Қазақстандағы АЭС құрылысы: Кәрістер мен орыстар қандай шешімдер ұсынады?

0
1895

Өткен жыл бойына Қазақстан қоғамында жалпы энергетика және оның атомдық саласы туралы көп әңгіме тарады. Жақын болашақта электр энергиясы тапшылығы болатынын болжап, елде атом электр станциясын салу қажеттілігі туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдан айта бастаған. Артынан ол бұл мәселені бүкіл ел болып, жалпыхалықтық референдумда шешу жайын айтты. Осылайша, ол Орталық сайлау комиссиясында жұмыс көбейіп, билік әдетте бәріміз үйреніп қалғандай өткен істен опық жемей, алдын алуға қадам жасайтынын ресми мәлімдеді.

Қазақстандағы АЭС құрылысы туралы референдум шамамен 2024 жылы өтеді. Егер қазақстандықтар «иә» деп қолдаса, Энергетика министрлігі тиісті технология мен үміткер-девелоперлерді іріктеуді бастайды. Әлемде мұндай құрылысты жүргізуге лайықты ресурсқа, біліктілік пен тәжірибеге ие саусақпен санарлық елдер ғана бар, атап айтсақ, Ресей («Росатом»), Оңтүстік Корея (KHNP), Қытай (CNNC), Франция (EDF). Алғашқы екі елдің технологиялары мен перспективаларына тоқталсақ. Шетелдік мамандар не ұсынуда, Қазақстандағы салынуы мүмкін АЭС қалай жұмыс істейді және еліміз үшін оның өтемі не болмақ?

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАН ҰТАРЫМЫЗ НЕ?

Оңтүстік Кореяның атом энергетикасының тарихы ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастау алады. Ол кезде бұл елге алғашқы бейбіт атом технологиясын Кореяны елуінші жылдардан бастап қолдайтын америкалықтар әкелген болатын. Алайда, уақыт өте келе кәрістердің өздері бұл мәселеде әккі болып алғаны сондай, қазір олар өздерінің технологиясын шет елдерге экспорттауда. Бүгінде Оңтүстік Кореяда 26 реактор жұмыс істейді. Олар елдегі барлық электр энергияның 30 пайызын өндіреді. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея Біріккен Араб Әмірліктерінде алғашқы атом электр станциясын салып, сол жақта жоспарланған төрт энергоблоктың үшеуін іске қосты. Ол толық іске қосқанда Барак АЭС БАӘ-нің барлық энергиясының 25 пайызын өндіретін болады. Корея компанияларының өкілдері бұл бюджет көлемін арттырмай-ақ өз уақытында аяқталған аз жобалардың бірі екенін мақтанышпен айтады. Қазақстанда АЭС салу барысында егер бұл іспен кәрістер айналысар болса, олар түрлі мамандықтардан компанияларды біріктіретін халықаралық консорциум құрады. Сонда АЭС-ті басқарушы компания KHNP (Korean Hydro and Nuclear Power) болады. Бұл ретте реакторды әзірлеумен Doosan айналысады (ол әлемдегі 500 ірі компания құрамына кіреді), ал АЭС-тің өзін Hyundai Engineering and Construction салады.

KHNP – Оңтүстік Кореяның ірі компаниясы, ол 21 ядролық реакторы бар 27 гидроэлектрстанцияны пайдаланады. Ол сондай-ақ оңтүстіккореялық ядролық технологияны шетелдерге экспорттайтын негізгі басқарушы компания.

