Шақшақ Жәнібек есімін беру туралы ашық хатқа жауап

0
4445

«Тарихы жоқ халықтың келешегі жоқ» деп дана халқымыз жай айтпаса керек. Еліміз егемен болып, атымыз шартарапқа танылып жатқан кезімізде еліміздің өткенін жаңғырту – әр азаматтың борышы.

Осы тұрғыда қаламгер Серік Әбішұлы Шайманның «Qazaq» газеті сынды белді басылымда жарияланған ашық хатында туған елін-жерін жаудан қорғауда еңбегі сіңген бабалар мен отаншыл, елжанды азаматтарды ел есінде мәңгі сақтау мақсатында, олардың есімдерін көшелерге беріп, ұлықтауды көздейтін ұсыныстары орынды.

Тархан Жәнібек – Қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы азаттық күресінің қаһарманы, тарихи тұлға. 2017 жылы қыркүйек айында облыс орталығындағы Карбышев – Мәуленов – Уральский көшелері қиылысында Шақшақ Жәнібек зәулім ескерткіші қойылды.

Ал енді осы орайда мынаны еске алған жөн. Елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарымен айқындалған тиісті қағидалардың сақталуын талап етеді. Солардың бірі – қала тұрғындарынан осы мәселе туралы жергілікті атқарушы органға өтініш жолдауы. Қала әкімдігіне Карбышев көшесін Тархан Шақшақ Жәнібек есімімен қайта атау туралы өтініштер келіп түскен емес. Ал жолданған өтініштер Уральская көшесін Шақшақ Жәнібек есімімен қайта атау еді.

Екінші мәселе, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы «Тарихи тұлғалар» тізіміне Шақшақ Жәнібек есімі 2019 жылы Қостанай облысынан ұсынылып, 2020 жылыдың қазан айында ғана енгізілгенін естен шығармауымыз керек.

Сондай-ақ, 2020 жылғы ҚР халықтың ұлттық санағын белгіленген мерзімде және сапалы өткізу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға жыл соңына дейін елді-мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, атауын өзгерту бойынша ұсыныстар бермеу туралы тапсырма берілген. Бірақ, коронавирус індетіне байланысты халық санағын өткізу 2021 жылға ауыстырылып, уақытша шектеулер әлі жалғасуда. Сондықтан бұл ұсынысты  дәл осы кезеңде қарастыру мүмкіндігі де шектеліп отыр.

Самат Жандильдин, Қостанай қаласы әкімінің Баспасөз хатшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here