Тәуелсіздік – білім мен ғылымның дамуына бастар жол

0
1082

Еркiн болу – қай кезде де баға жетпес қазына. Бұл күнге жету жолында атабабаларымыз, ағаәпкелерiмiз жан алысып, жан берiстi, соңғы демдерi таусылғанша азаттық жолында айқасты. Дұшпандарын күйiндiрiп, достарын сүйiндiрiп келген Тәуелсiздiк таңы барша қазақтың сөнген үмiтiнiң қайта жанған күнi болды. Бұл тәуелсiздiктiң артында асыл арманы бостандық болған бабалардың қаны, аналардың жасы жасырылған. Сондықтан да тәуелсiздiктi қаншама азап пен төзiмнiң, еркiндiктi аңсап өткен боздақтарымыздың өтеуi деп бiлемiз.

Елiмiздiң көгiнде тәуелсiздiктiң көк туының желбiреуi бiзге орасан зор мүмкiндiктер сыйлап, болашаққа нақты мақсатпен бет бұрдық. Сол арқылы алғашқы онжылдық кезеңiнде елiмiздiң iргетасы берiк қаланып, басқару жүйесi қалыптасты. Ата заңымыз қабылданып, алыс-жақын шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, белдi халықаралық ұйымдардың мүшесiне айналды. Тәуелсiздiгiмiздiң екiншi кезеңiнде елiмiздiң әлеуметтiк жағдайы бiршама жоғарылап, аяғынан нық тұра бастады. Керегемiз кеңейiп, тереземiз өзге де дамушы елдермен теңесе бастады. Келесi кезеңде өсiп-өркендеп, дамыған алғашқы отыз елдiң құрамына енудi мақсат еттi. Осы жолда саяси және әлеуметтiк реформалармен бiрге рухани жаңғыру жолында нәтижелi жұмыстар атқарылды. Яғни осы үш кезеңдi қорытындыласақ, Қазақстан Республикасы – осыдан тура үш жыл алдын тәуелсiздiктiң бесiгiнде тербелген кiшкентай ғана сәби болса, бүгiнде орда бұзар жасқа келiп отырған, әлемдiк тарих сахнасында өз орны бар зайырлы, демократиялық мемлекет.

Отаршылдық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, яғни ана тілімізден, ата-бабадан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Мұның барлығы егемен еліміздің тәуелсіздігінің арқасында бізге қайта оралды. Алайда ұлт пен ел болып тарих сахнасында сақталып қалу үшін қазіргі және келешек ұрпақ жаңа сынақтар мен түрлі сын-қатерлерге дайын болуы шарт.

Қай кезеңде де «Адам мен адам бiр-бiрiнен ақыл, бiлiм мен ғылым, ар-ожданмен озбақ, ал қалған нәрсемен оздым деу – ақымақтық», – деп хакiм Абайдың өзi айтып кеткендей, ел дамуының алғышарттарының бiрi әрi бiрегейi – бiлiм саласы. Бiлiм беру саласында алғы шепте тұратын оқу орны, ол – әрине, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi. Әлемдiк деңгейдегi зерттеу университетiне айналуды көздейтiн бiлiм ордасы ТОП-200 құрамында. Ұлттық және жалпы халықтар арасындағы нарықтық бәсекеге қабiлеттi, негiзгi сұранысы жоғары мамандар даярлау арқылы сапалы, бiлiктi азаматтарды қалыптастыруды басты мiндетi деп бiлетiн бiлiм ордасының қоғамның тұрақты дамуына қосып отырған үлесi орасан. Осы орайда, өзiмiз қызмет атқаратын биология және биотехнология факультетi Молекулалық биология және генетика кафедрасына тоқталып өткiмiз келедi.

Дарвинизм және генетика кафедрасы 1948 жылы құрылған. «Молекулалық биология» мамандығының ашылуымен, сонымен қатар университеттегі жаңа ашылуларға байланысты кафедра атауы 1987 жылы Генетика және молекулалық биология кафедрасы деп өзгертілді. Кафедра меңгерушісі – б.ғ.к., доцент м.а. Ж.Жүнісбаева.