Біріккен Араб Әмірліктерінен басқа АЭС салу туралы келісімге Польша, Румыния, Словакия және Чехия да қол қойды. Қазақстандағы құрылыс үшін американдық технологиямен APR-1400 екі контурлы ядролық реактор салу ұсынылуда. Біріккен Араб Әмірлігіндегі 4 реакторлы АЭС құны 25 млрд долларға бағаланды. Осылайша, әрбір реактордың құны шамамен 5-6 млрд долларды құрады. Қазақстандық мамандар бір энергоблоктың құнын 5,5-7,5 млрд доллар аралығында деп бағалауда. Бірақ, АЭС құрылысы кем дегенде 10-12 жылға созылады (ал Қазақстанның құрылыс саласындағы қарқынын ескерер болсақ, онда 20 жылдың бәрі кетеді), бұл аралықта оның құны айтарлықтай өсуі мүмкін. Оған қоса, кәрістер қазақстандық мамандарды атом энергетикасына үйретуге уәде беруде.

Оңтүстік Корея – мұхиттағы түбек, онда су ресурсымен байланысты қиындық туындамайды, сондықтан реакторды салқындату үшін секундына 50 тонна жылдамдықпен су жинау мәселесі де болмайды. Реактор бұл суды 324 градусқа дейін ысытып, бу генераторына құбыр арқылы айдайды. Бу генераторында оның температурасы 240 градусқа дейін төмендеп, жоғары қысымды турбинаға түседі. Реактор ротор жанындағы қалақшаны айналдыра электр өндіріп шығарады. Турбинадағы қысым – 158 бар. Қалақшалар минутына 1 800 рет айналып, 24 000 вольт электр энергиясын өндіреді. Жоғары қысымды турбинада су 10-40 градусқа дейін суиды. Ал, ол қайтадан теңізге аққан кезде оның температурасы шамамен жеті-сегіз градус болады. Жалпы алғанда, бұл реакторларда қолданылған су буға айналмайды. Теңізге аққан су радиацияға ұшырамайды. Себебі, теңізден алынып, реакторды суытқан сұйықтық бір-бірімен араласпайды. Яғни, тұйық циклдағы технология қолданылады.

РЕСЕЙ НЕ ҰСЫНАДЫ?

«Росатом» салып жатқан Түркиядағы «Аккую» станциясының үлгісінде ресейліктердің ұсынысын қарастырсақ.

«Аккую» станциясы – әлемде Build-Own-Operate үлгісімен, яғни «құрылысын сал – иелен – пайдалан» жолымен салынып жатқан алғашқы атом жобасы. Ол жерде Ресейде оқытылған жергілікті мамандар жұмыс істейтін болады. Ұзақмерзімді келісімшарт бойынша осы істе арнайы құрылған «Аккую Нуклеар» компаниясы жобалау, құрылыс жүргізу, қызмет көрсету, пайдалану және станцияны тоқтату бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Қуаттылығы 4800 МВт, 3+ буыны бойынша ВВЭР-1200 реакторы бар 4 энергоблок құны 22 млрд долларды құрады. Оны жүзеге асыруға 400-ден астам компания қатысуда. Оны іске қосу үшін қызмет көрсететін персонал саны 4 мың адамға дейін жету керек. АЭС-ті іске қосу Түркияның электр энергиясына деген қажеттілігінің 10 пайызын жабады. Дегенмен, Түркияда су ресурстарына қатысты мәселе жоқ.

Қазақстан Орталық Азияның қақ ортасында орналасқан, Каспий теңізін бірнеше елдермен бөліседі және мұхитқа шығатын ешқандай жолы жоқ. АЭС Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылында салынады (егер салынса). Алайда, ол да азайып барады, 2037 жылға қарай одан ештеңе қалмауы да мүмкін. Осылайша, Қазақстанда таяу уақытта тек электр энергиясына ғана емес, сонымен бірге суға да тапшылық пайда болу қаупі бар.

АТОМ ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ

Күзде Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өтеді. Бұған дейін ұзақ уақыт бойына айтылып келген мәселе жетеріне жеткен де секілді. Әңгіме – АЭС салу туралы, нақтырақ айтқанда, оны салу туралы референдум өткізу жайында болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум күзде өтеді деп мәлімдеген. Өтетін күнін Үкімет белгілеуі керек.

«Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

 Биыл қаңтар айында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Президент Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы айта келе, еліміз үшін таза атом энергиясы өте маңызды екенін және ел экономикасы үшін бұл негізгі мәселе екенін атап өтті.

«Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айырықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн», – деп атап өтті сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Х КҮНІ БОЛЖАҒАННАН ДА БЕТЕР ЖАҚЫНДАП ҚАЛҒАНДАЙ

2030 жылға қарай Қазақстандағы энергия қуаты 6 ГВт белгісіне жетеді. Мұндай санды Алматыда ғалымдармен кездесуде Мемлекет басшысы айтты. Бұл бірінші кезекте экономика қарқынына әсер етеді әрі жүйелі дағдарысқа әкеледі. Сонымен қатар, ол жаңа қуат көздерін салу, соның ішінде АЭС салу созылып кеткенін білдіреді. Ал, ол бізде көп дегенде 2035 жылы ғана пайда болады. Бұл ретте қазірден бастап-ақ энергоблоктардың саны туралы ойлану керек: екеу немесе сол төртеуі дұрыс бола ма?

Атом энергиясына қарсылар газ станциялары мен жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға басымдық беруді ұсынады. Соңғысы туралы айтар болсақ, қазір бізде еркін газ қанша қалды? Кейбір сарапшылар қуаты 1 ГВт болатын ЖЭК-ні француз компаниясының салу мерзіміне қатысты күмәнмен қарайтынын білдірді. Іске қосу мерзімі – 2026 жыл. Әңгіме ақыры жаңартылатын энергия көздеріне ауысқандықтан айтар болсақ, АЭС арқылы бір генерация электр энергиясын шығару ЖЭК арқылы өндіргеннен гөрі кем дегенде 3 есе көп болады. ЖЭК нысандарының жұмыс істеу жарамдылығы 25 жылға дейін жетсе, АЭС жарамдылығы 60 жылдан асады. Бұл ретте, АЭС мерзімі біткен кезде ғана станцияны жоюды қарастырады, ал желді қалақшаларды қайда жіберу керектігін әлі ешкім білмейді.

Астанада мамырда өткен энергетиктер форумында атом энергетикасын дамыту және салынуы мүмкін АЭС құрылысы жоспары сынды маңызды мәселелер талқыланды. Қазақстан инженер-энергетиктер кеңесінің бас директоры Марат Дүлқайыров атап өткендей, елімізде электр энергиясы бойынша қатты тапшылық бар. Республиканың оңтүстігінде электр энергиясы қуаты бойынша тапшылық 55 пайыз. Сарапшы алдағы 2-3 жылда аталған өңір жарық өшу басталғанда сол тапшылықты қатты сезе бастайтынын ескертеді.

«Салаға инвестиция тарту керек, себебі ол қазір өте аянышты жағдайда. Қазақстанның батыс өңірі автономды түрде жұмыс істеуде, ол қашан да өздігінен теңгерімге түсетін, алайда ол да тапшылық көруде. Оның осы ретте Ресеймен 220 киловольттық үш желісінің болғаны қандай жақсы», – деді еңбегі сіңген энергетик.

Бұл ретте, ол жаңғыртылған көздер арқылы электр энергиясын өндіретін барлық нысандардың құрылысына атом электр станциясын салғаннан гөрі Қазақстан 3 есе көп қаржы жұмсайтынын атап өтті. Оның үстіне, ЖЭК нысандары ешқашан АЭС-ті алмастыра алмайды, себебі оның пайдалану мерзімі аз, 25 жылдан аспайды.

«Біз Париж келісіміне қол қойдық, соған сәйкес 2050 жылға қарай парник газдың бөлінуі 50 пайыз азаюы керек, ал 2060 жылға қарай көмірқышқылды бейтараптындыруға көшуіміз қажет. Біз бұған қалай келеміз? Жаңартылған көздер арқылы ма? Қазақстандықтардың санасын ЖЭК-ге басымдық беру керек деген түсінікпен көміп тастаған. Алайда, бұл жалған жолмен жүруге болмайды», – деп санайды Марат Дүлқайыров.

