Ұлт ұстазы үйінен алған әсерім

0
1610

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне 2024 жылы тамыз айында алғаш рет ат басын бұрдым. Ұлт ұстазының ғұмырының соңында тұрған киелі үйге имене басып, ізет білдіріп кірдім. Ғалым тұрған орданың табалдырығын алғаш аттаған кезімде, бір тылсым күш бойымды билеп, көкірегімді шарпығандай болды. Тілмен бейнелеу мүмкін болмаған әлдебір  рухани мысы бар Ахмет Байтұрсынұлы үйінің мені ерекше жылулықпен қарсы алғанын байқадым. Байқадым да қуандым, тебірендім. Мен үшін бұл орны бөлек құбылыс. Өмірімдегі мерейлі де тың оқиғаға толы бұл сәтті өмір бойы есімнен шығармаспын.

Қазақилықтың иісі аңқып тұрған,  отансүйгіштік рухымды оятқан А. Байтұрсынұлы музей-үйіне экскурсия жетекшісі болып жұмысқа орналасқаныма өлшеусіз қуаныштымын. Қазақ ғылымының көшбасшысы тұрған осы бір киелі шаңыраққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат арытып, тон тоздырып келушілерден сырт, алыс-жуық шет елдерден де арнайы ат терлетіп келетін қонақтар көп екен. Олар үшін Алаштың тарихы мен А.Байтұрсынұлы атамыздың артында қалған құнды мұралары қызықты  екенін көздерінен байқадым, сөздерінен түйсіндім. Әрине, еліміздің есе теңдігі қолдан кеткен қиын заманда халқымызға шырақшы болып, ғылым мен білімнің Қазақ даласында өркен жаюына ақтық демі қалғанша қызмет еткен Алаш арыстарының, теңдессіз ғалым А. Байтұрсынұлының ғасырға жуық уақыттан аман жеткен жәдігерлерін көруге кім-кімнің де қызығары даусыз. Шетелдің ұлы тұлғаларын біздің де тануға құштар болғанымыз секілді, шетелдіктердің де біздің тарихымызды білуге талпынуы орынды.

А.Байтұрсынұлы музей-үйінен әрбір таңнан кешке дейін кісі аяғы үзілмейді. Әсіресе, бұл қасиетті үй ғалымдар мен зиялы қауымның жиі келетін рухани ордасы іспетті. Кеше ғана музей-үйге қазақтың маңдайына біткен тарихшы ғалымы Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы ағамыз келді. Алаштың  тарихынан сөз өрбітіп, салмақты әңгімелерін айтып, өзінің басынан кешкен оқиғаларды, өзі дәмдес, сырлас болған ұлы  тұлғалар туралы ұзағынан баяндап берді. Біз өткен тарихты, текті тұлғаларды көз алдымызға елестетумен тамсана тыңдаумен болдық.

Ұлттың ұлы ұстазының ізі қалған бұл музей-үйден алар білімім, жинар тағылымым өте көп екенін іштей сеземін. Алар  асуларым алда. Жоғалған мұраларымыз табылып, тарихымыз түгенделе берсін. А.Байтұрсынұлы музей-үйінің бір қызметкері болған күннен бастап, біз – жастардың азаматтық парызы тым ауыр екенін шын жүректен сезіндім. Енді осы жүкті көтеріп, елге қызмет етуге бар ынта-жігерімді саламын.    

Байжігіт Аян Ержігітұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here