Суреткер прозасындағы өмір шындығының көркем шындықпен бейнеленуі

1
3379

Әдебиет тарихындағы көрнекті қаламгерлер шығармалары халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік ойлау дүниетанымын танытады. Көрнекті қаламгерлер шығармашылығы өз халқының және жалпы адамзаттың ақыл-ой даналығы жинақталған көркемдік-эстетикалық көзқарастар жүйесін құрайды. Көркем әдебиет мұраларының ғасырлар бойы жинақталған үлгілері уақыт пен кеңістіктегі ұрпақтардың тіршілік қозғалысындағы іс-әрекеттерін саралап танытады. Өмір шындығы оқиғаларындағы қарама-қайшылықтардың күресі мен бірлігі тұтасқан сипатын әдебиет тектері (эпос, лирика, драма) жанрлары жүйесіндегі шығармаларда бейнелеу арқылы адамзат ұрпақтарының рухани әлемі танылады. Адамдардың өмір шындығы кеңістігіндегі іс-әрекеттерінің, мінез-құлық психологиясының көркем шындық поэтикасымен бейнеленуі қаламгерлердің суреткерлік келбеттерін даралайды. Қаламгердің суреткерлігі – табиғи жаратылысына тән таланттылықтың, дарындылықтың көрсеткіші. Ауызша авторлық поэзия мен жазбаша кәсіби әдебиет шығармаларының мыңдаған, миллиондаған тыңдаушыларының, оқырмандардың қабылдау ықыласын иеленетіні – көркемдiк-эстетикалық талғам талабына сәйкес болғандықтан екендігі ақиқат.

Қазақ әдебиетінің тарихында ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының бас кезінен бастап жарияланған шығармаларымен танымал болған Ұзақбай Доспанбетов – қазіргі ұлттық сөз өнеріндегі көрнекті қаламгерлердің бірі. Миллиондаған оқырмандарына тез таралып кеткен жазушының жарық көрген кітаптары да қазақ прозасының ұрпақтар дүниетанымын байытуға зор үлес қосып келеді: «Кәрі қобыз күйі:  Повесть  және  әңгімелер»  (1970);  «Гауһар  тас:  Повесть» (1973); «Сырғалы қыз: Повесть және әңгімелер» (1975); «Қардағы гүл: Повестер және әңгімелер» (1978); «Сағым: Повестер және әңгімелер» (1981); «Қызыл жолбарыс: Роман-дилогия» (2000); «Абылайдың ақ туы: Тарихи роман. Бірінші кітап» (2004); «Абылайдың ақ туы: Тарихи роман. Екінші кітап» (2008); «Аяз бен аптап: Повестер мен әңгімелер» (2005); «Тіл өнері дертпен тең: Әдеби-көркем сын мақалалары, зерттеулері» (2006); «Ғарыш әні: Повестер, очерктер, публицистикалық мақалалар» (2006); «Жылусыз от: Роман» (2009); «Шың мен шыңырау: Роман. Бірінші кітап» (2009).

Жазушы – адам жан ділінің сарапшысы. Мінез-құлық ерекшеліктері сан алуан адамдардың әрқайсының даралықтарын да, өзара үндес қасиеттерін де, бір-бірімен үндескен, үйлескен үлгілі іс-әрекеттерін де тарихи шындықпен суреттейді. Сонымен бірге кең далада, ашық аспан астында жүрсе де бір-бірімен үйлеспейтін, сиыспайтын қарама-қарсы сипатты адамдардың үздіксіз болатын қақтығыстарын да, қанды шайқастарын да өмір шындығы негізінде тарихилық аясындағы психологиялық күрделі болмысымен саралайды. Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің повестері лирикалық-сыршыл, психологиялық драматизмге толы поэтикалық сипатымен ерекшеленеді.

«Гауһар тас» повесінің мазмұны мен пішіні желісінде поэтикалық шарттылыққа негізделген көркемдік жинақтау аясында адамдар арасындағы адамгершілік-имандылық қасиеттер кейіпкерлердің көркем шындықпен жинақталуы арқылы түсіндірілген. Повестің басты кейіпкері – Әбен ақсақал. Ескіше де, жаңаша да сауатты, мұсылмандық білімі тиянақты, оқу-ағарту жүйесінде ұстаздық қызмет те атқарған Әбеннің көркем бейнесі – қазақтың дәстүрлі абыз-ақсақал келбетін танытады. Повестің лирикалық-психологиялық сарындылығы шығарманы бірінші жақпен эпикалық баяндауларымен байқалатын баяндаушы кейіпкер арқылы айқындалады. Баяндаушы кейіпкер – шығарманың сюжеттік-композициялық құрылысындағы оқиғалар ортасында бастан-аяқ болады. Классикалық шығармаларда да осындай баяндаушы-кейіпкер тұлғалары тұрақты орын алады. Повесть композициясындағы сюжеттік байланыс дәнекері – баяндаушы-кейіпкерге шығарманың басты оқиғаларын айтушы Әбен ақсақал сандығына салып қойған гауһар тас: «Қалай төңкерсең де нұрын шашып, бір өзінен сан түрлі сәулелер тарап, нәзік құбылып діріл қағады. Қолыма алып ықтиятпен қызыға қарадым. Қайта бергенімде қарт оны қастерлеп орап, бөлме түкпіріндегі көне заманның көзі іспеттес әшекейлі сандықшаға салып қойды» (Доспанбетов Ұ. Ғарыш әні: Повестер, очерктер, публицистикалық мақалалар. – Алматы: Қайнар, 2006. – 368 б.; 6-б.).

Повестің басты кейіпкері Әбен ақсақалдың баяндаулары бойынша халық тарихының XVII–XVIII ғғ. және ХХ ғ. кезеңдері оқиғалары қамтылған. Қалмақ шапқыншылығы кезінде ел қорғаған қолбасы батырын қызғанышпен, опасыздықпен өлтірген Жәңгір хан – ел билеушілердің көркем шындықпен жинақталған реалистік бейнесі. Кәукен атты ел ортасындағы құрметті адамның бойжеткен бес қызын еріксіз алып кеткен, Тарғақ қарияның баласын атып өлтірген зорлықшылар, оларды жұмсаған Жолдыбек бай – бәрі надандық, топастық, тағылық-жабайылық дағдыларынан арылмаған далалық тұрпайылықтың жинақталған болмысын көрсетеді. Ал, кедей Қаспақбайдың пісіп тұрған егінін өртегендер – бұрынғы зорлықшыл дәулеттілер (Жолдыбек, Күнбол) «…итаршыларының қайтадан бас қоспақ еті тірілері…», «Кедейлер егінге ауып, әлденіп кетсе, байды да Құдайды да ұмытады, сөйтіп, бой бермей кетеді!» деген ой бұларды ушықтырады» (Аталған кітап, 41-б.). Осы арада халықтың бейбіт, мамыражай, күнделікті күнкөрістік-тұрмыстық ырғақтағы қарапайым тіршілігін тас-талқан етуді ғана ойлайтын қараулық, зұлымдық оймен уланған пенделер психологиясын кейіпкер Әбенді өлтіруді, ол отырған ауылды құртуды ойлап, арнаулы топ құрып шабуыл жасаған қараниеттілер туралы баяндаудан көреміз: «Бір қан жұтып, быт-шыт боп тарасып, із-түзсіз жоғалып кетпек екен. Қолдарынан келсе бүкіл ауылды шауып, жағалай отырған кедейлердің хал-қадарынша еккен егіндерін осы пісіп тұрған шағында құртып жібермек. Сөйтіп, қалың елді зар жылату. Тағы кім білсін ары қарай не ойлайтындарын» (Аталған кітап, 44-б.).

