Әлемдік экономикада туризм саласы айшықты орын алатынын бұған дейін «Qazaq» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Өйткені, Дүниежүзілік туризм ұйымы 2019 жылы әлемдегі туристердің саны 1,5 млрд адамға жеткенін хабарлады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық көрсеткіш. Сөйтіп, туризм саласы былтыр 8,9 трлн доллар пайдаға кенеліп, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10,3%-ын құрады.
Әрине, туризмнен қомақты пайда табу үшін оған инвестиция құю керек. Яғни, туристердің алаңсыз демалуына барынша жағдай жасалмай, елдің қайталанбас табиғаты болса да, қонақтар ағылмайды. Содан былтыр туризм саласына 948 мың доллар инвестиция тартылды. Бұл әлемдегі барлық инвестицияның 4,3%-ы екен.
2019 жылы әлемнің 330 млн адамы осы саладан нәпақасын тапты. Демек, туризм жұмыссыздық мәселесін де оңтайлы шеше алады.
Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті отандық туризмнің бүгіні мен ертеңіне тоқталады.
ҚАЗАҚСТАН ТУРИЗМДІ ҚАЛАЙ ДАМЫТПАҚ?
Рас, соңғы жылдары мемлекет туризм саласына көп көңіл де, қаржы да бөле бастады. 2019 жылы бұл салаға 153,7 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Ішкі де, сыртқы да туризмде айтарлықтай нәтиже бар. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы 2018 жылы Қазақстанға 8,7 млн шетелдіктің келгенін хабарлады.
Әрине, бұған алақайлап қуануға болмайды, оның бәрі туристер емес. Бір жылда 10 миллиондай туристер қабылдайтын Грузияға жету әлі ерте. Сол 8,7 млн шетелдіктің ішінде Қазақстанға іс-сапармен, жұмыспен келгендер де бар. Қара жұмыс іздеп келген еңбек мигранттарын және қосыңыз. Айталық, «Барахолканы» жағалаған қырғыздар да, құрылыста кірпіш көтерген өзбектер де шекараны өтерде көбі Қазақстанға келу мақсатына туризмді белгілейді. Дегенмен, сол миллиондаған шетелдіктің ішінде туристер де жоқ емес. Мәселен, 2018 жылы отандық туризм саласы 104 млрд теңге табысқа кенелді. Ал, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мәліметінше, Қазақстанда 845 туроператор, 3 400 турагенттік, 3 600 қонақ үй бар. Бұл салада барлығы 500 мыңға жуық адам жұмыс жасайды.
Былтыр Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама 2025 жылға қарай сырттан келетін туристердің санын 3 миллионға, туристік салада жұмыс жасайтындардың санын 650 мыңға жеткізуді, туристік қызметтер көлемін 2,5 есе, инвестиция көлемін 3 есе, жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8%-ға арттыруды және әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсартуды көздейді. Оларды жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 1,3 трлн теңге бөлінеді.
Міне, туризмі мықты мемлекет атану үшін бірқатар шараны жүзеге асыру керек. Бұл тұста жарнамасы мықты, бағасы қолжетімді Түркия елінің тәжірибесіне көз салмасқа тағы болмайды.
Айта кетейік, Дүниежүзілік экономикалық форум жариялаған саяхат пен туризм бойынша 2019 жылғы бәсекеге қабілеттілік жаһандық рейтингінде Қазақстан 140 елдің арасында 80-ші орынға, инфрақұрылым бойынша 89-шы орынға жайғасты.
КӨЗІН ТАПҚАН КӨЛ-КӨСІР ПАЙДАҒА КЕНЕЛЕДІ
Сандық трансформация – туризм саласындағы басты трендтердің бірі. Жаңа технологиялар дамыған ғасырда табысты сала да заман көшінен қалмай келеді. Әлемдегі дамыған 37 мемлекеттің басын қосқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (OECD) мүше елдердегі барлық мекемелердің 77%-да жеке сайттары, 70%-да әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Турзим саласындағылар да сандық технологияның осындай ұтымды тұстарын игіліктеріне пайдаланады. Сөйтіп, Ыбырай Алтынсарин өлеңіндегідей, «айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғыз(а)ды». Мысалы, Аргентина тұрғындарына «Қазақстанның Аризонасы» аталып кеткен Бозжыраның сұлулығын көрсетіп, 43,4 млн халқы бар елден туристер тарту үшін сонау алыстағы Латын Америкасына барып, насихат жасаудың қажеті жоқ. Уақытты да, қаржыны да құртпауға болады. Бар болғаны елімізде сандық технологияны мықтап қолға алу керек.
