Тұрапбай Жарданбекұлы: «Тоқаев сыйлаған кітаптың қызығын мен көрдім»

0
4086

Шетелдегі қазақ диаспорасы дегенде, ең алдымен, сол мемлекеттегі қазақ интеллигенциясы – ғылым мен мәдениет өкілдері көз алдыңа келеді. Сондай өкілдердің бірі – өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында-ақ Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Іле өңіріндегі қазақтардың ішінен даңқы мен дақпырты Қазақстанға жеткен, әрі қазақ жерінде жоғары білім алған белгілі мал дәрігері, мал дәрігерлік ғылымдарының аға зерттеушісі, профессор Тұрапбай Жарданбекұлы. Ғылым адамына тән әрбір ісін ың-жыңсыз ғана атқарып жүретін қазақтың қарапайым ғалым-дәрігер ақсақалын іздеп, таяуда Алматы іргесіндегі шаңырағына барып, сұхбаттасып қайтқан едік.

– Атақ-даңқыңызды ертерек естісек те, Өзіңізбен дидарласып, танысудың сәті енді түсіп отыр. Қазақтың белгілі жазушысы Рахымжан аға Отарбаевтың «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады», – деген сөзі бар, әңгімеңізді біраз арырақтан, ата-тегіңізден, туып-өскен жеріңізден бастасаңыз…

Менің аталарымның, әкелерімнің топырағы Алматы облысының Жаркент кентінің маңайындағы Сүйдіңкүре деген жер. Бұл қазіргі Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Іле облысына қарасты Қорғас ауданы. Мен сол Сүйдіңкүренің Сарбұлақ ауылында 1938 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкеміз елдің малын бағып жүріп біздерді асырады. Ал, анам үй шаруасындағы әйел еді. Бір үйде 11-12 бала болдық. Отбасымыздың жағдайы өте ауыр-тын, бірлі-екілі ұсақ малдан басқа дәулетіміз жоқ. Үйелмелі-сүйелмелі шиеттей баланы асырау әке-шешеме оңай болмаса да, кішкентай кезімнен алғыр болсам керек, «осыдан бірдеңе шығады-ау» деп үміттенді ме екен, шаруасы шатқаяқтаса да мені оқытты.

1947 жылдың тамызының соңында, күзге салым әкем мені Сүйдіңкүреде жаңа ашылған бастауыш мектепке әкелді де, сондағы бір жақын жамағайынның үйіне орналастырды. Әрі оқимын, әрі ертелі-кеш сол үйдің отын-суын тасимын. Жаңа айттым ғой, шаруаның баласымын деп, шаруасы шайқалған шағын үйдің шаңырағына уық болып шаншылуға тырыстық. Сүйдіңкүредегі бастауыш мектепті бітіргенде, Құлжадағы ұл балалар оқитын орта мектепке таңдалып алындым. Кейіндеу ғой осы мектеп Ахметжан Қасыми атындағы гимназия деп аталғаны. Бұл 1953 жылдың жазы болатын.

Бұл мектептегі оқу қандай болды, қандай ұстаздардың алдынан өттіңіз?

– Жаздық демалыстан соң, тамылжыған қоңыр күзде, қыркүйектің басында қасымда Алмасбек деген жігіт бар, екеуміз Құлжаға келдік. Ол кездегі Құлжа басқаша еді ғой, қалың орманмен көмкерілген шағын ғана қала болатын. Гимназияға келіп орналастық. Мұнда Іленің әр ауданынан ғана емес, Шыңжаңның басқа да аймақтарынан таңдаулы оқушылар іріктеліп алынатын. Бұл мектеп сол дәуірдегі Шыңжаңдағы маңдайалды оқу орны болатын. Сабақты арнайы педагогикалық білімі бар, кәсіби тәжірибелі оқытушылар беретін. Әсейін Жақсылықұлы, Сәкен Орынбайұлы секілді ұстаздардан тәлім алдық. Сәкен мұғалім бізге куратор әрі физика-математикадан дәріс оқыды. Географиядан беретін Әсейін мұғалім Ташкенттегі әйгілі Орта Азия университетінде оқып келген екен. Атақты Таңжарық ақынның досы болған. Өзіңнің де хабарың бар шығар, онда ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов оқыған. Балам, біз осындай өз ортасынан озып туған зиялы ұстаздардан тәлім алдық. Оң-солымызды таныдық. Бұл кісілер тұлға болып қалыптасуымызға, өз білімімен де, мінезімен де, кісілігімен де, былайша айтқанда, зиялылығымен тақтасыз-ақ өмірдің жазылмаған формулаларын көрсеткен аймаңдай тұлғалар еді…

