ХІХ ғасырдың басында Есіл өзенінің жағасындағы шағын казак бекінісінің тұрғындарына өздері тұрып жатқан алақандай елді мекеннің болашақта миллионнан астам халқы бар азат елдің астанасына айналады деген ой үш ұйықтаса да түстеріне кірмеген болар. Аз уақытта сайын даланың төсінде жаңа қала бой көтерді. Заманауи ғимараттар шетелдік қонақтарды ерекше сәулетімен тамсандырады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті еліміздің жүрегі Нұр-Сұлтан қаласының даму тарихынан сыр шертеді.
1961 жылы Ақмола қаласы жаңа серпінмен дамыды. Қаланың атауы Ақмоладан Целиноградқа ауысып, тың жерлерді игеру орталығына айналды. Бүкіл Одақтан тың жерлерді игеріп, дамыту үшін Целиноградқа адамдар ағыла бастады.
Еліміз егемендігін алған соң, 1992 жылы қаланың атауы Целиноградтан Ақмолаға қайта өзгерді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау әркімнің жадында әрқалай сақталды. Кейбіреулердің жадында сол кезеңдегі істен шығып жатқан зауыттар мен пештер қалды. Жылу болмаған соң, олардың құбырлары бес қабатты үйлердің терезелерінен шығып, мен мұндалап тұратын. Ал, кейбіреулері үшін бұл жылдар керісінше бизнестің гүлденген табысты кезеңі. Ақмола қатардағы қалалардың бірі болып қала беруі де мүмкін еді. Себебі, Кеңес Одағы тарағанмен, онда мыңдаған адамдар өмір сүріп жатты. Алайда, 1998 жылы астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысып, қаланың атауы тағы да өзгеріп, Астана атанды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 20 қазанда қол қойған Жарлығымен Ақмола қаласы 1997 жылы 10 желтоқсанда ресми түрде Елордасы болып жарияланды. 1998 жылы 6 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың атын Астана деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Ал, бұдан бұрын 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» № 106 Қаулыны қабылдаған болатын-ды.
Астананы ауыстырған тұста қалада жаңа ғимараттар болмады. Көшіп келген барлық мемлекеттік құрылымдарға ескі ғимараттарға орналасуға тура келді. Биліктің екі тармағы сол кездегі ескі орталық алаңнан орын тепті. Заң шығарушы Парламент «Целингипросельхоз» мемлекеттік жобалау институтының ғимаратын алды. Қазір онда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік және Мемлекеттік қызмет академиясы орналасқан. Атқарушы Үкімет болса, бұрынғы кеңестер үйін иемденді. Бұл ғимаратқа Президенттің ресми резиденциясына айналған тағы бір ғимарат қосылып салынды. Қазір Үкіметтің бұрынғы ғимаратында – Елорда әкімдігі, ал Президенттің бірінші резиденциясында – Тұңғыш Президент мұражайы орналасқан.
Жаңа астанаға көшу мен құрылыс жұмыстары ерекше қарқынмен басталды. Алғашқы екі жылда мемлекеттік органдардың кеңселерін ретке келтіру үшін әкімшілік ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Мемлекеттік қызметкерлерге арналып тұрғын үйлер салынып, көшелерді көгалдандыру жұмыстары мықтап қолға алынды. 1999 жылға қарай қалада жаңадан «Самал» шағын ауданы салынып, Дипломатиялық қалашық, Қаржы министрлігінің ғимараты мен «Қазақстан» спорт сарайы бой көтерді.
Есіл өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталды. 2001 жылы қала құрылысының Бас жоспары бекітілді. Қаланың дамуы әлемге әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның басшылығымен жүзеге асты. Сөйтіп, еліміздегі ең үлкен құрылыс басталды. Мемлекеттік органдар үшін жаңа ғимараттар, тұрғын үй кварталдары мен монументтер бірінен соң бірі бой көтерді. Осылайша, «Бәйтерек» монументі 2002 жылы салынып, бүгінде қаланың ең көрікті аймағына, төлқұжатына айналды. Бұл әлемдік үрдіске айналған деуімізге болады. Мәселен, Эйфель мұнарасы Францияның төлқұжатына, Кремль Ресейдің, Бостандық мүсіні АҚШ-тың төлқұжатына айналғандай «Бәйтерек» те еліміздің мақтанышы. Сәулетші Ақмырза Рүстембековтің бұл туындысының биіктігі 97 метрді (1997 жылы Елорданы астана деп жарияланған жылды білдіреді) құрайды.
Тәуелсіз Қазақстан астанасының символына айналған «Бәйтерек» монументі идеясының авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы конференциялардың бірінде отырғанда монументтің нобайын майлыққа сызған екен. Монументтің өн бойы мағынаға тұнған. Бәйтерек – өмір ағашы. Теректің тамыры жермен байланып, ұшар басы аспанды тіреп тұр.