Повестің негізі поэтикалық-идеялық түйіні – халықтың ортақ бақыты – тыныштық, бейбітшілік аясындағы шынайы еңбек зейнетінің рахаты, адамгершілік-имандылық қасиет ұлылығын ұлықтау. Повестің басты кейіпкері Әбеннің баяндау әңгімелеуі арқылы қарапайым халық ортасындағы адал, ержүрек, еңбексүйгіш адамдардың сол жақсылығын қызғанатын, өзімшіл, өркөкірек, пасық пиғылдылар айыпталып әшкереленеді. Повестің басты кейіпкерлерінің бірі Кәукеннің ел азаматы Әбенді төніп келген қанқұйлы жендеттерден құтқару үшін жасаған әрекеті, яғни Әбеннің жұртқа танымал ала шапанын киіп «Қарагер атқа мінген Кәукен біздің үйді бір айналып өтіп күнбатыс жаққа қарай шаба жөнелді. Оның ат үстіндегі ала шапан киіп, мен болып қашқан ұсқынын есіктің жабығынан бір көріп қалдым. Өзім үшін өлермендік еткен ағайынның осы қылығы мені еріксіз жылатардай бір сезім қылғындырды» (Аталған кітап, 43-б.).

Повестегі Кәукен – Алла берген бес қыз перзенттерін, маңындағы ағайынын, атамекенін, ата-бабаларымыздың ғасырлардан жеткен асыл мінез қасиеттерін (әкелік, азаматтық махаббат, достық, жолдастық мәрттік, т.б.) көркем  шындықпен жинақтаған кейіпкер. Повесть  композициясының басталуында қарау, тар пейілді, қызғаншақ Жәңгір ханның өзіне ерген, елге қорған батырын аңда жүргенде – қапыда өлтіріп, бірақ сол батыр көз жұмарда жауыз ханға аманаттаған гауһар тас («Әй, Жәңгір хан, Жәңгір хан, күн қарайса күйерсің, түн айналса түнерсің. Ту сыртымнан оқ аттың, мен өлмегенде кім өлсін. Адамнан туған әбжылан, кеудең толы жылан уы болса да, ана сүтін еміп өскен шіркін ең, ақтық айтар арызымның шын мәнісін түсінерсің, білерсің. Саған айтар өсиет: адамдағы ең ардақты қасиет – ел қорғаған батырлық, ақ жүрекке тіл бітірген ақындық, қара жерге нәр берген ақыл-құт. Бұл қасиеттің ақиқат қой өлмесі, көкірегімде ақ шүберекке ораулы гауһар тас – солардың қас бейнесі») (Аталған кітап, 8-б.) шығарма желісінің идеялық-поэтикалық арқауын құраған. Қызғаныштың құрбаны болып өз ханының қолынан өлген батырдың інісі Ерәлі де батыр болып, басқыншы қалмақтардан елді құтқарғанда жауыз хан Жәңгір жылап, сол гауһар тасты інісі Ерәлге табыс етеді. Ал, повестің сюжеттік желісіндегі перзенттерін, ағайынын, досын ардақтаған іс-әрекеттерімен дараланған Кәукен – сол батырлардың ұрпағы («Олар осы Кәукеннің арғы аталары болып шықты, ұрпақтан-ұрпаққа сырғып, гауһар тас Кәукенге тиіпті») (Аталған кітап, 52-б.). Повесть сюжетінің көркемдік шешімі-түйіні – фәни мен бақиды жалғастырып тұрған – адамгершілік-имандылық мұратының мәңгілік ұстаным беріктігін ұлықтау. Повестің кейіпкерлеріне жалғаса аманатталып тапсырылып келе жатқан гауһар тас – философиялық-психологиялық мағыналы шарттылықпен алынған ұғым көрсеткіші: «– Бұл, – дейді Кәукен, – адамға тән ең асыл қасиеттің бейнесі. Ол қасиетіміз – батырлық, ақындық, қиын заманда жол тапқыш зерделі ақыл-ой. Осы гауһар тасты сондай қасиеттің бірі дарыған адамға өз қолыммен тапсыру – менің мойнымдағы аманат» (Аталған кітап, 52-б.). Халықтың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан, сақталған ұлттық-отаншылдық, қаһармандық-жауынгерлік, ақылман даналық дәстүрлерінің ұрпақтан ұрпаққа жетуі – гауһар тастай асылдығын ешқашан жоғалтпайтын ұлағат дәстүрі.

Жазушының «Ғарыш әні» повесінде тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастары жүйесіндегі күрделі тағдырлы адамдардың мінез-құлық психологиясындағы ерекшеліктер поэтикалық-психологиялық жолмен сараланған. Шығарманың композициясын құрап тұрған негізгі желі – басты кейіпкерлер – Жазира мен Досбол қарым-қатынастары. Балалық шақтан бірге өскен,  көрші тұрған екеуінің мәңгілік жұп болатыны повестің басталуындағы екеуінің бозбала мен бойжеткен кезіндегі, махаббат сезімдерін өзара ашық білдіріп жүрген сәттеріндегі диалогтарымен де, кейіпкер баяндауларымен де айқындалған: «Сондағы Жазираның қарағай басынан сыңғырап төгілген күлкісі құлағымда әлі тұр. Ал одан бергі уақытта бір-бірімізге деген ыстық ықыласпен балқып жанған қаншама күндер болды. Анда-санда бұрқ етіп шаң беретін тәкаппарлығы демесең, өзі ден қойған адамға Жазирада ұстаның көрігіндей қызу барын мен ерте-ақ байқағанмын. Оқып жүргенде,  тіпті, қазіргі еңбекке араласқан күндерімде де екеуміз киноға барсақ, не әлдеқалай қолымыз қалт етіп қырға шықсақ, қыс айларында алысқа ұзап кетіп екеуден екеу шаңғы тепсек, ешкім таңырқамаушы еді. Сөзуар ауыл әйелдері біз жөнінде, тіпті қыңқ деген дыбыс шығармайтын. Жазира туғанда-ақ мінез пешенеме жазылғанын жариялағандай біздің жүріс-тұрысымыз баршаға үйреншікті жағдай еді» (Аталған кітап, 55-б.).

Шығарма сюжетінің шарықтау шегінде уақыт пен кеңістік әлеміндегі тағдыр талқысына түскен адамдар қарым-қатынастарының тоғысуы жағдайын реалистікпен бейнелеген жазушының кейіпкердің ішкі толғаныстарымен жеткізген психологиялық тәсілін оқимыз: «Мен бір сәт саруайымға түсіп, өмір өз дегенін жасап, жалғасып бара жатқанын, машина мен ат үстінде сарсылған өз тірлігімді, кәрілікке бір жола көндігіп, көңілдері көншіген қарт әке-шешемді ойладым. Көз алдымда алабұртып, жастық жалыны аспанға атқан, ертеден қара кешке дейін күнсіп, қызылша сиретіп, шөбін шапса да мұқалмас тұлғасымен құлпырған Жазираға қараймын. Жас ғұмырын музыкаға, биік мәртебеге арнаған кеудесі кең, бірақ қарабайыр тірлікке келгенде орашолақ, істі неден бастап немен аяқтау керек екеніне ой жеткізе алмай әуре-сарсаңға түсетін, көңілі ұйқы-тұйқы, денсаулығы нашар Дәлелханға қараймын» (Аталған кітап, 89-б.).

