Аңызбен кездесу

0
2620

Бүгінгі мақала «Кеңес Одағының батыры» атағын екі мәрте алған жалғыз қазақ, аты аңызға айналған қыран Талғат Бигелдинов (1922-2014) туралы болмақ. Әрине, ол қазақтың маңдайына біткен ерекше тұлғалардың бірі. Оның көзі тірісінде әйеліне берілген кішігірім үйде тұрғаны, ең болмаса мейрам күні не ардагер ұйымдарынан, не әскери органдардан бір жапырақ құттықтау қағаз алмай, ескерусіз қалғаны мені көп толғантты.

Ертеден халқымыз батырларын ерекше сыйлаған, тіпті бір өңірден шыққан осындай кісі болса бәрі де бөліспей, жарыспай оны мақтаныш тұтқан. Кейбір кездерде оның бір ерке мінезі көрініп қалса, оны да түсіне біліп, кешірімді болған. Себебі, «кез келген адам батыр болады, ерлік көрсетеді» деу ешбір қисынға келмейді. Батыр болу үшін Отанын, жерін сүюмен қатар, оның жеке басының басқалардан ерекшеленіп тұратын бір қасиеті, қазақша айтсақ, арқасы мен асқан жігері болуға тиіс. Қазағым көзінде оты бар баланы «батыр болатын бала» деп мақтаған. Бұл өсетін, келешегі бар халықтың «бірін бірі батыр» деген жақсы қасиетінің бірі. Қазақ халқы жан басына шаққанда Екінші дүниежүзілік соғыста батыр атағын алған ұлттардың ішінде бірінші орынға ие болғаны сондықтан шығар.

Басқа халықтар ұлты қазақ батырларымызды мадақтап, өз қандастарына жатқызып келген мысалдар аз емес. Жас кезімізде «Генерал Рахимов» деген фильмді көріп, «өзбек» ағамыздың ерлігіне таң қалатынбыз. Бала көкірегімізге «Шіркін, осындай әскери басшы қазақтан неге тумаған» деген қызғаныш та келетін. Сол сұрапыл соғыстың Батырлары туралы осындай фильмдер бүгінде неге жарық көрмейді? Өкінішке қарай, бұл сұраққа жауап таба алмайсыз.

 Талғат ағамызбен мен де бір кездері ойламаған жерде кездесіп, дәмдес болған едім. Ол да бір есте қалар қуанышты шақтарымның бірі еді. 1965 жылдың қысы болуы керек, облыс орталығынан 160 шақырымдай жердегі Қарасу деген ауданға сақылдаған сары аязда жұмыс бабымен барып едім. Аудан орталығында екі мейманхана бар екен. Біріншісі жалпы меймандарға арналса, екіншісі аудандық партия комитеті ғимаратының ішінде орналасқан. Әрине, соңғысына сыйлы қонақтар, қалған «қара» халық сол коммуналдық шаруашылықтың мейманханасына жайғасады. Арнайы қонақтарға арналған мейманханада теледидар, тоңазытқыш, жаңа жиһаздар сияқты барынша жағдай жасалған болса, жалпысы әйтеуір қонып шығатын, өзі ластау әрі салқын бөлмелерден тұратын жатақ есебінде екен. 

Орталықтағы күндіз асхана, кешке ресторан деп аталатын жерден ауқаттанып отырсам, бір столдан кейін Талғат ағамыз тамақтанып отыр. Жанында азаматтық авиацияның екі ұшқыш орыс жігіті бар. Бала кезімізде кітапханалардан іздеп жүріп оқитын кейіпкерімді осындай жерде кездестіремін деп кім ойлаған?! Өз көзіме өзім сенбей, стол басындағыларға түксірейіп қарай бердім. Иә, дәл сол кітаптардың мұқабасында ұшқыш формасын киіп, күлімдеп тұратын, жайдары жүзді қыран ағамыздың дәл өзі. Батыр ағамыз соңғы кездерде азаматтық авиацияда, ұмытпасам күрделі құрылыс жағын басқаратынын, не ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жұмыс істейтінін еститінмін. Қайсысы болса да, өте жауапты қызмет екенін білетінмін.