Орман отырғызу жұмыстары да жаһандық жобаның маңызды құрамдас бөлігінің біріне айналды. Ол жер ертеден бері батпақты мекен болатын. Ағаштар мүлдем болмаған. Сол үшін де ондағы батпақтарды ағызып, қала маңын жасанды жолмен көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда «далалық Манхэттенді» 10 миллионнан астам ағаштар мен 2 миллионнға жуық бұталар қоршап тұр. Жасанды «жасыл белдеу» қаланы желден қорғап, өте маңызды функцияны орындауда.
Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жазық даладағы «жасыл белдеудің» нағыз орманға айналғаны өте маңызды. Барлығы да бұл жерде ағаштардың өспейтіндігіне сенімді еді. Бірақ, орманшылар мен ғалымдардың бірлесе отырып жұмыстарын сауатты жүргізуі, климатқа сай келетін көшеттерді ұтымды сұрыптауы бізге керемет нәрсе жасауға мүмкіндік берді», – деп саралайды.
Бүгінде көптеген адамдар мұнда 20 жыл бұрын ескі саяжайлар мен иен дала ғана болғанын еске алады.
Жылдар өтті. Астана күн санап қарыштап дамып келеді. Қала еліміздегі екінші ірі шаһарға айналды. Көптеген заманауи сәулеттегі қала құрылысының жобалары іске асырылып, Елорда аумағы кеңеюде.
2019 жылы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің отставкаға кететінін жариялады. Сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа мемлекет басшысы болды. Ұлықтау рәсімінде ол Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынды. Шешім Парламент пен қалалық мәслихатта қолдау тапты.
23 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев қала атауын қайта өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл ретте қала тұрғындарын баяғыдай астаналықтар деп атау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан тұрғындарына құжаттарды ауыстырудың қажет емес екендігі жарияланды.
2020 жылы Нұр-Сұлтан әуежайы халықаралық әуе көлігі қауымдастығының үш әріптік кодын (IATA) TSE-ден NQZ-ге ресми түрде ауыстырды. Себебі, ескі код жарамсыз деп танылды.
Жаңа астанаға бастапқыда жақын аймақтардан, содан кейін шалғай аймақтардан тұрғындар көшіп бара бастады. Қала халқының күрт өсуі жаңа тұрғын үйлер салу қажеттілігін тудырды. Қазақстанның бас қаласындағы құрылыс көлемі құрылыс материалдарының жабдықтары мен адам ресурстарының орасан зор көлемін талап етті. Астана үлкен құрылыс алаңына айналды. Әйтсе де, қаланың тұрақты дамуы тоқтаған жоқ. Жаңа тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар әлі де бой көтеруде. Астана экономикасының дамуы қаланың әлеуметтік өмірін ілгерілетті. Тиісінше, жаңа мектептер мен ауруханалардың қажеттілігі пайда болды.
Таяудағы бес жылда астанаға 50 мектеп салу үшін 2017 жылы құрылыс жұмыстары басталды. Аталмыш жобаға сенгендерден гөрі күдіктенгендердің қарасы көп еді. Оған себеп те жоқ емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл Қазақстан бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жариялады. Ал, қала әкімдігінің бағдарлама аясындағы нысанның тең жартысын бір ғана қалада салуды жоспарлауы мүмкін еместей көрінетіні рас. Дегенмен, батыл қадамдардың арқасында жобалардың бірқатары жүзеге асты және білім беру мекемелерінің құрылысы әлі де жалғасын табуда. МЖӘ қағидаты бойынша мектептердің құрылысы дами бастады. 2017 жылы олардың саны небәрі 12 болса, қазір олар отыздан асады.
Алдағы бес жылда елордада тағы 67 мектептің құрылысы жоспарланған. Оқу орындарының құрылысы жеке инвестицияларды тарту есебінен жүргізілуде.
Нұр-Сұлтандағы халықтың жыл сайынғы өсімін ескере отырып, енді ірі мектептер салынатын болады. Оның 15-і биылғы жылы салынады. Жоба бойынша, 15 мектепке жалпы саны 40 мың оқушы сыяды.
«Ішкі көші-қон есебінен де, туу көрсеткішіне байланысты да Елорда тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Егер 2010 жылы қала мектептерінде 74 мың оқушы білім алса, қазір 193 мың оқушы білім алуда. Бірінші сынып оқушыларының саны жыл сайын көбейіп келеді. Мысалы, 2019 жылы мектепті 5,5 мыңнан астам түлек бітірсе, бірінші сыныпқа барғандардың саны 24,5 мың оқушы. 2020 жылы 6,6 мың түлек болса, 21 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттады. Біздің ойымызша, 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мың мектеп оқушысы болады. Әрине, бұл өте тамаша нәтижелер. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарына қажеттілік бар жерлерде мектеп салуды белсенді түрде талап етеді», – деді Елорда әкімі Алтай Көлгінов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде халыққа есеп беру кездесуінде.