Иә, тілі шықпай жатып-ақ цифрлық қызметтерді тұтынған, «ақылды гаджеттерден» тәрбие алған «Z» ұрпағы қалыптасты. Интернеті бар Қазақстанның түкпіріндегі бір ауылда тұрып-ақ Африканың оңтүстігіндегі Виктория сарқырамасына жолдама алуға болады. Жатын орынға, саяхатқа, тамаққа, яғни қажеттінің бәріне онлайн тапсырыс беріледі. Бұл қызметтердің төлемақылары да үйден шықпай жасалады.
Міне, сандық технологиялар туризм саласының оң жамбасына келеді. «Z» ұрпағына 1995 жылдан кейін туғандар жататынын ескерсек, 2040 жылға қарай туристердің басым бөлігін XX ғасыр мен XXI ғасырдың тоғысында дүниеге келгендер құрайды. Демек, болашағын туризммен байланыстыратын елдер қазірден бастап сандық технологияға ден қойып жатыр. Өйткені, қазіргі заманда көзін тапқанға көл-көсір пайда бар. Ол үшін мемлекет алдымен туризмнің дамуына барлық жағдайды жасауға міндетті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, туризмді дамытудың басты тетігі – саланы сандық жүйеге көшіру. Осы мақсатта елімізде жеті тілде қызмет көрсететін Kazakhstan.travel порталы құрылды. Онда қазақтың салт-дәстүрі, тамаша табиғаты туралы ақпараттар, туристік нысандар, гидтер, кәдесый сататын дүкендер анықтамалығы да бар. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер мен киелі орындарға виртуалды саяхат жасауға болады.
Порталдағы «Әркім көруге міндетті Қазақстан пейзаждарының үздік ондығы» материалын мысалға алайық. Материалда Қайыңды көлі, Бурабай, Бозжыра, Рахман қайнары, Қорғалжын, Алтынемел, Мұзтау, Шарын шатқалы, Көлсай, Индер тұзды көлі туралы сипаттамалар, ол жаққа қалай жетуге болатыны туралы ақпараттар қазақ, ағылшын, француз, қытай, орыс, неміс, жапон тілдерінде берілген. Қазақстанның осындай тамаша табиғатымен сырттай таныс болған туристердің елімізге қызығушылығы артатыны даусыз.
Табысты саланы сандық жүйеге көшірудің осындай алғашқы қадамы жасалғанымен, туристік нысандарда интернеттің қолжетімсіз болуы өкініш тудырады. Әрине, жері көп, халқы аз Қазақстан үшін елдің түкпір-түкпірін интернетпен толыққанды қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал, интернеті жоқ немесе нашар ұстайтын жерге өркениетті елдерден туристердің келуі екіталай. Осы олқылықтың орнын толтыру Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген. Аталған бағдарлама аясында шетелдік туристерге SIM-карта мен MobileWiFi модемдері беріледі. Яғни, өзге елден келген қонақтарға интернет Қазақстанның кез келген жерінде қолжетімді болады. Сондай-ақ, туристер көптеп келетін туристік нысандарға, пойыздарға интернет жүргізіледі.
Тамыры тереңге кеткен тарихымызды әлемге насихаттау мақсатында үш тілде 30 видеоролик түсірілді. «Көшпенділер елі», «Алтын адам», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қожа Ахмет Ясауи», «Айша бибі» фильмдері BBC, World news, Viasat history, National geographic сияқты әлемдік деңгейдегі телеарналарда көрермен назарына ұсынылды.
Енді осындай тәуір бастамалардың аяқсыз қалмай, арты сиырқұйымшақталып кетпегені керек.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мемлекет «ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын» Ұлы даланың туристік әлеуетін толыққанды пайдалану үшін арнайы туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын қолға алып, туризмде «екі қолға бір күрек» тапқысы келетін қазақстандықтарға табысты саланың жолын көрсетті, бюджеттен қыруар қаржы бөлді. Осылайша, отандық турагенттіктер мен туристік нысандардың жұмысын одан әрі дөңгелетіп әкетуіне негіз салғандай болды. Өйткені, туризмде «қайталанбас табиғатымыз бар» деу аздық етеді. Шетелдік тәжірибелерге үңілмеске тағы болмайды. Оның үстіне заманауи инфрақұрылым болмай, сапалы қызмет көрсетілмей, отандық туризмнің тамырына қан жүгірмейді. Туристер келмейді. Әйтпесе, сарапшылардың айтуынша, туристерді тамсандырар табиғатымыз, ерекше салт-дәстүріміз, тарихи ескерткіштеріміз көп болса да, туристік әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырғандықтан, Қазақстан ішкі және сыртқы туризмнен жылына 20 млрд долларды жоғалтады екен. Демек, қазір қолға алынған туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын «сен салар да мен салар, атқа жемді кім саларға» айналдырсақ, болашақ ұрпақ бізді кешірмейді.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы