Садақ атудан ұлттық құрама Көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр

0
979

Алматыда дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың көшпелі оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Ұлттық құрама қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады.

Оқу-жаттығу жиынына 12 спортшы қатысады: іріктеуден өткен 10 спортшы және тағы 2 спортшы резервте болады. Оның ішінде 6 ер адам, 4 қыз көшпенділер ойындарының ережелеріне сәйкес жарыстарға қатыспақ.

«Жаттығулар өте қарқынды жүріп жатыр, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аз қалды. Сондықтан біз қазір жаттығуды күшейтіп, жаңа әдістерді үйреніп жатырмыз. Спортшыларымыз халықаралық деңгейде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бүгінде спорттың осы түрі бойынша Көшпенділер ойындарына қатысуға 35 ел тіркелген, бұл деген 300-ге жуық спортшы. Барлығы біздің спортшылармен бір аренаға шығып, бірінші орынға таласады. Осындай дайындық арқылы біз жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз және спортшыларымыз тұғырда көк туымызды міндетті түрде көтереді», – деді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Диас Ахметов.

Дайындық барысы туралы дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тапенов айтып берді.

«Мен 5 жылдан астам уақыттан бері дәстүрлі садақ атумен айналысып келемін. Бұл ерекше спорт, өйткені ол зейінді, шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Қазір V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтан өтіп жатырмыз, іріктеуден өттік, ойынға қатысушылар құрамына кірдік. Өзімізді жоғары деңгейде көрсетеміз деп ойлаймын», – деді спортшы.

Естеріңізге сала кетейік, республикалық садақ ату федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, JORYQ федерациялары да кіреді. Ал қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here