– Гимназиядан соң Қытайдағы қазақтардан алғашқыларының бірі болып Кеңестік Қазақстанға оқуға келіпсіз, әңгімені осыдан ары қарай өрбітсек…

– Біз гимназияны бітіретін жылы Қытай мен Кеңес өкіметі арасында білім саласы бойынша жасалынған келісімге байланысты Шыңжаңнан Қазақстанның жоғары оқу орындарына 50 студент жіберетін болды да, соның ішінде мен де бар едім. Сол кезде Шыңжаңда мәдениет пен білім саласы министрлігі бір болды да, оны жазушы, киносценарист Бұхара Тышқанбаев басқарды. Шыңжаң қазақтарының алғашқы «Қасен-Жәмилә» киносының сценарийін жазған осы кісі.

Әлгінде айтқан 50 студенттің қатарында Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр, өзбек, татар, орыс сынды 13 ұлттың өкілі түгелдей болды. Сөйтіп, Шыңжаңдағы қазақтар ішінен шет елде оқыған алғашқы және санаулы қазақтардың бірі болып Алматыдағы Мал дәрігерлік институтының «мал дәрігерлік» факультетіне оқуға түстім. Бүгінгі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Мал шаруашылығы институты.

Білім жолы – өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Сүйдіңкүредегі мектепте және Құлжадағы гимназияда бірге оқыған Алмасбек те менімен бірге оқуға түсті. Алматыдағы оқуын бітіргеннен кейін ол Үрімжінің Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясына қызметке жіберіліп, сонда ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу қызметімен айналысып, зейнеттік демалысқа шықты.

Қазақстанға алғаш оқуға келгенде алдымызда орыс тілінің «асуы» тұрды. Институттағы оқу бағдарламасы орыс тілінде өтетіндіктен, алдымен орыс тілін үйренуге мықтап кірістік. Алматы сынды ғажайып шаһарға бірте-бірте бауыр баса бастадық. Тіл үйренуде мұғалімдер мен жергілікті студенттердің көп көмегі тиді. Тіл маманы Сауранбаевтың «Орысша-қазақша» үлкен сөздігі болды. Орыс тілін негізінен осы сөздіктің арқасында үйрендім. Сол сөздікті әлі де пайдаланып келемін. Не керек, жатпай-тұрмай, күн демей, түн демей үйренудің арқасында бір жылда орыс тілін еркін меңгеріп алдым. Мұғалімдердің оқыған лекциясын еркін тыңдап, жаза алатын, еркін сөйлеп, пікір алмаса алатын дәрежеге жеттік. Бұның бізге кәсіптік білімдерді тереңдеп үйренуге жол ашқаны анық еді.

Мал дәрігері ғылымының білгірі Мұқаметқалиев деген кісі болды. Оның жұбайы, Кеңестер Одағына есімі белгілі физиолог-ғалым, профессор Найла Базанова физиологиядан бізге дәріс берді. Сол кездің өзінде осы Найла ұстазымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының шақыруымен шетелде жиі-жиі ғылыми лекциялар оқиды деп еститінбіз. Ерлі-зайыпты екеуі де инабатты кісілер еді. Ал, кураторымыз бір орыс келіншек болды. Өте жылы жүзді, студенттерінен көмегін аямайтын. Бірақ, ол кісі бізге дәріс өткен жоқ.

