Октябрьмен қоштасу қиын екен…

2
1870

Осыдан 90 жыл бұрын негізі қаланған, 1934 жылы қала мәртебесін алған Қарағандыда 500 мыңдай халық тұрады. Халық саны бойынша еліміздегі бесінші қалада екі аудан бар: Қазыбек би және Октябрь. Біріншісі 2001 жылға дейін Советский аталды. Ал, екіншісінің атауын өзгерту оңай болмай шықты. Мысалы, осы ауданға Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесі алғаш рет 10 жыл бұрын көтерілді. Дегенмен, Қарағанды қаласының әкімдігі Октябрьді Әлихан Бөкейханға қимай жүріп алды.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, алты алашқа адал қызмет еткен Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 155 жыл толып отыр. Бірақ, қазақтың бағына туған, халқы үшiн жанын берген ұлт көсемі өзінің туған жерінде лайықты ұлықталмай келеді. Әйтпесе, Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру мәселесінің бақандай 10 жылға созылғанын қалай түсінуге болады?!

Әрине, ештен кеш жақсы. Көңілге бір медеу боларлығы – күні кеше Қарағанды қаласында Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Оған 685 қала тұрғыны қатысты. Қатысушылардың басым бөлігі Октябрь ауданы атауының өзгеруін қолдады. Енді Октябрь ауданын өзгертуге қатысты халықтың шешімін қалалық маслихат депутаттары 26 наурыздағы сессияда қарайды. Содан кейін облыс әкімі шешімді Республикалық ономастика комиссиясына жібереді. Демек, соңғы шешімді Республикалық ономастика комиссиясы қабылдайды.

Рас, Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесінің көтерілгеніне де 10 жылға жуықтады. Айталық, 2012 жылы сол тұста «Болашақ» университетін басқарған Нұрлан Дулатбеков Қарағанды облыстық ономастика комиссиясына қала ауданына Алаш қайраткерінің есімін беру туралы ұсыныс жолдады. Дегенмен, бұл мәселе «халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген» деген желеумен жабулы қазан күйінде қалды.

Сөз болып отырған ауданға Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесі 2016 жылы оңтайлы шешілетіндей болып көрінді. Өйткені, Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойында халықтан сүйінші сұрады. Оған бәріміз қуандық. Бірақ, әкім уәдесінің соңы сиырқұйымшақталып кетті.

Бұған дейінгі әңгіме ауанына қарасақ, Қарағанды басшылары Әлихан Бөкейханның есімін аудан атына беруге батылдық таныта алмай келеді. Қаланың 40 пайызын құрайтын орыстарға жалтақтайды. Әрине, атқа мінерлер мұны ашық айта алмайды. Сөйтіп  шенділер Октябрь ауданын Әлихан Бөкейханның есіміне ауыстыру жұмыстарының созылып кеткеніне түрлі сылтау айтты. Айталық, Қарағанды қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаеваның сөзіне қарағанда, әкімдік 225 мың халқы бар ауданның атын өзгерту үшін қанша шығын кететінін есептеп жатса керек. Өйткені, Октябрь ауданының әкімшілігі, прокуратурасы мен полиция бөлімі секілді мемлекеттік мекемелер мөрі мен құжатын бюджеттің қыруар ақшасына ауыстырады екен. Негізі бұл сылтау ғана, мәселе ақшада емес, мәселе қаланың Октябрь ауданына ұлт көсемінің есімін қимайтындарда болып тұр. Мысалы, Нұрмұхамбет Қанапияұлының 2016 жылғы мәлімдемесінен кейін құрамында бірнеше мүшесі бар «Сарыарқа» пікірталас клубының мүшесі Юрий Мирзоев: «Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың Әлихан Бөкейханның атын Октябрь ауданына беру туралы ұсынысына қарсымын», – деп жасырмай айтты. Юрий Мирзоев сияқты тағы бір Дмитрий Бойка дейтін коммунист: «Октябрь ауданының атауы өзгерсе, бұл шараға Үкімет қаржысы бостан бос кетеді», – дегенді желеу етті. Яғни, шығын туралы сылтауда «желдің қайдан соққанын» ішіміз сезіп отыр. Сол Әлекеңнің өзі айтқандай, «көкіректе сайрап тұр, қолды заман байлап тұр».

Түптеп келгенде, Юрий Мирзоев, Дмитрий Бойка сынды шовинистердің көзқарастарынан кейін шенділердің ұлт көсеміне аудан атын беруді жылы жауып қоя салулары немесе кешіктірулері қазақ халқының алдында ұят тірлік болды. Қайтемiз, Шер-ағаң айтпақшы, бiр кем дүние!..

Биыл осы олқылықтың орнын толтыруға қайта қадам жасалды. Оған кешегі қоғамдық тыңдау дәлел. Ал, елімізде 2021 жылғы 1 мамырдан 31 желтоқсанға дейін ауыл, аудан, көше аттарын ауыстыруға тыйым салатын мораторий күшіне енетінін ескерсек, сондықтан бұл мәселені енді тағы созуға болмайды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

2 Пікір

  1. Халық саны бойынша еліміздегі бесінші қалада екі аудан бар: Әйтеке би және Октябрь.
    Әйтеке би емес, Қазыбек би ауданы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here