Айта кетерлік тағы бір жәйт, сол кезде көзге көрнексіз көрінетін Қостанай әуежайының күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілгені осы Батыр ағаның арқасында екенін соңынан естідік. Бұл кісілердің үстіндегі азаматтық авиацияның формасы болжамыма қосымша негіз болды.

Жасым отызға келсе де, жас баладай қобалжып, жанына келіп:

– Кешіріңіз, Сіз Талғат ағай емессіз бе? – деп орысша сұрадым.

Соңынан «күте тұрып, тамақтанып болғаннан соң неге сұрамадым, осы мәдениеттілікке қашан үйренеміз» деп өзімді өзім бір іштей жазғырып та тастадым. «Жақтырмай қалса, ұят болады емес пе» деген де ой келді.

– Иә, Талғат Якубековичке ұқсаса, сол кісі болғаны, – деп жанындағы бір пысықтау сары жігіт күлкіге айналдырып жіберді.

Менің қысылып тұрғанымды бірден байқаған Талғат ағамыз қазақ тілінде:

– Отырыңыз, інішек, – деп жанындағы бос орындықты көрсетті.

Аспаннан күткенім жерден, жерде болғанда облыс орталығынан алыс ауданнан, сырт көрінісін айтпағанда, ішіп-жейтін ас-суының өзі сын көтермейтін асханадан табылды. Аты аңызға айналған Батырдың жанына отыру мен үшін бір күтпеген жағдай әрі бақыт болды.

Ағамыз қазақша аты-жөнімді сұрап, кәдімгі көптен көрмеген жақын адамдай ілтипаттылық білдірді. Содан кейін арқамның қыртыс-тыртысы жазылғандай болып еркін сөйлесе бастадым. Не керек, әңгіменің соңында ол кісінің аузына қараумен дұрыс кешкі тамағымды ішпегенімді сезді ме, Батыр мені орналасқан нөміріне шақырды. Жоғарыда айтқан ауыл мейманханасының үш орындық нөмірі туралы не айтып жатайын?! Ескі кереует, ұзақ уақыт ақбалшық көрмеген, шимайлап неше түрлі есімдер мен сөздер жазылған қабырға, нашар жабылатын есік, сыртқы желдің де лебі байқалатын бөлме. Мен өзім осы өңірдің азаматы есебінде мына көрініске ұялып жерге қарадым. Ол кез біздің алтындарымызды кейбір өзге ұлт өкілдері білсе де білмегенсіп, ылғи шеттетіп, көзге ілмейтін, сөйтіп ардақтай қоймайтын заман еді ғой.

Нөмірге кірген соң, Тәкең жанындағы қошеметтеп жүрген жас жігітке:

– Інімізге шәй берейік, дайындық жаса, – деді.

Көп ұзамай алюминий шәйнек те буы шығып келіп қалды, асханадан әкелген тамақтарды жайып, ас ішуді жалғастырдық. Шіреніп отыратын тәкаппарлық мінез Батырда жоқ екен, столды мәзірлеуге өзі араласып, көмегін тигізіп жатыр.

Бір кезде ағасы жолдасына:

– «Суық шәйді» алуды ұмытып кетіппіз ғой, – деді.

– Талғат Якубекович, біздің жақта күн суық, бір кәдеге жарап қала ма деп қаладан шыққанда аз-мұз спирт алып шығып едім, рұқсат етсеңіз, – деді қасындағы жылпос сары жігіт. Сөйтті де сөмкеден аузы бұрандалы бір үлкен ыдысты алып шықты.

– Жарайсың, Сергей! Соғыста осы сендей тапқыр пулеметчигім болып еді, құй онда, – деді.

Сергей мейманхананың шәй ішетін стақанына жүз грамдай «сұйық затын» құйды. Үлкен кісіден сый-құрмет көріп жатқаныма риза болғаным шығар, оның спирт екені есімнен шығып кетіп, екінші рет сұратып жатпай, не болса о болсын деп стақанды тартып жібердім. Не керек, ішімдік арақтан күшті екен, мен тез қыздырыңқырап қалдым. Содан әңгіме жандана түсті.

