Торғайдың тарланбозы

0
2452

Адамзат баласы дүниеге келгенде өмірдің әрбір қалтарыстары мен күйбеңінде өзінің адамдық бейнесін жоғалтпай, қоғам игілігі үшін өзінің асыл борышын орындаса ғұмыры зая кетпегені. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де өзінің саналы ғұмырында әділетсіздікпен күресіп, қарт Торғайда басшыларға тайсалмай «Дат, тақсыр!» деп айта білген жан. Бұл мақаламызда сексен жасқа аяқ тіреген еңбек ардагері, Тобыл-Торғай өңіріне белгілі азамат, Қостанай облыстық меценаттар клубының ардагерлерге арналған «Қазына» сыйлығының иегері Рахым Рыскелдінің өмірі мен еңбек жолынан қысқаша дерек келтірдік.

Қарт Торғайдан әділетсіздікпен күресте қайсарлықтың туын төмендетпей, парасаты биік, білімді тұлғалар әр кезеңде шыққаны белгілі. Ел жадына ерекше енген осындай есiмдердi уақыттың озғаны да, қоғамның алмасуынан туған өзгерiстер де өшiре алмайды. Өткен ғасырдың 70-90-шы жылдары өздерін «жарты патша сезінген» басшыларға олардың үлкенді-кішілі жиындарда халықтың сөзін сөйлеп, талай рет мәселе көтергені күні бүгінгі көзіқарақты Торғай халқының көз алдында. Солардың соңғы тұяғы – бюрократ шенеуніктерге қарсы тұрып, шындық пен әділет іздеген Рахым Ғалымұлы Рыскелді болды.

Табиғат берген мінез әр адамда әртүрлі болады. Мен Рәкеңнің болмысынан ноқтаға басы сыймаған азаматты көремін. Кесіп айтатын, турап сөйлейтін қайсар мінез бұл кісіде бар. Бір көрген адам Рәкеңді шын мәнінде мінезі қиын адам деп қабылдауы мүмкін. Иә, шын мәнінде, өзіне тән азаматтық ұстанымын сақтаған, әділдікті жақтаған адам үшін оның солай көрінуі заңды да. Елдің, халықтың жағдайы деген құндылықтарды айтуға келгенде Рәкеңді райынан қайтару оңай емес. Басшылардың бет-жүзіне қарамай «Дат, тақсыр!» деп ойын ашық айтады. Сондықтан да, Торғай жұртшылығы Рахым десе бірден шындықты бетке айтатын, айтқанда да жеріне жеткізе айтатын адам көреді.

Рахым Ғалымұлының балалық шағы мен оқу оқыған жылдарына тоқталсақ,  жас шағында атасы Рыскелді молданың қолында тәрбиеленіп өседі. Әкесінен жастай қалса да, оның жетімдік, жоқтық көрмей өсуіне атасы мен өз анасы еңбек сіңірді. Рыскелді молда бала Рахымды жастайынан жанынан қалдырмай, ауыл арасындағы қандай да болмасын ортада оң тізесіне отырғызып, сөз мәйегін санасына сіңіріп өсірді. Сөйтіп, бала күннен ауыл ақсақалдарының әділеттілік жөнінде айтқан салиқалы сөздерін санасына құйып, есейе келе естігендерін есіне сақтап өскен Рәкең оны өмірлік бойтұмарына айналдырды.

1948 жылы Қаратүбек жетіжылдық мектебінің бірінші сыныбына барып, кейін онжылдыққа айналған осы мектепті 1958 жылы үздік бітіреді. Дегенмен, орта мектепті бітіргеннен кейін тұрмыстың ауыртпашылығына байланысты қатарластары секілді оқуға бара алмай, Рахым сыныптас досы Серікбай Әбдіғалиұлы Айсағалиев екеуі елде қалуына тура келеді. Рахым «Жаңатұрмыс» колхозында малшының көмекшісі, жұмыскер болса, Серікбай бір жылдай жұмысшы, кейін аудандық байланыс бөлімінде радиотехник болып жұмыс істеп нәпақа табады. 

