Мал – баққандікі, жер – жыртқандікі

0
3551

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Қазақтың дүниетанымында «ауыл» ұғымының берік орын алғаны да сондықтан. Сол ауылдың ажарлана түсуі мал мен егін шаруашылығының кеңінен өріс алуына да тікелей байланысты. Өкінішке қарай, ата кәсіп нәсіпке айналғанымен, «Мал жайылымы тарылып барады, жем-шөп дайындау да оңай шаруа емес» деген ауылдағы ағайынның мұң-зарын жиі естиміз. Ал, шаруа адамының төккен тері мен бел жазбай еткен еңбегі текке кетпеу үшін қайтпек керек? Бұл сұрақтың жауабын Батыс Қазақстан облысына қарасты Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халеловтен сұрадық.

Тасқала – Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысындағы Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан аудан. Бүгінде Алдияр Сансызбайұлы басқаратын ауданда жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Аудан басшысы халықтың табысын арттыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында атқарылған жұмыстарымен бөлісті.

Алдияр Сансызбайұлының айтуынша, «Ата кәсібім – өмірлік нәсібім» деген аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Тұрғындар көбіне егін егеді, мал ұстайды және құс өсіреді. Ендігі кезекте қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, өндірілетін өнім көлемін ұлғайтатын, алынатын табысты арттыратын жолды іздестіру керек. Ал, оның төте жолы – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту.

«Аудандағы 32,8% ірі қара, 46,4% ұсақ мал және 23,4% жылқы жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында. 56% ет, 62,9% сүт өнімдері соларға тиесілі. Дегенмен, соңғы үш жылда фермерлік шаруашылықтардағы мал басы 15,1%-ға көбейсе, жеке қосалқы шаруашылықтарда мал басы керісінше 1,8%-ға төмендеді. Өндірістік кооперативтердегі мал басы да 29,7%-ға азайды. Бұған субсидиялау қағидаларының өзгергені де себеп болды. Сондай-ақ, бұл үрдіс жем-шөптің қымбаттауымен, малдың жұқпалы ауруларға шалдығуымен де байланысты. Оған жайылымдардың, судың тапшылығы, жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімдерін сату мүмкіндігінің болмауы ықпал етеді. Тағы бір себеп – жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Әйтпесе, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыссыздардың 6%-бен, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың 4%-бен несие алуға мүмкіндігі бар», – деп мәселенің мәнісіне тоқталды Алдияр Халелов.

Аудан басшысы шешімін таппай жүрген тағы бір мәселенің ұшын шығарды. Жайылымға арналған жердің жетіспеушілігі де шаруа адамының қолын байлайды.

«Ауыл шаруашылығы жерлеріне иелік етуге фермерлік шаруашылықтардың мүмкіндігі жоғары. Ал, жұмыссыз азаматтарға мұндай мүмкіндіктер қарастырылмайды. Мұның бәрі жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін өндірістік кооперативтер ұйымдастыру қажет деген ойға жетелейді. Бұл арқылы болашақта конкурсқа қатыспай-ақ жер иесі атануға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау есебінен ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға және асыл тұқымды мал өсіруге қатысуға болады. Шаруашылықтарда ветеринарлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі. Осыдан кейін ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты негізде сату мүмкіндігі пайда болады», – деп есептейді Алдияр Халелов.

Былтыр бұл мәселені Мемлекет басшысы да көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылық бар болғанымен, олардың өнімін сауда нысандары мен қайта өңдеуші кәсіпорындар ресми түрде сатып алмайтынын және олар мемлекетке салық төлемегендіктен, ондағы жұмыскерлер әлеуметтік тұрғыда қорғалмағанын ашық айтып, ауыл халқын дағдарыстан кейінгі кезеңде қолдау шараларын дайындауды Үкіметке тапсырды. Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелері ауылдағы кооперациялық тізбекті дамыту мақсатындағы Президенттің «алқаптан сөреге дейін» жобасын қалай жүзеге асыратыны өзге мақаланың арқауы болса керек. Енді негізгі тақырыпқа оралайық.

Алдияр Сансызбайұлы Мерей ауылдық округіндегі жеке қосалқы шаруашылықтардың жағдайымен де танысқанын айтты.

«Тіркелген 389 ауланың 22-сі бос тұр. Қалған 367 ауланың 266-сы ғана шаруашылықты бастады. Ал, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (ӘКК) құрылса, бес жыл ішінде ірі қара мал басының өсімін 894-ке дейін жеткізуге болады. Бұл 59,3% өсімді құрайды. Ұсақ малды 1 648-ге дейін, яғни 40%-ға арттыруға мүмкіндік бар. Өйткені, ӘКК жайылымдық жер мәселесін шешеді. Содан 2 555 га жайылымдық жер 457 бас мүйізді ірі қара малға, 1 085 га жайылымдық жер 155 бас жылқыға жетеді. Осының есебінен 10 маусымдық, 1 тұрақты жұмыс орны ашылады», – дейді аудан әкімі.

Аудан басшысы ӘКК есебінен мал бағуды ұйымдастыру мәселесін шеше отырып, мал ұрлығы, жануарлардың қатысуымен болатын жол көлік оқиғасы, ветеринарлық бақылау сияқты біраз мәселенің алдын алуға болатынын да тілге тиек етті. Яғни, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация малды күтіп, бағу жұмысын біршама жеңілдетеді.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылатын кезде өндірістік кооперативтер мен шағын кәсіпкерлікті салықтық тексеруге мораторий жариялау керек. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Мысалы, өндірістік кооперативтер үшін «әлеуметтік мәртебесіне қарамастан кооперативке ең төменгі пайызбен несие беріледі» деген арнайы тарауды қосу керек. Бұл алдағы уақытта ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, шағын цех ашуға, шаруашылықтарды жем-шөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу есебінен өндірістік кооперативтерге бөлінетін субсидиялар көлемін арттыруға болады», – деп түсіндіреді Алдияр Халелов.

Аудан әкімінің пікірінше, егер осы ұсыныстардың барлығы Ауыл шаруашылығы министрі айтқан жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау, өндірістік кооперативтерді дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілсе, онда Мемлекет басшысы айтқан 2 млн-ға жуық ауылдағы ағайынның табысын арттырып, ауыл шаруашылық кәсіпорындарының шикізат жүктемесін 53%-дан 70%-ға дейін жеткізіп, әлеуметтік маңызды өнімдердің импортын азайта аламыз. Сөйтіп, ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етіп, сырттан ауыл шаруашылық өнімдерін тасымаймыз.

«Ерсариев» ӘКК мүшесі Нұрбек Ерсариевтің сөзінше, Ақтау ауылдық округіндегі кооперативті үш адам құрған. Бүгінде шаруашылықта 140-тан астам ірі қара мал бар. Қожайыны кооператив құрудың о бастағы мақсаты жем-шөп дақылдарын өсіруге болатын жерді алу болғанын жасырмай айтты. Енді кооперативтің қарапайым шаруашылықтан да үлкен пайдасы барына көз жеткізді. Оған Шежін 2 ауылында құрылған «Шежін-2-Агро» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының толайым табысы мысал бола алады. Ол ауылда 600 мал басы болса да, мал жаю мәселесі оңтайлы шешімін тапқан.

Иә, Тасқала ауданындағы ауыл шаруашылығының дамуы көңіл қуантады. 

Индира БІРЖАНСАЛ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here