Жұмыссыздықпен күрес: Мемлекет «балық орнына қармақ береді»

0
3026

Халықаралық еңбек ұйымының болжамынша, коронадағдарыс кесірінен биыл әлемдегі жұмыссыздар саны 800 млн-ға жетуі бек мүмкін. Демек, көзге көрінбейтін жаумен бетпе-бет келген елдер тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатыр. Бұл қатарда біздің еліміз де бар. Рас, «Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, нағыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» дейді Қадыр ақын. Өйткені, жұмыссыздық жайы, «екі қолға бір күректің» табылмауы, «табақтай» дипломы бола тұра қызмет таппай сенделу – күн тәртібіндегі мәселе. Бұл, әсіресе пандемия жағдайында өткір мәселеге айналды. Десек те, қысылтаяң шаққа қарамастан Үкіметтің оңтайлы күрес шараларын қабылдап жатқандығы – көңілге қуат.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «АЗАМАТТАРДЫ ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ БЕЛЕҢ АЛДЫ»

Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында құрылған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру ағымдағы жылы 51%-ға ұлғайтылып, республикалық бюджеттен 104,2 млрд теңге бөлу көзделуде. Осыған орай елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейін 4,9%-дан, оның ішінде негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесін 20%-дан асырмау, өнімсіз жұмыспен қамтылғандар санын 11%-дан төмендету, ал белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік өсімін 10%-ға өсіру жоспарлануда. Сонымен қатар, 700 мың, оның ішінде «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша 1,5 мың адам жұмыспен қамтылатын болады. Ал, 10 мың жас кәсіпкерге мемлекеттік грант табыстау – 2021 жылы атқарылуы тиіс негізгі шаралардың бірі болмақ.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын «тиімділігі төмен» деп сынға алған болатын. Оның айтуынша, 2020 жылы «Еңбекке» алдымен 131 млрд, кейін қосымша 50 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 437 мың азамат жұмысқа орналасып, оның 73%-ы, яғни 319 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Аталған жұмыспен қамту бағдарламасынан басқа «2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» әзірленіп, оған 1 трлн теңге бөлінді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жол картасы аясында 6,7 мың инфрақұрылымдық жоба негізінде 239 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде нақты жұмысқа орналасқандар саны күмән туғызады», – деді Айгүл Нұркина.

Мәжіліс депутаты Қазақстанда «тек қағаз түрінде жұмысқа орналасудың» бар екендігін ескерте отырып, осындай 15 мың жағдай тіркелгенін еске салды.

«Бұндай көзбояушылыққа бару не үшін қажет? Жалпы есептің көңіл қуантарлықтай болуы үшін бе, әлде салық түсімін көбейтіп, болашақтағы әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы мөлшерін арттыру мақсатында ма? «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жұмыспен қамтудың түсініксіз тұстарын көруге болады. Мәселен, оған тіркелген адамдардың 6,6 мыңы, яғни тек 3%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ақтөбе, Ақмола облыстарында бұл көрсеткіш, тіпті екі есеге аз. Мұның бәрі аталған бағдарламаның негізінен қысқа мерзімді жұмыспен қамтылатын уақытша жұмыс орындарын құруға бағытталғанын және халықты нәтижелі жұмыспен қамту сияқты ұзақ мерзімді мақсаттарды шешпегенін көрсетеді», – деп атап өтті халық қалаулысы.

Жобаны қаржыландыру барысында бір жұмыс орнын құруға орташа есеппен 4 млн теңге кететінін сөзге кірістірген депутат: «Бағдарлама қатысушылары құрылған жұмыс орындарының санын жұмсалған қаражатқа сәйкестендіру үшін әртүрлі қулықтарға баруға мәжбүр болады. Мұндай тәсілдермен азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесі жуық арада шешілмейді», – деді.

Осындай шикіліктерді тізбектеген депутат Үкіметтен күн тәртібіндегі мәселелерді май шаммен қарап, «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеуді сұрады: «Шаралар тұрақты жұмыс орындарын құруға және тиісінше еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге бағытталған болуы керек. Сондай-ақ, жұмыс берушілер мен аталған бағдарлама қатысушыларына салық және зейнетақы жарналарын төлеу мониторингінің бүкілхалықтық жүйесін құру қажет. Мұндай жүйе автоматтандырылған бақылауды қамтамасыз етіп, жалған және бейресми жұмыспен қамту фактілерін болдырмайтындай болуға тиісті. Салық төлемдері мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеу туралы заңнаманы бұзған кәсіпорындардың жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуына жол бермеу шараларын қабылдау керек».