Елде екі жылдай еңбек майданында шыңдалып, арманмен астасқан үміті оны өмір атты ұлы көшке жетеледі, қатарынан қалмауға тұрысты. Исi басқа ортаға оқуға аттанарда атасы Рыскелді молда: «Рахымжан, орның бөлек баламсың. Сырт жерде оқисың, жүрген жерiңде абайлап сөйле, балам, не iстесең де ойланып iсте. Бәрiн де көңiл таразысына сал. Бар өнер, бар жақсылық тек бiлiммен ғана келедi, қатарыңнан қалма, оқы», – деп ақ батасын бередi. Миына құйылған ата сөзінің дұрыстығына көзі жетіп және мектепте жүргенде математика пәнін жақсы оқығандықтан, болашағын білімнен табатынын түсінген бозбала Рахым досы Серікбай Айсағалиевпен бірге Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының механика факультетіне оқуға түсіп, екі жылдан соң Рахым Ресейдің Челябі ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне, Серікбай Айсағалиев  Челябі политехникалық институтының механика және математика факультетіне ауысады.

Ауыл шаруашылық институтының қабырғасында Рәкең өзінен бірер жас үлкен, жерлестері Қуандық Әбеуов, Жақан Қосабаев, Бозша Тілеубаевтармен бірге оқиды. Қаймағы бұзылмаған қазақы Торғайдан келген орысшаға шорқақ жастар үшін қалың орман орыс жеріндегі оқу алғашқыда қиын тисе де, таулары шағылмады. Орыс тілін тез арада меңгеріп, ойындағысын жеткізе алатын жағдайға жетті. Орыс тілінде сауатты және дұрыс сөйлеп, оқу бағдарламаларын толық игере бастайды. Жоғары оқу орнының оқытушылары олардың білімге деген құштарлығы мен ой-өрістерінің кеңдігіне, алғырлығына тәнті болады. Сөйтіп, олар алдарына қойған мақсаттарына жетеді. Кейін олар елге келіп, еңбек жолдарын қатардағы инженер болып бастап, шаруашылық, кәсіпорын басшыларына дейін көтерілсе, кейбіреуі елді басқару тізгінін қолына алғаны белгілі.  

Жұптары жазылмаған Рахым мен Серікбай болса, Челябі қаласындағы жоғары оқу орындарын 1966 жылы бітіріп, Серікбай ғылым жолын таңдап, Челябі политехникалық институтының кіші ғылыми қызметкері болып қалады. Кейін 1971 жылы Қазақстанға оралып, үлкен ғылыми жетістіктерге жетіп, техника ғылымдарының докторы, профессор атанды. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы КазҰУ-нің «Қолданбалы математика» кафедрасының меңгерушсі болып қызмет атқаруда. Ал, Рәкең болса елге келіп, кіндік қаны тамған жері – қарт Торғайдың «Албарбөгет» совхозында МТМ меңгерушісі болып еңбек жолын бастады.

Халқымызда «Жақсы болу – өзiңнен, жаман болу да – өзiңнен» деген нақыл бар. Рахым ағаның мұнан былайғы қызметтiк өмiр ағымы атасы Рыскелді молданың берген ақ батасымен астасып, сабақтасып жатты. Болмысындағы табиғат берген қайсарлық, үлкен-кiшiге бiрдей iзеттiлiк, дүниеге байыпты көзқарас, ұстамды мiнез жас жiгiттi жүрген-тұрған ортасына тез танытып, жағымды еттi. Жас маманның бойындағы осы жiгер өмiр талқысында шыңдалып, аудан басшыларының назарын бiрден өзiне аудартты.

Ол кездегi партияның жас кадрларды ой-елегiнен өткiзiп, ерекше қабiлетi барларын батыл жоғарылатып отыру тәртiбi көңiлге қонымды едi. Соның пайдасы Рахым ағаның болашағына да әсер еттi. Көп ұзамай жас маман партия таңдауымен 1967 жылдың маусымында ХХІ Партсъезд совхозына бас инженер болып тағайындалып, онда 1969 жылдың күзіне дейін істеді. Сол жылдың күзінде жас маман инженерлік-техникалық жұмыс саласын жақсартуды қажет ететін «Еңбек» кеңшарына жіберіліп, инженерлік жұмыстың кәсіби жолынан өтті.

