Асылдың сынығы: Ахмет Жұбановтың қызы, профессор Ажар Жұбанова 80 жаста

0
3967

Жұбанова Ажар Ахметқызы – Жаратылыстану ғылымдарының Қазақ ұлттық академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биотехнология кафедрасының профессоры. Асылдың сынығы 1941 жылы дүниеге келген. 1964 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде биология-топырақтану факультетінің «Өсімдіктер физиологиясы» мамандығын аяқтаған ұлтымыздың бетке ұстар ғалымы.

1964-1966 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің биология факультетіндегі «Өсімдіктер физиологиясы мен биохимиясы» кафедрасында аға зертханашы,  1966-1975 жылдары онкология және ҚР ДМ радиология ҒЗИ-да ісіктердің биохимиясы зертханасында кіші ғылыми қызметкер болды.  1974 жылы АМН КСРО зерттеу және клиникалық онкология институтында 14.00.14 «онкология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған.

1975 жылы АЗВИ-дің биохимия кафедрасында доцент қызметін атқарып, ал 1986 жылдың 1 қаңтарынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде микробиология кафедрасында өзінің педагогикалық қызметін бастаған. Сол күннен бастап ол кісінің барлық педагогикалық-ғылыми жолы осы ЖОО-мен тығыз байланысты болып келеді.

1995 жылы 03.00.07 – микробиология мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғап. Келесі жылы профессор ғылыми атағын алған.

1996-2001 жылдары микробиология кафедрасының профессоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми Кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарған, 2000-2001 жылдары биология факультетінің деканы болып, одан кейін 2001-2009 жылдары микробиология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Профессор Ажар Жұбанованың Қазақстандағы жоғарғы білімді қайта құруда еңбегі зор, «Биотехнология», «Экология» және «Медико-биологиялық іс» типтік бағдарламаларын сараптауда оқыту әдістемесінің және тәрбиелеу жұмыстарының тиімділігі үшін жаңа оқыту формасын енгізуге, әдістемелік оқыту құжаттарын дайындауға атсалысқан. Орыс және қазақ тілінде әдістемелік оқыту құралдарын, Ядролық физика институтымен бірігіп жүргізілген «Экологиялық дүрбелеңнен кейінгі топырақ биоремедиациясы»  курсының бағдарламаларын жазған, бұл еңбек Сорос-Қазақстан қорының конкурсында жеңіске жетіп, керемет нәтижелерін берген. Қазақ және орыс тілдерінде студенттер, магистранттар мен PhD-докторанттарға өте жоғары деңгейде ғылыми-методикалық курстарын оқиды.

Ғалым-педагог бірнеше рет Ресей, ҚХР, Испания, АҚШ, Пәкістан, Германия және т.б. мемлекеттерде өткен Халықаралық конференциялар мен стажировкаларға қатысқан. Аахен университетінде (Германия) қолданбалы ғылымдар ғалымдарымен бірігіп, 3 философия докторын (phD) дайындаған.

Ажар Ахметқызының ғылыми қызығушылығы микробиологияның, биотехнологияның және экологияның маңызды мәселелерін шешуге бағытталған. Ол кісінің кемеңгерлігімен ҚР-ның 6 патентімен дәлелденген этанол, сүт қышқылы, мик­роорганизмдердің иммобилизденген клеткалары көмегімен ферменттелген сусындар алу әдістері жасалған.

Ажар Жұбанованың ғылыми зерттеулерінің қатарында елеулі орынды топырақ және су биоремедиациясы мен экологиялық мониторингі технологиясының жасалуы алады. «Химпромсервис-Ақтөбе» полигон-жинақтаушысында қатты қалдықтарды зиянсыздандыру және жою бойынша әдістеме практика жүзінде іске асырылған (енгізу актісі бар), мұнай тотықтырушы бактериялар арқылы темір жолының ұсақталған тас қабатын мұнай өнімдерінен тазалау жүргізілген (авторлық куәландырулары бар).

2000 жылдан бастап Ажар Жұбанованың және ғылыми жолдағы оқушысы академик Болатхан Заядан бастауымен биотехнология кафедрасында жаңа бағыт – фотобиотехнология дамып келеді. Өндірістік қалдық ағын суларды тазалаудың әдістері жүзеге асырылып, спирулина микробалдырының негізінде тауықтардың жұмыртқа басуы мен балапандардың өсуін жеделдететін ББҚ ойлап табылды. «Спирулина лайф» препараты ҚР-ның Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген.

