тәжвирус тамыр жайып, жылдың екінші жартысынан бастап күрт өсе бастағанда біздегі жағдайдың біршама тұрақтанғаны – елдегі шектеу шараларының уақытылы енгізілгендігінің көрінісі.

Республиканың әр аумағында жылдам әрі тиімді медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік аурухана салынса, 3 инфекциялық емхана қайта жаңартылды, сондай-ақ 63 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша тиімді шаралар қабылданды. Өкпені желдетуге арналған аппаратпен толық қамтамасыз етілген 64 оттегі станциясы пайдалануға берілді. 185 аудандық аурухана 100% рентгенологиялық қондырғылармен жабдықталса, жедел жәрдем қызметін жандандыру үшін 1 367 автокөлік іске қосылған. Сондай-ақ, коронавируспен күрес жолында шет елден арнайы жабдықтар, нақтырақ айтсақ, АҚШ, Швейцария, Ирландиядан жалпы саны 500-ге жуық өкпе желдеткіш аппарат, Германиядан компьютерлік томография жасауға арналған құрылғы сатып алынған.

2020 жылы денсаулық сақтау жүйесінде үлкен жұмыстар атқарылды. Соған сай саланы қаржыландыру көлемі де алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 124,6 млрд теңгені құраса, 2020 жылы 302,5 млрд теңге республика халқының денсаулығын жақсарту шараларына жұмсалған. 2,9 млрд теңгеге аса қауіпті дертті диагностикалауға арналған зертханалық жабдықтар мен қондырғылар әкелінсе, коронавируспен күресте жанын тәуекелге тіккен ақ халаттыларға қаржылай көмек көрсетіліп, жалпы сомасы 116 млрд теңгені құраған. Мемлекет басшысының шешімімен қызмет барысында вирус жұқтырған 9 мыңнан астам медицина қызметкеріне қосымша әлеуметтік көмек тағайындалған. Сонымен қатар, 2020 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, медбикелердің табысы 20%-ға көтерілген. Үкіметке аталған көрсеткішті үстіміздегі жылдан бастап кезең-кезеңімен көтеру, 2023 жылға қарай оны экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жеткізу міндеттелді. Пандемия медицина саласында білікті маман даярлау ісіне де назар аудару қажеттігін көрсетіп берді. Соған сай еліміздегі медициналық университеттерде білім беру жүйесі жандандырылып, студенттердің де шәкіртақысын көбейту мәселесі көтерілді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерді күшейту мақсатында Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылып, 2021 жылдың қаңтарынан бастап комитет қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Қызметтің инфрақұрылымын жаңарту мен халықтың биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2022-2025 жылдарға арналған қосымша қажеттілік есептеліп, цифрландырудың жалпы құны 55 млрд теңгені құрайды деп жоспарлануда.

ОТАНДЫҚ ВАКЦИНА ЖАСАЛДЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдың ақпанынан бастап елде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау басталды. Бірінші кезеңде ресейлік «Спутник V» вакцинасы сатып алынған, аз уақыт ішінде бұл препаратты Қарағанды фармацевтикалық кешені өндіре бастады. Сондай-ақ, алдағы сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасаған отандық «QazCovid-in» екпесін қолдану жоспарлануда.

Вирусқа қарсы екпенің елімізде әзірленуі вакцинаны сырттан сатып алғанға қарағанда қаржылық шығынды біршама азайтып, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына да айтарлықтай әсер етіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылы 3 миллионнан астам адамға ерікті түрде отандық екпе жасауды көздеуде. Халықтың қамы үшін жасалып жатқан бұл шараны жүзеге асыру барысында «Электронды вакцинация» қызметі, sms-хабарламалар, жеке кабинет секілді ІТ-технологиялар кеңінен қолданылатын болады. Екпе жасатқан жеке тұлға вакцина паспортын e-govmobile қосымшасының «сандық құжаттар» қызметінен ала алады. Бұл өз кезегінде халықтың иммундық жағдайын бақылап отырудың тиімді жолы болмақ.

