Бәсекелессек дамимыз…

0
3655
Kapital.kz

Заманауи әлемде бәсекелестік барлық жерде бар. Бәсеке – дамудың қозғаушы күші. Ірі трансұлттық компаниялардың өзара текетіресі әдеттегі жағдайға айналған. Біз Mercedes, BMW, Coca-Cola, Pepsi және басқа да компаниялардың маркетинг акциялары, жарнамалық соғыстарын бақылауға үйреніп те қалғандаймыз.

Бір айта кетерлігі, Қазақстанда ірі компаниялар және тіпті банктер бәсекелестікті жеке мақсаттарына пайдаланады. Halyk bank және Kaspi bank – соның жарқын үлгісі.

Мемлекетаралық деңгейде де дәл сондай жағдай. Барлық елдер өзінің экономикалық жағдайын жақсартуға ұмтылып жатқанын көресің. Себебі, бұл мемлекеттің дамуы мен табыстылығының басты критерийі. Сонымен, елдер арасындағы бәсекелестіктің бағыттарының бірі – шетелдік инвестиция үшін күрес.

Әлемдегі геосаяси жағдай мемлекеттің шетелдік инвесторлармен жұмыста түрлі, анағұрлым қолайлы әдістер қолдануына итермелейді. Инвестор экономикаға ақша салуға құлықты болуы үшін барлық жағдайды жасау керектігіні түсіну маңызды. Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы соғыс көптеген компанияларды бас және өңірлік кеңселері үшін жаңа орындар іздеуіне мәжбүрледі. Ресей компаниялары негізінен Стамбул (Түркия), Дубай (БАӘ) және біздің елге ауыстырылды. Бұл мәселеде біздің биліктің жылдам жауап қатуы маңызды болды. Бұл Қазақстан үшін, оның экономикасы үшін үлкен мүмкіндік болатын. Тек соған жан түршігерлік жағдайдың себеп болуы ғана өкінішті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші пленарлық отырысында 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жететінін айтты…

ҚАЗАҚСТАНҒА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР НЕ ҮШІН ҚЫЗЫҒАДЫ?

Қазақстан – шетелдік инвестиция тарту үшін ғаламат әлеуеті бар ел. Еуразияның жүрегінде орналасқан бұл стратегиялық аймақ түрлі табиғи ресурстарға бай, географиялық орналасуы қолайлы және инфрақұрылымы дамыған. Қазақстан тұрақты экономикалық өсім және ұдайы дамудың үлгісі бола отырып, сонысымен шетелдік инвесторлар үшін тартымды бола түседі. Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыратын факторлар ішінде мыналарды бөліп қарастыруға болады:

  • экономикалық қызметтік сан алуан түрлері бойынша мемлекеттік қатысуды қысқарту есебімен шетелдік инвесторларға қатысты жағымды макроэкономикалық орта құру;
  • басымдық берілген нысандар үшін инвестициялық артықшылық механизмдерін енгізу жолымен экономиканың салалық құрылымын диверсификациялау;
  • Арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және индустриялық аймақты шетелдік инвесторлардың резиденттілігін ұлғайту отырып дамыту;
  • инфрақұрылымды дамыту;
  • сандық технологияларды енгізу.

Республикада инвестициялық ахуалды жақсарту, әсіресе «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметі арқылы мүмкін болып отыр, бұл орталық ЕАЭО елдерінің бірінің аумағындағы бірегей құрылым, ол ағылшын құқығы негізінде әрекет етіп, елдің қаржылық жүйесінің дамуында маңызды рөл ойнайды әрі шетелдік капитал ағынын ынталандырады. Бір айта кетерлігі, АХҚО Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын белсенді түрде қолдайды.

Қазақстанның заманауи инвестициялық саясаты Қытайдың инвестициялық мемлекеттік саясатымен ұқсас, әсіресе арнайы экономикалық аймақ құру, инвестициялық қызметтің басымдық берілген түрлері бойынша тізімін жасау, инвестициялық артықшылықтарды қолдану сияқты жақтары ұқсайды. Қос елдің де инвестициялық қызметін мемлекеттік реттеу шараларының негізгі айырмашылықтары инвестициялық саясаттың және мемлекеттік бақылау деңгейінің пісіп-жетілу дәрежесіне байланысты.