Соңғы жылдары Ажар Жұбанованың ғылыми қызығушылығы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің академик Зулхаир Мансуровтың жану мәселелері институтында жоғары температурамен өңделген өсімдік тектес өнімнен иммобилизденген биокатализаторлар, наноқұрылымды карбонизденген материалдар негізінде биосорбенттер мен биопрепараттар алумен байланысты. Осымен бірге, ғылыми оқушылары  профессор Савицкая И.С. және доцент Кистаубаева А.С. «Рисо-Лакт», «Субацил» биопрепараты – асқазан-ішек жолдарының микрофлорасын қалпына келтіруге арналған, ҚР  Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген жұмыстар жүргізілген.

Ажар Жұбанованың  бастауымен ғылыми зерттеулерді жоспарлаудың жаңашылдық әдістері енгізілген, жасалған жұмыстар мен тәжірибелер нәтижелері жаңа биотехнологияның туындауына ғана емес, оқу процесінің барлық сатысында қолдануға мүмкіндік алады.

ҚР ҒҰА, ҚР БҒМ  және т.б. мекемелердің қаржыландыруымен жүргізілетін ғылыми жобаларға қатысып, үнемі ізденуден шаршамайтын ғалым елімізде ғылыми кадрлар даярлау ісіне де үлкен үлес қосып жүр. Оның жетекшілігімен 5 ғылым докторы, 20-дан астам ғылыми кандидаты, 3 РhD докторы даярланған. Сонымен қатар, 400-ден астам ғылыми еңбегі басып шығарылған. Бүгінгі таңда профессордың бастауымен 2 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. 

Профессор көптеген жылдар бойы биология ғылымдарының Эксперттік кеңесінің мүшесі, кейіннен төрайымы, ҚР БҒМ ЖАК Президиумының мүшесі, ҚР БҒМ ҰБО ҒТК мүшесі, биологиялық тұрғыдағы «Биотехнология. Теория и практика» (ҚР БҒМ ҰБО) республикалық ғылыми журналының, «Science of Central Asia» (Kazakhstan) журналының, «J. of Biology and Chemistry» (KazNU) журналдарының редколлегия мүшесі, «Molecular and  Biological Machine» монографияларды басып шығаруға дайындайтын «Springer – Verlag  GmbH Berlin Heidelberg» баспасының редакциялық кеңесінің мүшесі болып жұмыс атқаруда.       

Ажар Ахметқызы – көпқырлы тұлға. Оның кең эрудициясымен қатар  оқушыларына қатал қатынасы оны нағыз ұстаз етті. Ол көп уақытын қоғамдық жұмыстарға, жастар мен гендерлік мәселелердің шешіміне, Қазақстан Республикасындағы ұлттық нақыштар мен салт-дәстүр мұрасын танытуға арнауды да жақсы көреді. Мысалы: «Социальный портрет современной казахстанской семьи (гендерный аспект)» Республикалық конференция жұмыстарына қатысқан, «Знакомство с культурным наследием – важ­нейший путь воспитания казахского патриотизма», публицистикалық мақалаларын газеттер мен журналдарда жариялайды, «Ахмет Жұбанов – қазақ халқының ұлы» (қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде) кітабының, «Енем туралы аңыз» (Қадыржанова Маймуна Ахметқызы) кітабының, Ахмет Жұбановтың 100 жылдығының құрметіне «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Ахмет Жұбанов» деректі фильмінің сценариінің авторы болған. Осының барлығы тәрбиелік негізі мол әрі жастарға өнеге болатын жұмыстар.

2006 жылы ЖАК ұсынуымен ғылым мен білім жолындағы зор еңбегі үшін Ажар Жұбанова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2007 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағымен, 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы» төсбелгісімен, 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойына орай Үлкен күміс медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.

Ажар Ахметқызы ғылыми ұжымдарды өз төнірегінде топтастыра алады, олардың алдында ғылыми міндеттер мен мәселелерді қоя біледі, бойларында ұжымдық сезімді дамытады, басшының жауапкершілігін терең сезінеді және қандай қызметте де іске берілгендігімен, шығармашылықты ойлай алатындығымен, қай мәселені де биологиялық тұрғыдан түсіндіруімен ерекшеленеді. Бір сөзбен айтқанда, Ажар Ахметқызы – елімізге танымал әрі көпшіліктің құрметіне бөленген, өмірдің өнегесін көрсетіп келе жатқан аяулы ұстаз-ғалым.

Бүгін, 5 сәуірде сексеннің сеңгіріне шыққан Ажар Ахметқызын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы, соның ішінде өзінің биотехнология кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы осы мерейлі жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, таусылмас күш-куат және шығармашылық табыс тілейді.

Аида Кистаубаева,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Биотехнология кафедрасының меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here