Институттың ректоры Қонақбаев деген кісі, бізге терапиядан сабақ берді. Осы ұстазымның маған: «Мал дәрігерлік ғылыммен айналыс, ол қазаққа керек ғылым», – деп ақыл айтып, бағыт сілтегенін қалай ұмытайын. Кейін институтты аяқтап, ауылға кетерде сұраған оқулықтар мен кітаптарымды институт кітапханасынан алып беріп, өзі сыйға тартты. Бұл маған өтеусіз байлық болды. Сол кітаптарды өмір бойы пайдаландым.

Сосын Яков Исакович деген профессор болды. Сол кездің өзінде жасы 70-тер шамасында болатын, ұлты украин ғой деймін. Лекцияны ғажап оқитын. Лекция оқығанда аудитория сілтідей тынып, ұйып тыңдап отыратынбыз. Өзінің «москвич» машинасы болды, институтқа сонымен келетін. Біз бітіретін жылы жазда лекциядан шығып, «москвичімен» үйіне жеткенде, жүрегі тоқтап қалып қайтыс болыпты.

Есімдерін айтып өткен ұстаздарымыздың қай-қайсысы да біздің өмірімізде орны бар зор тұлғалар еді. Өмір бойы ұмытылмайтын асыл адамдар, жарықтықтардың пейіште нұры шалқысын дегім келеді.

1957-58 жылдары Қытайда «стиль дұрыстау» деген саяси науқан етек алғанда, Қытай өкіметі Кеңестер Одағындағы студенттерді кері шақырып алған екен. Осы жайында айта кетсеңіз…

– Иә, сондай жағдай болды. 1957-58 жылдары Қытайда «стиль дұрыстау» деген саяси науқан жүргізілді де, Қазақстанда оқитын студенттерді түгелдей Шыңжаңға қайтарып алып, Үрімжіде «саяси үйрену» дейтін желеумен үш ай бойына социалистік тәрбиеге қатынастырды. Біз «идеямызды азат етіп», үлкен саяси синтезден өттік. Бізбен бірге Қазақстанға келіп, Қазақ университетінің филология бөлімінде оқитын Қабдеш Жұмаділов, Мырзахан Құрманбайұлы, тағы бір жігіттер бар, есімде қалмапты, бірнеше жігітті ұлтжандылықтары үшін «идеясы азат емес, әке-шешелері шетке байланған» деген сылтаумен алып қалды да, қалғанымызды Қазақстанға қайтарды. Біз оқуымызды қайта жалғастырдық.

Алматыдағы оқуыңызды аяқтап, Шыңжаңға қайта бардыңыз. Қазақстанда неге қалмадыңыз?

– 1961 жылы оқуымды тәмамдап, Шыңжаңға қайттық. Қытай өкіметі әу баста оқуға жібергенде, «Кеңес Одағында қалуға, үйленуге болмайды» деген талаптарын қойған. Мұнда қалмаудың басты себептері осы. Әрі десең, ол дәуірде Қазақстанда қалудың қай жағынан қарасаң да еш мүмкіндіктері жоқ еді.

Шыңжаңға қайтып барғаннан кейін, өкіметтің кадрлар назараты (министрлігі) мені Үрімжідегі Шыңжаң мал шаруашылығы назаратына (бұл министрлік дәрежелі мекеме) қызметке бөлді. Бұл жерде жылға жуық қызмет істедім де, 1962 жылы Іле Қазақ Автономиялы облысына қарасты Мұңғұлкүре ауданындағы Іле нәсілді жылқы фермасына жіберді. Мұңғұлкүре – Өр Текес пен Текес өзенінің жоғары аңғарында орналасқан аудан.

Сізді неге бірден өлке орталығынан шалғайдағы шекаралық аймаққа жіберді?

