Ақжайықтың алмасы

0
3584

Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауданының кәсіпкерлері туған жерлерінде алма бағын қайта жандандырмақ. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бір кездері мұнда 18 алма бағы болған екен. Одақ ыдыраған соң алма бақтарының күтімсіз, қараусыз қалғанын көзі қарақты оқырман жақсы түсінер. Бүгінгі таңда үш бақта алма мен алмұрт өсіріп, нәсібін кәсіптен тауып отырған жандар да бар. Олар жұрнағы қалған кәсіптің жұлдызын жағар сәттің алыс еместігін біледі. Мәселен, биыл ауданда тағы үш кәсіпкер алма көшеттерін отырғызса, тағы екеуі отыз гектар жерді баққа айналдыруды жоспарлап отыр.

ЖОБА ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Биыл көктемде Бударин ауылдық округінің кәсіпкері Ержан Биіктілеуов бір гектар жерге 140 дана алма мен алмұрт көшеттерін екті.  Аталмыш ауылдық округтің әкімі Шоқан Мұқанғалиев тілшілерге берген сұқбатында бақтарды жаңғырту жобасының жай-жапсарын баяндады. Әкімнің сөзінше, Ақжайық ауданындағы бақтарды қалпына келтіру шаралары «Менің аулам – менің бағым» аясында жүзеге асырылып жатыр, ал жобаның бастамашысы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев екен.

Қазір Бударин ауылдық округінде 1 640 тұрғын бар. Аймақ халқы ырыздықтың маңдай термен келетінін әбден біледі. Еңбекқор, талапшыл жандар мұнда жетерлік. Мал шаруашылығымен айналысатын 57 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жеке меншік аулаларда тұрғындар көкөніс егіп, көгалдандырумен шұғылданады. Бұл үшін жағдай толық жасалған. Әрбір үйде артезиан құдықтары бар болғандықтан олар судан тапшылық көрмейді.       Жергілікті кәсіпкер Гүлім Құмарова Бударин каналының маңында көкөніс плантациясын отырғызды. Ал, бес жыл бұрын «Атамұра» шаруа қожалығының иесі Ғайнеддин Баянов 4 гектар жерді алма бағына айналдырды.

ИМПОРТ ЖЕҢЕ МЕ, ЭКСПОРТ ЖЕҢЕ МЕ?

«Ержан Биіктілеуов алма бағын отырғызам деп шешкен кезде оралдық бағбан ғалым Қайрат Кәрімовтің зертхана бағына бірге бардық. Оның жұмыстары бізді қайран қалдырды. Ол кісі жеміс ағаштарының 200-ден астам түрін өсіреді екен. Алмаларының біздің климатқа бейімделіп жерсіндірілгенін айтты. Бағбаннан біршама құнды кеңестер алдық. Оның жерсіндірілген алмалары туралы естіген тұрғындар да бұған қызығушылық танытты. Нәтижесінде, Ержан Биіктілеуов өзі үшін де, жерлестері үшін де зертхана бағынан көшеттер әкелді», – дейді ауыл әкімі Шоқан Мұқанғалиев.

Ержан Биіктілеуовтің кәсіппен айналысқаны тек бүгін емес. Бұған дейін де жеке кәсіптің сырына қанық болған.

«Көптеген жылдар бойы қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істедім. Өзімнің мейрамханам, фаст-фуд кафем бар. Пандемияның әсерінен бұл кәсіп табыс түсіруді тоқтатқандықтан, жұмысшылардың бір бөлігін қысқартуға мәжбүр болдым. Өз бақшамда алма өсіру – байырғы арманым еді. Енді оның уақыты келгенін түсіндім. Қайрат Кәрімовтен алманың «Конфетное»,  «Родниковое», «Башкирское» сияқты бірнеше сортын сатып алдым. Алдағы уақытта алмұрт пен өріктің де бірнеше түрін сатып алу жоспарымда бар. Мен балаларым мен немерелерімнің шет елден әкелінген алмалармен емес, өз қолдарымен өсірген жемістермен мәйектенгенін қалаймын», – деген ойымен бөлісті кәсіпкер-бағбан.

Кәсіпкердің енді бой көтеріп келе жатқан бағында төрт адам жұмыс істейді. Тағы төрт-бес ауылдасын жұмыспен қамту ойында бар. Қазір мұнда көшеттер отырғызылды. Көп ұзамай көшеттерге тамшылатып суару әдісімен нәр беру процесі басталады. Жеке меншік суару жүйесін орнату үшін кәсіпкер бақ аумағынан екі құдық қаздырған. Оның есебінше, екі-үш жылдан кейін алмалар жеміс бере бастайды. Сол кезде бақшасының алмасы мен алмұрты ауылының ғана емес, облыс орталығының да дүкен сөрелерінде тұратынына бек сенімді.