Оның сөзінше, ол қашан да жаңартылатын энергия көздеріне негізделген энергетиканы дамытуды жақтап келген, соның ішінде нысандар салу үшін жеңілдіктер әзірлеуге қатысқан.

«Алайда, менің бүгінгі таңда айтарым: болды, тоқтатыңдар! ЖЭК – баланың шалбарынан өрбіген балақай, олар қазір өздерін өктем ұстайды. Олар өздерін АЭС салуға қарсы қоюда. Ал, шынында бұл екеуі салыстыратын дүние емес», – деп есептейді сарапшы.

«МҮМКІНДІКТЕРДІ ШЕКТЕМЕУ КЕРЕК»

YouTube арнадағы Energy Podcast-ның «АЭС, референдум, «Қазатомпром» және уран туралы: халықаралық сарапшымен шынайы әңгіме» тақырыбындағы хабарда Tör Altai Nuclear Consulting басшысы, атом саласындағы компанияның бизнес-консультанты Алдияр Тоқтаров АЭС салу және алдағы референдум туралы өз пікірін білдірді.

«Референдумда неге «жоқ» деп айтуға болмайды деп санаймын? Себебі, солай жауап берсе, еліміз электр энергиясын өндірудің бір тәсілін қолданудан өзін шектейді. Ал, өзімізді шектеудің не қажеті бар? Ал, «иә» дегеннің өзінде содан құрылыс бірден басталып кетеді деген сөз емес. Бұл тек аталған мәселені зерттеудің алғышарты ғана болмақ», – деп атап өтті сарапшы.

Оның пікірінше, атом энергетикасы – бұл жоғары білікті жұмыс орындарының ең жоғары көлемі. АЭС салу кезіндегі бір жұмыс орыны аралас салалардағы 10 жұмыс орнын тудырады. Атом энергетикасының қалыптасуы ел экономикасы мен кадрлық әлеуетті дамытудың триггеріне айналады.

«Менің ойымша, Қазақстанда да, бүкіл әлемде де уран саласында қашан да қауіпсіздік шаралары нақты әрі қатаң сақталады. Қазақстандағы уран кен орындарында әрқашан өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті сақтау үнемі бақылауда», – деді сарапшы.

Мәселен, АЭС бойынша алғашқы жоба 1998 жылы мәлімделді, содан бері ол әр кезең сайын күн тәртібіне шығып отырды.

«Референдумда бұл мәселені мамандар шешпейді. Ол жағдайда қоғам иек артатын зерттеу қажет болады. Дауысты өзіңнің сезінгеніңе қарай емес, өзің зерттеп оқыған нақты дәйекті ақпараттар негізінде беру керек», – деп санайды Алдияр Тоқтаров.

Сарапшылардың пайымдауынша, АЭС салу туралы шешімді шығару халықтың құзырына қалдырылды. Ал, негізінде оны Үкімет қабылдап, шешу керек еді. Себебі, Үкіметтің бұл мәселеде хабары бар. Бұл шешімді қабылдамаған жағдайда, электр энергиясын көршілерден үш есе қымбат бағаға сатып алуды жалғастыра беруге тура келеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 50 жылдан аса уақыт ішінде АЭС салу бойынша референдумдардың 20 пайызы оң нәтижемен аяқталған. Осыған дейін 28 елде 32 референдум өткізіліпті. Соның ішінде тек 6 жағдайда ғана оң шешім қабылданған. Ал, 7 жағдайда АЭС-ті біртіндеп жабу туралы шешім қабылданса, 19 жағдайда халық станция салуға қарсы шыққан. Осыдан-ақ қорытынды шығара беруе болады.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here