Ұстазым менің, ұстазым…

0
2714

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы, – деп Ғафу Қайырбеков атамыз өзінің осы бір шумақ өлеңімен ұстаздың барлық болмысын ашып көрсетеді.

Біздің ұстазымыз – Төле би орта мектебінің 4 «Д» сынып жетекшісі Нұрмағанбетова Әсем Әкімбайқызын ұлағатты ұстаздардың қатарына қосуға болады. Өйткені, өз ұстазымның бойынан мұғалімге тән қасиетті көремін. Ал, Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, «маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі».

Біздің тұлға болып қалыптасуымызға ата-анамыздың үлесі қандай зор болса, ұстазымыздың да қызметі сондай абыройлы. Мектеп табалдырығын аттаған сәтімізден бастап ұстазымыздың бізге беретін білімі, алғаш қолымызға қалам ұстатқаны, әліппе тіліне баулығаны, бәрі үлкен еңбекті талап етеді. Бала кезімізден болашаққа деген арман мен талапқа құштарлықты оятады. Сондықтан ұстаз екінші анамыз.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, осы бір ауыз сөзден-ақ көп ғибратты ұғына берсек болады. Мысалы, Әсем Әкімбайқызы біздің бір жетістігімізді көрсе, соған өзінің еңбегінің жемісінің дәмін татқандай шын қуанады. Оның сол қуанышын көрудің өзі бір ғанибет! Мұғалімді солай қуантуға, берген білімінің жемісін көрсетуге барымызды салып жүрміз. Ол үшін жақсы оқуымыз керек. Әрине, бір ғана жақсы оқу аздық етеді. Тәрбиелі де болуымыз керек. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналық сөзін ұстазымыз үнемі құлағымызға құйып отырады.

Әлі бұғанасы қатпаған, ойы жетілмеген 4-ші сынып оқушысы болсам да, ұстаз – ұлағатты ұғым екенін, әр адамның жүрегінде ерекше жылулықпен сақталып қалатын аяулы тұлға екенін бала жүрегіммен сезінемін. Алғаш әріп танытып, өмірдің сырын білуге, сан қилы құбылыстарын түсінуге ұйытқы болып, жан дүниемді нұрлы шуағымен жадыратып, адамгершілік қасиеттеріне баулыған мұғалімімнің бейнесі көңіл төрімнен орын алары анық. Коронавирустың салдарынан болған кедергілерге қарамастан сапалы білім беріп жүргеніңіз үшін алғыс айтамын!

Төле би орта мектебінің 4 «Д» сынып оқушыларының атынан сынып жетекшіміз Нұрмағанбетова Әсем Әкімбайқызын өткен Халықаралық әйелдер күнімен және алда келе жатқан Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін! Саналы шәкірттеріңіз көп болып, олар үмітіңізді ақтасын!

Жәнел МӘУЛЕН және Төле би атындағы орта мектептің 4 «Д» сынып оқушылары

ШУ ҚАЛАСЫ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here