Шығарма арқауына алынған осы екі кейіпкер қарым-қатынастары аясында бірнеше күрделі психологиялық хал-ахуал сабақталған: біріншісі – әуез өнері құдіреті баураған қыз жүрегінің ғашықтық ықпалы құрсауына түсетін күрделі жағдайы; екіншісі – өзі сүйген адамның жүрек қалауы басқа жанға ауғанмен, бірақ шынайы, адал көңіл құдіретімен кешіре білетін, хакім Абай жырлаған «Шыдайды риза болып жар ісіне қорлық пен мазағына таңылса да» рухындағы мәрт махаббат иелерінін бар екендігінің дәлелденуі. Шығарма сюжетінің дамуында өзінің туысқаны қомпозитор-әнші Дәлелхан мен сүйгені Жазираның арасында тұтанған ғашықтық отының қуатын көңілімен сезген, көзімен көрген оқиғаларының бәрін де басынан өткізсе де ақыры өзіндік мәрт-махаббат қуатын дәлелдеген басты кейіпкер Досбол тағдырын өмір шындығы тұрғысынан танимыз. Балалық шағынан өзі беріле сүйген Жазираның Досболдың туысқаны Дәлелханға көңілі ауғанына қаншама күйзелсе де, Жазираның анасы Бақыткүлдің аналық ықыласын, өзінің шынайы ғашық көңілін ұштастырған кейіпкер тұлғасының табиғи болмысын сезінеміз: «Өмір бойы өз бақыты үшін күресіп, ойын биік, көңілін сергек, арын таза ұстаған қадірлі адамның әрекеті үлкен аяныш тудыратын еді. Оны жауапсыз қалдыра алмадым. Жазираны қайта өзіме тарттым. Мен бәрін кешірдім. Дәлелханның асқақ әні үшін, өзіме бала жастан сүйікті Бақыткүл апайдың ыстық ықыласқа, аянышқа толы дәнекерлік қызметі үшін кешірдім. Жазира да осы кешірімімді көкірегінде ендігі қалған ынтамен құп алды. Оның құп-қу өңі күз айында қалың қурайдың арасында әлдеқалай көгеріп өсіп, бұғанасы қатпай қыс кәріне ұшырап, ерте көктемгі жылылықпен қайта бас көтергісі келген әлсіз шөпті еске салатын еді. Екеуміз де бала кезіміздегі уәдемізде тұрып, ол биіктен құлап, мен қағып алған секілдімін» (Аталған кітап, 129-б.).

Повестегі кейіпкерлер – Екінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартқан адамдар. Күйеуі соғыстан болған жарақаты кейін қайтадан асқынып қайтыс болған Бақыткүл, күйеуі соғыста өлген Қапиза, Досболдың қартайған әкесі мен шешесі, Тарпаңбай ақсақал, Қарпық қария, т.б. – бәрі де уақыт шындығы оқиғалары аясында бейнеленген. Ал, соғыстан жеңіл жараланып келіп, мәжбүрліктен колхозға бастық болған, бірақ үш-төрт жылдан кейін қызметін істей алмай орнынан алынған, кейін қайта сайланған Қалдыбай – кезең шындығы негізінде сомдалған бейне. Әйелі қайтыс болғаннан кейін жас әйелдердің оған қызыққаны да, бұның олардың кейбіреулерімен көңілдес болғаны да – табиғи шындық көрінісі. Ал, оның өзіне тәуелді болғандықтан жақын болған жесір Қапизаға деген қаталдығы, мазақ еткені, оған ашынған әйелдің сыншыл мұңды өлең шығарғаны – бәрі де тағдыр тәлкегі көріністері тұрғысында бейнеленген. Шығарма желісіндегі Досболдың, Жазираның, Дәлелханның араларындағы қарым-қатынастардың ушығуынан өзіне ләззат алып жүретін Әлім аты кейіпкер бейнесі де біршама даралана мінезделген. Адамдардың шынайы көңіл тазалығына кір жұқтырғысы, көлеңке түсіргісі келуді өзіндік мұрат, рахат санайтын пенделер психологиясы осы Әлім тұлғасына жинақталған. Оның Жазираның Дәлелханға көңілі ауғанын Досболға айтып, олардың кикілжіңге түскенін тiлеумен жүрген мысық тілеулі көңілі шығармадағы іс-әрекеттерімен дәлелденген. Повестің көркемдік түйіні – асыл мінез адамдар көңілінің әсем әуездей ғарыштық-ғаламдық сарын екендігін дәлелдеу.

«Сырғалы қыз» повесінде өзі ұнатқан, жан ділін баураған қызға арналған жігіт махаббатының шынайылығы дәлелденген. Туындының сюжеттік-композициялық желісінде басты кейіпкерлердің (Айқара, Гүлсім, Бибол, т.б.) мінез-құлық ерекшеліктері авторлық баяндаумен де, кейіпкерлердің диалогтарымен, ішкі ойтолғақтарымен (монологтарымен) де, т.б. ерекшеліктерімен – кешенді түрде қамтыла бейнеленген. Повестің негізгі кейіпкері – шығарма оқиғаларын баяндаушы кейіпкер Смат. Бала кезінен өнерді (әңшілікті, актерлікті, т.б.) құрметтеп өскен Смат студенттердің жазғы еңбек семестрінде, темекі жинау жұмысына барған студенттер ортасындағы қарым-қатынастарда көрінеді. Басты кейіпкерлердің өзара дара ерекшеліктерін саралауда қыздар Айқара мен Гүлсімнің, жігіттер Бибол мен Сматтың әрқайсының мінез-құлық психологиясы бағаланған. Шығарманың тақырып атауы – сырғалы қыз Айқараның тарихшы мамандығында оқитын студент екені, ежелгі скифтер, сақтар, солар салған ескі қорғандар тарихын жетік білетіні, ал көңіл-күй сезімін мейлінше тежеп ұстайтын ерекшелігі дараланған. Жазушы басты кейіпкердің жан ділі болмысына тән психологиялық сипатты оқырман көңілін ұялайтындай суреткерлік шеберлікпен бейнелеген: «Көз алдындағы аласапыран дүние мұның жүзіне де өз көлеңкесін түсіріп, бірде қызыл, бірде сұрғылт, не түнеріңкі, тағы да әлденеше реңнің кезек-кезек алмасып отыруы содан ба? Мұндайда Айқараны сөзге тарту мүлдем қиын. Көз алдындағы өзіңді ұмытып, әлдебір сұрапыл ойдың жетегінде әлсін-әлсін демігіп басылып, жүзі алабұртып отырса оның қасында өз бойың кішірейіп кеткендей еңсенді көтере алмайды екенсің. Алақанда аялайтындай ғана кеудесі бар қыздың сөз етіп, оқ дарымас қамалға айналуы шынында ғажап құбылыс.

…Кейде жанарына аспан мен жердегі барлық мейірбандық ұялап, көңілшек бола қалатыны да бар. Ондайда өзі илігіп құшағыма енуге әзір тұрғанға ұқсап, менің де көңіл-күйім шуақ түскендей жадырап сала береді» (Аталған кітап, 156-б.).

Туындының сюжеттік шиеленісі – Айқараны сүйген Сматтың лапылдаған сезіміне қыз тарапынан қолдау таба алмай дағдарған сәттері, сонымен бірге, жазғы жұмыс кезінде жұптары жазылмаған Гүлсім мен Биболдың да кейін бір-бірінен бөлектеніп, әрқайсысының өзіндік ортасымен болып кеткендері де назарға алынған. Ал, повесть құрылысында жанама кейіпкерлер қатарында көрінетін әкесі Алтынбек, марқұм болған бала Жолдасбай және оның шешесі Аманкүл, бірнеше рет үйленіп, бәрінен ажырасып, қазір бойдақ бригадир Қарауылбек, Айқараның Қыз Жібек рөлінде киноға түсуге таңдалғанына қуанған Сергүл ойлы жеңгесі мен оған қуанбаған селқос ағасы – бәрі де адамдардың әртүрлі болмысын дәлелдейтіндей сипатпен көрсетілген. Повесть кейіпкері Сматты бейнесі арқылы өзі ғашық болған сұлу қызға арналған ынтызар ықыласынан айнымайтынын дәлелдейтін тұрлаулы сезім, тиянақты мінез-құлық иелерінің көркем жинақталған тұлғалары танылады:

«Айқараға қайтып оралмадым. Ол қаншама қатыгездік етсе де, мендегі мол сезім ортайған жоқ. Бір кездегідей көз алдымда Айқара бейнесі қосарлана, арман оты елжіретіп, алтын сырғасы мен ашық мойнына толы күн сәулесі жүрегімді өртегендей сол біреуі ғана көкірегімде ұялапты. Ал екінші бір сурет – Айқараның қатыгез қалпы, мейлі көкірегіме дақ салсын, өзім шын жүрегіммен қадір тұтқан асқаралы биік сезімге көлеңке түсіре алмайды.