Соңғы жылдары Қазақстан үкіметі бюрократиялық рәсімдерді қысқарту және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекеттік қызметтердің электронды жүйесін енгізу, құқықтық реттеу мен салық жүйесін реформалау – мұның бәрі кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастырады. Қазақстан инвесторларға еліміздің инвестиция үшін тартымдылығын көрсететін бірқатар инвестициялық артықшылықтарын ұсынады:

  • Біріншіден, еліміз пайдалы қазбалардың орасан зор қорына ие, оның ішінде мұнай, газ, уран және басқа бағалы ресурстар бар. Бұл өндіретін салаға инвестиция салуда мүмкіндіктердің кең спектрін қамтамасыз етеді. Оған қоса, Қазақстан осы салада жаңа мүмкіндіктер ұсына отырып жаңартылған әрі баламалы қуат көздерін қарқынды дамытуда.
  • Екіншіден, инфрақұрылым, көлік және логистика секторы да инвестиция үшін болашағы бар салалар. Елімізде Қазақстанның транзиттік аумағы көмегімен Батыс мен Қытайды байланыстыратын Орта дәліз сияқты халықаралық көлік дәліздері белсенді түрде дамытылуда. Бұл транзиттік бизнесті дамытуға қолайлы жағдай тудырады.
  • Үшіншіден, Қазақстан сонымен бірге инновациялық технологиялар мен сандық экономиканы дамытуды мақсат етіп отыр. Ел аумағындағы он төрт арнайы экономикалық аймақ ІТ-сектор және басқа да жоғары технологиялы салалардағы инвесторлар үшін ерекше жағдай мен жаңа салықтық жеңілдіктер ұсынуда.

Сонымен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтық артықшылықтарға қатысты «салым көбейген сайын, жеңілдік те көбірек» қағидаты бойынша Арнайы экономикалық аймаққа салықтық жеңілдіктер ұсыну бойынша дифференциалды әдіс енгізілді. Сол арқылы салықтық жеңілдіктердің жарамдылық мерзімі салынған инвестиция көлеміне тікелей байланысты анықталады. Қазақстан басқа кез келген елдер сияқты халықаралық геосаяси жағдайларға тәуелді екенін түсіну маңызды. Шетелдік инвесторлармен жұмыс халықаралық жағдайдағы күн тәртібіне байланысты өрбиді.

РЕЛОКАЦИЯДАН КЕЛЕР ПАЙДА ҚАНДАЙ?

Жоғарыда атап өткендей, Ресей Федерациясының көптеген компаниялары өз орнын ауыстыруға шешім қабылдады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сенсек, 2023 жылдағы жағдай бойынша ресейлік нарықты тастап кеткен 25 компания Қазақстанға көшіп келген, тағы 67-сі бізге қоныс аудармақ. Биліктің осы ретте жедел жауап қатуы маңызды екенін айта кету керек. СІМ Ресейден кеткені туралы ресми хабарлаған компанияларға шақырту жіберіп, біздің елшілер олардың басшыларымен кездеседі.

СІМ мәліметіне қарағанда, релокацияға (бизнесті шетелге көшіру, – ред.) 38 елдің компаниялары қатысуда. Негізінен олар Германия, Швейцария, Жапония, АҚШ елдерінің корпорациялары. Мысал ретінде Honeywell, InDriver, Fortescue және Ozon сияқты Астанада логистикалық парк құрып жатқан компанияларды атауға болады. Бұл жерде әңгіме Қазақстанда өңірлік кеңселер немесе филиалдар құру, сонымен қатар өндірістер іске қосу туралы болып отыр. Танымал компаниялар қатарында Clariant (Швейцария) – өңірлік кеңсесінің ҚР-ға ауысуы (химия өнімдерінің өндірісі), Alstom (Франция) – ҚР өңірлерінде сервис орталықтарын құрады (электровоз және жылжымалы құрамға арналған жабдықтар шығару), Youngsan (Оңтүстік Корея) – Astana Motors-пен бірге автобөлшектер шығару өндіретін компаниялар бар.

