Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Абай күніне орай Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі парағында құттықтау жазды. Онда былай делінген:
Құрметті достар!
Баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – парасат пен пайым, таным мен тағылым және ой мен өре ұлықталатын ерекше күн.
Шын мәнінде, Абайдың мұрасын насихаттау ұлттың рухани талғамын одан әрі биіктетуге жол ашады. Ойшылдың өсиеттері бізді қай кезеңде де өркениет төріне бастап, бірлік, ізгілік, адамгершілік сияқты игі қасиеттерді дәріптейді. Сондықтан қоғамдық сананы жаңғырту ісінде мұндай атаулы датаның мәні терең.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Адал азамат» ұғымы да ұлы ақынның «Толық адам» тұжырымына табан тірейтіні анық. Сол себепті, ғұламаның өнегесі мен ұлағатын өмірлік ұстанымға айналдыру – баршамыз үшін қастерлі борыш.
Осы жолда қолға алынған маңызды бастамалардың игілігі еселене берсін.
Абай күні құтты болсын!