…Мен таза, шынайы махаббатты қастерлегім келеді. Қабырғам сөгіліп, көкірегім ұлып қоя бергендей. От жалын, алмас сәуле ағынымен астаса Айқара бейнесі шалынады. Мынау шұғыла тасқыны соның алтын сырғасы мен ашық мойнынан құйылғандай. Қос жанарындағы арман, ілтипат өзегімді өртеп, осы күн көзіндей тұла бойымды балқытып әкетіп бара жатады» (Аталған кітап, 172-б.). Шығарманың поэтикалық идеялық түйіні – ғашықтық сезімінің мәңгілік үмітке, сенімге толы романтикалық асқақ арманға толы сипатын дәйектеу: «Мен  махаббат, шынайылық жөнінде өз түйсігімде қалдым. Айқараның алтын сырғасы алыстан жарқырап, әлі де көз жазбаған бақытымдай шақыра береді» (Аталған кітап, 172-б.).

«Қардағы гүл» повесінің мазмұны мен пішіні жүйесінде еңбек ету себебінен тағдырлары бір жерде тоқайласқан адамдардың алуан түрлі қасиеттерімен бір-бірімен кейде сыйыспай қақтығысатыны, кейде үйлесе, үндесе бірлескен тіршілік келбетін құрайтыны – бәрі де өмірдің ұлы заңдылығы тұрғысында бағаланған. Повестегі басты кейіпкер – бөлімше меңгерушісі Ырысбай. Ырысбай бейнесін даралай мінездеу аясында басқа да кейіпкерлер (отбасындағы әйелі, енесі, әкесі Батырбек, жылқышы қарт Сыбан, жұмысшылар Андрей мен Забир, аспаз Елена Николаевна, сұлу қыз Сағилаш, т.б.) – бәрі де, тіршілік қозғалысының заңдылық жүйесін құрайтын болмысымен көрінеді. Шығарманың оқиғасының негізгі арқауы – күзгі егін жинау, жиналған астықты тазалау науқаны кезіндегі жеке адамдардың, қоғамдық-әлеуметтік ортаның жан ділі әлемінің сипатын таныту.

Басты кейіпкер Ырысбайды жан ділі әлеміндегі тебіреністер, толғаныстар арқылы адамдардың ортақ игілік мұратымен бірлескен еңбек ортасының қарбалас қимылдары мол ортасын аңсайтын көпшіл, ақ ниет ұстанымын танимыз: «Енді ғана жанының нені қалайтынын аңғарды. Ол мынау қыс көрпесінің тезірек кетіп, көктем туып, жаз өтіп, келер күзгі ортақ науқанының тап биылғы дыр-думанымен, осы адамдарымен әп-сәтте қайта оралуын көкседі. Көкке қарап, қол жайып жалбарынған адамға ұсап, бір сәт осы тілегі өзегін өртеді» (Аталған кітап, 218-б.).

Ал, повестің негізгі тақырып атауына лайықты даланың барлық адамдарды өзіне ынтықтырған тартымдылығын да, сұлулығын да танытатындай мегзеулі поэтикалық мағынамен бейнеленген ару қыз Сағилаштың келбеті – ешқашан құндылығын жоғалтпайтын, әсерлілігін әлсіретпейтін қазақ даласының болмысын елестеткендей әсер береді. Сағилаш – мыңжылдықтар бойы талай ұрпақтар ауысса да, қилы-қилы оқиғалар өтсе де туған атамекендерден көшпеген, ата-бабалық салт-дәстүрді сақтаған, адамгершілік қасиет ұстанымынан айнымаған қазақтың халықтық ұстанымының мәңгілік мызғымас қасиетінің көрінісіндей: «Тұнық көздері бар асылымен ойнап, құбылып, от боп жанатын сияқты. …Ұяң қабақ, найза кірпіктердің астынан ұстаның көрігіндей от шашқан қалпы. Еш өзгеріс жоқ. Мынау келгендер кетіп, бораны ұлыған далада жадау тірлік бейнесіндей шағын ауылдың ортасында көңіліне ұйытқы тілеп, осынау шалқар кеңістікке сыймай шарқ ұратын ең алдымен осы болар. …Ақ қар, көк мұз ортасына біткен жалғыз жауқазын гүл. Аяз өтпес, боран ұшыра алмас даланың ең бір берік қасиетінен жаралған гүл» (Аталған кітап, 216-б.).

Жазушының романдары қазақ прозасының әлем әдебиетіндегі классикалық үрдістер деңгейіндегі поэтикалық сипатын айғақтайды. Қаламгердің «Қызыл жолбарыс» (екі кітап), «Абылайдың ақ туы» (екі кітап) атты төрт томдық эпопеялық шығармасы – тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетіндегі көрнекті көрсеткіші. Екі роман-дилогиядан құралған эпопея-тетралогияда Қазақ елі тарихының XVIII ғасырдағы кезең оқиғалары тарихи шындық пен көркем шындық поэтикасы тұтастығымен бейнеленген.

Жазушының төрт кітаптан тұратын бұл эпопеясы – қаламгердің тарихи тақырыптағы көркем прозалық шығарманы зерттеу деректері негізінде жазған туындысы «Қызыл жолбарыс» роман-дилогиясы он сегіз тараудан тұрады. Ал, осы романдардың жалғасы болып саналатын «Абылайдың ақ туы» роман-дилогиясы он сегіз тараудан құралған.

Төрт кітаптан тұратын тетралогиялық роман-эпопеяның тақырыбы – XVIII ғасырдағы Қазақ даласын жаулап басып алған жоңғар қалмақтары шапқыншылығы кезеңінің тарихи шындығы, идеясы – басқыншылық-шапқыншылық аласапыранынан тез арада естерін жиып, жатжерліктерді атамекендерден аластап қуған қазақ халқының қаһармандық-елдік тұлғасының қуаттылығын дәлелдеу. Тарихи тұлғалар Ескелді би Жылгелдіұлының, Балпық би Дербісәліұлының, Қабан жырау (Қабылиса) Асанұлының, Қазақ хандығы мемлекетін қалыптастыруға, сақтауға, нығайтуға зор үлес қосқан Абылай ханның, Төле би Әлібекұлының, Қожаберген Толыбайұлының, Бұқар жырау Қалқаманұлының және т.б. ел ағаларының халықтың басына түскен қиын-қыстау жылдардағы абыздық-даналық, көсемдік-батырлық тұлғалары дараланған.

XVIII ғасырдағы Қазақ тарихының аса қасіретті оқиғасы – жоңғар қалмақтары шапқыншылығының зардаптары, басқыншылыққа, қырғынға халықтың әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған зобалаңға ұшыраған кезең шындығы романдарда тарихилық поэтикасы аясында бейнеленген.

«Қызыл жолбарыс» роман-дилогиясында жоңғар қалмақтарының шапқыншылығына ұшыраған қазақ даласындағы, оның ішінде сол кездегі Қазақ хандығы құрамындағы Қазақстанның қазіргі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары орналасқан өңірлердегі қазақ халқының тұрмыстық-әлеуметтік хал-ахуалы қамтылған.