Оған дейін бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Айталық, 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша атқарылған жұмысты сынаған еді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қабылданып, оған 1 трлн теңге бөлінген. Бұл қаржының 98,2%-ы игерілген. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарған. Алайда, жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейтіні анықталған.

«Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40%-ға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Мен бұған дейін осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма бердім», – деді Мемлекет басшысы.

Президент дағдарысқа қарсы шаралардың тағы бір кемшілігі – бюджетке түсетін салықтың аздығын сөз етіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 млрд теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз!» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді талап ете отырып, осы жұмысқа, қажет болса, құқық қорғау органдарын да тарту қажеттігіне тоқталды.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ӨҢІРЛЕРДЕ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

Республикадағы жұмыссыздар саны бойынша Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр. Бұл аймақтарда адам көп шоғырлануы да алдыңғы саптан көрінудің бір себебі болса керек. Жұмыссыздар санының едәуір өсуі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарында да байқалады. «Екі қолға бір күрек таппағандардың» басым бөлігі қалалық жердің, қалғаны ауыл тұрғындары екен.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет жұмыссыздық деңгейін азайтып, халықты қызметпен қамтуда түрлі шаралар қабылдауда. Аталған мәселемен күрес әр өңірде әрқалай жүргізіліп жатыр.

Бес жыл ішінде Нұр-Сұлтанда 14 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Елорда әкімдігі хабарлаған ресми ақпаратқа сенсек, биыл 5,4 мың азамат жұмыспен қамтылмақ. Атап айтқанда, 3,6 мың адам тұрақты, 1,8 мың адам уақытша жұмысқа тартылады. Мысалы, индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында 79, Бизнестің жол картасы бойынша 150, «Еңбек» бағдарламасы негізінде 1 757 жұмыс орны құрылатын болады.

Жоспар бойынша 2022 жылы – 4,5 мың, 2023 жылы – 2,2 мың, 2024 жылы – 945, 2025 жылы – 1 мың адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, әкімдік қалада қандай мамандар тапшы екендігіне тоқталып өтті. Ол бойынша Елордада инженерлер, құрылысшылар, сантехниктер, полиция қызметкерлері, наубайханашылар, аспаздар, сату бойынша кеңесшілер, медицина саласының қызметкерлері жеткіліксіз екендігі белгілі болды. Бұл тізімді тігіншілер, күзетшілер, жүк тиеушілер, көлік жүргізушілері, т.б. толықтырады.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметі бойынша, мегаполисте 4,5 трлн теңгеге 2021-2024 жылдарға арналған 201 жобаның пулы құрылған. Ресми деректерге сәйкес, төрт жылда 35,4 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Атап айтқанда, биыл жаңа өндіріс орындарының ашылуына орай 7 мың адамды жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ, биылғы жылы 92 жоба жүзеге асатын болады деп күтілуде, жоба құны – 187,9 млрд теңге.

Жаңа жұмыс орындарын құру өнеркәсіпте 20 саланы қамтып, 66,8 млрд теңгеге, саудада 24 жоба 22,5 млрд теңгеге, 14 әлеуметтік нысанда 31,8 млрд теңгеге, жылжымайтын мүлік саласы бойынша 34 жоба 66,8 млрд теңгеге жүзеге асырылмақшы. Сондай-ақ, әкімдік мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамту жоспарын ұсынды. Ол бойынша ағымдағы жылы 49 248, оның ішінде 29 549 тұрақты, 19 699 уақытша жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Қаладағы ең сұранысқа ие мамандықтар – есепші, сауда өкілдері, жүргізуші, жүк тиеуші, ағаш ұстасы, дәнекерлеуші болса, тігінші, слесарь мамандығын игергендер тапшы. Сондай-ақ, қалада ІТ мамандары, логистер, қаржылық талдаушылар жетіспейді.

Шымкент қалалық әкімдігі 2021-2025 жылдары 5,7 мың жұмыс орнын құрып, бес жыл ішінде 6 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Мәселен, биыл 3,3 мың тұрғын жұмысқа орналастырылса, қалған төрт жылда әр жыл сайын 600 адамнан қамтамасыз етіледі.

