Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тіл және тәуелсіздік» көрме-байқауы өтті

0
1922

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасы суретшілер одағы Алматы облыстық филиалымен бірлесе Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тіл және Тәуелсіздік» атты республикалық көрме-байқауын ұйымдастарды.

«Тіл және Тәуелсіздік» тақырыбына арналған көрменің лента қию рәсіміне облыстық мәслихатының хатшысы Ж. Жөргенбаев, ҚР Мемлекеттік Елтаңба авторы Ж. Мәлібекұлы, ҚР суретшілер одағының төрағасы Ө. Жұбаниязов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тіл жанашырлары Оразкүл Асанғазы, Асылы Осман және т.б лингвист ғалымдар қатысты.

ҚР суретшілер одағымен бірлесе ұйымдастырылған «Тіл және Тәуелсіздік» байқауы республикамызда тұңғыш рет өтіп отыр.

Байқауға қатысушылар саны 109, шығармашылық туындылар 164. Қатысушылардың ең үлкені 66 жастағы Түркістан облысы Түлкібас ауданы тұрғыны болса, ең кіші қатысушы 9 жасар Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мектеп оқушысы.

Үміткерлер қатарында Сейсенхан Махамбет, Өсербай Шуранов, Марат Әбдіреев және т.б танымал суретшілер, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, сонымен қатар өнер мектептерінің оқушылары бар.

Республикалық байқаудың мақсты – қоғамдағы қазақ тілінің даму тақырыбын ашу, тәуелсіздіктің символына айналған мемлекеттік тілге деген қызығушылық пен құрметке бейнелеу өнері арқылы тәрбиелеу, тілдік ортаның қалыптасуына үлес қосу, тілге, елге жерге деген сүйіспеншілік және жас ұрпақтың руханият мәдениетін дамыту, қылқалам шеберлерінің «Тіл және Тәуелсіздік» тақырыбындағы суреттерін насихаттау.

«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей талант жас талғамайтының ескере отырып, байқауға кәсіби суретшілермен қатар оқушы, студент жастарға қатысуға, және әр қатысушыға бірнеше туынды ұсынуға мүмкіндік берілді.

Республикалық аламанға кең байтақ еліміздің әр түкпірінен Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан қылқалам шеберлері бәйге қосуда. Ұсынылған жұмыстардың жазу техникасы да әр түрлі: майлы бояу, акварель, гризаль, шыны, импато сондай-ақ сәндік қолданбалы өнер стиліндегі жұмыстар. Байқауға ұсынылған барлық жұмыстар көрменің каталог-альбомына енеді.

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді, жеңімпаздардың жұмыстарын жинақтап үлкен қор құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ «You Tube» арнасында «Тіл және Тәуелсіздік» атты виртуалды көрме, аудан, қалаларды аралайтын көшпелі көрме ұйымдастыру жоспарлануда.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here