– Мені шалғайдағы шекаралық ауданға жіберуінің де өз себебі болды. Шет елде оқып келген, саяси тұрғыдан күмәнді деген желеу ғой. Шет елге өздері оқуға жіберсе де, озық идеям мен ашық пікірім үшін солай жасаған деп ойлаймын. Бұл жалғыз менің басымда болған жағдай емес.

Сол барғаннан Өр Текесте табан аудармай 20 жыл тұрыпсыз, неден ұтып, неден ұтылдым деп ойлайсыз?

– Іле нәсілді жылқы фермасына келгеннен кейін, жоғары оқу орнында оқыған теориялық білімдерімді практикада қолданып, тәжірибе жинадым. Ғылыми лабораториям – нәсілді жылқы фермасының жылқы алаңдары болды. Жергілікті тұрғындар шеттетпей, бірден өз құшақтарына алды, мен де оларға бауыр басып кеттім. «Ел іші – алтын бесік» демекші, үйдегі Зоя апаларыңды, өмірлік жарымды, перзенттерімнің аяулы анасын осы жерде кездестірдім. Міне, 60 жылға жуық уақыт болды, Аллаға шүкір, бірге өмір сүріп келеміз.

Мен келгенде, Мұңғұлкүреде жылқы жануарларының арасында жұқпалы аурулар көп екен. Індет өте ауыр. Жас маман ретінде бұл жағдай менің назарымды бірден аударды. Кеселдің себеп-салдарын, оны емдеудің жолдарын қарастырдым. Сөйтіп, жұқпалы індеттің негізі жылқының төлтастағы аурулары екенін анықтадым. Бұл індет – жылқы мал басының азаюы мен генетикасының бұзылуына жеткізетін күрделі ауру. Осы індетті 40 жылға жуық зерттедім. Мұны емдеудің теориялық және практикалық базасын қалыптастырдым. Қырыққа жуық мақала жаздым, жылқыдағы жұқпалы ауруларды емдеу және одан сақтану жолдарына арнап екі-үш монография жаздым.                       

Білуімше, сексенінші жылдардың басында Құлжаға қызмет алмастырдыңыз ғой…

– 1977 жылы Қытай билігінің басына қытайдың ұлы саясаткері, реформатор Дың Цияупиң (Дэн Сяопин) билікке келіп, Қытайда жаңа леп есті. Заман оңала бастады. Зиялы қауымға ғылыммен айналысуға мүмкіндік берілді. Кешегі 1966-1976 жылдарда «Мәдениет зор төңкерісінде» «шетелге байланған» деп сынға алынған зиялылар ақтала бастады. Бұл кезде қырықтың қырқасында едім. Ғылыми-зерттеумен айналысуға шындап кірістім. Жоғарыда айтып өткен мақалалар мен монографияларымды осыдан кейін жазуға, көп жылғы практикалық ізденістің нәтижесін жариялауға мүмкіндіктер туды.

Құлжаға қызметім ауысса да, Мұңғұлкүредегі жұмысымды зейнетке кеткенше қоса атқардым. Ол менің негізгі қызметім еді.

Мұңғұлкүреде Іле нәсілді жылқы фермасында жүргенде, көлігіміз жылқы болатын, яғни қызметті ылғи ат үстінде жүріп атқардық. Сайын дала, жайлау, күзеу, қыстау, көктеу біздің қызмет кеңсеміз болды. Жергілікті ауылдарда жүздеген мал дәрігерлері мен ғылым-техника қызметкерлерін тәрбиелеуге өз үлесімді қостым.

Еңбегімнің еш кетпегені болар, 1982 жылы Мұңғұлкүреден Құлжадағы Іле облыстық зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына профессорлыққа шақырылдым және институттың ректоры, облыстық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры лауазымына тағайындалдым. Сонымен қатар, 1988-98 жылдар аралығында Шыңжаң өлкелік мәслихаттың мүшесі болып қоғамдық қызметті қоса атқардым.

