Мемлекеттік тіл және Қазақстандағы тіл саясаты

0
6242

Кез келген елдегі тіл саясаты туралы сөз қозғалғанда алдымен оның ұлттық құрамына назар аударуға тура келеді. Өйткені, Қазақстан КХДР (99,1% кәрістер), Оңтүстік Корея (98,8% кәрістер), Жапония (98,5% жапондар), Армения (98,1% армяндар), Бангладеш (98% бенгалдар), Польша (96,7% поляктар) сияқты моноэтникалық мемлекет емес, 18,8 млн халқы бар елде, яғни бір шаңырақтың астында ондаған ұлт өкілдері өмір сүреді. Айталық, кең байтақ жердің иесі – қазақтар 67,9%-ды, орыстар 19,3%-ды, өзбектер 3,2%-ды, украиндар 1,5%-ды, ұйғырлар 1,4%-ды, татарлар 1,1%-ды құрайды. Бұған 178 мың неміс, 112 мың түрік, 110 мың әзербайжан, 108 мың кәріс, 72 мың дүнген, 54 мың беларусь, 48 мың тәжік, 46 мың күрд, 33 мың шешен, 30 мың поляк ұлтының өкілдерін қосыңыз. 200 мыңнан астам (қырғыз, молдован, еврей, т.б.) өзге ұлт өкілдері және бар. Демек, көпұлтты Қазақстанда тіл саясатына мемлекет тұрғысынан мән бермеу үлкен қателік болар еді.

Жоғарыда аталған моноэтникалық елдердің арасынан Қазақстанмен бірге жетпіс жыл бойы Кеңес Одағының құрамында болған, яғни өткен ғасырда орыс тілі салтанат құрған Арменияда ғана бастапқыда тіл мәселесі күрделі болған еді. Бірақ, тәуелсіздік алғаннан кейін Ереван армян тілінің мәртебесін арттыра алды. Бүгінде армяндардың 70%-ы орыс тілін білгенімен, мемлекеттік деңгейде жаппай қолданылмайды. Елдің ұлттық құрамы, соның ішінде орыстардың бір пайызға да (0,39%) жетпейтін үлесі оларға орыс тілін ығыстыруға мүмкіндік берді. Ал, азаттық алған жылдары Қазақстанның тіл саясатын ұстанудан басқа жолы да қалмағанын түсіну қиын емес. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұл тақырыпты да астарлап қозғаған болатын.

«Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені, оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе, Ресеймен арадағы шекарамыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосаясаттың маңызды факторының бірі.  Бірақ, бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет. Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды», – деп астарлап айтқан Президенттің бұл пікірінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады.

Әрине, қазақ тілінің отыз жылда тұғырына қона алмауына бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, жоғарыда сөз болған Армения секілді Қазақстанда да Кеңес Одағы тұсында орыс тілі төрге шықты. Барлық салада үстемдік құрды. Орыс тілін білу міндеттелді. Қазақ тіліндегі мектептер аз болды. Сөйтіп, орыс тілін білу, сол тілде сөйлеу қажеттілікке айналды. Екіншіден, тәуелсіздігімізді жариялаған жылдары қазақтар ел халқының жартысына әрең жетті. 1989 жылғы мәліметке сенсек, Қазақстанда 6,5 млн қазақ, 6,2 млн орыс, 957 мың неміс, 896 мың украин ұлтының өкілдері тұрды (қалғаны өзге ұлттар). Осы басты екі фактор мемлекеттік тілге ғана басымдық беруге мүмкіндік бере алмады.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті былтыр Қазақстандағы тәуелсіздікке дейінгі және одан кейінгі тіл саясатына кеңінен тоқталған болатын (Қараңыз: «Тіл саясаты: Кеше, бүгін, ертең», №28 (1027), 14.07.2020). Сондықтан елімізде Кеңес Одағы тұсында жүргізілген тіл саясатына тоқталмай-ақ қоялық. Ал, қолдан жасалған ашаршылықтан, қуғын-сүргіндерден өз жерінде азшылыққа айналған қазақтарға ана тілін сақтап қалу қиынға соққаны белгілі. Содан сексенінші жылдардың соңында қазақтардың 25%-ы (кейбір деректерде 40% делінеді) ана тілін білмейтін болып шыққаны жасырын емес.

Рас, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тіл саясатын мықтап қолға алды. Тіл саясатына қатысты мәселелер 1997 жылы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң аясында реттеледі. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Тіл саясаты комитеті, өңірлерде Тілдерді дамыту басқармалары бар. Бұған тіл саясатына қатысты қабылданған бағдарламаларды қосыңыз. Дегенмен, елдің ұлттық құрамы да мемлекеттік тілге кері әсер етіп жатқанын жоққа шығара алмайсыз. Айталық, қазақтар аз қоныстанған Солтүстік Қазақстан (49,5%-ы – орыстар, 35%-ы – қазақтар), Қостанай (40,9%-ы – орыстар, 40,7%-ы – қазақтар) облыстарында мемлекеттік тіл мәселесі өзекті саналады. Яғни, тілдерге қатысты бұған дейін қабылданған бағдарламалардың заңды жалғасы саналатын Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы мақсатта қабылданды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту көзделеді. Бағдарлама аясындағы жүйелі жұмыстардың арқасында алға қойылған бұл міндеттер біртіндеп орындалып келеді. Осылайша, тіл саясатында оң өзгерістер байқалады. Мысалы, қазақ тіліндегі мектептің саны 1991 жылы 2 768 болса, қазір 3 789 мектеп таза мемлекеттік тілде білім береді. Қазақ балабақшаларының да саны еселеп артқаны қуантады. Олардың саны 1991 жылы 1 748 болса, 2015 жылы 5 709 қазақ балабақшасы тіркелген. Бұған да шүкір!

Қазақстандағы 2009 жылғы санақ 1,8 млн өзге ұлттың мемлекеттік тілді меңгергенін көрсетті. Ал, қазақ тілін үйренушілер қатарының артуына 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қоры да өзіндік үлесін қосып келеді. Қор құрылғалы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 200-ден астам іс-шара мен қоғамдық жобаларды жүзеге асырды. Бұған елімізде тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін «Soyle.kz» интернет-порталы, «Tattialma.kz» танымдық балалар әдебиеті сайты, «Abaialemi.kz» тұңғыш энциклопедиялық онлайн порталы, «Qazaqstan 3D» веб-сайты мен мобильді қосымшасы, «Кім білгіш?» атты тұңғыш интеллектуалды мобильді ойыны, смартфондар мен планшеттерге арналған латын әріптерімен қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard», іс қағаздарды, ресми құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты әзірлеу және еркін жаза білуге үйрететін «Resmihat.kz» ақпараттық-анықтамалық порталы жатады.

Осылайша, азаттық алған 30 жылда Қазақстанда тұратын ұлттардың тіліне назар аударылып, мемлекеттік тілге басымдық беріліп келеді. Сөйтіп, жүзден астам ұлтқа құт мекен болған Қазақстанда «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» тіл саясаты қалыптасты. Оған тіл саясатына қатысты Қазақстанда қабылданған заңдар мен бағдарламалар дәлел бола алады. Ал, жылдан жылға қазақ санының артуы түбі мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонатынына сенім ұялатады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here