Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары бәсекеге қабілеттілігін кезекті рет дәлелдеп, Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдерінің үздік университеттері рейтингінде 19-орыннан 16-орынға көтерілді.
Әлемдік академиялық қоғамдастықта өте жоғары деңгейде мойындалуы – ҚазҰУ-дың жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрсеткіші.
QS University Rankings: Developing Europe and Central Asia (EECA) рейтингі 2009 жылдан бастап жүйелі түрде жарияланып келеді. Ол макроөңірдің жетекші университеттерінің дамуы туралы ақпаратты толықтырып отырады. Биыл сараптау Шығыс және Орталық Еуропа, ТМД және Балтық елдерінің 450 университеті арасында жүргізілді. Бұл пандемия салдарынан жоғары білім беру саласында туындаған жаһандық қиындықтарға қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда 50 ЖОО-ға артық.
Мыңдаған ҚазҰУ ұжымының әрбір мүшесі қарашаңырақтың әлемдік рейтингтерде алға жылжуына аянбай еңбек етуде. Қазіргі уақытта әлемдік ғылыми-білім беру қоғамдастығымен белсенді ықпалдаса отырып, ҚазҰУ көрсеткіштерін әлемнің жетекші университеттерінің халықаралық стандарттарына сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
QS EECA-2022 рейтингін құрастырушылардың халықаралық тобы университеттерді саралау үшін жоғары білім беру мекемелері қызметінің кеңейтілген талаптарын ұсынады. Олардың ішінде ең маңыздылары: университеттің ғылыми жетістіктері; академиялық орта мен әлеуетті жұмыс берушілердің халықаралық сауалнамасына негізделген академиялық бедел мен жұмыс берушілердің бағалауы.
Сондай-ақ сарапшылар ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің үлесіне, жарияланымдардың ғылыми дәйектілігіне және университеттің интернет-ресурстарының тиімділігіне, шетелдік студенттер мен шетелдік оқытушылар құрамына үлкен мән береді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымын әлемдік деңгейдегі жоғары жетістігімен құттықтаймыз және жаңа табыстар тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі