Меруерт НАЖИПҚЫЗЫ: «Болашақпен» 14 елде ізденісімді жалғастырдым

0
4045

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ел дамуының жарқын жолы ретінде маман дайындаудың сингапурлық үлгісін негізге ала отырып, «Болашақ» халықаралық стипендиясын жариялағанына да 28 жылдан асты. Ол өз сөзінде: «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстанның бренді. Біз сонау 1993 жылдан бері қанша мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасап, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол аштық. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр», – деген болатын.

Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жас ғалымдары да осы бағдарлама аясында бірі шетелде білім алып келсе, енді бірі ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін игерген. Қай-қайсысының да ғылыми әлеуеті жоғары, ал олардың серпіліп, ынта-ықыласының артуына «Болашақ» бағдарламасының тигізген септігі орасан. «Біздің болашақ» айдарында университетімізде осы бағдарламаның шапағатын көріп, ғылыми ізденісін шыңдап жүрген мамандарымыздың ғылым жолындағы жарқын жетістіктерін сөз етеміз.

Биікке бастар жол

Меруерт Нажипқызы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультеті Химиялық физика және материалтану кафедрасының профессор міндетін атқарушы. Қазақстан Республикасының «Болашақ» стипендиясының иегері. 2013 жылы Ұлыбританиядағы Рединг қаласында Рединг университетінің Білім беру институтында аталмыш бағдарлама аясында «Педагогикалық диагностика, білім сапасын бағалау және басқару» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтті. Бұл тағылымдамадан өтуіне өзі қызмет істеп жүрген университет себеп болған. Сол жылы ҚазҰУ әр факультеттен төрт-бес үміткерден шетелге тағылымдамаға қатысуға мүмкіндік барын хабарлайды. Үміткерлер тізімін факультет ректоратқа ұсынып, ары қарай университеттің Халықаралық қатынастар департаменті қандай емтихандар тапсыратынын айтып, конкурс жайлы шарттардың барлығын егжей-тегжейлі түсіндіреді. Екі университет арасындағы келісімшарт, құжат мәселесі бойынша барлық жұмысты халықаралық бөлім өзі жасап, университет арқылы тағылымдамадан өту барынша оңтайлы жүзеге асырылған.

Университет үміткердің кандидатурасын ұсынғаннан кейін ағылшын тілі білімін растайтын халықаралық тест (IELTS), қазақ тілін қаншалықты білетінін растайтын тест, өзіңнің психо-эмоционалды түрде қандай екеніңді көрсететін психологиялық тест және сарапшылардан құралған комиссия мүшелері қабылдайтын ауызша әңгімелесу кезеңдерінен өтеді.

Меруерт конкурсқа тәуекел етіп, соңына дейін ұмтылады. Бірінші турдан өтпегендер келесі турға қатыса алмайды. Бағына қарай, төрт турдан да өтіп, әр турдан қажетті балл жинайды. Нәтижесінде Рединг университетінде «Болашақ» бағдарламасымен жоғарыда аталған мамандық бойынша тағылымдамадан өтуге 10 айға жолдама беріледі. Бұл Меруерттің ғылым саласындағы әрі студент кезден Ұлыбритания елінде білім алсам деген арманына тура жол ашты.

Нанотехнология – заманауи сала

Нанотехнология ғылымының болашағы өте зор және әлем бойынша нанотехнологиямен айналыспайтын университет жоқтың қасы. Меруерт Нажипқызының ғылыми жұмысы да осы – нанотехнология саласы.

Ол 2004 жылдан қазіргі уақытқа дейін аса гидрофобты қасиеті бар күйені, C60 фуллерендерін, графендер мен нанотүтікшелерді жалында синтездеу және оларды қолдану саласында жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар өзі қызмет атқаратын кафедрада «Химиядағы наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша үш сатылы (бакалавриат, магистратура және докторантура) оқу білім бағдарламасын проф. З.Аймұхаметұлы, доцент Р.Ғабдуллақызы, аға оқытушы Ғ.Абушакипқызымен бірге әзірлеген және «Химиядағы наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша магистратура оқу бағдарламасының координаторы. Қазіргі таңда доцент Р.Ғабдуллақызымен бірлесіп, «Химиядағы наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша магистратура және докторантураға үміткер талапкерлерге емтихан бағдарламасы мен түсу емтихан сұрақтарын даярлаған.

Рединг университетіндегі тағылымдама

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Рединг университетіне барғанда ғылыми жұмыстары қалыс қалмау үшін қосымша еңбектеніп, ізденген. Ол өз еркімен және қызығушылығымен Рединг университетінің Томсон ғимаратында қызмет атқаратын профессор Жеоффри Митчеллмен, доктор Питер Харриспен танысып, ғылыми жұмысы жөнінде сұхбат жасап, пікір алмасады. Ол аталған университетте профессор Ж.Митчеллдің зертханасында электроспиннинг әдісі арқылы полимерлі нанотүтікшелер құрамды талшықтарды алу бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тіпті аптаның жеті күнінде де толық тәжірибе жүргізуге тура келген. Ғылыми жұмыстың өзіне тән ауыртпалығы мен қызығушылығының өзі сонда болса керек.  

Нәтижесінде 2013 жылдың 5-6 желтоқсанында Лондонда өткен Electrospinning, Principles, Possibilities and Practice-2013 конференциясында баяндама жасалып, тезис жарияланады.