ИНВЕСТОРЛАРМЕН ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ?

Экономиканы дамытудың жаңа тармағы есебімен және оны 2029 жылға таман екі есе арттыру бойынша мақсат қойғандықтан негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі номиналды тұрғыда 3,8 есе көбейіп (2022 жылдың деңгейіне), ЖІӨ бойынша инвестицияның негізгі капиталда қатынасында 24% деңгейге жету керек. Мақсатқа жету үшін инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жағдай жасалғанын және арнайы механизмдер жұмыс істейтінін айта кету керек.

Сонымен, Инвестициялық кеңес құрылды. Кеңес шешімі Президент Жарлығына сәйкес міндетті түрде орындалуы керек. Кеңес шешімді тез қабылдап, бюрократиялық және заңдық шектеулер тұрғысындағы мәселелерді шешуге ықпал етеді. Сонымен қатар, инвесторлар құқықтарын қорғау мен артықшылықтарды көбейтуге септік етеді. Кеңестің басымдықтарына жалпы құны 32 трлн теңгеден астам сома болатын 1 000-нан астам жобаға қолдау білдіру жатады. Бұл ретте АҚШ, БАӘ, Еуропалық Одақ және басқа да елдердің инвесторларымен жұмыстар жалғасатын болады. Біздің экономикамыз үшін бірегей инновациялық жобаларға басымдық беріледі.

Бас прокуратура енді инвесторларды қолдау жұмыстарына тартылғанын айта кеткен жөн. Осылайша, инвесторлар үшін қажетті рәсімдерден өтуді азайтып, уақытын қысқартуға септік ететін «Жасыл дәліз» жұмыс істейтін болады. Оған қоса, инвесторлар мүддесі мен құқықтарын қорғауға бағытталған «Прокурорлық сүзгі» қолданылады. Жалпы алғанда, Бас прокуратураның инвесторлармен жұмысқа қатысуы келесі жағдайлармен байланысты болады:

  • Әкімшілік кедергілерді төмендету, кәсіпорынды тіркеу барысын тездету;
  • мақсатты аудитория басымдық берілетін салалардағы ірі инвесторлар, нақтырақ айтқанда, жоғары технологиялы және экспорттық компаниялар болады;
  • прокурорлардың инвесторларды тексеруге, қызметін тоқтатуға санкция салу;
  • жобаларды қолдау, инвесторлар құқықтарының бұзылуына жол бермеу немесе жою үшін міндетті нұсқаулықтар беру;
  • кәсіпорынды іске қосқаннан кейін 3 жыл бойына жобаны қолдау;
  • енді Бас прокуратура инвестиция тартуға және жобаларды қолдауға мамандандырылған Kazakh Invest ұлттық компаниямен бірге тығыз қарым-қатынаста ынтымақтастықта жұмыс істейді;
  • өңірлерде «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-кеңселер іске қосылып, прокуратураларда call-орталықтар құрылды. Қазіргі таңда қадағалау органының қарамағында әлемнің 32 елінен мыңнан астам жалпыұлттық пулдағы жобалар мен 40-тан астам ірі отандық инвесторлар жатқанын атап өту керек.

Сонымен қатар, өткен жылы кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер саны 2022 жылмен салыстырғанда екі есе, яғни 913-тен 444-ке қысқарды, ал қылмыстық құқықбұзушылық құрамы немесе оқиғалардың жоқтығынан тоқтағандары үш есеге дейін, яғни 133-ке дейін төмендеді. Жалпы алғанда, жаңа және мақұлдау жолдарын біріктіру іскерлік ахуалды қалыптастыруға ықпал ететін синергияны құрайды.