Төрт томдық эпопеядағы басты кейіпкерлер қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың прототиптік негізінде сомдалған Қазақ елінің XVIII ғасырдағы қиын-қыстау жағдайға ұшыраған кезеңіндегі халықтың аман сақталуы жолында қайраткерлік-күрескерлік, ұлттық-отаншылдық қажырлы іс-әрекеттерімен орасан күш-жігер жұмсаған көрнекті тарихи тұлғалар даралана бейнеленген. Роман-эпопеядағы тарихи тұлғалардың басты назарға алынғандары – Абылай хан, Әбілхайыр хан, Барақ сұлтан, Төле би Әлібекұлы, Қаз дауысты Қазыбек би, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Ақтамберді жырау Сарыұлы, Қожаберген жырау, Толыбайұлы, Ескелді би Жылгелдіұлы, Балпық батыр Дербісәліұлы, Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы және т.б. Тарихи тұлғалардың өмір шындығы деректеріне негізделе жазылған әдеби бейнелерінен қаламгердің көркем шындық поэтикасын меңгерген суреткерлік шеберлігі танылады.

Абылай хан және Қазақ хандығы мемлекеті – роман-эпопеяның негізгі композициясындағы идеялық желі. Роман-эпопеяда тарихи дерек негізінде оның Сабалақ есімімен Төле би Әлібекұлының жанында жүргенін көреміз. Жазушы Қазақ хандығы мемлекетін кейін басқыншылардан азат етуші, сақтаушы, нығайтушы тұлғасына лайықты табиғи жаратылысын, бітім-болмысын бозбала, жігіт, ересек кезеңдеріне лайықты парасат деңгейімен бейнелеген. Оның әуелден-ақ адамзат тарихындағы атақты батыр патшалар, хандар тұлғаларындай болуды мұрат тұтқан өршіл ой әлемін де табиғи, тарихи болмысымен баяндаған: «…Сабалақтың осы жасында-ақ әр заманда қылыштың күшімен әлемнің жартысын өздеріне қаратқан Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Жошы хан, Бату хан, Ақсақ Темір секілді тау тұлғалар төңірегіндегі аңыз, қисса-жырларға ықыласы бөлек еді. Енді аңыз, қисса-жыр емес, солар қалдырған іздердің нақтылы бірін көруден бас тартуы тиіс!» (Доспанбетов Ұ. Қызыл жолбарыс: Тарихи роман. – 2-кітап. – Алматы: Жоғары аттестациялық комиссияның баспа орталығы. – 2000. – 396 б.; 117-б.).

Сабалақтың өзіндік биік мұрат бағдарымен жүруі – қазақ даналығымен тұжырымдалған «Болатын бала он бесінде баспын дейді, болмайтын бала жиырма бесінде жаспын дейді» бағалауының көрсеткіші. Романда Сабалақ бозбаланың Абылай хандай адамзат өркениеті алыптарының деңгейінде танылуы қарсаңындағы жан әлеміндегі өсу, толысу, кемелдену құбылыстары эволюциялық-психологиялық сипатымен эпикалық баяндаумен жеткізілген: «Сабалақ балалық ессіздіктен ерте арылған. Туа көрген ауыртпалықтары өзінше жыр да, Төле бидің құзырында болған екі жылы мұны тіпті есейтіп жібергендей… Үлкен адамның айналасында үлкен оқиғалардың үздіксіз тоғысуынан Сабалақ өзіме өмірлік сабақ алдым деп ойлайтын. …Төле бидің жанында естіген кейбір отты сөздердің мән-мағынасы мынау жойқын қозғалыс үстінде мүлдем басқаша жаңғырғандай.

Ердің қаны, қызыл қарын, жас баланың шырылдауы, шал-кемпірдің гөй-гөйі, қатын-қалаштың жоқтауы, жау шабуылы, міне осылардың баршасын мүлдем басқаша түсінді. Тістері сары қайрақтай жоқшылардың, даугерлердің, құныкерлердің, тіпті би-шешендердің осы ұғымдар турасындағы сөздері бір басқа да, сол ұғымдарды өз басыңнан өткерсең, екеуара айырмашылығы жер мен көктей шығарын бұл алғаш рет түсінді. Өзінің туа біткен табиғи жаратылысындағы аңғарымпаздық, күйрек сезімге берілмей көрген-білгенін салқынқандылықпен қорыта білу қабілеті мұны тіпті биік сатыға көтерді. Ересектерше ойлау, сөйлеу қағидалары он екі жасар балада осылай қалыптасты» (Аталған кітап,  119-б.).

Тарихи тұлға – халықтың тағдырын өзіндік ой әлемімен біртұтас санайтын адам. Абылайдың осы он екі жасынан бастап Төле бидің ұстаздық ұлағатымен қалыптасқаны жоңғар шапқыншылығы кезінде Төле бидің ордасына келген Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Ақтамберді Сарыұлы, Үмбетей Тілеуұлы, Қожаберген жырау Толыбайұлын, Алғазы ақын шығармаларын тыңдап, өнеге тұтқаны – сөз өнерін ардақ тұтқан ұлылық ұстанымы болғаны дәйектелген. Төле бидің тәрбиесімен қалыптаса жүріп, оның қазақ батырлары Қанжығалы Бөгенбаймен, Албан Хангелдімен, Қаракерей Қабанбаймен, Шақшақұлы Жәнібекпен, Саңырақпен, Саурықпен, Шапырашты Наурызбаймен, Сатаймен, Өтеген батыр Өтеғұлұлымен, Қойгелдімен, Есетпен, Кіші жүздің бас сардары Тайлақпен, сонымен бірге қазақ елінің барлық атыраптарындағы аталықтардың әулеттердің басшылары би-шешендер Қаздауысты Қазыбек бимен, Балпық батыр Дербісәліұлымен, Ақсуат бимен, Ескелді би Жылгердіұлымен және т.б. ел ағаларымен дидарласа, сұхбаттаса жүріп, толысқан тұлға тұғырына жеткендігі көркем шындықпен баяндала қамтылған.

Романның негізі бас кейіпкері Сабалақтың Абылай атымен бүкіл Қазақ еліне танымал болған сәттері де тарихи шындық аясында бейнеленген. Қалмақ әскерінің бас қолбасшысы Қалдан Сереннің күйеу баласы Шарыш батырмен жекпе-жек шайқасына дейінгі аралықтағы оның төрелерге де, би-шешендерге де, ақын-жырауларға да, батырларға да, жалпы халыққа да танылуы табиғи, реалистік сипатымен өрілген. Қазақтың барлық әскерінің басы қосылған зор шайқаста бұған дейін ешкімнен жеңілмеген қалмақ бас батырларының бірегейі Шарышты «Абылайлап» ұрандап барып жекпе-жекте жеңгені, сол оқиғадан кейін бас сардар Әбілхайырдан бастап барлық хан-төрелердің, би-шешендердің, батырлардың барлығы да осы жекпе-жектен кейін «Абылайлап» ұрандап шыққан («Абылай! Абылай! Абылай!» деп үш мәрте қайталана аталған адам есімі көк пен жердің арасын найзағайдай тілгіледі», 69-бет) Әбілмансұрды аттарынан түсіп, қолын алып, құрметтейді. Шарышпен жекпе-жек шайқасына шыққан сәтте бүкіл халықтың, оның ішінде әуелі Ескелді би, одан кейін Әбілмәмбет аңғарған «Сабалақтың төбесіндегі… ақ құс сияқтанған нәрсе…» (Аталған кітап, 71-б.) туралы жазылған бөлік те Қазақ хандығы мемлекеттілігін сақтаушының құдіретті, киелі қасиетін, даралығын айғақтағандай: «Төле би бұл жолы да өзін қатарласа ат басын тіреген Әбілмәмбет пен Ескелдіге қабат көз жүгіртті де:

– Ол ту! Ақ ту! Сабалықтың ақ туы! Құдай өзі оның төбесіне шаншып берген! Бұл баланың тегін жаратылмағанын мен осыдан тоғыз жыл бұрын айтқанмын!

Ұлы би осылай тақ-тұқ етті де көздерін ортадағы текетіреске қарай қайта бұрып әкетті. Әбілмәмбеттің сұрағын да, Төленің оған қайырған жауабын да ұлы бимен қатарлас мелшиген Қаз дауысты Қазыбек, Ақсуат билер де естіген. Олар да осы жайында өзара күбір-күбір етісіп, ол күбірге өздерінен арғы Жолбарыс хан, Сәмеке хан, Барақ сұлтан, Батыр сұлтан, Шақшақ Жәнібек, алшын батыры Есетті ортақтастырды. Ол күбір одан әрі сырғып, Қанжығалы Бөгенбай мен бас сардар Әбілқайырға да жетті» (Аталған кітап, 72-б.).