Тағылымдама барысында ғылыми жұмыстарының нәтижелері бойынша профессор Жеоффри Митчеллмен бірлескен зерттеулері кітаптар мен журналдарда жарияланды. Сонымен қатар Рединг университетінде ашық дәрістерге, Оксфорд университетінде болған Oxford: An International University; The future of Higher Education at Oxford; Oxford and its University атты семинар мен Кембридж университеті ұсынған Changes to Cambridge English: First for Schools and Cambridge English: Advanced – an overview (Cambridge English Language Assessment. Part of the University of Cambridge) семинарларға қатысып, сертификат алады.  

Ғылыми серпіліс

«Болашақ» бағдарламасы – болашаққа апарар жол. Себебі тағылымдамадан кейін М.Нажипқызы көп нәрсеге көзқарасы өзгеріп, жаңашылдық пен білімге құштарлығы арта түскен.  

Содан кейін ғылыми жобалар бойынша конкурстарда бағын сынай бастайды. 2015-17 жж. «Мұздануға қарсы жабындардың технологиясын әзірлеу»; «Көмірсутектердің пиролизі мен жануы режимінде аса гидрофобты көміртекті наноматериалдарды алу технологиясын әзірлеу және олардың негізінде гидрооқшаулағыш материалдарды жасау»; 2018-20 жж. «Суды тазарту үшін диатомит негізіндегі наноқұрылымды материалдарды алу» жобаларында жетекшілік атқарады. Қазіргі таңда (2020-22 жж.) 27 айлық «Электроспининг әдісі арқылы талшықты композициялық материалдар өндіру және олардың негізінде суперконденсаторлар үшін электродтар жасау» атты жобаның жетекшісі. Осы жоба аясында биылғы 24 шілде мен 10 тамыз аралығында Түркия елінің Эскишехир қаласының Эскишехир техникалық университетінде ғылыми және кәсіби-педагогикалық біліктілігін нанотехнология профилі бойынша арттырып қайтты.

2016 жылдың 28 қарашасында Қазақстан Республикасы бойынша «Дарынды жас ғалымдардың мемлекеттік стипендиясының» иегері, 26.04.2014 ж. – 25.04.2017 ж. дейін Universal Journal of Applied Science журналының редакторлық кеңесінің мүшесі және 2015-17 жж. аралығында Eurasian Chemico-Technological журналының редакциялық алқасының мүшесі, 2017-19 жж. аралығында Advances in Materials Chemistry журналының редакциялық алқасының мүшелігінде болған. Сондай-ақ ол өнертабыстың дамуына қосқан үлесі үшін 2018 жылдың 22 қарашасында Ресей жаратылыстану академиясының «Нобель» медалімен, төсбелгімен марапатталған.

Ол білім-ғылым саласындағы табысты жетістіктері үшін 2016 жылы «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атағын иеленді. Бұл үздік оқытушы сыйлығын алдағы жұмыстары мен тағылымдамалары үшін мақсатты түрде пайдалана білген. Соның арқасында 2017 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында көміртекті наноматериалдарды алу және олардың қолданылуы саласында атақты ғалым, профессор Тереза Бандостың зертханасында (City College of New York) екі апта және Жапония елінің Токио қаласында әйгілі Васеда университетінде әйгілі ғалым, профессор Сугуру Ноданың басшылығымен нанотехнология саласы бойынша, дәлірек айтқанда, гидрофобты көміртекті нанотүтікшелерді синтездеу жұмыстары бойынша бір айдан аса уақыт тәжірибе жүргізеді.

Сонымен қатар 2018 жылдың қаңтарында Рединг университетінде доктор Питер Харристің зертханасында ғылыми жұмыстармен екі апта мерзімге тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.

Ол бүгінде докторантура бағдарламасы бойынша «Наноматериалдар мен нанотехнологиялар (химия ғылымдары)», «Наноматериалдар мен нанотехнологиялар (физика)», «Жарылғыш заттар мен пиротехникалық құрамдардың химиялық технологиясы» мамандықтар тобы бойынша Диссертациялық кеңесінің ғалым хатшысы қызметін де абыроймен атқарып келеді.

«Болашақ» бағдарламасы аясындағы бірегей тағылымдаманың аяқталғанына сегіз жыл уақыт өтсе де, доктор Питер Харрис пен профессор Ж.Митчеллмен әлі де тығыз қарым-қатынас жалғасып келеді.  

«Болашаққа» алғыс

«Болашақ» бағдарламасы Меруерт Нажипқызының кейінгі тағылымдамаларына жол ашқан бірегей мүмкіндік мектебі болған. Содан бері Португалия, Үндістан, АҚШ, Жапония, Италия, Ұлыбритания, Ресей, Түркия елдерінде тағылымдамалардан өтіп, Қытай, Корея, Германия, АҚШ, Австралия, Испания елдерінде ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама жасаған. Ол жалпы саны 14 мемлекетте өз ізденісін арттырған. Соның барлығы «Болашақ» бағдарламасының, шет тілін жетік білуі мен ғылым-білімге құштарлығының жемісі. Ол әңгіме соңында өзінің ғылыми ізденісіне үлкен жол ашқан Елбасына, ҚазҰУ-ға, факультеті мен кафедрасына, Жану проблемалары институтына және ғылыми кеңесші З.Мансұровқа алғыс білдіретінін жеткізді.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here