Іскер, жұмысына барынша жауапты, ұйымдастырушылық қабілеті мол, қатаң тәртіпті талап ететін маман әрқашан көзге бірден түседі ғой. Сондықтан «Еңбек» совхозында бас инженер болып жүргенде жоғарыдағылар оны аудандық деңгейдегі қызметке шақырып, 1972-1981 жылдар аралығында Жангелдин аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері болып, ауданның сан алуан жұмысының қыр-сырына қанығып, тоғыз жыл бойы шаруашылықтардағы инженерлер корпусын басқарды.

…1980 жылы Жангелдин ауданын басқаруға жұмыс істеу стилі ерекше 42 жасар Мұхамедқали Жұмабайұлы Айсин келіп, ол кісінің қатаң партиялық жұмыс стилін бірден қолдағандардың бірі Рахым Рыскелді болды. Көп уақыт өтпей ол тәсіл өз нәтижесін де берді. Ауданның шаруашылық, мекеме және кәсіпорын басшылары мен бас мамандарының бұрынғы жайбарақаттылық пен кең тұсау, ұзын арқанға салынуына жол берілмеді. Кадр таңдау жұмысына да қатты көңіл бөлініп, өзі секілді бір сөзді, қатаң тәртіпке қалыптасқан мамандарды басшылық қызметке тарта бастады.

Міне, осындай бір кезекті кадрларды ротациялау кезінде шалғайдағы ауданның шаруашылықтарын қажетті техникалық бөлшектермен қамтамасыз ететін, жұмысы ең қиын бірден-бір учаске «Казсельхозтехника» мекемесіне басшы тағайындау туындағанда аудан басшысы Рахым Рыскелдіге үміт артты. Ал, Рәкең болса ол жұмысқа құлшына кірісіп, сенімінен шыға білді. Жұмыс барысында оны атқарған ісімен де дәлелдеді. Еңбек тәртібі босаңсыған мекемеде қатаң тәртіп орнап, кейбір «пысық» совхоз директорларының телефон арқылы шешетін шаруаларына тосқауыл қойылды. 

Мекеме басшысы олармен терезесі тең қалыпта сөйлесіп, техникалық бөлшектерді бекітілген разнорядкаға сай алатын болды. Жүрген жерінде тәртіп пен тазалықтың ақ туын биік ұстайтын Рәкең азғантай уақыттың ішінде ұжымның жұмысшы-қызметкерлерін де соған үйретті. Темірдей тәртіп орнатылып, бір күндік мәселемен айналыспай, түйіні шиеленіп қалған сұрақтарды шешуге арнады. Кезек күттірмейтін істерге көңіл бөліп, тапсырмалардың орындалуы қатаң қадағаланды. Осындай атқарылған жұмыстардың арқасында сырт жерден әкелінетін қосалқы бөлшектерге тапсырыс беру жұмысы жолға қойылып, кәсіпорын жанынан ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін қалпына келтіретін шағын жөндеу цехы да ашылды.

Бұрын алқы-талқы болып жататын қойма базасының ауласын тәртіпке келтіру үшін әр сенбі сайын «тазалық күні» жарияланып, жұмысшы-қызметкерлер өздеріне жүктелген учаскелерін тап тұйнақтай ғып тазартып тұрды. Аз уақыт ішінде «Казсельхозтехника» ұжымы аудан орталығындағы үлгілі мекемелердің біріне айналып, бірнеше рет ауыспалы вымпелімен марапатталды. Әрине, мұндай жетістік өздігінен келмейді, оның артында атқарылған қыруар жұмыс тұрғаны белгілі. Ең бастысы мекеме бастығының ұжыммен тіл табысып, жұмыс істете білуінде. Ондай қасиет Рәкеңнің бойында жас кезінен қалыптасқан еді.

