Тәуелсіздік нышаны: Мемлекеттік рәміздер қалай қабылданды?

0
4522

Мемлекеттік рәміз – Тәуелсіздіктің нышаны. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданып, алғаш рет бекітілді. Ал, сол жылдың қаңтар айында Қазақстанның Мемлекеттік Туына, Елтаңбасы мен Әнұранына конкурс жарияланған болатын.

ҚР Ұлттық мұрағатының 1992 жылдың 4 маусымындағы ҚР Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымының VIII сессиясының стенографиялық есебіне жүгінсек, Тудың жобасына жарияланған бәйгеге 453 сұлба, 142 ұсыныс хат, Елтаңбаның жобасына 245 жұмыс, 67 ұсыныс хат, ал Әнұранға 51 мәтіні мен әуені бар нұсқа, 132 өлең мәтіні келіп түскен. Солардың бәрі Жоғарғы Кеңесте қаралды. Осы сессия отырысына қатысып отырған сол тұстағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев әдеттегідей пікірталас тізгінін өз қолына алған көрінеді.

«Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға бес айдан асып барады. Әлі сол ескі қызыл жалауды желбіретіп жүрміз. Қалайда бүгін бір шешімге келгеніміз дұрыс болар еді. Бұл – Тәуелсіздік талаптары тұрғысынан таразыланатын маңызды саяси таңдау. Мемлекеттік мүдде жеке тілектер мен топтық қисындар көкпарына немесе білместік бопсасына айналып кетпесін. Қазір аса зор жауапкершілікті талап ететін тарихи сәтті бастан кешірудеміз. Біз өз тарихымызда тұңғыш рет бүгінгідей жағдайда төл елтаңбамызды, төл геральдикамызды таңдағалы тұрмыз», – деді Елбасы.

Парламенттегі талқылау кезінде алғашында Ту жобасы бірқатар депутаттардың көңілінен шыға қоймаған. Ондағы өрнек жан-жақты үйлестірілмеген әрі рәміздік құрылымын тым күрделілендіріп тұрған басы артық нышандай көрінген.

Содан үзіліс кезінде рәміздерге қатысты жобаларды тағы бір зерделеген Елбасы Ту жобасының авторы Шәкен Ниязбековке: «Қазақы өрнекті жақсы тапқан екенсіз, Шәке. Онда терең мағына бар. Мына көк түс, алтын күн мен қыран құс бейнелерінің рәміздік болмысы, негізінен, адамзаттық құндылықтар биігінен сөйлеп тұр ғой. Ал, «қошқар мүйіз» нағыз төл ұлттық нақышымыз. Жоба қабылданар болса, оның орналасқан тұсын да, бояу нақышын да, бір сөзбен айтқанда, бүкіл дизайндық шешімін қайта қарау керек. Көріктірек, көрнектірек еткен жөн. Содан соң мына күннің бейнесін тура ортаға жылжытқан дұрыс болады», – деп ескерту жасайды.

Көп сөйлей қоймайтын қылқалам шебері: «Ұқтым, Нұреке. Шалалау болды. Міндетті түрде жетілдіремін», – деп басын изейді.

Жоба авторына жасаған ұсыныстарын үзілістен кейін сөз алған Елбасы депутаттар алдында да ортаға салды. Олар қолдады. Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреп тұрған бүгінгі көк Туымыз осылай қабылданған еді.

Мемлекеттік Елтаңбаның қабылдану сәтін оның авторы Жандарбек Мәлібекұлы өзінің «Қазақстан Елтаңбасы» атты кітабында былай еске алады: «Шамамен 17:00-де 239 Елтаңба жобасының 10-ы іріктелді, соның ішінде мен жасаған Елтаңба көпшіліктің көңілінен шықты. Сонда мен тек комиссия мүшелерінің ғана емес, миллиондаған отандастарымның ойын дәл тауыппын. Комиссия өтініші бойынша экранға Елтаңбаның екі нұсқасын: бірінші – қошқар мүйізсіз және жүлдызсыз, ал екіншісінде бұл белгінің бәрі бар. Комиссияның кейбір мүшесі мен депутаттарды мүйіз бен жұлдыз шошытса керек. Әсіресе, жұлдыздан тоталитарлық жүйе мен дінді көрді. Президент қызу талқылауды қорытындылап, «Елтаңбадағы бес жұлдызды «Советтік жүйе қалдығы» деп қарауға болмайды. Жұлдыз советтік заманнан да бұрын болған. Қазақта «Жұлдызың биік болсын» дейді. Біз тәуелсіздігімізді жаңадан алған жас мемлекетпіз. Біздің өз жолымыз, өз жұлдызымыз болуы керек. Жұлдыздың кеңеске қатысы жоқ, ол – Тәуелсіз еліміздің қайталанбас даму жолын көрсетеді. Темірқазық! Біздің жұлдыздың дінге қатысы жоқ» дегеннен кейін жеңісім шүбәсіз болды».

Әнұранның Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған әуені сол қалпында қалдырылып, сөзін қайта жазу міндеттеледі. Мұның өзі талант құдіретін бір мойындатса, Әнұран әуеніндегі мақсат пен мазмұнның адамзат алдындағы адалдығын қоса танытады.

Сол күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» арнайы заң қабылданды.

Еліміздің Туы мен Елтаңбаның дәл қазіргідей болып шығуына шығармашылық комиссия мен депутаттардың рөлі де аз болмағанын айту – парыз. Сайып келгенде, тұңғыш қабылданған ресми рәміздеріміз сол кездегі қоғамдық ойдың жемісі еді. Ұлттық мұрағатта Мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қатысты құжаттар мен әр алуан материалдарды ақтарып, қараған сайын осыған көзім жете түседі. Бұл – таңдалған жобалардың үздік танылуының объективті себептерін тап басып тануға көмектесетін де бірден-бір фактор.

Ресми рәміздер ішінара өзгеріске ұшырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мәтіндік нұсқасы негізінде 2006 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің әйгілі «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік Әнұранға айналды. Оны орындау кезінде оң қолды жүректің тұсына көтеріп тұру дәстүрі енгізілді.

Егемен ел тарихына алтын әріптерімен жазылған бұл күн Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні болып белгіленді.

Еліміздің ежелден аңсаған азаттығына қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, Мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – әрбір азаматтың қастерлі борышы.

Руслан ХАМЗА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау
жөніндегі Ұлттық орталығының атқарушы директоры

АТЫРАУ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here