Ұлттық инвестициялық платформа да әзірленді. Оны 2024 жылы толыққанды іске қосу көзделуде. Қазір платформа пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Платформа барлық процестерді цифрландыру және инвесторлар үшін қызметтер ұсынуға бағытталған. Және де салалық мәселелерді шешу мақсатында бизнестің қатысуымен акселерация (жедел даму) тұрақты түрде жүргізілуде. Тұрақты түрде Президент жанындағы шетелдік инвесторлардың кеңесі кездесулері өткізілуде. Инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша Премьер-министр жанындағы кеңес жұмыс істеуде. Осы Кеңес кездесулерінің бірінде Қазақстанда Pfizer және AstraZeneca компанияларының кейбір дәрілерінің өндірісін локализациялау (қолданыстағы бағдарламалық өнімді басқа елдерде қолдану мақсатында қайта өңдеу) туралы жарияланды, бұл шынында үлкен жетістік.

ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Тікелей шетелдік инвестициялар салалық және өңірлік бөлікте қазақстандық экономиканы трансформациялау маңызды рөл ойнайды. Жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар салалық құрылымы диверсификацияланбаған және айтарлықтай көлемде шикізат секторы жағына ауысқан. Пайдалы қазбалар мен метал өндіру саласындағы инвестициялық ағын көлемі үшінші секторға қарағанда анағұрлым тезірек өсуде. Негізгі проблема ірі инвесторлардың ұзақмерзімді және табыстылығы төмендеу жобаларды, соның ішінде өнеркәсіптік өндірісті, телекоммуникацияны және әлеуметтік саланы қаржыландыруға ниетінің болмауы.

Ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар еліне бірінші рет мемлекеттік сапармен барды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы екі ел арасындағы екі жақты сауда айналымы көлемін 500 млн долларға дейін арттыруға уағдаласты. Жалпы сомасы 18 млрд долларға инвестициялық жобалар бойынша коммерциялық уағдаластыққа қол жеткізілді. Мәселен, Катар инвесторларына қазақстандық операторлардың Алтел және Теле2 мобильді байланысын сату бойынша келіссөздер басталғаны туралы уағдаластыққа қол жетті. Қазір оған Қазақтелеком иелік етеді. Шетелдік капиталдың ағыны қазақстандық экономикаға жағымды әсер етеді. Соның ішінде оң тиімділіктер қатарында шетелдіктер қатысатын компанияларда жалақының жоғары болуы, жергілікті халықтың білімін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу жатады.

Сонымен қатар, шетелдік инвестицияның экономиканың бір саласына құйылуы сол саламен араласқан салаларға да шетелдік капиталдың тартылуына әкеледі, мәселен, мұнай газ саласында тікелей шетелдік инвестициялар көбеюі құрылыс, сервис, мұнай газ жобаларына қызмет көрсету, машина мен жабдықтар өндіру сияқты салаларға капитал салуға ықпал етті. Ел басшылығының шетелдерге сапарының мақсаты көбіне елдер арасындағы сауданы дамыту және сенімді қарым-қатынасты қолдау екенін айта кету керек. Инвестиция тарту да маңызды мақсаттардың басында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвесторлардың 27 млрд доллар қаржысы тартылған.  2022 жылы бұл көрсеткіш 28 млрд доллар болған. Демек, соңғы уақыттары жоғары сандар тұрақты сақталуда. Қазақстанға шетелдік инвесторларды тарту ел экономикасын дамытуда маңызды рөл ойнайды. Солардың бірқатар артықшылықтары мыналар:

  • Жаңа жұмыс орындарын құру: шетелдік инвестицияның келуі салалардың дамуына ықпал етіп, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына әкеледі. Бұл жұмыссыздықты азайтып, өмір сүру сапасын жақсартады.
  • Технологиялық прогресс: шетелдік инвестиция озық технологиялар мен инновацияларды енгізіп, соның арқасында саланы жаңғырту, олардың тиімділігін арттыру мүмкіндігі артады. Нәтижесінде ел әлемдік нарықтағы өзінің бәсекеге қабілеттілігін жақсартады.
  • Инфрақұрылымның дамуы: шетелдік инвестиция жол салу, электрмен жабдықтау желілерін жүргізу, темір жол салу сынды инфрақұрылымды дамыту бойынша жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Жақсартылған инфрақұрылым бизнестің дамуына ықпал етіп, сауданы дамытады және экономикалық өсімге серпін береді.
  • Өткізу нарығын кеңейту: шетелдік компаниялардың инвестициясы есебінен өндірісті ұлғайту және тауарлар экспорты жүзеге асады. Бұл халықаралық сауданың дамуына, жергілікті өндірушілер үшін өткізу нарығының көбеюіне септік етеді.
  • Қаржылық тұрақтылықтың артуы: шетелдік инвестицияның келуі елдің қаржылық тұрақтылығын нығайтады. Өзге елдерден келген инвесторлардың болуы Қазақстан экономикасына деген сенімді арттырып, қаржы жүйесінің тұрақтылығына ықпал етеді. Экономиканың стагнациясын тоқтатады.

Бәріміз де шетелден сапалы киім алып кигенді, бразилиялық кофе ішкенді, сапалы фитнес-орталықтарға барғанды жақсы көреміз. Біз елімізден Massimo Duti, Armani, Pull&Bear және басқа да шетелдік сүйікті брендтегі киімдерді оңай тауып алуға үйреніп алғанбыз. Біздің көптеген азаматтарымыз Philip Morris, Danone, Coca-Cola, Inditex және басқа да шетелдік компанияларда жұмыс істейді. Біз аталған компаниялардың өнімдерін тұтынамыз. Бұл компаниялардың бәрі де біздің бюджетке айтарлықтай салық салып, жұмыс орындарын ашып отырғанын түсінуіміз керек.  Сондықтан осы компаниялар жұмысына жағдай жасаудың, олармен тығыз жұмыс істеп, мәселелерін шешіп берудің маңызы зор. Әрине, оның бәрін ұлттық мүддемізге қайшы келмейтіндей етіп жасау керек. Алайда, олармен байланыс орнату қажет. Осындай көптеген компаниялар біздің елімізде жұмыс істеуді қалауы үшін оң инвестициялық ахуал қалыптастыру керек.

Компания өкілдерін заң жобаларын талқылауға тарту маңыздырақ. Оларды жұмыс топтарына шақыра отырып, мәселелерін де түсініп, тыңдай білу қажет. Бұл ретте мықты және тұрақты заңның барын ұмытпаған жөн. Мұндайда барлық инвесторлар бірінші кезекте өз құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына назар аударады. Соған байланысты интеллектуалды меншік құқығын қорғаудың рөлі артады. Салық салу мәселесі де бөлек қарастыруды қажет етеді. 2024 жылы жаңа Салық кодексін қабылдау жоспарлануда. Осыған орай шетелдік инвесторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу өте маңызды болып отыр.

Инвестициялық ахуалды жақсарту сонымен қатар адами капитал мен білімді дамытуды, мықты және тәуелсіз институттарды құруды, сонымен бірге құқықтық реттеуді нығайту мен инвесторлар құқықтарын қорғауды талап етеді. Инвестицияны ынталандыру және қолдауды мақсат ететін мемлекеттік бағдарламаларда бизнес үшін қолайлы жағдай жасау және елге капиталдың келуінде де маңызды рөл атқарады. Үкімет инвестицияның маңыздылығын түсініп, халықаралық инвесторлармен ынтымақтастық және ашықтық қағидатын сақтай отыра инвестициялық ахуалды дамытуда белсенді жұмысын жалғастыра беруі керек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шетелдік инвестиция тарту Қазақстан экономикасын тұрақты дамытудың негізгі факторы болып саналады. Инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай тудыру және шетелдік инвесторлардың келуі, экономиканың түрлі салаларын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мүмкіндіктерін арттыруға көмектеседі.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here