«Түзу адамның көлеңкесі де түзу түседі» демекші, тазалығы мен түзулігінің арқасында ол ауданның бірден бір іргелі мекемесін бес жыл басқарып, өзіне жүктелген жүкті абыроймен атқарып жүргенде 1986 жылдың мамыр айында ел тізгінін бір кезде өзімен бірге жоғары оқу орнында оқыған замандасы қолына алып, жұмысқа кіріскенде Рәкең де Торғай жұртшылығымен бірге қуанған болатын. Алайда, қуанышы көпке созылмады. Аудан басшысы «Қайта құру» реформасын желеу етіп, жастарға жол беру керек деген сылтаумен өз қатарластарын істеп жатқан қызметтерінен ығыстыра бастайды. Табиғатынан ешкімге жалтақтауды білмейтін, қайсар мінезді Рәкең ел алдында істеген қызметінде өзінің іскерлігімен, білімділігімен, адалдығымен сатылап жоғарылып келе жатқанда аудан басшысы орайын тауып мұнай базасына (аты дардай болғанмен, жанармай құюшыларын санағанда 5-6 адамы бар шағын мекеме) директор етіп жібереді.

Кеңес дәуірінде зейнеткерлікке жақындаған партия, совет қызметкерлерін кәсіподақ жұмысына ауыстыру үрдісі қалыптасып, ел арасында «Профсоюз – это архив партии» деген қанатты сөз пайда болған. Сол секілді ол заманда аудандық мұнай базасы да жасы ұлғайған, зейнет демалысына жақындағандар немесе теріс себеппен жұмыстан босатылғандар жіберілетін орын болатын. Ал, Рәкең болса небәрі 46 жаста, нағыз пісіп-жетілген шағында болатын. Шынында да, 46 жасында барлық қызметтік баспалдақтан өтіп, мол тәжірибе жинақтаған іскер азаматқа мұнай базасы секілді шағын мекеме тарлық еткені белгілі. Алайда, ол аудан басшысының алдына барып жұмыс сұрамады, сөйтіп пендеге тән әлсіздікке бой ұрмады. Мұндай «сыпайы қорлыққа» табиғатынан төзбейтін Рәкең мұнай базасында көп тұрақтамай, өз еркімен аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық білім беретін училищеге қатардағы мұғалім болып кете барды. 

Ол атасы Рыскелді молданың «Кешірімшіл болғаннан кішірейіп кетпейсің. Адам ыза мен кекті, ашу мен өкпені үнемі көтеріп жүре алмайды. Ол жүрекке салмақ түсіреді, кешірімді болсаң жеңілдеп, жақсарып қаласың» деп айтқан аталы сөзін өмірлік бойтұмарына айналдырып, кешірімді болу – өткенді қайтара алмас, бірақ  болашағын өзгертетініне сенімді болды.  Замандасының дәуірі жүріп тұрған кезінде кадрларды іріктеу мен орналастыру жұмысында пендешілікке салынып, елде шаруашылық, кәсіпорын, мекеме басқарған қатарластарын қызметтерінен шеттеткендердің  қатарында болса да кек сақтамады. Кейін сол замандасы қызметтік олимп биігінен құлап, жалғыз қалған кезінде Рәкең кейбіреулер секілді теріс айналмай, керісінше қолдау көрсетті. Оны Рәкең ісімен де дәлелдеді. 1995 жылдың 25 тамызында Торғайдың кіндігінен байланған төл перзенті туралы Жангелдин аудандық «Торғай тынысы» газетіне «Өз ағасын ағаламаған – кісі ағасын жағалар ма?» атты мақала жариялап, өзінің ой-пікірін білдірді.

Мақала баспасөзде жарияланған соң бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылып, көпшілік қауым Рәкеңнің түсінісуге талпынған ой-пікірін құптады. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі деректі келтірсек те болады. Мәселен, Тобыл-Торғай өңіріне белгілі қарт журналист Ғабду-Жәлел Қарабала да (27 тамыз, 1995 ж.) өз күнделігінде «Рахым Рыскелдиннің «Торғай тынысы» газетінде  жарияланған «Өз  ағасын  ағаламаған – кісі  ағасын  жағалар  ма?»  атты мақаласын  оқыдым. Бұрын ұзын құлақтан еститінмін Жақан  мен Рахымның қарым-қатынасы онша емес деп. Құдайшылығын  айтсам – Рахым азаматтық жасаған екен» деп жазыпты. Міне, Торғай халқының еңкейген қариясына дейін Рәкеңнің замандасының кезінде оған жасаған іштарлығына кек сақтамай, кешіріммен қарағанын қолдағаны белгілі.

