ҚазҰУ ғалымы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды

0
1592

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биотехнология кафедрасының доценті міндетін атқарушы  Гүлнар Ұлтанбекова отандық антибиотикті әзірлеу жөніндегі ғылыми жоба үшін авторлар құрамында Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгін білім ордасының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев марапат иесін қабылдап, жоғары жетістігімен құттықтады.

Кездесуде оқу орнының басшысы фармацевтика саласында жаңалық ашып, зор табыстарға жеткен ғалымдар еңбегін ерекше атап өтті. ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің доценті м.а. Гүлнар Дауытбайқызына «Ғылым мен техника саласындағы аса мәртебелі марапатқа ие болуыңыз – сіздің терең ізденістеріңіз бен ғылыми жетістіктеріңіздің жемісті нәтижесі», – дей келе, әрдайым отандық ғылымды дамытуда биік белестерді бағындыра беруді тіледі. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.

Мемлекеттік сыйлықты жеңіп алған ғылыми жұмыс «Розеофунгин-АС» жаңа отандық бірегей дәрілік препаратын әзірлеу және өндіруді ұйымдастыру» деп аталады. Оған Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, биология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Аманкелді Саданов жетекшілік етті.

Қазақстандық ғалымдардың көпжылдық зерттеуі мен тәжірибелік әзірлемелері зеңге қарсы белсенді кең спектрлі отандық «Розеофунгин» антибиотигімен байланысты. Оның негізінде адамдарда әртүрлі саңырауқұлақ инфекциясын емдеуге арналған жоғары тиімді «Розеофунгин-АС» препараты алынды. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы осы препараттың жасалуын аяқтап қана қоймай, оны өндіріске шығару үшін толық дайындап шықты.

Ауқымды жоба аясында институттың Азотты бекітетін микроорганизмдер биологиясы зертханасының меңгерушісі, биология ғылымының кандидаты Гүлнар Ұлтанбекова белсенді зерттеу жүргізді. Ғылыми қызметінің негізгі бағыты түйнекті микроорганизмдердің азотты бекітетін қасиеттерін анықтау және олардың негізінде биопрепараттар әзірлеу, ризосфералық бактериялардың өсуін ынталандыратын және антифунгальды қасиеттерін зерттеу, өсімдік шаруашылығы үшін биопрепараттар жасау болып табылады. Ол 29 ғылыми мақала мен Қазақстан Республикасының бес инновациялық патентінің авторы. 2013 жылдан бастап Азотты бекітетін микроорганизмдер биологиясы зертханасын басқарады. Осы уақыт аралығында зертханада тоғыз патент алынды, 80-нен астам ғылыми жұмыс, екі монография жарияланды.

Атап өтерлігі, «Розеофунгин-АС» – бүгінгі таңда медициналық мақсаттағы алғашқы және әзірге жалғыз отандық препарат. Сондай-ақ өнімнің құны шетелдік аналогтардан үш есе төмен. Бұл жоба ғалымдардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі болып табылады.

ҚазҰУ ұжымы Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттарын лайықты марапатымен құттықтайды! Ғалымдарға зор денсаулық, амандық және ел ғылымы мен өнеркәсібінің дамуы үшін жаңа шығармашылық жетістіктер тілейді!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here