Әкімдік 2021-2025 жылдары қалада жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың арқасында 1,52 мың жұмыс орны құрылса, Бизнестің жол картасы бойынша 1,5 мың, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында 455 жұмыс орны құрылады деп күтуде.

Атырау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы төрт жаңа өндіріс орнын ашу арқылы 400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлауда. Биылғы жылы 814,28 млрд теңгеге газ-химия кешенін іске қосуға байланысты 200 жұмыс орны, 3 млрд теңгеге тоқыма материалдарын шығаратын зауыт ашылуына орай 30 жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, 2022 жылдың екінші жартысында тағы екі кәсіпорын ашылып, соған сай 206 қазақстандықты жұмыспен қамту көзделуде.

Сонымен қатар, Атырау облыстық басқармасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындары құрылатындығын, нәтижесінде биылғы жылы 21 028 қазақстандықты қызметке орналастыруды мақсат ететіндігін мәлімдейді.

Аймақта мұғалім, психолог, рентгенолог, анестезиолог, хирург, гинеколог және кардиолог мамандары аз, құрылыс саласына да қызметкерлер жетіспейді.

Батыс Қазақстан облысында бес жыл ішінде 65 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға болады. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, мұнда 2021-2025 жылдары 65,7 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жұмыс орындары мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу арқылы құрылатын болады.

Дәл биылғы жылы 13 041 адамды жұмыспен қамту және осы мақсатта 37,1 млрд теңге бөлу – аумақ әкімдігінің негізгі жоспарларының бірі. Нәтижесінде, 7 010 қазақстандықты тұрақты, 6 031 адамды уақытша жұмыспен қамту көзделген. Мемлекеттік құрылымның ресми дерегіне сәйкес, «Еңбек» бойынша 6 928, «Нұрлы жер» аясында 1 601, Жұмыспен қамтудың жол картасы негізінде 644, Бизнестің жол картасы шегінде 376 жұмыс орны құрылады.

Аймақта 2022 жылы – 13 081, 2023 жылы – 13 141, 2024 жылы – 13 221, 2025 жылы – 13 311 жұмыс орны ашылып, осынша халықты жұмысқа тарту жоспарлануда.

Айта кетейік, еліміздің батыс аумағында мұғалім, тәрбиеші, дәрігер, психолог, дефектолог, экономист кадрларының жетіспеушілігі байқалады.

Солтүстікке ойыссақ, Павлодар облысы әкімдігі бес жыл ішінде 106 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз еткісі келеді. Облыста 2021-2025 жылдары 106,4 мың, оның ішінде 63,8 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарда бар. Биылғы жылы олар 9,7 мың адамды, мәселен, облыс «Еңбек» аясында – 6 080, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру  арқылы – 820, агроөнеркәсіптік кешенде – 600, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 797, Бизнестің жол картасы бойынша – 940 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті. Көрсетілген сандардың бір бөлігі тұрақты жұмыс орындары болса, қалғаны уақытша.

Павлодарда инженер-техник, дәнекерлеуші, электрик, оператор, машинист, сондай-ақ, мұғалім, медқызметкерлер, агрономдар сұранысқа ие.

Айта кетерлік жайт, 2020 жылы өңірге жұмыс күші артық аймақтардан 2 101 қазақстандық келген.

Түркістан облыстық Инвестициялар және экспорт басқармасының мәліметінше, аумақта аталған бес жыл ішінде 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады. Облыста 1,3 трлн теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы құрылған. 2021-2025 жылдары жаңа өндіріс орындары ашылып, соған сәйкес 19 мың адам жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» аясында құны 367 млрд теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылып, 5 мыңнан астам халықтың жұмыссыздар санатынан шығуына жағдай жасалады.

Қызылорда облыстық әкімдігінің хабарлауынша, биыл 89,8 млн теңгеге 105 жоба құрылып, нәтижесінде 2 500 адам жұмыспен қамтылады. Әкімдік 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста 557,6 млрд теңгеге 34 жоба жүзеге асырылып жатқанын қоса мәлімдеді. Бұл жобаларға техникалық, мысалы, шыны зауытына өтемі 42,1 млрд теңгеге саятын 150-ден аса маман, ал Шалқия және Бала-Сауысқандық кен орындарын игеру үшін тау-кен өнеркәсібінің 200-ге жуық металлург инженерлері, кальцийленген сода зауытына химик-технолог мамандар қажет.