Молекулалық биология және генетика кафедрасы басты назарға сапалы бiлiм, тәрбие мен әлеуметтiк жұмысты жақсартуға, жаңа ақпараттық технологияларды енгiзiп, осы арқылы жастардың елiмiздiң дамуына үлесiн қосуға септігін тигізеді.

Кафедра оқытушыларының дәрістерін және тәжірибелік сабақтарын өткізу кезінде оқу материалдарын көрсетуге қажетті кафедрада компьютерге қосылған стационарлық проекторлар бар. Жыл сайын кафедрада бар оқулықтардың, оқу-әдістемелік әдебиеттердің электрондық базасы, сондай-ақ базалық және кейбір элективті пәндер бойынша видеодәрістер түріндегі мәліметтер жаңартылып отырады. Оқытушы А.Жүсіпова «Молекулалық биология» пәні бойынша МООК (жалпы онлайн курс) дайындады.

ҚР БҒМ ҒК Жалпы генетика және цитология институты базасында кафедра филиалы ашылды (бұйрық №50 14.02.2020 ж.). Филиал құрудың мақсаты – білім, ғылым және өндірістің жоғары білікті кадрларды даярлаудың маңызды шарты ретінде қарастыру, сонымен қатар білім беру процесінде институттың зияткерлік, ақпараттық және материалдық-техникалық ресурстарымен институт өкілдерін кадр даярлауға қатыстыру, университетте институт үшін жас мамандарды даярлауды жүзеге асыру, институтты кадрлармен және жоғары білікті мамандармен тиімді қамтамасыз ету; мамандықтар мен бағыттарды дайындау шеңберінде оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге көмек көрсету, қосымша білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ тиісті сала экономикасына инновацияларды енгізу бағыттары бойынша магистратура мен докторантураның ғылыми мамандықтарын енгізу.

Педагогикалық тәжірибемен алмасу және оқу процесін жақсарту үшін кафедра оқытушылары жалпы кафедрамен факультет деңгейінде өзара сабаққа қатысулары белсенді болды. Жыл сайын кафедра оқытушылары оқытудың жаңа технологияларын, оқытудың интерактивті әдістерін оқу процесіне енгізеді және оқу жылының басында бекітілген жоспарға сәйкес, кафедрада ашық сабақтар өткізіп, бір-біріне қатысады. Оқытылатын пәндердің ПОӘК оқытудың инновациялық технологияларын (case-study, интерактивті оқыту, проблемалық-бағытталған, жеке тұлғаға бағытталған, жобалық-ұйымдастырылған тәсілдер) қолдану арқылы құрастырылған.

Ғылыми-инновациялық жұмыс бойынша жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталып өтер болсақ, 2020/21 оқу жылында кафедрада 50 млн теңгеге алты іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды. Бұл жобалардың ғылыми жетекшілері кафедраның жетекші оқытушылары, сонымен қатар жас PhD докторлары, атап айтар болсақ: б.ғ.д., академик А.Бисенбаев (бір жоба), б.ғ.д., профессор А.Бигалиев (бір жоба), б.ғ.д., профессор а.қ. Н.Өмірбекова (бір жоба; қос жетекші – PhD А.Жүсіпова), б.ғ.к., доцент З.Бияшева (бір жоба), А.Ловинская, PhD-1, С.Тайпақова, PhD-1. Ал студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына, СҒЗЖ жұмысына тарту бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асыруға кафедрада маманданған студенттер, магистранттар мен докторанттар белсенді қатысады.

