Сексеннің сеңгіріне сергек шыққан қайраткер

0
3025

Адамзат баласы есімінің кейінгі ұрпақтарға аңызға айналуы оның табиғат берген дарынын жарқыратып көрсете алуында болса керек. Сол дарынын маңдайына біткен батпандай бағы десек, оның туын жоғарылатып, еңбекшілдігімен, көпшілдігімен ерекшеленген, кекшілдіктен, күншілдіктен, сараңдық пен астамшылдықтан аулақ болып, жандүниесінің нұрлы шуағын жан-жағына шаша білген, бұл күндері қолы ашық, жаны жомарт кәсіпкерге айналған шебер ұйымдастырушы, нағыз азамат Сапар Ысқақұлы 5 тамыз күні сексеннің сеңгіріне сергек шықты.

Қазақ елінде Сапар Ысқақұлының маңдай терімен жинақтаған дәулетін ондаған есе орап кететін бай-бағландар жетерлік. Шүкір! Бірақ, олардың көбі Сапар Ысқақұлы сияқты елге, жерге, халқымыздың ежелгі тарихы мен мәдени мұраларын зерттеуге оң қабақтарын танытып, жетім-жесірлерге қайырымды қамқоршы, ана сүтіне жарымай, әкенің жүрек жылуына малынған саялы алақанын сезбей өсіп келе жатқандардың жел жақтарына пана болып жүргендері аз. Бүгін сексеннің сеңгіріне шыққан қайраткердің жомарттығы, мырзалығы соларға үлгі болуға лайық-ақ. Бұдан елімізге есімдері әйгілі қаламгерлердің ол туралы баспа беттерінде жарияланып жүрген дүниелерінен қалың оқырман хабардар болар. Сондықтан Сапар Ысқақұлы туралы бұл әңгімемдегі айтар ойымды осымен шектеп, жыр шашуға кезек берсем деймін.

Уа! Дөңгеленген дүние!
Өтпелі өмір… өтпелі,
Өмірдің жазы, көктемі.
Әндетсе қаздар сары ала,
Қоңыр күздің жеткені.

Біреулер саған ынталы,
Біреулер саған өкпелі.
Қара нардай қайыспас,
Қайран шіркін жастық шақ,
Ол да алыстап кеткені…

Құйын қуған желмен тең 15 жасыңды,
Дауыл ұрған көлмен тең 25 жасыңды,
Ағып тұрған селмен тең 45 жасыңды,
Ел перісі – 50 жасыңды,
Ел бөрісі – 60 жасыңды,
Желігің басылмаған 70 жасыңды…
Артқа тастап,
Серілігің жалғасқан 80-ге жетіп,
Қарсы ал тордан торғай шалдырмайтын 90-ды…

Асыл да дарынды ұрпақтарыңның алтын құрсақты анасы, немере-шөберелеріңнің теңдестігі жоқ таудай әжесі, Құдай қосқан қосағың Күміс Бейсекқызы екеуіңіз жүзден де асып, саяхаттарыңды қол ұстасып жүріп жалғастырып, аттарың аңызға айналып, алтын кітапқа жазылуына шынайы тілектеспін.

Рулас жақын ағаңыз, Тілептің тікелей ұрпағы, бір кездерде айтыс ақыны ретінде аты шыққан марқұм Қазтай Халықұлының және бұл күндері аруаққа айналған асыл жеңгеңіз, өте қайырымды, ақжарқын, түрге көркем, мінезге бай Ақмоншақ Жармұхамбетқызы мен Раиса Жармұхамбетқызының ұрпақтарының аттарынан жазушылықтан аулақ болсам да, жолдап отырған бұл шынайы да ақ тілектерімді қабыл алыңыз!

Еркін ҚОЖАХМЕТҰЛЫ, Қойлыбайдың қобызын зерттеуші

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here