Рахым Ғалымұлы 2004 жылы зейнет демалысына шыққанша аудан орталығындағы Шоқан Уалиханов атындағы орта мектепте қарапайым мұғалім болып еңбек етті. Мектепте ұстаз болып істеген жылдары ауданның қоғамдық жұмысына белсене араласты, әсіресе, еліміз Тәуелсіздік алған жылдарының өтпелі шағында Рәкеңнің екінші тынысы ашылып, елдің қамын ойлап, жоғын жоқтап, сөзі мен ісі бір жерден шығатын азамат ретінде өзін көрсете білді. Сол бір өтпелі кезеңде ауданды басқаратын әкімдер сырт жерден әкелініп, қызметтерінде көп тұрақтамады. Айналдырған 5-6 жылдың ішінде 3-4 әкім ауысып, шалғайдағы ауданның жағдайы мүшкіл болды. Міне, осындай сын сағатта топты жарып, халықтың сөзін сөйлейтін адам қажет болғанда жұртшылық Рәкеңе сенім артты. Халықтың сеніміне ие болған Рахым Ғалымұлы үлкен күреспен және тартыспен аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, өкілеттілігін тиімді пайдаланды. Халық қалаулысы ретінде тұрғындардың сайлау алдындағы өтініш-тілектерін өкілетті органдарға жеткізу мақсатында өз пікірін ашық білдіріп, жеткізе білді.

Жүрегінің түкпірінен есіп тұратын мейірім самалы Рахым Ғалымұлын елдің мұңын мұңдауға апарды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Торғай халқы қиын-қыстау кезеңді бастарынан кешкенде елдің нақ төрінде тұрып, жалпақ жұрттың жанашыры бола білді. Ол сонысымен де өз биігінде қалды. Сонау бастапқы ауыр кезеңдерде жұрт елден үдере көшкенде:

«Көшпеңдер, халқым, көшпеңдер,
Көшейік елден деспеңдер.
Көшсеңдер қайтып келмейсің,
Осылай өшкен көшкендер!
…Кең дүние тартылып,
Ел көңілі алаң болды.
Адам біткен азғындап,
Ішіп-жемі арам болды.
Жетім-жесір зар жылап,
Көрген күні қараң болды», – деп жар салған ақынына 1995 жылы Торғай халқы жиын ашып, елдің атынан сөйлеуге өкілеттік берген еді. Содан бері Рахым Ғалымұлы Торғай халқының мүддесін қорғап, шаршы топта сөз бастаумен, халыққа, билікке ой тастаумен келеді. Сол жылдары жергілікті «Торғай тынысы», еліміздің  «Қазақ»  және «Азат» газетіне үзбей мақалалар мен дастандар жазып, мансапқа тасынған талай «төрелерді» тәубесіне келтірді, өзі де қудалаудың шет жағын көрді. Бірақ, оған мойымады, қолынан қаламы түспей жаза түсті. 

Өтпелі кезеңде ел қамын ойлаған Рахым Ғалымұлының республикалық «Қазақ» және «Азат» газетінде «Қазақтың азат болып бағы жансын», «Жас жумасын қазақтың жанарларын», «Шексіз билік», т.б. дастандары жарияланса, жергілікті «Торғай тынысы» газетінде елдің мұңын жоқтап «Торғай тағдыры толғандырады», «Жариялылық және әділеттілік», «Елден көшпеңдер», «Нарық және халық», т.б. елді тұйықтан шығарар жолдары жайлы материалдары жарияланды. Сол бір жылдары шалғайдағы Торғайда республикалық «Қазақ» газетін белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевпен бірге ел арасында насихаттау жұмысына белсене араласып, жергілікті баспасөз бетіне «Әр қазақ отбасында «Қазақ» болсын!» атты арнау сөзі де жарық көрді. Сол жыр шумағынан үзінді келтірейік:

«Қазақтар, қуан «Қазақ» газеті келді,
Жасауға ұлттық мемлекет Азат елді.
Келгендей Ахметтің өзі ашынып,
Тоқтатуға талапай тозақ керді.

