Леонардо да Винчидің ең  жұмбақ туындысы – Қазақстанда

0
386

Леонардо да Винчидің атақты La Bella Principessa туындысы Қазақстанға алғаш рет әкелініп, көпшілікке ұсынылмақ. Ғажайып мүмкіндік Италияның Астанадағы елшілігінің, ForteBank, Mastercard, Scripta Maneant, Италия мәдениет институтының, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ.

Бұл туындыны бір кездері Германияда XIX ғасырда жасалған деп есептелді, алайда, 2009 жылы өнертанушылар суреттің XV ғасырда салынғанын және оның авторы Леонардо да Винчи екенін сенсациялық түрде жариялады. Бұл атрибуция пергаменттен табылған Леонардоның саусақ ізімен дәлелденген.

La Bella Principessa – итальяндық ақсүйектер қатарына жататын жас қыздың портреті, оны Оксфорд профессоры Мартин Кемп XV ғасырдың аяғында итальяндық суретші салған деп мәлімдейді. Жоғалып кеткен, содан кейін қайтадан табылған шығарма – ең жұмбақ туындылардың бірі. Бұрын картина бүкіл әлем бойынша бес рет қана қойылып, әр уақытта сыншылар мен көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды. Қазір кейбір өнер сарапшылары оны 100 миллион фунт стерлингке бағалайды.

РЕЗОНАНС ТУДЫРҒАН КАРТИНА

La Bella Principessa – Варшава Сфорциада кодексінен алынған сурет, ұлы шебердің қызыл, қара және ақ бормен орындалған пергаменттегі жалғыз жұмысы. Дәл осы факт және портреттің нақты шығу тегінің жоқтығы картинаның авторлығына қатысты көптеген дауды тудырды. Әлемдік мұражайлардың, соның ішінде Нью-Йорк метрополитені мен Вена Альбертинасы сияқты ірі музейлердің басшылары Леонардо да Винчидің жаңа туындысының ашылғаны туралы хабарды жасырмай скептицизммен қабылдады.

Айтпақшы, әлем қауымдастығы бұл портрет туралы алғаш рет 1998 жылы Christie’s аукционында – Флоренцияда тұратын швейцариялық реставратордың жесірі профильдегі бұрын беймәлім әйел портретін сатқан кезде білді. Аукцион үйі туындының авторы XIX ғасырдың басындағы неміс шебері (назарендіктердің бірі) екенін анықтады. Графикалық жұмысты арт-дилер Питер Силверман 19 000 долларға сатып алған. Ол бұл картина Christie’s-дің қызметкерлері ойлағандай Ренессанс өнерінің кеш стилизациясы емес, сол дәуірдің шынайы туындысы болуы мүмкін деп үміттенді. Ол тапсырыс берген радиокөміртекті талдау пергаменттің 1440-1650 жылдар аралығында жасалғанын анықтауға мүмкіндік берді.

2000 жылдары картинаның сараптамасына түрлі мамандар тартылған. Ең үлкен резонансты 2009 жылы саусақ ізі бойынша сарапшы Питер Бироның суреттің төменгі жағында Леонардо да Винчидің Ватикандағы «Әулие Джеромдағы» ізін «өте еске түсіретін» саусақ ізі анық көрінетіні туралы мәлімдемесі туғызды.

Оксфорд университетінен Мартин Кемп суретті Леонардо туындысына жатқызуды қолдады. «La Bella Principessa. Миландық әйелдің профильдік портреті (2010)» кітабында ол осы атрибуция үшін көптеген дәлел жинады: жақсы сызылған бөлшектер, сол жақ көлеңкелер, жоспарды жүзеге асыру кезіндегі көптеген өзгеріс іздері. «Әдемі Ферроньерге» ұқсастығы бойынша ол туындыны «Әдемі ханшайым» деп атады.

Айтпақшы, портрет кейін қайта сатылды, қазіргі уақытта өз атын атағысы келмейтін канадалық тұрғынға тиесілі.

МӘДЕНИ ШАРАЛАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТАДЫ

«Мәдениетті ілгерілету – Италия мен Қазақстан арасындағы диалогтың қуатты қозғалтқышы. Леонардо – Ренессанс адамының бейнесі, таланттың, данышпандықтың және шығармашылықтың Мәңгілік өзекті белгісі. Оның бір шедеврінің Астанадағы көрмесі – елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың бірегей мүмкіндігі» – деді Италияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Марко Альберти.

Көптеген жылдар бойы ғалымдармен, мұражайлармен және технологиялық ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтасып келе жатқан Scripta Maneant баспасы Италияның Қазақстандағы елшілігімен, Италияның мәдениет институтымен, ForteBank және Mastercard компанияларымен Леонардоның осы жұмысын Астанада таныстыру үшін ынтымақтасқанын мақтан тұтады және келушілермен Ренессанстың ең жоғары өнері әрқашан кепілдік беретін эмоциялармен бөліседі.

«Бүкіл әлемдегі негізгі мәдени іс-шараларды қолдау MasterCard жұмысының маңызды бағыты. Оның көмегімен компания баға жетпес сәттер сыйлап, танымал әртістермен, музыканттармен және суретшілермен кездесу сияқты бірегей мүмкіндіктер береді. Біз бұл жобаны қуана қолдадық және қазақстандықтар Леонардо да Винчидің жұмысымен танысудан шынайы рахат пен айрықша әсер алатынына сенімдіміз», – деп атап өтті MasterCard компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов.

«ForteBank» АҚ мәдениет пен өнерді жүйелі негізде қолдайды. Атап айтқанда, банк соңғы сегіз жыл ішінде мәдени мұраны дамыту және қолдау әрі өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында «Құлан Астана» ҚБ қызметін қаржыландырады: осы уақыт ішінде 35-тен астам көрме, оның ішінде халықаралық маңызы бар көрмелер ұйымдастырылды. Галереяға кіру тегін.

«Біздің елімізде осындай сирек кездесетін шедеврді көру мүмкіндігі – Қазақстанның мәдени өмірі үшін маңызды оқиға. Біз оған қатысқанымызға қуаныштымыз. Леонардо да Винчидің өлмес туындысы суретті көргендердің бәріне жанды эмоционалды әсер ететініне шын жүректен сенімдімін», – деді «ForteBank» АҚ Басқарушы директоры Әлия Есжан.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ұйымдастырушылар елорданың барлық тұрғындары мен қонақтарын Леонардо да Винчидің сирек кездесетін туындысының әсемдігін жеке бағалау үшін Астана қаласындағы ҚР Ұлттық мұражайына баруға шақырады. Көрме 7 маусым мен 4 тамыз аралығында өтеді.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here