Отандық кәсіпкерлік қалай дамуда?

0
1078

Бүгінде Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті сәтті дамытуға барлық жағдай жасалуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша мақсатты әрі жүйелі саясат жүргізу – елдің экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі.

Еліміз бен ел өңірлерінде кәсіпкерлікті кешенді қолдаудың маңызды құралы – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында кәсіпкерлер несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиені ішінара кепілдендіру, оқыту, бизнес жүргізуді, шетелде тағылымдамадан өтуді сервистік қолдау түрінде қолдауға ие болады.

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ДҰРЫС БАҒЫТТАРЫ

Жалпы алғанда, бағдарлама Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2030» стратегиясы және «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауларын жүзеге асыруға, сонымен қатар, елдегі бизнес ахуалды жақсартуға арналған, бұрын қабылданған бірнеше салалық бағдарламаларды біріктіруге бағытталған. Бағдарлама мақсаты – өңірлік кәсіпкерліктің теңгерімді өсімін, тұрақтылығын қамтамасыз ету және жаңа тұрақты жұмыс орындары мен қазіргі жұмыс орындарын сақтау, қолдау. Бағдарламаның негізгі міндеттеріне моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлікті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, өнеркәсіптік өндірісте және экономиканың басым секторларында қызметтерді жүзеге асыратын кәсіпкерлерді салалық қолдау жатады. Осы бағыт шеңберінде өнеркәсіптік өндірістен шығатын өнім көлемін арттыру, бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс құру, шағын және орта кәсіпкерлікте халықтың жұмысқа орналасуын арттыру қарастырылған. Сонымен бірге, моноқалалар мен шағын қалаларда, ауылдық жерлерде кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын ұлғайту да – басты міндеттердің бірі. Сол мақсатта мемлекеттік гранттар беріледі. Одан бөлек, өнеркәсіптік өндіріс шығаратын өнім көлемін арттыру көзделуде. Осы міндеттерді орындау үшін несиелер, банк қаржылық лизингтері келісімшарттары, лизингктік компания, несиені ішінара кепілдендіру бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жаңа бәсекеге қабілетті өндірістер құру көзделуде, бұл кәсіпкерлер мен индустриалды аймақ жобаларының жетпейтін инфрақұрылымын толықтыру үшін керек.

Шағын және орта кәсіпкерлікте халықты жұмыспен қамту көлемін арттыру үшін несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылады. Шетелдік валютаның ауытқуына байланысты валюталық тәуекелдердің несиелік түріне ауысуына жол бермеу мақсатында аталған субсидиялау жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек кәсіпкерлікті ақпараттық-талдаумен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, Еуразия Экономикалық Одағына мүше мемлекеттердің кәсіпкерлік қызмет жүргізу шарттарын түсіндіру де өте маңызды қызметтердің бірі.

Сонымен бірге, кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру үшін кәсіпкерлік қызметтің негіздеріне оқыту, мамандар мен кәсіпорындардың топ-менеджерлерінің біліктілігін арттыру көзделген, қазіргі кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету, рұқсат құжаттары мен техникалық шарттарын алу мәселелерін шешу бойынша консультация беру қарастырылған.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ бәсекелес ортаны зерттеу орталығының директоры Салтанат Каменованың айтуынша, Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің қалыптасуы ел тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болып келеді. Ол үшін осы жылдар ішінде қажетті шаралардың бәрі жасалған. Ол сондай-ақ экономикалық қиындықтарға қарамастан Қазақстан кәсіпкерлікті дамытудың дұрыс бағытын таңдағанын жеткізді. Соның арқасында тәуелсіздік жылдарында іс жүзінде шағын және орта бизнес секторы дымнан дым жоқ жерден дамып, көтерілді. Бұған шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтіндердің 10 есе артуы айғақ болады. Мәселен, 1999 жылы елде 340 мың ғана кәсіпкер болған болса, 2020 жылы олардың саны 3,3 млн адамнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлердің елдің ЖІӨ-не қосар үлесі 2020 жылы 32,8 пайыз болды.  

Қазақстандағы жеке кәсіпкерліктің дамуын шамамен 5 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Бірінші кезең – баға либерализациясы жағдайында шағын бизнесті дамыту. Ол кезде нарықтық экономиканың субъектісі – сауда мен қызмет саласындағы кооперативтер мен шағын кәсіпорындар болды. Ал ірі кәсіпорындар өздерінің өнімін шығару, жөндеу, негізгі және қосалқы өндірістерге қызмет көрсету бойынша көптеген коммерциялық құрылымдар құрды, – дейді спикер. Тоқсаныншы жылдардың басында республикада шағын кәсіпкерліктің 34,5 мың субъектісі құрылып, жұмыс істеді.

«КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ МЕН ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ  ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНДЫ?