«Абылайдың ақ туы» атауының айрықша киелі қасиеті бар тұлғаның даралығы екендігі де тарихнамалық-дерекнамалық сипатымен дәлелденген. Романның сюжеттік-композициялық желісінде жоңғар қалмақтарын жеңгеннен кейінгі үлкен жиында Сабалақтың өз аузынан айтылған ататек-әулет дерегінен кейін, оның енді атасының атын ұран етіп жауға шапқандағы есіммен Абылай болып аталуын Төле би де, Қазыбек би де, Әйтеке бидің жолын жалғастырушы Ақсуат би де мақұлдайды. Шығарманың осы бөлігіндегі оқиғадан кейін Ескелді бидің Абылайға берген батасы: «Әне, менің кием-ақ бурам екеуміздің шүйіркелесуімізді көріп, қуанышы қойнына сыймаған жас баладай асыр салып, ойнақтап жүр. Әне, ол қара бураға кезікті. Екеуі ауыз жаласа бастады. Қарабура сенің киең! Осы киең не хикметтен де өзіңді аман әкетіп, асқар шыңға көтерсін! Әумин!» (Доспанбетов Ұ. Абылайдың ақ туы: Тарихи роман. – 2-кітап. – Алматы: ЖШС «Самара-Принт», 2008. – 448 б.; 241-б.).

Роман-эпопеяның төртінші кітабында Абылай сұлтанның қазақ пен жоңғар қарым-қатынастары ортасындағы Елбасшысына лайықты ақылды қайраткерлік қызметі көрінеді. Роман-эпопея кітаптарындағы тарихи тұлғалар (хандар, би-шешендер, ақын-жыраулар, батырлар, т.б.), қарапайым халық өкілдері – уақыт пен кеңістіктегі қазақ халқының ұлттық-этнографиялық ерекшеліктерін жинақтаған күрделі кешенді сипатымен ерекшеленеді.

Роман-эпопеядағы өмір шындығы деректері негізінде ұлан-байтақ қазақ даласы аймақтарының (Жетісу, Жоңғар Алатауы, Хантау, Көкшетеңіз, Іле, Қаратал, Ақсу, Бақанас, Балқаш көлі, Ташкент, Түркістан, Самарқан, Қазығұрт, Шу, Еділ, Ыстықкөл, Тұзкөл, Кетпен жотасы, Текес, Ыстықкөл, Талқы асуы, Арал теңізі, Сырдария, Жаңадария, Қуаңдария, Шірік-Рабат, Қорқыт ата мазары, Қазалы, Тереңөзек, Шиелідегі Оқшы ата мазары, Сырлытам), шет елдердің (Қытай, Пекин, Тибет, Халха, т.б.) атауларының толық қамтылғаны – жазушының деректерді көркем шындықпен бейнелеуіндегі реалистік ұстанымының тиянақтылығын танытады. Шығарма арқауындағы басты кейіпкерлердің мінез-құлық ерекшеліктерін психологиялық құбылыстарымен, әрқайсысының кескінді-келбет (портрет) сипатымен, сөйлеу мәнерімен, тұрмыс-салт дәстүрлерімен, ататектер-әулеттер қарым-қатынастары мәдениеті танымымен, т.б. ұлттық-этнографиялық сипатымен қамтығаны – роман-эпопея поэтикасының күрделі болмысын көрсетеді.

Роман-эпопеяда Жоңғар қалмақтары қытайшыларының (Қалдан-Бошақты, Сыбан Рабтан, Қалдан Серен, Шұна-Доба, Лубсан хан, Сары- Манжы, Дебашы Әмірсана, т.б.), батырларының (Аңырық, Жаданба, Шарыш, Шамалхан, Доланқара, Сахиян, Қаскелең, т.б.) Жоңғария мемлекетінің ішкі-сыртқы саясатын тек қана шапқыншылық-басқыншылық соғыстарға арнағандығының салдарынан ақыры өздерінің жойылып бітуін тездеткенін тарихи деректі баянмен көрсеткен. Жазушы төрт кітаптан тұратын бұл роман-эпопеясы – арнайы кешенді зерттеу нысанына алынып талданатын күрделі туынды.

Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің «Жылусыз от» романында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қазақ ауылының тұрмысы суреттелген. Он тараудан тұратын романның сюжеттік-композициялық құрылысында ауылдағы әралуан тағдырлы адамдар бейнелері дараланған. Балалары, қайын атасы, жар қосағы қайтыс болып, он екі бала туса да жалғыз Қалимасы ғана қалған Өркенай тағдыры өмірдің ащы шындығындай көрсетілген. Романдағы ауыл балалары Өміртайдың, Ұланның маңайындағы адамдар тұрмысындағы қуанышты да, қайғыны да көріп есейіп келе жатқанын оқимыз. Ал, майданнан жараланып келіп, колхоз шаруашылығын басқарған Рәш, балаларға қатыгез диірменші Калугин, соғысқа дейін қоймашы, келгесін күзетші-кілтші болған Әбіраш, халық жақсы көретін Сенбек молда және т.б. кейіпкерлер дараланған. Соғыстағы жеңіл жарақатынан жазылғасын, есі ауысқан адамның кейпін көрсетіп, әскерден босап келген Месқұл есімді кейіпкердің бейбіт тұрмыстағы сұрқия, ұрлықшы, алаяқ болған іс-әрекеттерін оқимыз.

Романдағы басты кейіпкерлердің бірі Алуаның да тағдыр талқысындағы жағдайы өмір шындығына сай алынған. Күйеуінен қара қағаз келгенде «қызылша басында босанып қалатын әйел осы…» (105-бет) Алуа ажарлы, ару тұлғасымен қаншама адамдардың назарына ілінсе де, бірақ өзінің өр мінезін сақтаған қалпынан айнымайды. Бірақ, тағдыр тәлкегінің соқпақтарымен басқарма бастығы Рәшпен де шамалы уақыт көңіл қосады, қара қағаз келген күйеуі Айдархан жарымжан болып елге оралып, Алуа жарымен қайта табысады. Ал, ауылдағы Мәрәйім кемпірдің қызы Сақыштың Рәштен екіқабат болғаны, оны Рәштің әзәзіл Сапардың мойындамағаны, әзәзіл Сапардың Мәрәйімді азғыруымен аудандық бюро мәжілісі кезінде Рәш абыройының айрандай төгілуі де – сюжеттік шиеленісті көрсетеді.

Біреуді біреуге аздырып айдап салудан рухани ләззат алатын Сапар – сұрқиялық қасиеттер жинақталған тұлға. «Қабылан мен арыстанның тіс салысып айқасуына інде жатып, сылқ-сылқ күлген қу түлкідей Сапар ғана жұртқа жымын білдірмей іші майға шылқыды» (Доспанбетов Ұ. Жылусыз от: Роман. – Алматы: Баянжүрек, 2009. – 320 б.; 191-192-бб.). Романдағы Сапар бейнесі – екіжүзділіктің, алаяқтықтың көркем жинақталған үлгісі. Шаруашылық басшысы Рәш кейін Алматыға оқуға кетіп уақытша бастық болған Сапар өркөкіректіктің, мейірімсіздіктің, ортақ қазынаны талан-таражға салудың батпағына батып, ақыры әшкереленіп тынады. Оқудан оралған Рәш колхоздың барлық шаруасын тексертіп, прокурор келіп, талан-таражға тосқауыл қойылады.