«Туған жерімде өскен алманың дәмін ерекше жақсы деп санаймын. Алмамыз даламыздың күнімен қаныққан, жұмысшыларымыздың маңдай терімен суарылған. Алда небір ауыр жұмыстар мен қиын кезеңдер күтіп тұрғанын білемін. Бірақ, бағымның гүлденетініне, өз жемістерімнің адамдарға қуаныш сыйлайтынына сенемін», – деп ағынан жарылды Ержан Биіктілеуов.

АҚЖАЙЫҚТА ЖАППАЙ АЛМА КӨШЕТТЕРІ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев Кеңес Одағы тұсында мұнда 92 гектар аумақта 18 алма бағы болғанын айтады. Алайда, Одақ ыдырығаннан кейін көптеген алма бақтары иесіз қалды. Уақыт өте келе олар суарылмай кеуіп кетті. Бұл өз кезегінде алма тұқымдарының тапшылығына алып келді.

Барлық жеміс ағаштары Қайрат Кәрімовтің зертхана бағынан сатып алынды. Облыс әкімдігі мен ауылдық округтерінің әкімшілігіне іргелес егілген 190 түп жеміс ағаштары да зертхана бағынан әкелінген. Мектеп аулаларына отырғызу үшін тағы 100 түп көшет сатып алынды. Бұған ауыл тұрғындарының қосқан үлесін де айта кеткен жөн. Мәселен, Есентай орта мектебінің 1983 жылғы түлектері мектеп ауласына елу түп алма көшетін отырғызды. Сонымен қатар, ауданның медициналық мекемелері, мәдениет үйлері, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжі өз аулаларында алма өсіруді жоспарлап отыр.

«Алма өсірумен айналысқысы келетін адам жеміс ағаштарын отырғызу мен күту әдістерін жақсы білгені абзал. Сондықтан жеміс ағаштарын отырғызған әрбір ауыл тұрғынына көшеттерге күтім жасау әдістері көрсетілген бейне нұсқаулықтар таратылды. Қазір аймақтағы кәсіпкерлер бау-бақшамен айналысуға құлшынып отыр. Биыл Ақсуат ауылдық округінде  Мұхтар Әйтімовтің жетекшілігімен бағбаншылардың ауыл шаруашылық өндірісі кооперативі ашылды. Олар 13 гектар жерге қара өрік, алма, алмұрт, шие және екі гектарына жүзім отырғызды. Сондай-ақ, бақшаларды суару жүйесінің жұмыстары басталғанын атап өткім келеді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар 2025 жылға дейін 50 гектар жерге бақша өсіруді, жеміс көшеттеріне арналған жеке зертхана бағын құруды, жеміс тұқымдарын қайта өңдеуді бастауды жоспарлауда. Жобаға ауыл тұрғындары 250 млн теңге көлемінде инвестиция құюды көздеп отыр», – дейді Тілекқабыл Александрұлы.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, қазіргі уақытта «Атамұра», «Сәбит», «Мұнайконтакт» шаруа қожалықтары алма өсірумен айналысады.  Аталмыш шаруа қожалықтары бірнеше жылдан бері 18 гектар жерден несібелерін тауып жүр. Сондай-ақ, биыл «Әмір» шаруа қожалығы 20 гектар, «Нұғманов» ЖК 10 гектар жерді жеміс-жидек өсіру үшін алды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бір күні бір адам әл-Фарабиге толысып піскен алманы көрсетіп, сұраулы жүзбен: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, бітімі ме?» – депті. Сонда ғұлама: «Бәрінен де мұның ұрығы асыл. Себебі, алманың өзі сол ұрықтан өнді және одан бақ пайда болды ғой», – деген екен. Отандық кәсіпкерлердің, жоба жетекшілерінің тұқымды асылдандыруға баса мән бергендері көңіл қуантады.  Өйткені, сапалы тауар – табыстың кепілі. Егер «Менің аулам – менің бағым» жобасы сәтті жүзеге асса, онда 40 мыңнан астам халқы бар Ақжайық ауданы ішкі нарығын өз жемісімен толтыра алады. Сөйтіп, импортпен қош айтысып, экспорттан табыс табады.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here