Қазақстан экономикасының ерекше секторы ретінде шағын кәсіпкерлікті құруды құқықтық қамтамасыз етудегі ең алғашқы қадамдардың бірі – 1992 жылы 4 шілдеде ҚР «Жеке кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау туралы» заңын қабылдағаны болды. Бұл маңызды құжат жеке кәсіпкерлік ұғымын толықтай бекітті. Бірінші рет заң деңгейінде жеке кәсіпкерлік қызметтің субьектілері нақты анықталды, сонымен қатар оған заңсыз кедергі жасау жауапкершілігі қарастырылды. Енді қалыптасып келе жатқан шағын және орта бизнес мемлекеттік қолдауға мұқтаж болды. Оның нарықтық орта жағдайына бейімделуі үшін 1992-1994 жылдарға арналған ҚР Кәсіпкерлікті дамыту және қолдаудың бірінші Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.  

Сол бағдарлама аясында кәсіпкерліктің заңдық базасы құрылды. Ол тауар өндірушілерді ынталандырып, жеке мүлікті қорғауды, қолсұқпаушылықты қамтамасыз етті. 1996 жылдың соңында елде жеке кәсіпкерліктің ұлттық негізі қалыптасты, ол ауыл шаруашылығы өнімдерімен 70 пайыз, өнеркәсіптік өнімдермен 40 пайыз, сауда тауар айналымы және қызметтер көлемімен 90 пайыз қамтамасыз етуді көздеді, – дейді сарапшы.

Бұл кезеңде біртіндеп жеке кәсіпкерлікті қолдаудың іргетасы қалана бастады. Ол жеке кәсіпкерлік пен өндірушілерді қорғау мен нығайту, жеке кәсіпкерлікті дамыту қорын құру бойынша шараларды қамтыды. 1997 жылы сәуір айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры құрылып, жұмысын бастады.

Күрделі салық жүйесі мен салық көлемінің көптігі бастапқы кезде ШОК-тың дамуына айтарлықтай кедергі келтірді. Сонымен 90-жылдардың басында республикада салықтың 43 түрі болды, оның 16-сы жалпы мемлекеттік, 10-ы жалпыға міндетті салықтар мен салымдар, 17-сі жергілікті салықтар мен жинақтар болды. Оған қоса, ШОК жағдайы салық заңының тұрақсыздығын күрделендіре түсті.

1994 жылы мемлекетте салық жүйесін құру және салықты реттеу жолында алғашқы нақты қадамдар қабылданды. «Жеке тұлғалардың табыс салығы туралы» және «Заңды тұлғалардың кірістері мен табыс салығы туралы» заңды күшіне ендіретін ҚР Президентінің Жарлығы шықты.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың екінші кезеңі мемлекеттің қатаң монетарлы және фискалды саясатымен көрініс тапты. Макроэкономикалық тұрақтылыққа жету үшін Үкімет өндірістік қызметті ынталандыратын салық жеңілдіктерін қысқартып, бұл өз кезегінде кәсіпкерлікке теріс әсер етті. Шағын кәсіпорындар мен ЖШС, кооперативтердің өндірістік салаларында жұмыс істейтіндердің саны күрт азайып, несиеге қолжетімділіктің төмендеуі, жеке жабдықтарының жетіспеуі, жоғары инфляция кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі бөлігі өндірістік саладан сауда-делдал және коммерциялық қызметтерге қарай жылыстауына алып келді. 

Ал үшінші кезеңінде банкроттық, монополияға қарсы қызмет, бюджет жүйесі, Ұлттық банк, мұнай, салық және міндетті төлемдер туралы жаңа заңдар қабылданды, олар жүргізілетін экономикалық, соның ішінде кәсіпкерлік саладағы реформаларды тереңдетуге құқықтық негіз болды.

Кедендік одақ құру туралы келісімшарт жасалды. 1998 жылы құрылған шағын кәсіпкерлікті қолдау Агенттігі 1999-2000 жылдарға арналған шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Құжатта шағын кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау мәселелерінде үкіметтік емес ұйымдардың рөлін күшейту, өндірістік секторды дамыту, шағын кәсіпкерлік қызметтерінің негізгі аспектілерін мемлекеттік реттеуден салалық және сала аралық қауымдастықтар арқылы өзін өзі реттеуге, «мемлекет-кәсіпкерлік бірлестік» әріптестік қарым-қатынасы жүйесін құруға көшу қарастырылды.

1999 жылдан бастап қазақстандық кәсіпкерліктің әлеуеті арта бастады.

2002 жылдан «Даму» қоры жеке қаржысымен тікелей шағын бизнесі несиелендіруді бастады. Сонымен қатар «Республикалық бюджет қаржысынан шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу бағдарламасы» және «2004-2006 жылдарға арналған шағын қалаларды дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылды.

Қазақстанда жеке кәсіпкерліктің қалыптасуындағы өзгерісті кезең 2000-жылдардың ортасында болды. Бұл – қазақстандық кәсіпкерліктің дамуының төртінші кезеңі болатын. Мемлекет бизнеске құлақ түріп, бизнес үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасау бойынша шаралар әзірлеп, қабылдай бастады. Кәсіпкерлік институтының заңды негізі – 2006 жылы 31 қаңтарда қабылданған «Жеке кәсіпкерлік туралы» заң болды, – дейді Салтанат Каменова.