«Жылусыз от» романының көркемдік түйіні – қарапайым адамдардың бәрінің де жақсылық пен жамандықтың, қуаныш пен қайғының қарама-қайшылықты құрсауында тағдыр тәлкесімен арпалыса жүріп өмір сүретінін аңғарту. Кейіпкерлердің (Рәш, Мағрипа, Алуа, Өркенай, Әбдіраш, Мәрәйім, Сенбек молда, Қалима, Сапар, Месқұл, т.б.) тіршілік қозғалысындағы күнгейлі және көлеңкелі өмір құбылыстарымен жүрген адамдарға тән болмыс шындығын арнасындағы жағдайларынан танимыз. Қарама-қайшылықты мінез-құлық иелерінің бірде қақтығыса, бірде түсінісе өмір сүретін тағдыр болмысы шығарма құрылысы арқылы аңғарылады.

Жазушының «Шың мен шыңырау» романының тақырыбы арқауында ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдарындағы Қазақстан ауыл шаруашылығындағы хал-ахуалы реалистікпен бейнеленген. Идеясы – еңбек ұжымын ұйымдастырудағы жеке тұлға өнегесінің, тағылымының ықпалды қуатын дәлелдеу. Жеті тараудан тұратын романның басты кейіпкерінің түптұлғасы (прототипі) – Қазақстанның ауыл шаруашылығы дамуының тарихында аса көрнекті орын алған тұлғалардың бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов. Романдағы аты-жөні Хақназар Халықбергенов болып аталған бас кейіпкердің колхоз шаруашылығын басқарудағы ұжымды жемісті жұмылдырудағы еңбекке ақыл-ой қабілеті іскерлігімен айқындалады.

«Шұбар» атты колхоз ауылы адамдарының материалдық және рухани мәдениетіндегі өсіп-өркендеу жетістіктерін жүзеге асыру жолында түндері мен күндерін тынымсыз еңбекпен өткізген, сергек көңілдің, серпінді қимылдың, шешімді іс-әрекеттің иесі Хақназардың әдеби кейіпкер тұғырындағы тұлғалануында өмір шындығы мен көркем шындық поэтикасы тұтастығы үйлесімді өрілген. Басты кейіпкердің көркем шындық поэтикасымен даралануында оның оқырман назарына әуелгі көрінуінде де халықтық байырғы көзқарас желісі назарға алынғанын байқаймыз:

«Көше ортасымен түн жамылып, бір адам жаймен қозғалып келеді. Есік, терезелерінен ұйқыдағы адамдардың қорылы білінетіндей әр үйге мойнын бұрып, үңіле қарайды. Кейбіреуіне әдейі кідіріп, жақындап барып, шарбағына асылып, ауласын бақылап, біраз тың тыңдағандай тұрады.

…Басын кекжите жоғары қарауынан бұл бейтаныстың осы жүрісінің ешкімнен жасырын емес екені аңғарылады. Ұры-қары бүйтіп баса-көктеп, төбеден қарауды әдет қыла алмас еді. …Әр үйдің түр-тұлғасын, сырт нобайын, ауласын тегіс көз өлшемінен өткізіп барып, ары жылжиды. Кейбіріне біраз бөгелеңдейді де» (Доспанбетов Ұ. Шың мен шыңырау: Роман. – Алматы: Қайнар, 2009. – 1-кітап. – 320 б.; 14-15-бб.).

Басты кейіпкер – шығарманың идеялық-композициялық желісіндегі, сюжеттік бөліктердегі оқиғалардың негізгі дәнекері. Романның құрылысындағы оқиғалардың ортасында көрінетін басты кейіпкер Хақназардың көркем жинақталған тұлғасынан оның мінез-құлық психологиясы, өзіндік дара қасиет ерекшеліктері айқындалған. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының бас кезінде ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру туралы Қазақстан үкіметінің қаулысына орай көршілес «Шұбар», «Жаңалық», «Қызылту» колхоздары біріктіріліп, халықтың және жоғары басшылықтың қалауымен Хақназар ұлғайған шаруашылықтың басшысы болып сайланады. Басты кейіпкердің еңбек ұжымын іске жұмылдырудағы өзіндік мәнері оқырманның көз алдына айқын елестетіледі:

«Бүкіл колхоздың тізгіні өз қолына тигесін Хақназар мүлдем бүлінді. Енді бүкіл ауыл-аймақ жаз бойы сонау кемерге балағын тігіп отыратын болды. Сушылар суды жайып қойып, борозда басында ұйықтап жүрді. Таң алакөбең тартқаннан-ақ Хақназардың өзі бастап, бәрін оятып таңертеңгі шайға дейін баршасы өңдірте жұмыс істейтін. Қызылшаның шөптелуі, тазалануы, астық ору, шөп шауып, шөмеле салу, маялау – бәрі осы тәртіп, осы қарқынмен жүргізілді. Қол күшін неғұрлым толық пайдалану үшін еңкейген кәрілерге дейін қозғалысқа келтірілді. «Колхоздың жұмысына шамаларың келмесе, еңғұрмаса балаң мен келініңнің үш мезгіл шайын, ас-ауқатын дәл мезгілінде дайындап отырыңдар!» – дегенді әрбір кемпір-шалға өзі барып айтып жүрді.

…Ал соның бәрі Хақназардың тап өзіне өлшеп-пішкен киімдей қона кетті. Тіпті тігісі де жатық» (Аталған кітап, 69-б.).

Басты кейіпкердің халықтың ортақ бақыты үшін жан аямайтын тынымсыз еңбек ететінін оның өмір кезеңдеріндегі оқиғалары дәлелдейді. Романның композициясында бас кейіпкердің оңашада өткен өмір кезеңдері оқиғаларын қазіргі тіршілік қозғалыстарымен сабақтастыра ойланған бір сәтінде оның қат-қабат қиындықтар құрсауында өскен, ержеткен жолдарын көреміз («Шыр етіп өзі дүниеге келген сонау Малайсары тауының етегінде ес білген шағы. Ашаршылықтан өлген әке, шеше. Хақназардың өз қара басын сақтап қалған қай Құдай? Малайсары маңында төрт жасар шағында тұлдыр жетім қалған мұны осы жаққа біреулер алып келіпті. Күн жақсыда бала қылуды да ниет еткен шамасы. Бірақ, байтал түгіл бас қайғы деп, олар мұны бір жерге тастап кетіпті. Олардың кім екенін бұл әлі күнге білмейді», 118-бет). Бас кейіпкер өмірінің осы романдағы оқиғаларға дейінгі кезеңдері деректерін осы ауылдағы Лағыл деген әйелдің апа болып асырағанын, тоғыз жасында орыстарға жалданып, қорек таба бастағанын, бұдан кейін бір қазақ байының қойын баққанын, 1928 жылы Түркістан-Сібір теміржолын салушылар қатарына қосылғанын, тапқан ақшасына сатып алған жалғыз торы атымен келіп осы Шұбар ауылының колхоз болып ұйысуы кезінде белсене араласқанын авторлық баяндау арқылы білеміз.

«Түрксібтен келген жұмысшы, жалғыз атын ортақ меншікке өткізіп, колхозға кіруге тілек білдірушілердің бірі Хақназар бейнесі» (Аталған кітап, 73-б.) көршілес ауылдардағы орыс мұжықтарына барып «біреуден бір уыс, екіншісінен екі уыс бидай сұрап, бір жарым пұттай дән» (Аталған кітап, 72-73-бб.) жинап оны арқалап, жолдағы аштардың шабуылынан аман қалып, жиырма бес шақырымдай жердегі Шұбар ауылына жеткізгені айтылады. Хақназар одан кейін шаруашылықты ұйымдастыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту жұмыстарының бәрінде де қарапайым халықтың сеніміне лайықты еңбек етеді. Шаруашылықтардың ірілендірілген жаңа ұжымын басқаруға да оны ұйғаруда да жеке басының бақытын ұжымның ортақ тұрмысы жолына арнаған азаматтың еңбек жемістері ескерілгенін байқаймыз.