Астаналық мектептерде білім берудің заманауи стандарттары енгізілуде. Мысалы, 2021 жылдың маусымында елімізде алғаш рет мемлекеттік мектеп Халықаралық бакалавриат бағдарламасына рұқсат алды. Ал, Нұр-Сұлтандағы оннан астам мектеп Кембридж университетімен ынтымақтасып жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, қаланың білім беру мекемелерінде инклюзивті және экологиялық білім беруде үлкен ауысымдар жүріп жатқанын атап өткен жөн. Білім беру процесстерін автоматтандыру жөнінен де Елорда көш бастап келеді. Бұл «Индиго» жүйесі арқылы балабақшаға қабылдау барысындағы жемқорлықтың жолын кеседі.
Елорда қарқынды дамуын жалғастыруда. Биылғы жылдың 18 маусымында Мемлекет басшысы «Салауатты Астана» ЖШС басқаруындағы бір ауысымда 500 адам қабылдайтын №103 емханаға барды. Медициналық орталыққа тіркелген тұрғындарға 23 сала бойынша консультациялық-диагностикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, ересектер мен балаларға оңалту қызметтерін көрсету мақсатында 150 орындық күндізгі стационар ашылды.
Бүгінде қалада Ақмолада бұрын-соңды болмаған бірегей медициналық ұйымдар жұмыс істейді. Қазіргі таңда заманауи медициналық технологиялар енгізіліп жатқан орталықтар: кардиохирургия мен нейрохирургия орталығы, балаларды оңалту орталығы, ана мен бала орталығы, ұлттық медициналық ғылыми орталығы мен травматология орталығы.
Жиырма жылдан астам уақыт ішінде қалада 11 емхана ашылды. Таяу арада мұнда 250 төсектік перзентхана мен «Астана» медициналық университетінің жанынан 800 орындық стационар ашылады. 2021 жылдың маусымында Нұр-Сұлтан қаласында «Гамма-пышақ» медициналық кешені іске қосылды. Бұл миға пышақпен тілмей, наркоз салмай ота жасауға мүмкіндік береді. Бұл салада еліміз ТМД бойынша үшінші және Орталық Азия елдерінде жоғарғы технологиялық жабдығы бар ел ретінде бірінші болып отыр.
Шаһар инвестициялық жобалар үшін де тартымды саналады. Биыл әкімдік 2 трлн теңгеден астам қаржыны талап ететін жобаларға қолдау көрсетті.
Алтай Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде: «Мәселен, құрылыс компаниясы «Мodex» зауытын салды. Бұл үй құрылысының комбинаты. Ол бағаны айтарлықтай төмендетіп, құрылыс нысанының тезірек бітуіне әсер етеді. Азық-түлік жеткілікті болу үшін нан зауытын, сүт зауытын, жылыжай мен көтерме және бөлшек сауда орталықтарын салып жатырмыз», – деді.
Соңғы он жылда Елорда тұрғындарының саны екі есеге өскенін айта кеткен жөн. Салыстыра кетсек, 2010 жылы 650 мың тұрғын болса, биыл 1 миллион 200 мың тұрғынның бар екені анықталды. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 миллионға дейін өседі деп күтілуде. Бұл болжамды ақылға қонымды деп санауымызға болады. Себебі, бұрынғы болжам бойынша астана халқының саны 1 млн 200 мыңға 2030 жылы жетеді деп болжанған еді. Ал, Елорданың мұндай нәтижеге он жыл ерте жетіп отырғанын ескеруіміз қажет.
«Қала тұрғындары үшін маңызды әрі күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – тұрғын үй. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз қолжетімді тұрғын үй құрылысының ауқымын ұлғайту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы 7 мыңнан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткішті он мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Таяуда халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобындағы тағы 400-ге жуық кезекте тұрғандарға пәтер кілттері табысталды. Жалпы айтқанда, қолжетімді баспана қаланың барлық аудандарында салынуда», – деп түсіндірді Алтай Көлгінов.
Нұр-Сұлтанда биылдың өзінде 10 мың әлеуметтік жеңілдіктегі пәтерлер салынады. Соңғы үш жылда қолжетімді тұрғын үйлердің саны 5,5 есеге артты. Сонымен қатар, биыл Елордада ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жалғасын табатын болады. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы бір мыңнан астам жастарды баспаналы етпек.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Заманауи шаһардың келбетін қандай алғышарттар құрайды? Бұл дегеніміз жайлы үйде тұрып, кәсіби дәрігерден ем алу, заманауи спорттық нысандарда дене шынықтырумен айналысу, балаларды сапалы мектептер мен балабақшаларға апару мүмкіндігі. Бұл тұрғыда Нұр-Сұлтан шаһары еліміздің бас қаласы ретінде өзге қалаларға темірқазық болатыны сөзсіз.
Жоба жетекшісі: Фараби СӘЙКЕНОВ