Ғылыми-зерттеу еңбектерім жергілікті өкімет тарапынан бағаланып отырды. 1983 жылы Мемлекеттік Кеңестің жанындағы Кәсіптік ғылым-техникалық атақты аттестаттау комитетінің шешімімен «Аға мал дәрігері» деген кәсіптік-техникалық марапат берілді. 1983-1988 жылдары Қытай Халық Республикасына еңбегі сіңген ғылым-техника қызметкерлеріне берілетін мемлекеттік кеңестің стипендиясын және ШҰАР-ға еңбегі сіңген мамандарға берілетін стипендия алдым. Ұзақ жылғы еңбегімнің бағаланғаны мені одан әрі қанаттандырды.

Сізге кезінде Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітап сыйлапты, ол қандай кітап еді?

– Жоқ, маған емес, үйдегі апаларыңның ағасы Владимир Николаевич Зиминкоға берген. Ағасы 1982-92 жылдары Бүкілқытайлық саяси мәслихаттың мүшесі болды. 1987 жылы Қытай астанасы Бейжіңге мемлекеттік мәслихаттың кезекті мәжілісіне қатысуға барады, сонда Шыңжаңнан барған аз ұлт өкілдерінің ішінен Владимир Зиминконы сол кездегі Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдайды. Владимир Зиминконың өзі орыс ұлтының өкілі болғандықтан, елшімен орыс тілінде еркін пікір алмасады. Бұл кісіге шын көңілімен риза болған жас елші орыс тіліндегі мал дәрігерлікке қатысты құнды бір топ кітап сыйлайды. Ол кітаптарды көріп, менің қуанышымда шек болсашы, бұл қол жете бермейтін асыл қазына еді. Президент Тоқаев сыйлаған сол кітаптардың пайдасын мен отыз жылдан асты, әлі көріп келемін.

– Мал дәрігерісіз, бірақ халық емшілігімен айналысып кетуіңіздің сыры неде?

– Мен көп жылдар бойы тұрған Мұңғұлкүре ауданы шекарадағы үстіртті өңір, шет аудан болғандықтан, жергілікті халық адам дәрігеріне  мұқтаж еді. Шалғай елдімекендерге дәрігерлік көмек сирек келетін. Бір қызығы, мал дәрігері болсам да, жергілікті тұрғындар: «Сен де дәрігерсің ғой», – деп көмек сұрап келетін. Амал жоқ, көмек көрсетуге тура келеді.  Сөйтіп, өздігімше медициналық әдебиеттерді оқып, іздене жүріп, сол ізденістің нәтижесінде тұрғындар арасындағы жиі кездесетін ауруларды емдей бастадым. Содан бастап қазақтың халық емшілігі саласын зерттеуді қолға алдым. Жарты ғасырға созылған тәжірибемнің негізінде халық емшілігінің омыртқа аурулары, мойын омыртқа ауруларын емдеудің жаңа әдістерін аштым. Осы аурулардан қаншама адамды емдеп сауықтырдым.

Түйін сөз: «Жас өсіп, жарлы байымай ма» демекші, шаруасы шайқалған шағын үйдің шаңырағына уық болып шаншылған кешегі шаруаның баласы өмір бойы Іле жылқысындағы жұқпалы ауруларды зерттеумен бірге, халық емшісі ретінде қаншама жанның науқасына араша, жанына медет болған дәрігер-ғалым, профессор бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан. Екі мыңыншы жылдары атамекенге біржола қоныс аударып, бүгінде қызы Әлиямен бірге халық емшілігімен айналысады. Біз көңілі сергек, ерік-жігері мұқалмаған, әлі де бойында қайраты бар қазақтың қара шалына қоштасып бара жатып, амандық пен ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледік.

 Сұхбаттасқан: Сержан Сәрсенбайұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here