Романның сюжеттік-композициялық желісіндегі негізгі қақтығыстар, қайшылықтар Хақназардың еңбек ұжымын ұйымдастырудағы, басқарудағы дағдыларымен, мінез-құлық, психологиясымен үйлеспейтін адамдарға байланысты туындайды. Қақтығыстардың бір желісі бұрынғы ұсақ колхоздардың басшылары Әліпбай Дәкеновпен, Ауқынбаймен және басқа да кейіпкерлер (Тұрдыақын, т.б.) арасындағы қарым-қатынастардан байқалады. Әсіресе, біріккен шаруашылыққа төраға болмаса да, көршілес Көкорай колхозын басқаруға тағайындалған сауатты Әліпбай Дәкенов сауаты төмен Хақназардың өзінен озық болып кеткеніне ішкі қызғанышын білдірумен жүреді. Ал, ірілендірілген шаруашылықтың, басшысы Хақназардың бұрынғы «Шұбар», «Жаңалық», «Қызылту» колхоздарының ескі орталықтарын бұзып, қала үлгісіндегі жаңа қоныс-мекен салатыны туралы қарқынды ісіне бұрынғы «Жаңалық» колхозында қой шаруашылығын басқарған Тұрдыақын қарсы болады. Себебі, авторлық баяндау бойынша: «Тұрдыақынның көкірегіндегі қыжылдың түп-төркіні әкесінен қалған мұрадай иемденіп, әбден еті үйренген ат үсті жұмыстан қол үзіп қалуында ғой» (Аталған кітап, 47-б.) деп анықталған.

Романдағы қақтығыстардың ішінде Хақназар мен оның көмекшілерінің (орынбасарлары Хакім, Игорь Матвеевич Штерн, бас агроном Курт Цихлер, бас бухгалтер Айтық, бригадирлер Жазылбай, Абыл, Табылды, т.б.) өнімді еңбек көрсеткіштеріне жетуіне елеулі кедергі келтірген соғыс кезінде Кавказдан еріксіз қоныс аударылған шешен-ингуштердің (Самрат, Вахит, Шалим, Зайпулла, т.б.) колхоздың ортақ жұмысына шықпай қалғанын, Зайпулланың ұрлық іс-әрекеттерін – жөнге келтіру де біраз қиындықтар туындатады.

Бас кейіпкердің адамдар арасындағы қарым-қатынастардағы өзіндік серпінді іс-әрекеттері, шешімтал мінез-құлық қасиеттері бүкіл еңбек ұжымының жұмылған жұдырықтай еңбек етуін ұйымдастыруға жеткізгенін роман композициясындағы сюжеттік бөліктерден танимыз. Бас кейіпкердің тарихи деректерге негізделген тұлғасын даралауда жанама кейіпкерлер де поэтикалық ықпалды сипатымен ерекшеленген. Мысалы, Хақназардың панасыз жетім кезінде қамқорлығына алып тәрбиелеген Лағыл апасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саудабаев, аудандық партия комитетінде бірінші хатшысы Шиманов, қызыл отау меңгерушісі Далабаев, мал  фермасының меңгерушісі Киізбай, алаңғасарлау, әңгүдіктеу Саймасай, т.б. «Шың мен шыңырау» романы – саналуан мінез өзгешеліктері бар адамдардың ортақ еңбек ұжымындағы қарым-қатынастар жүйесінің әрі үйлесімді, сонымен бірге қарама-қайшылықты сипатын кешенді болмысымен танытатын эпикалық шығарма.

Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің әдеби-сын мақалалары, зерттеулері жинақталған «Тіл өнері дертпен тең» (2006) атты кітабы да әдеби үдерістегі жанрлар табиғатын сыншылдық көркемдік-эстетикалық талғам, таным тұрғысынан бағалауымен ерекшеленеді. Кітаптағы «Ағынан жарылып сөйлесек…» (Кейбір қазақ әңгімелері мен повестері төңірегіндегі ойлар), «Поэзия туралы ойлар», «Жас прозаиктер және сын», «Болбыр тіл, боркемік дүниелер», «Әр туынды өз жүгін көтеретін болсын!», «Жоқтан» «бар» жасағанды қойсақ, шіркін!», «Толғағы жеткен сөз» және т.б. әдеби сын тұрғысында жазылған мақалаларында қаламгер поэзиялық, прозалық шығармаларды табиғи талант пен көркемдік шеберлік тұтастығы тұрғысында жазу талаптарын поэтикалық заңдылықтар бойынша талдаған. Ал, «Асыра мақтауға бармаңызшы…» (Николай Анов – 85 жаста), «Ащы дәмді тіршілік хикаялары: Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесі жайындағы ойлар», «Ауылым менің ауылым!» (Сайын Мұратбековтің «Көкорай» атты повесін қайта оқығанда туған ойлар), «Шындық пен талантқа мұңдастық», «Шындық – жыр өзегі», «Бала жанының пернесі», «Ел тағдырын таразыласақ: Д. А. Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты кітабын оқығанда туған ойлар», «Ұлы тұлға – замандастар есінде», «Қаусырма жақ жез таңдай ақын» (Бақтыбай Жолбарысұлының өмірі мен шығармалар хақында. Е. Ақжолтаевпен, Т. Әліпбаевпен бірлескен авторлық), «Ой мен сурет жарастығы» (Жазушы Зейнолла Қабдоловтың творчестволық портреті), «Таразыға тартқандай дәлдік керек», «Тарих баба сөйлейді», «Тасбақаның көз жасы», «Күлмесханды күлдірген Ос-ағаң!», «Ерліктің өнердегі ізі», «Әділбек ақынға тағзым», «Секунд пен ғасыр», «Өнер құдіретін арқау еткен», «Театр сынының сардары», «Бүлінген ел, бүгілген бел», т.б. мақалалар қаламгердің білікті зерттеуші-әдебиетші тұғырындағы талдауларының теориялық байыптылығын, тұжырымдарының дәйектілігін танытады.

Прозадағы көркем шығармаларымен де, әдеби сындағы шыншыл тағылымды мақалаларымен де, әдеби-мәдени танымдық мәнді зерттеулерімен де жұртшылықтың жылы ықыласына ие болған көрнекті қаламгердің ұлттық рухани мәдениетіміздегі биік тұғырлы тұлғасы айқын танылады.

Жазушы Ұзақбай Доспанбетов ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап, қазіргі ХХІ ғасырдағы әдеби үдерістегі елеулі шығармашылық тұлғасымен ұлт мәдениетіне қосқан қомақты үлестерімен халқымызға танымал суреткер қаламгер. Сөз арқауында айтылған көркем прозадағы елеулі туындыларымен әдеби сынға, ұлт тағдырына арналған мақаларымен бірге, ел тарихындағы белгілі ақындардың (Бақтыбай Жолбарысұлы, Пішән Жәлмендеұлы, Қыдырәлі Меңлібайұлы, Сәмет төре Малаев, Арал Тоқпақов, т.б.) шығармаларының кітап болып жарық көруін, баспасөзде жариялануын ұйымдастырды. Ұзақ жылдар бойы «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарының алқа мүшесі болды, «Балдырған» журналының жыл сайын үздік әңгімелерге берілетін сыйлығының иегері, сонымен бірге осы журналдың отыз жылдық мерейтойында Қазақстан комсомолының Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1999 жылы жазушыға туған ауылының, 2009 жылы Ескелді ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.

Қорыта айтқанда, сегіз ондық белесіне елеулі шығармашылық еңбек жемістерімен жеткен көрнекті қаламгер, адамтану суреткері Ұзақбай аға Доспанбетов Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихындағы азаматтық-қайраткерлік тұлғасымен туған халқымен бірге жаңа белестерге өрлей береді.

Темірхан Сақаұлы Тебегенов,

филология ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі,

Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты

 

1 пікір

Балапан Рабат үшін пікір үстеу Жауапты белгілеу

Please enter your comment!
Please enter your name here