Тисе терекке, тимесе бұтаққа болып жүрмесін…

0
2962

Республикалық «Qazaq» газетінің 20 сәуір күнгі №16 (1 067) санында жарияланған «Ахметов мырза, Сіз неге үндемейсіз?» деген Ашық хатты оқып, қатты таң қалдым. Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовке Ашық хат жазған Серік Шайманның идеясы дұрыс болғанмен, ол кісі үнемі асығыстыққа жол береді. Бұлай дейтін себебім, мұнан бірер жыл бұрын «облыс атауын Қостанай емес, Торғай атайық» деген ұсынысын баспасөз арқылы хабарлап, жұртты дүрліктірді. Қостанайлықтар мен торғайлықтар қызыл кеңірдек болып айтысып, жағаларын ұстасуға дейін бара жаздағанына налитындар бар. 

Ұятта болса да айтайын, қонақта кездесе қалсаңыз, Жанкелдин ауданынан облыс орталығына қоныс аударғандар сөзге қонақ бермей, «Біз торғайлықтармыз, «Торғай» деп ән салу керек» деп даурығады.

Белгілі де дарынды ақын Ғафу Қайырбековтың «Басқа жерді қайдам, торғайлықтар бос сөзге әуес емес» дегенін естігендер көп.  Ендеше, жөнсіз сөз сөйлеп, қостанайлықтарды кінәлау кімге лайықты?

Мақала авторы Шақшақ Жәнібек атамыздың жырын жырлаған болып, тағы да қостанайлықтар мен торғайлықтардың арасына жік салғанын байқамайтын сияқты. Байқаса да саясатты ұмыт қалдырған ба деп қаласың. Билік басында отырғандарға барлық құқық түгелімен  берілген екен деп ойласа керек.  

Сөзімді дәлелдеу үшін мынаны айтпақпын. Қайрат Ахметов баспасөз арқылы ұсыныс білдірілді екен деп, табан астында үкім шығаруға құқылы емес болар. Елді мекен, көше атауларын өзгерту үшін  ономастикалық комиссия талқыға салатын тәртіп бар. Және маңызды ұсыныс жалғыз адамның атынан емес, ынталы топ атынан хабарлану керек емес пе? Оны Қостанай қалалық ономастикалық комиссия талқылап, салалас жоғары жақтағы комиссияға ұсынады. Олар қолдай   қойса құба-құп. 

Сосын жария тыңдаушылықты неге ескермеске? Тіпті, қалалық мәслихат депутаттарының пікіріне құлақ аспаса, үлкен айыптаушылық кесе-көлденең тұра қалады.

Осынау құзырлы лауазымдық шараларды сызып тастап, Қайрат  Ахметовке білегіңді сыбанып, айқасқа кіріс деу, автор жолдас, Сізге  мүлдем жараспайды. Жұдырық ала жүгіретіндей қылыққа итермелеу, халықаралық кикілжіңге әкелетінін ұмытпау керек.

Қайрат Ахметовты жоғары оқу орнынан диплом алып, Әулиекөл ауданына жас маман болып келген күннен бері білемін. Бір ауданда қатардағы  агрономнан тез өсті. Бөлімшені басқарды, бас агроном қызметін атқарып, директорлық таққа көтерілді. Тіпті, төрт ауданға әкімдікке тағайындалғанын қайда қоясыз? Түгелге жуық болмаса да, тұрғындары бірыңғай орыс тілді Федоров ауданында әкім кезінде ешкімді улатып-шулатпай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге күш   салды.

Сіз, Серік ағай, оған неге үндемейсіз деп буынсыз жерге пышақ ұрғандай боласыз .

Қайрат Жұмашұлы үндемейді емес, толғанып-ақ жүр. Қостанай  қаласының  былтыр  тоқсандай  көшесін жөндеген  пысық  та беделді   әкім  биыл да  жарғақ  құлағы  жастыққа  тимей  жүргені  анау.  Батыр  атасына қай тұстан орын бұйырса деген арман, мақсатын ішіне сақтап жүрген азаматты  орынсыз тықсыра беру лайықты деу қиын. 

Бүкілхалықтық санақ өткізілгенге дейін көше атауларын беруді кідірту туралы жоғары жақтың нұсқауы бар екенін естіп, біліп жүрміз. Яғни, арада мың рет ойланып, тоқсан рет толғанатын уақыт толық бар.

Карбышев көшесін тізімнен мүлде алып тастау қисынсыз. Ұлты басқа болса да, кешегі қанды майданда фашистер оны тұтқындағанда үстіне суық суды құйып, мұз етіп қатырғаны туралы  мәлімет  бар.  Қазақ   халқының қаһарман ұлдары сияқты Карбышев та Отанын қорғаған. Соны орыс тілді халық өкілдері анық біледі. Осыған орай ұлт араздығы  туындауы ғажап емес. 

Мұндайға жол бермес үшін Карбышев көшесін Воинов-интернационалистов көшесімен алмастырса, қайтер еді? Воинов-интернационалистов көше-сін басқа, орысша Уральский атанған көшемен алмастыра салса, артығы болмас…

Башқұрт  халқының  батыры  Салауат  Юлаев ескерткіші өзеннің жағасына орналастырылған. Біз неге Шақшақ Жәнібек атамыздың ескерткішін Тобыл өзенінің жағасына апарып, қолайлы жерге орналастырмаймыз? Тобыл өзені жағалауына жақын тұсқа Набережная көшесі тиіп тұр. Сол көше атамыздың есімімен аталса,  бұған жұртшылық қалай қуанар екен? 

Батыр атамыз Қостанай қаласына кірер тұста оңтүстіктегі ауданнан келе жатқандарға «Қостанай, Торғай» деп шырылдай бермей, тату-тәтті, үлкен ынтымақпен өмір сүріңдер. Бөлінгенді бөрі жейтінін ұмытпаңдар» деп ұрандап тұрса, қандай жарасымын табар  еді десеңізші…

Ермекбай Хасенов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Қостанай қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here