ҚР Ұлттық ғылым академиясының жетістіктері: білім мен ғылымның жаңа стратегиясы

0
1690

Кеше, 7 желтоқсанда Алматы қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жетістіктері: білім мен ғылымның жаңа стратегиясы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Алматы аймақтық ректорлар кеңесі бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров және ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президиум мүшелері мен академиктері, еліміздің жетекші ЖОО ректорлары мен белгілі ғалымдар, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – осынау отыз жылдың ішінде еліміздің ғылым мен білім саласындағы атқарылған жетістіктерімізге баға беру және алдағы міндеттерді айқындау.

Отырысты ашып, жүргізген модератор – Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы – ректоры Тілектес Есполов бүгінгі таңда білім мен ғылым мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының, сондай-ақ инновациялық жүйе мен адами капиталдың басты факторына айналғанын атап өтті.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ғылым мен инновацияны екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайтындығы» туралы қағидасын басшылыққа алған еліміздің Ұлттық ғылым ордасы отандық білімді, ғылымды дамытуда ерекше рөл атқарып келеді.

Осы қағиданы басшылыққа алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ғылымның дамуына тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет» деп айтқаны бәрімізге мәлім.

Бұл бағытта Ұлттық ғылым ордасы отандық білімді, ғылымды дамытуда ерекше рөл атқарып келеді. Бүгінде ғылым саласында 23 мыңдай адам жұмыс істейді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындардың өсуі байқалады.

Ғылым мен білім саласында оң өзгерістер жүріп жатыр. Мысалы, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Ғылым туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жоғары білімін интернационалдандыру стратегиясы бекітілді. 

Бірыңғай Орталық Азиялық жоғары білім кеңістігін құру туралы Декларация, Болон үдерісі хатшылығының Қазақстан Республикасының жоғары білім берудің ұлттық біліктілік шеңберін өзін-өзі сертификаттауы туралы есеп қабылданды, яғни қазақстандық жоғары оқу орнының дипломдарын барлық Еуропа елдерінде мойындайтын болады.

Заңнамалық деңгейде жергілікті атқарушы органдардың гранттар бөлу нормасы бекітілген, аккредиттеу органдарында, білім беру ұйымдарында 40-тан астам нормативтік құжаттар енгізілді. Осы өзгерістердің нәтижесінде:

– профессорлық-оқытушылық құрамның еңбек ақысы және студенттердің шәкіртақысы 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,5 есеге өсті;

– ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары Коммерциялық емес акционерлік қоғамдар болып қайта құрылды. Бұл оларға академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін пайдалана отырып, өзін-өзі қаржыландыру қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік береді.

Өңірлердегі 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылады, үш жоғары оқу орны зерттеу университеттері мәртебесіне ие болады, Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде екі озық жоғары оқу орны ашылмақ, бұл министрліктің айтарлықтай жұмыстарды жүйелі жүргізіп жатқанының куәсі.

Ғылым мен білімді дамыту бойынша қабылданған осы шаралардың барлығы ел экономикасы мен руханиятының тұрақты дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Осылайша, еліміздің білім және ғылым саласының алдында үлкен міндеттер тұрғанын көріп отырмыз. Біз уақыт талабына сай болып қана қоймай, әлемдік кеңістікте ғылыми көшке қосылып, тың идеялар мен жаңалықтарды қоғамға ұсына білуіміз керек.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында 60 жылға жуық еліміздің ғылымына еңбек сіңіріп келе жатқан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, отандық ғылымды алға дамытушы көшбасшы, ұйымдастырушылық қабілетті жоғары, тектіден тамыр тартқан парасатты тұлға – 18 жыл Ұлттық академияны басқарып келе жатқан академик Жұрынов Мұрат Жұрынұлының 80 жылдық мерейтойы атап өтілді.

Белгілі ғалым, ҚР ҰҒА академигі және Президиум мүшесі Досым Сүлеев өз әріптесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Мұрат Жұрыновтың ғылым мен білімді дамытуға қосқан еселі үлестері туралы кеңейтілген баяндама жасады.