Сондай-ақ, аймақта 2020 жылы 89 жоба іске асып, 1 000-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Аймақтық экономиканы дамыту мақсатында іске асырылып жатқан жобаларға талдау жүргізіліп, олардың санын 500-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ҚАНША АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ?

Премьер-министр Асқар Маминнің мәлімдеуінше, агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша ауылдық жерлерде 500 мыңға дейін жұмыс орындары құрылады. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығында жол карталарын дайындауды тапсырды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін болады.

Үкіметтің алдында ауыл шарушылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу үшін үлкен экожүйелер құру, субсидиялау жүйесін реформалау, ветеринарлық-фитосанитарлық қызмет пен аграрлық ғылымды одан әрі дамыту міндеті тұрғандығына баса тоқталып өткен Асқар Мамин: «Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстық әкімдіктермен бірлесе отырып, екі апта ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жол карталарын дайындауды тапсырамын. Әкімдер осы жобалардың іске асырылуын айрықша бақылауға алатын болсын. Ауыл шаруашылығы министрлігіне білім министрлігімен бірлесе отырып, аграрлық ғылым мен білімді дамыту, осы сала бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамту сияқты мәселелерді қарастыруды тапсырамын», – деді.

Премьер-министр шоғырландырылған ұсыныстар әзірлеу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасын ауыл шаруашылығы субъектілерімен талқылау қажет екендігіне баса тоқталды.

«Біздің мақсатымыз – өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, астық, майлы дақылдар, жемістер, көкөністер мен қант) өндіру және қайта өңдеу үшін экожүйелер құру. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жоспарымыз ойдағыдай болуы осыған байланысты», – деп түсіндірген Асқар Мамин ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жұмыстарды ағымдағы жылдың наурыз айында аяқтап, Үкіметке ұсынуды бұйырды.

«Осы шараларды іске асыра отырып, агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өнімнің экспортын екі есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, аталған саладағы өнімнің жалпы көлемін 1,3 есеге көбейту керек. Соған сай 2023 жылға қарай ішкі нарықтағы маңызды азық-түлік тауарлары 100% отандық өнімдермен қамтамасыз етілетін болады. Әкімдер өнімнің негізгі түрлерінің бағасын тұрақтандыру үшін бақылауды күшейтіп, өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау керек», – деді Премьер-министр.

Қойылған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін бес жыл ішінде жалпы көлемі 4 трлн теңгеден асатын 400-ге жуық инвестициялық жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

«Бұл агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыруға және ауылдарда 500 мыңға дейін жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жыл сайын шамамен 70-80 жоба іске қосылады деп күтілуде», – деп түйіндеді Асқар Мамин.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жұмыссыздық мәселесі бұрыннан күн тәртібінде еді. Әлемдік экономикаға ауыр соққы болған пандемия біздің елге де салмақ салып, ел экономикасы 2,6%-ға төмендеген. «Дегенмен, Үкімет дағдарыс кезінде тыңғылықты жұмыс істеді деп айтуға болады. Қайта жасақталған Үкіметтің алдағы міндеті – экономиканың даму қарқынын қалпына келтіру». Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Басты мақсаттың экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту және қазақстандықтардың табысын арттыру екендігі де жиын барысында тілге тиек етілді. Сөз соңында азаматтардың өмір сапасын арттырудың бүгінгі күндегі басты мәселе екендігіне баса тоқталған Мемлекет басшысы «Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халық игілігіне арналуы тиіс», – деп түйіндеді.

Рас, бір жыл бұрын басталған пандемиядан әлемдік экономика шатқаяқтап тұр. Аузын айға білеген алпауыт елдердің өзі де тығырыққа тірелді. Жұмыссыздық жаппай белең алды. Бірақ, бұл елең-алаң уақытта қол қусырып отыруға тағы болмайды. Осы мақсатта Президент тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі «балық орнына қармақ беретін» ауқымды шараларды қолға алды. Жоғарыда жазғанымыздай, алдағы бес жылға ол үшін қыруар қаржы да бөлініп отыр. Енді жергілікті атқа мінерлер, яғни бұл бағдарламалардың жүзеге асуына жауаптылар бұрынғыдай көзбояшылыққа салынбай, Президенттің өзі айтқандай, «азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыруды» қоюлары керек. Сонда ғана жұмыссыздық мәселесі шешімін табады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here