Елбасы негізін қалаған – Ата заң

0
1180

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – саяси тұрақтылық пен экономикалық өркендеудің негізі ретінде Н.Назарбаевтың құқықтық моделі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынның мақсаты – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуы мәселелерін талқылау. Айтулы шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Конференцияға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Н.Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, конференцияға арнайы қатысқан Түркия Республикасының Конституциялық сотының төрағасы Арслан Зухту, сот және атқарушы билік органдары мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сарапшылар және жоғары оқу орнының оқытушы-ғалымдары мен студенттері қатысты.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры:

– Биыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Бұл еліміз үшін ерекше кезең, тарихи оқиға. Қазақстан қысқа уақыт ішінде үлкен жолдан өтті. Дербес саяси, құқықтық жүйе орнап, дамыған экономика құрылды. Ел болашағын айқындаған игіліктің барлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында тиімді жүзеге асты. Бүгінде Елбасы негізін қалаған, тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын Ата заңымыз мемлекет пен қоғамда орын алған барлық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамудың бастауына, қозғаушы күшіне айналды.

Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті: 

– Баршаңызға ҚР Конституциялық Кеңесінің атынан ыстық ықыласымды білдіру мен үшін зор құрмет. Бабаларымыз аңсаған егемендікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Осыған байланысты жыл басынан басталған іс-шаралар өз мәресіне жетіп те қалды. Бүгінгі форумның республика тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған шаралардың ішінде алатын орны ерекше. Өткен уақытқа көз жіберсек, тәуелсіз Қазақстанның жаңаша тарихында 1991 жыл алтын таңбалармен жазылған мезгіл болды. Сол жылдың қазан айында еліміздің тәуелсіздігі арнайы конституциялық заң қабылдану арқылы бекітіліп, ғасырлар бойы арман болған бабалар тілеуі жүзеге асырылды. Осындай сындарлы сәтте тарихтың таңдауы, халықтың қалауы республикамыздың Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың үлесіне түсті.

 Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң, жас мемлекетті халықаралық қоғамдастық өзінің толыққанды мүшесі ретінде мойындау процесі басталды. Алғашқы болып тәуелсіздігімізді бауырлас ел – Түркия мойындады. Одан кейін екі аптаның ішінде 17 мемлекет осындай қадамға барды. Содан бастап жарты ай ішінде әлемнің алпауыт елдері – Америка Құрама Штаты, Алмания, Қытай бастаған т.б. мемлекеттер осындай шешім қабылдады. Бір жылдың ішінде олардың қатары 108-ге жетіп, 70 ел Қазақстанда дипломатиялық өкілдіктерін ашып үлгерді. Еліміздің бүгінгі қомақты табысы, бағындырған биігі, жеткен жетістігі дербес ел ретінде іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп қана қоймай, алты құрлыққа танылуы, бұның бәрінде де Елбасының ұшан-теңіз еңбегі, ерлігі мен өрлігі, қалтқысыз қызметі мен қажыр-қайраты жатыр.

1995 жылы 30 тамызда қабылданған демократиялық қағидаттарға негізделген Конституция ұлттық базалық құндылықтарды ары қарай тереңдетіп, мемлекеттің мызғымас алтын діңгегіне айналды. Ата заң – қоғам мен мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап, адам мен азаматтың негізгі құраушы құқықтарын, сондай-ақ мемлекеттік институттардың жаңа жүйесін бекітті. Нарықтық экономика, меншік түрлері, шекара, тіл мәселелері өз шешімін тапты. Адамның құқықтық бостандығын толық қорғайтын мемлекеттік құрылым институттары жасақталды. Оның алдыңғы қатарында Ата заңның сақшысы – Конституциялық Кеңес те бар. Конституциялық Кеңестің қызметі еліміздегі мемлекеттік құқықтық принциптерін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мақсатта жүйелі түрде жұмыс жасалынып келеді. Бүгін біздің конференциямызға Түркия Республикасының Конституциялық сотының төрағасы Арслан Зухту мырза келді. Арслан мырза әріптестерімен бірге Қазақстан үшін тарихи сәтте өз лебіздерін жеткізу үшін арнайы университетімізге ат басын бұрды. Бұл үшін біз мәртебелі меймандарға дән ризамыз. Мемлекетіміздің ұлық мерекесі – егемендігіміздің 30 жылдығы құтты болсын!

Арслан ЗУХТУ, Түркия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы:

– Аса құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы, жүректен шыққан ілтипатымды қабыл алғайсыздар! Тұғыры берік Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерді егемен ел болуларыңызбен құттықтай отырып, Қазақстанда егемендіктің ақ таңы лайым жарық болуын тілеймін. Қазақстанда бірлік, достық һәм тыныштық болсын. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас бұдан әрі дами түсетініне сенімдімін. 2021 жылдың 12 қарашасында Түркі кеңесі мемлекет басшыларының 8-ші саммиті өтті. Түркі халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайту мақсатында өткен шара бізді бірлік пен достыққа шақырып, үлкен нәтижеге жеткізеді деген ниеттемін. Түркі халықтарының және мемлекеттерінің өзара ықпалдасып, ынтымақтасуы әл-Фараби атымен аталған университет үшін де маңызды.

Түркі халықтарының өзара қарым-қатынасы үлкен істер мен нәтижелерге алып келеді. Әбу Насыр әл-Фараби өзі өмір сүрген орта ғасырларда көптеген кітаптар жазып қалдырғаны баршаға мәлім. Осы тұрғыда «Қайырымды қала тұрғындарына» арналған арнайы трактаттары бар. Сол кітапта қоғамның қалай ізгіленуі мен қайырымды болуына қатысты айтылған ой-толғамдары қазір де өзекті. Осы «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында әл-Фараби қайырымды қоғам құру үшін оның түп-төркінін бақытты қоғам құрумен байланыстырады. Бірақ бұл бақыт біз ойлағандай емес, ол екі дүниенің жақсылықтарына алып баратын құндылықтарына негізделген. Ғалымның бақытқа жету туралы тұжырымдамасы трактатта жан-жақты талқыға түседі. Сондай-ақ ол: «Қала тұрғындарының өзара ынтымақтасып, бір-біріне көмектесу арқылы ғана бейбітшілікке қол жеткізе алады», – деген ойын айта отырып, саясат жайында: «Бақытқа немесе жақсы бір күнге жету үшін бізге бірлік қажет», – деген ойларын алға тартады.

Мемлекеттің қайырымды болуы ең алдымен сондағы тұрғындардың қайырымды болуымен өлшенеді. Халықаралық мемлекеттердің де өзара ынтымақтасуы бір-біріне жәрдемдесіп, көмектесу негізінде болатынын ойшыл терең жеткізе білген. Міне, данышпан әл-Фарабидің мың жыл бұрын айтқан ой-толғамдары мен идеялары іс жүзінде кешегі пандемия кезінде қаншалықты пайдалы екенін көрдік. Қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізді қолдап, бірлікте, ынтымақта өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Фараби трактаттарының өзегі мынаған келіп саяды: «Егер халық қайырымды ел болса, ол жерде сүйіспеншілік орнайды, ал сүйіспеншіліктің негізі әділдікке келіп тіреледі. Шешімдер әділ болғанда ғана қайырымды қала орнайды». Бұл ҚазҰУ-дың заң факультеті тәлімгерлеріне мәлім. Кез келген қоғамда бір жүйені қалыптастырып, ол жерге әділдікті орнату үшін міндетті түрде заң жұмыс жасауы қажет.

Ғалым айтқан «Қайырымды қала тұрғындарын» құра алмасақ та, соған қарай қадам жасаған, «болмасақ та ұқсап баққан» іс-әрекеттеріміз бар. Осы тақырып аясында негізгі орында заң мен әділеттілік баршаға ортақ болуы қажет. Қайбір қателіктер мен кемшіліктерді заң аясынан тыс шешуге әрекеттену бұл «Қайырымды қала тұрғындарының» ұстанымдарына сай келмейді. Осы орайда, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы да халықтың заңмен өмір сүруі керектігі туралы қара сөздері мен өлеңдерінде атап өткен-ді. Сонда ғана біз Фараби трактаттарындағы «Қайырымды қала тұрғындарына» айналатынымыз айдан анық. Тәуелсіздіктің баянды болуы да жоғарыда аталмыш екі данышпанның ой-тұжырымдарын іске асырумен жүзеге асатыны белгілі.

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here