Мұрат Жұрынов ғылымның басты локомотиві – ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі ретінде еліміздің ғылым саласын дамытуға аянбай басшылық жасап келеді. Сондай-ақ, химия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Джорджтаун университетінің (Вашингтон) Құрметті профессоры ретінде химия саласында 20 монографияның, 500-ден аса ғылыми мақаланың, 108 патенттің авторы атанды.

Ғылыммен қатар қоғамдық қызметпен де белсене айналысып, бірнеше облыстық мәслихаттарының депутаты, ҚР Ұлттық кеңесінің, ҚР БҒМ алқасының мүшесі, Ислам конференциясы ұйымы елдері Ғылым академиялары Халықаралық ассоциациясының вице-президенті, ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мүшесі, ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі, «Nur Otan» партиясы Республикалық Саяси кеңесінің мүшесі ретінде ғылым мен руханият саласындағы аса маңызды мәселелердің оң шешілуіне бастамашы болып келеді.

«Мұрат Жұрыновтың бұл мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі кездейсоқтық емес. Еліміздің өркендеуі мен оның экономикасының, білім мен ғылымның қарқынды дамуы, жаңа инновациялардың енгізілуі – ол басқарып отырған ҚР Ұлттық ғылым академиясының бағдарлы еңбектерімен тікелей байланысты. Ғылымсыз  мемлекет те, қоғам да дамымайды. Білімі мен ғылымы дамыған елде ғана қарқынды өркендеу болады. Сіздің басшылығыңызбен отандық ғылымға инновациялық білім мен ғылым жаңалықтарын енгізе отырып, жеткен жетістіктеріңіз бен ұлағатты еңбек жолыңыз баршаға үлгі-өнеге», – деді өз сөзінде Досым Сүлеев.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мұрат Жұрыновқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық ғылым мен білімнің дамуындағы қажырлы қызметі үшін алғысы жазылған мерейтоймен құттықтау хаттарын табыс етті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов академикке ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин және ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауларын жеткізді.

Алматы қаласы әкімінің атынан әкім орынбасары Ержан Бабақұмаров Мұрат Жұрыновқа «Еңбегі үшін» медалін, ал ҚР ҰҒА вице-президенті Ғалымқайыр Мұтанов «Қазақстан Жоғары мектебінің Құрметті қызметкері» төсбелгісін, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов Қауымдастықтың орденін табыс етті.

Сондай-ақ, Мұрат Жұрынұлын жақын және алыс шетелдердің ғылым академияларының басшылары құттықтап, оның жеке тұлғасының бірегейлігі мен әлемдік ғылымның дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Мұрат Жұрынов отандық ғылым ордасының басшысы ретінде, еліміздегі ең алғашқы ұлттық зерттеу университеті мәртебесіне ие болған және инновациялық білім мен ғылым жаңалықтарын енгізе отырып, аграрлық салаға қажетті кадрлар даярлау барысында елеулі жетістіктерге жеткен ҚазҰАЗУ-ға да жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Мұрат Жұрыновқа «ҚазҰАЗУ Құрметті профессоры» атағы берілді. Оны ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы – ректоры Тілектес Есполов тапсырды.

Шара соңында академик Мұрат Жұрынов дөңгелек үстелдің барлық қатысушыларына, оның ішінде Білім және ғылым министрлігіне, ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісіне, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының төралқа мүшелеріне, корреспондент-мүшелері мен академиктерге, еліміздің жетекші жетекші ЖОО ректорларына, зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдарға, БАҚ өкілдеріне дөңгелек үстел жұмысына белсене қатысқандары үшін алғысын білдірді.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, іс-шараға қатысушылар талқыланған мәселелер бойынша ортақ пікірге келіп, Қазақстандағы ғылым мен білімнің рөлін жаңа сапалы деңгейге көтеруге және елдің инновациялық дамуындағы серпіліске ықпал ететініне сенім білдірді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here