Құт болсын, әз Қоғабай, оң қадамың,
Ахаңа мұрагер боп, Сен жарадың.
Құтты болсын тағы да алдың атақ,
Америкадан әлемдік «Жыл адамын».

…Шындықты білем десең «Қазақты» оқы,
Хақ жолмен жүрем десең «Қазақты» оқы.
Әділет, теңдік алып, азат болып,
Бақытты өмір сүрем десең «Қазақты» оқы.

Ел тәуелсіз, ұлтымыз азат болсын,
Бос сөзде емес, шындықта озат болсын.
Қазақ ұлты өркендеп, өсуі үшін,
Әр қазақ отбасында «Қазақ» болсын!» – деп жыр шашуын шашқан еді.

1999 жылы маусым айында қарт Торғайдан шыққан қос тұлға – академик Кенжеғали Сағадиев пен белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев – туған жер топырағында мерейтойларын өткізіп, халқымен жүздескенде Рахым Рыскелдіұлы «Хош келдіңдер, Торғайдың арда ұлдары, ардақты азаматтары! Ғафекең айтқандай, «Торғайдан бір шықса, қос-қостап шығады» дегендей, Торғай халқының атынан  қос азаматтың сапарларына сәттілік тілеп, мерей тойларының мерейлі болуына тілектеспіз. Қос тұлғаның ғылымдық және жазушылық көш керуені әлемдік көкжиектен үнемі жарқырай берсін!» деп ақ тілегімен түйіндеген екен. Рәкеңнің айтқаны келіп, елімізге белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев көп ұзамай ЮНЕСКО-ның шешімімен «Жыл адамы» атанды. Сөйтіп, Торғайдан шыққан қос тұлға (Кенжеғали Сағадиев 1997 жылы «Жыл адамы» атанған) әлемдік деңгейдегі тұлғалар қатарына қосылып, қарт Торғайдың мәртебесін өсірді.  

…Бір кездегі мен көрген, мен сүйсінген ағамыз бүгіндері самайын қырау шалған, келісті, келбетті ел ақсақалы атанып отыр. Зейнет демалысына шыққан соң да Торғай тарихының белестеріне қалам тартып, тарихи туындыларды дүниеге әкелді. Рахым Ғалымұлы «Ұлы Шақшақ Жәнібек – ұлт қорғаны», «Шақшақ Жәнібек тархан – Алаштың ұлы арысы» және «Ғазез қажы Әмірханұлы» атты үш үлкен жыр кітаптардың авторы атанды. Қазіргі таңда ағамыз есімі Орта жүзге белгілі «Торғайдың төбе биі» атанған Мұсаұлы Шеген би туралы тарихи дастан жазу үстінде. Сәтін салса шығарма биыл күзде баспадан жарық көреді деп күтілуде.

«Торғайдың тарланбозы» атанған Рахым Рыскелдіұлы туралы белгілі журналист-жазушы Дінәш Нұрмұхамбет 2004 жылы баспадан шыққан Рәкеңнің «Ұлы Шақшақ Жәнібек – ұлт қорғаны» кітабының алғы сөзінде «Торғайдың нақ төрінде тұрып жатқан Рахым Рыскелді менің көрген адамым емес. Естуімше, мектепте ұстаздық етеді, бұрын шаруашылықтарда инженер болған, пайғамбар жасындағы азамат. Ол «Заманның шын бейнесін түптеп талдап» жатқан дара ақын. Ахаң мен Жақаң дүниеге келіп, бүкіл жұртшылыққа «Оян!» деп жар салған қарт Торғайдың, тарлан Торғайдың тарланбозы шабысынан жаңылып, шабытынан айырылмаса екен деп тілеймін!» деп бағасын берген еді.

