Жаңа талап тұтынушы қалтасын қақпай ма?

0
2687

Бұрын барлық аяқ киім өндірушілер мен импорттаушылар өз тауарларын арнайы Data Matrix екі өлшемді кодымен белгілеулері тиістігі айтылып келді. Соған байланысты стикерлер шетелдік өндірушілер таңбаланған тауарларға кедендік рәсімдерді жүргізу барысында салынатыны айтылды. Бұл тұтынушыларды сапасыз тауарлардан сақтандыру үшін жасалатын шара. Кәсіпкерлердің бәсекелестігіне әсер етпегенімен, нарықты заңсыз өнімдерден қорғайды.  Зияткерлік меншік құқығын қамтасыз етеді. Көлеңкелі бизнесті тұсаулап, мемлекет қазынасына салық төлеу көлемін ұлғайтады. Сөйтіп, биылдан бастап аяқ киімдерге жаңа екі өлшемді кодтау енгізіледі. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті жаңа талаптың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталады.

Импорттық тауарларды таңбалау шарттарын шілде айында енгізу жоспарланған болатын. Алайда, көптеген импорттаушылардың күз-қыс айларына арналған тауарларға ертерек тапсырыс беретіні бар. Сондықтан да, ерте көктемде тапсырыс берілген аяқ киімдер бірінші шілдеге дейін ел шекарасына ене алмай қалуы ықтимал. Сала мамандарымен кеңескеннен кейін тауарларды жаңаша таңбалау мерзімі кейінгі шегерілді. Бірақ, 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап таңбасыз тауарларды Қазақстан аумағына кіргізуге тыйым салынады. Бөлшек саудамен айналысатындарға таңбасыз тауарларды сату үшін 2022 жылдың 1 қарашасына дейін уақыт беріледі.

Импорттаушыларға жаңа талап жайсыз болып тұр.  Шартқа сәйкес,  аяқ киімнің әр атауы үшін дерекқорда бөлек карта ашып, төрт фотосуретін салып, аяқ киім жайлы толық мәлімет жазылуы керек. Әрине, сатушылар мұны физикалық тұрғыдан жасай алмайды. Мысалы, 10 мың дана аяқ киімді рәсімдеу үшін сатушының ақ тер-көк тері шығады. Бір аяқ киімге төрт фотосурет қажет болса, 10 мыңы үшін 40 мың сурет түсіреді. Қораптардың өлшемін пысықтау және оны компьютермен базаға жүктеу қажырлы еңбекті қажет етері анық. Саудагер есебін тиянақтап отырғанда тауарды кім сатады? Оларға машақаты көп талап тиімсіз.  Бұдан бөлек, сатушыға әрбір аяқ киім қорабына екі өлшемді кодты желімдеу керек. Көптеген аяқ киім импорттаушылар, әсіресе Еуропа елдері Қазақстан үшін арнайы принтерлерді жабдықтаудан, стикерлерді басып шығарып, желімдеуден бас тартады. Штрих кодтарды желімдеп, дайындау көлік компаниялары үшін өте тиімсіз. Себебі, тасымалдау құнын арттырады.

Жаңа талапқа ұнжырғалары түскен аяқ киім сатушылар ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне шағымданды. Олар  талаптардың ақылға қонымсыз екендігін алға тартады. Наразы топтың болжамынша, тауар құны 20-30%-ға дейін қымбаттап, саудагерлердің жартысы тақырға отыруы мүмкін.

Бизнесті жаңа жүйеге әзірлеуге бес ай, таңбаланбаған тауарларды сатып бітіруге бір жылдан астам уақыт бар. Кәсіпкерлерге арналған цифрлық белгілермен сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы арнайы вебинарлар өткізіп, сала мамандарына жекелей кеңестер береді. Аяқ киімдерді штрих кодтау туралы пайдалы ақпараттар markirovka.kz  мамандандырылған порталында бар.

Биылдан бастап елімізде тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі жұмыс істейтін болады. Ел аумағында тауарларды таңбалау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қазақстанда тауарларды міндетті таңбалау жобасы 2016 жылдан бері әзірленуде. 2020 жылы темекі, алкоголь, сүт, дәрі-дәрмек өнімдерін таңбалау мақсатында пилоттық жобалар жұмысын бастады.  Жобаның бірінші кезеңінде, яғни 2020 жылдың 1 қарашасынан бастап темекі өндірушілер мен импорттаушылар өнімдерін штрих кодтармен таңбалауға міндеттелді. Тауарларды таңбалау темекі нарығындағы көлеңкелі бизнеске әсер етіп, заңсыз айналымдағы қаржыны 3 млрд теңгеге қысқартады деп күтілуде. 2022 жылы дәрілік заттарды, алкоголь өнімдерін және жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлы таңбалауды іске асыру жоспарлануда.

Әлемдік тәжірибеде тауарларды таңбалау тиімді саналады. Цифрлық таңбалауды енгізген біршама елдер өз жобаларын акцизделетін тауарлар мен дәрі-дәрмектерден бастаған. Нәтиже жоба басталған жылы дереу байқалған. Мысалы, Түркияда темекі өнімдерінен түсетін салықтың көлемі 1,8 млрд долларға артқан. Бұл заңды белшесінен басқан жеті зауыттың жабылуына әкелді. АҚШ және Еуропалық Одақ елдерінде де дәрі-дәрмектердің таңбалануынан салық түсімі көбейген.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here