Екі докторант халықаралық жобаларға қатысты: Жүсіпбек Мұқатаев (Separating autoimmunity and anti-tumor immunity, Ұлттық денсаулық институты, АҚШ); Нұрай Оңғарбаев (Molecular characterization of swine influenza viruses circulating in different regions in Kazakhstan and comparison with contemporary human influenza viruses, Халықаралық ғылыми-техникалық орталық, МНТЦ). 2020 жылы «Биотехнология» мамандығының 2-курс докторанттары ғылыми-зерттеу тәжірибесінен өтті: Кира Беспалова Хельсинки университетінде, Финляндия; Ләззат Мусралина Макса Планк адамзат тарихы зерттеу институтында, Германия (неміс жағынан қаржыландырылды); Мақпал Амандықова – Ұлттық генетика институты, Жапония. Бакалавр Алтын Журалиева, докторант Озада Хамдиева FEBS OPEN BIO-ға қатысты (Краков, Польша, 2019). Yildiz Melih (Түркия) техникалық мамандықтар студенттеріне арналған халықаралық тағылымдама бағдарламасы аясында (IAESTE) шетелдік студенттер үшін жазғы мектепке қатысты.

Молекулалық биология және генетика кафедрасында ағылшын тіліндегі басылымдарды көбейту бойынша жұмыстар жасалынуда. Кафедра оқытушылары кәсіби білімдерін үнемі ағылшын тілінде жетілдіріп отырады, соның ішінде алыс шетелдерде өткізілетін халықаралық конференцияларға үнемі қатысып, сондай-ақ ағылшын тілінде мақалалар жариялап отырады. 2020/21 оқу жылында кафедра оқытушылары ағылшын тілінде 26 мақала жариялады. 

Магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарын жетілдіру үшін кафедра үнемі молекулалық биология, генетика, өсіру, экология мәселелері бойынша ғылыми семинарлар өткізеді. Кафедраның магистранттары мен докторанттары өздерінің ғылыми зерттеулерінің соңғы жетістіктері мен нәтижелері, соның ішінде халықаралық деңгейдегі жұмыстарының жетістіктері, соңғы мақсатқа жету тәсілдері туралы үнемі есеп береді.

Өткен жылы ақпан айында Молекулалық биология және генетика кафедрасының студенттері мен түлектері үшін көпжылдық жұмыс беруші және практика базасы болып табылатын ҚР БҒМ Жалпы генетика және цитология институты базасында филиал ұйымдастырылды. Университет пен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін 2019 жылдың 23 қыркүйегінде ректораттың кеңейтілген отырысында б.ғ.д., профессор З.Айташева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал PhD А.Ловинская «Үздік жас ғалым – 2019» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Бірлескен зерттеулер мен қосдипломды білім беру бойынша ЖОО серіктестерімен жұмыс атқарылып келеді. Кафедра жақын және алыс шетелдердің ғылыми орталықтарымен және оқу орындарымен тығыз байланыста. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында оқытушылар жақын және алыс шетелдерде ғылыми тағылымдамадан өтеді, лекциялар оқуға және практикалық сабақтар өткізуге, бірлескен мақалаларды жариялауға шетелдік ғалымдар шақырылады.

Бүгiнгi сәтте кафедраның көптеген түлектерi отандық және шетелдiк (АҚШ, Египет, Франция, Ұлыбритания және т.б.) түрлi ғылым мен бiлiм саласында өздерін өте жоғары деңгейде көрсетiп жүр.

Осындай жетiстiктерге жетiп, бiлiм мен ғылымның алғы шепте дамуы тәуелсiздiгiмiздiң арқасында деуге толық негіз бар. Өз елiмiздiң атынан әлемдiк ареналарға шығып, тәуелсiз Қазақстанды жақсы жағынан таныта бiлуге, түрлi додаларда көк байрағымызды биiкте желбiретуге тырысуға жастарды баулу – бiздiң, яғни оқытушылардың мiндетi.

Гүлфайруз ШӘЛТЕНБАЙ, Ақерке СЕРБАЕВА,
Биология және биотехнология факультетi
Молекулалық биология және генетика кафедрасының оқытушылары

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here