Иә, Рәкең сол шабысынан, шабытынан айырылмай, көпшілік айта алмай жүрген өтпелі кезеңнің шынайы бейнесін қаз-қалпында айтып та, жазып та келеді.

Рахым Ғалымұлы Тобыл-Торғай өңірінің бас батыры Шақшақ Жәнібек тархан ескерткішін де Қостанай қаласының төріне қоюға ең бірінші бастамашы болып, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке ұсыныс жасаған азамат екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ескерткіштің ашылу салтанатына Рахым Ғалымұлы Торғайдан арнайы шақырылып, ашылу рәсімінде лентаның бір жағын ұстап, қию құрметіне ие болды. Ағамыз айтулы іс-шарада құттықтау сөз сөйлеп, «Шақшақ Жәнібек тархан – Алаштың ұлы арысы» атты кітабы қонақтарға үлестірілді. Тізбелей берсек, тер төккен еңбегінің жақсы нәтижесі осылай жалғаса береді. Осылардың барлығын өз мүддесі үшін жасалған қызметі емес, адамгершіліктің парызының қайтарымына еткен елеулі еңбегі деп білуіміз керек.

Жақында Рәкеңмен хабарласып, хал-жағдайын сұрасқанымызда, бойына қарттық кіріп, денсаулығының мәз еместігін айтты. Қазыналы сексеннің сеңгіріне шығып, қарттықтың ауылына бет алған аға әлі де ақыл-кеңесін қажет жерінде айтып тұратынын жеткізді. Түсінген адамға бұл елдің жағдайы мен болашығы үшін деп түсінуіміз керек.

Рас, арда туған асыл ер бүгінде өзінің абыройлы биігінде тұр. Өкінішке қарай, ондай жандар қатары жыл өткен сайын қарт Торғайда сиреп барады. Дегенмен, олардың бірқатары сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанның ауылына аяқ басқаны көңілге сәуле қондырады.

Еліне елеулі қызмет етіп, халықтың қалаулысы болған Рахым Ғалымұлы да, міне, 80 жасқа аяқ тіреуде. Қазақ халқында 80-нен асқан жандарға арналған «Мың айдың жүзін көрген пендеге жұмақтың жеті есігі ашық» деген даналық сөзі бар. Сөз соңында ғұмырын әділетсіздікпен күреске арнаған ел ағасына «Алда да өз биігіңізден түспей, Алла берген ғұмырды жасай беріңіз» деп тілек айтамыз!

P.S. «Торғайдың тарланбозы» атанған Рахым Ғалымұлы ешқашан жеке басының қамын күйтте­ген емес. Атақ, даңқ қумады. Басшы­лардың есігін тоздырмады. Сон­дықтан да болар, құрмет оны өзі іздеп тапты. Торғай халқының құрметіне бөленген, алғысына ие болған жан Жангелдин ауданының құрметті азаматы, Қостанай облыстық меценаттар клубының ардагерлерге арналған «Қазына» сыйлығының иегері атанды.

Қиянатқа төзбейтін, басынан сөз асырмайтын өр мінезіне қоса шындықты жақтаушы бола білген Рахым Рыскелді сексенге аяқ басса да, қазағын, Торғайын ардақтап қорғаған, қолынан қаламы түспеген ақынжанды азамат, еліне ерен сыйлы ақсақал. Рәкең қазақ халқы зор құрмет тұтқан, ақиқаттың символына айналған ірі тұлға Баукеңнің нақыл сөздерін өмірлік бойтұмарына айналдырып, шындық пен әділеттіліктің туын берік ұстап келеді. Зайыбы Базаркүл апай екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, немере, шөберенің қызығын көріп отырған, өсіп-өнген, өркен жайған, әулеті алып бәйтеректей жайқалған киелі Торғайдың бір көрнекті де, үлгілі де, өнегелі отбасы. Солай бола берулеріне тілектеспіз!   

Ертай Қарабала, ҚР ІІМ зейнеткері

Нұр-Сұлтан қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here