Осы заңда әсіресе, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері ұғымдарын бөліп қарау туралы айтылды, сонымен қатар жеке кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін кепілдіктер, негізгі әлеуметтік, экономикалық, құқықтық шарттар анықталды.

БИЗНЕСТІ САҚТАУ ЖӘНЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ

2010 жылы «Даму» қоры кәсіпкерлерді несиесі бойынша мөлшерлемесін субсидиялаудың қаржы агенті және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оқыту және консультация беру бағдарламасының операторына айналды. Бұл жерде айта кетерлігі – шағын және орта бизнес елдің жоғары басшылығының ұдайы назарында болғандығы. Түрлі деңгейдегі жиындарда ШОБ-ты тұрақты дамыту – елдегі басым бағыттардың бірі екендігі бірнеше рет айтылды. 2019 жылы Халыққа Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл ойнайтынын атап өтті.

Ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.  

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жобаларға басымдық бере отырып, ШОБ-ты мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесін қайта қарастыруды тапсырды. Әлеуметтік қырына көп көңіл бөле отырып, яғни бірінші кезекте көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін отбасылық бизнес құруға назар сала келе кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа түрлерін қарқынды түрде енгізу керектігін айтты.

Бүгінде Қазақстанда отандық кәсіпкерлік саласы қарқынды даму кезеңін бастан өткеруде. Елде соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қабылданды. Оған әкімшілік кедергілерді қысқарту, тіркеу рәсімдері мен лицензиялауды азайту, шағын және орта кәсіпорындар үшін жеңілдіктер мен қаржылық қолдау ұсыну жатады. Үкіметте қазіргі таңда әкімшілік жүктемені азайту, іс жүргізуді жақсарту үшін жүйелі шаралар қарқынды енгізіліп, кәсіпкерлік секторды ынталандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде анағұрлым қажетті құралдардың бірі – «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары. Былтыр 12 мыңнан астам бизнес жобаларға 1 трлн теңге несие субсидияланған, кепілдендіру 340 млрд теңге сомасын құрайтын 8 мың жобаға берілген. Қаржылық емес қолдаудың арқасында 10 мыңнан астам кәсіпкерлер оқытылып, 166 мыңнан астамы түрлі консультациялар алған. Биыл бюджеттен шағын және орта бизнесте жұмысын жалғастырып жатқан 40 мың және енді бастаған жаңа 20 мың жобаны қолдауға қаржы бөлінген.

Елімізде инновациялық кәсіпкерлікті де дамыту назардан тыс қалмайды. Бұл сала отандық кәсіпкерлікті дамытудың маңызды бағыты саналады. Соңғы жылдары Қазақстанда инновациялық жобалар мен стартаптар қатты қолдауға ие болуда. Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық қорлар инновациялық кәсіпкерлерге қаржылық және сарапшылық қолдау көрсетеді. Технологиялық парктер, инкубаторлар және акселераторлар құру да елдегі инновациялық кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2024 жылғы өнеркәсіп туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу мақсатында кәсіпкерлік өкілдері арасында сауалнама жүргізуде. Жыл сайынғы бұл құжат отандық индустрия, халықаралық рейтинг және оны дамытудың әлемдік трендтері туралы ақпараттардан тұрады. Онда осы саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдары да қарастырылады. Ұлттық баяндама деректері тікелей өнеркәсіптік саясатты құруға әсер етеді. Құжатты жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, кәсіпкерлік және қоғам өкілдерімен тығыз байланыста бола отырып мемлекеттік органдар әзірлейді. Кәсіпкерлер өнеркәсіптік өндіріс саласын дамытуға үлкен үлес қосады. Сондықтан аталған министрлік пен  QazIndustry барлық бизнес-қоғамдастық өкілдері мен мүдделі тараптарды онлайн-сауалнамаға қатысуға шақырады. Сауалнама нәтижелері басқарушылық шешімдерін қабылдау үшін ел басшылығына жолданады.

Қазіргі таңда бизнес саласындағы түрлі зерттеулерде саланы жаңа жағдайларға бейімдеу мәселесі көп айтылады. Осы тұрғыда әлемдегі және Қазақстандағы бизнес басшылары үшін маңызды факторлардың бірі – жаңа өнімдер мен қызметтердің әзірленуі, жаңа технологиялардың енгізілуі және жаңа серіктестердің қалыптасуы болып саналады. Оған қоса болашақ бизнестің өміршеңдігінің негізгі шарттарының бірі ретінде тұтынушылардың қалауларының өзгеруін де атап өткен жөн. Бизнесті одан әрі сақтау және жүзеге асыру жолындағы кедергілер ретінде нормативтік-құқықтық база да көрсетілуде.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстандық бизнес-жетекшілер кәсіпкерлікті дамытудағы басты қиындықтар ретінде ең бірінші кезекте технологиялық мүмкіндіктердің жетіспеушілігін, инфрақұрылымға қатысты проблемаларды және шектеулі қаржылық ресурстарды атап өтеді. Осындай зерттеулер мен сауалнамалар негізінде мемлекет деңгейінде түрлі бағдарламалар мен жобалар жасақталып, отандық кәсіпкерліктің кедергісіз дамуына нақты қадамдар жасалмақ. 

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here