САЛАДАҒЫ БАССЫЗДЫҚТЫ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Кез келген жағдайға дайын болу үшін тиісті органдар денсаулық сақтау жүйесі қызметтерінің сапасын жақсарту бойынша шараларды жүзеге асыруда. Бұл тұста медицина қызметкерлерінің жұмысы, сондай-ақ дәрілік заттар мен бұйымдардың айналымын бақылау күшейтілуде. Осы негізде 2020 жылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті өз жұмысын бастаған болатын.

2020 жылы комитет медициналық қызмет сапасына қатысты келіп түскен 3 386 шағымды қарап, 159 денсаулық сақтау қызметкері шығыны 8,5 млн теңгені құрайтын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәжвируспен күрес басталысымен елдегі дәріханалар қызметінде шикілік пайда болып, өнім бағасын шектен тыс асыру, дәрі-дәрмек тапшылығы сияқты мәселелер туындаған. Осы кезде комитет қызметке жең түре кірісті. Баға мониторингі 1 640-тан астам дәріхананы қамтыды. Белсенді әрекеттің нәтижесінде баға шегін асырудың 939 фактісі анықталып, 1 343 субъектіге 181,6 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз сатылған дәрілік өнімдер айналымнан алып тасталып, тиісті тұлғалар заңмен жауапқа тартылды.

Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру жалғасуда. Дәрі-дәрмектерді ұлттық тіркеуден ЕАЭО ережелері бойынша тіркеуге ауыстыру, сондай-ақ ЕАЭО аясында фармацевтикалық тексерулер жүргізу жоспарлануда.

2020 жылғы жағдай бойынша, Қазақстанда фармацевтика саласындағы дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіретін 89 кәсіпорын бар.

«АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» – АДАЛ ҚЫЗМЕТТІҢ КЕПІЛІ

Денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту үшін 2020 жылы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды. Жоба медициналық ұйымдарда сыбайластықты болдырмау, халықты және медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысында заңсыз әрекеттерге тыйым салу, ашық есеп беру қағидаттары бойынша қоғаммен ынтымақтастықты қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешуді көздейді. Сонымен қатар, жоба кеңсесі облыстық денсаулық сақтау басқармаларымен белсенді жұмыс жасайды. 2020 жылдың желтоқсанында аталған ұйым басшылығымен медициналық мекемелер қызметіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында сырттай бақылау, талдау жұмыстары жүргізілген. Денсаулық сақтаудың барлық аспектілеріндегі қызметтің ашықтығын арттыру мақсатында сала түгелімен цифрландырылуда.

Денсаулық сақтау жүйесін ауылдық жерлердегі бірінші медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру, алғашқы медициналық көмекті күшейту, медицина қызметкерлері құзыреттіліктерінің өсуін ынталандыру, пациент қауіпсіздігін басты назарда ұстау бағыттары бойынша жетілдіру көзделуде. Атап өтерлік жайт, осы айтылғандардың барлығы цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын болады.

Министрлік халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Мемлекетіміз денсаулық сақтау саласындағы өзекті бағыттар бойынша Азия, Еуропа, ТМД, Америка, Таяу Шығыстағы 50-ден астам елдермен серіктесіп, WHO, UNDP, UNFPA, UNICEF сияқты халықаралық ұйымдармен тұрақты байланыс жүргізеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Халыққа үлкен «сабақ» болған пандемия ең бірінші денсаулық сақтау жүйесін сынаққа алғаны аян. Жан тәтті деген, үйде отырып үкімет пен ақ халаттыларды сынаушылар да табылды. Расында, бес саусақ бірдей емес. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген және бар. Қанша айтса да, жан қысылса, дәрігерлерге қарай ағылатынымыз анық.

Пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің жұмысы тікелей әлеуметтік әсерге ие болатындығы анық көрінді. Денсаулық сақтау саласына жеке адамның өмірі ғана емес, жалпы экономиканың тұрақтылығы да тәуелді.

Мемлекет басшысының және Үкіметтің аталған салаға ерекше назар қоюының нәтижесінде инфрақұрылымдар айтарлықтай жаңарып, медициналық қызметкерлерді қолдау бойынша ауқымды істер атқарылып жатыр. Денсаулық сақтау жүйесінің алдында нақты міндеттер тұр. Ендігі халық пен үкімет «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», аты жаман аурудан біржола құтылуы керек.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here