Талғат Бигелдинов Сергей Луганскиймен аға-інідей болып, аспанда талай ерліктер жасағандары туралы бала кезімде көп оқығанмын. Сондай шайқастардың бірер эпизодтарын айтып едім, Тәкең маған сондай риза болды. Жанындағы жолдастары да қазақша түсінетіндей бастарын изесіп жатты.

– Тәке, немістер Сіздің аспанға көтерілгеніңізді эфирдегі дауысыңыздан танып, «аспанда 13 нөмір» деп дабыл қағыпты, осы рас па? – деп сұрақ қойдым.

– Әр ұшқыштың өзіне ғана тән ерекшелігі болады. Біз бір-бірімізді дауысымыздан ғана емес, сол шабуыл жасау мен айла-тәсілдеріміз арқылы да танитынбыз, – деді Батыр.

– Аға, орыстар 13 санын түрлі сенімдермен байланыстырып, онша ұната қоймайды ғой. Сізге осы сан қайдан жабысты? – деп сұрадым.

– 1943 жылы Саратов қаласындағы әскери ұшқыштарды дайындайтын курстарды тәмамдап, әскери бөлімге келгенімде, маған осы нөмірлі әуе көлігі бұйырды. Өзі тозығы жеткен, жау оғынан сау жері жоқ, аэродромның шет жағында тұрған бір ұшақ екен. Стабилизаторында 13 саны жазылған. Жағымсыз санға қарап, көпшілік оған отырғылары келмейтін көрінеді. Осы ұшақпен талай жауынгерлік тапсырмаларға аттанып, аман-есен базаға оралып жүрдім, маған бұл құтты нөмір болды, – деп сәл жымиды Батыр.

Сол кеште Тәкең балалық шағын, ата-анасын, оқыған мектебін, ұшқыштар дайындайтын курстарын, соғысқа бірге қатысқан жауынгерлік жолдастарын сөз етті. Байқағаным, ол өзінің ерліктері туралы айтуға сараң екен.

Ата-анасының тапқан табысы күнделікті күнкөріске жетер-жетпес болғандықтан, ағамыз жастайынан еңбекке араласуға ұмтылған. Орта мектептегі және әуеклубтағы оқуды  қатар ұштастырып, екеуін де ойдағыдай аяқтағаннан кейін Саратов қаласындағы әскери ұшқыштар дайындайтын училищеге түскен. Кәмелеттік жасқа толмаған Тәкең соғысқа сұранып, әскери комиссариат пен осы училище бастығы кабинетінің табалдырығын тоздырған. Бұл арманы тек қана 1943 жылы орындалған.

– Аға, Сіз бірінші награданы Ұлы Отан соғысында қандай ерлігіңіз үшін алдыңыз және ол кезде неше жаста едіңіз? – деп сұрадым.

– Әрине, алғаш ұшаққа отырғаным, алғаш жауынгерлік тапсырманы орындағаным, алғаш алған жауынгерлік наградам осы күнге дейін көз алдымда тұр. Бойымның аласалығынан көп опық жедім. Әуеклубқа, одан қалды әскери училищеге оқуға да осы бойдың кесірі тиді (күлді). Себебі, сырт пішінім балаға көп ұқсағандықтан, мені жасын ұлғайтып жүрген бір жасөспірім бе деп те күдіктенген кездер болды. Бірақ, қайтпас қайсарлығым, еңбекқорлығым арқасында өзіме деген дұрыс сенімге ие болдым, – деп өткен күннен естелік айтты.

– Ұшақтың штурвалына бірінші рет әуеклубында отырдым. Ол кішкентай бір моторлы әуе көлігі болатын. Ұшқыштың орындығына отырғанымда, қуанышымды жасыра алмай, айқайлап жібергенім әлі есімде. Өзі кішкетай көліктің педаліне аяғым жетпей, қиналып тұрсам, бір жолдасым: «Сен қайдасың, орындыққа батып кеттің ғой, астыңа кішкене жәшік қойып отырмасаң, жолды да көре алмайсың ғой», – деп әзілдеді. Шынымды айтсам, мен ылғи астыма парашюттің қабын, соңынан әскери ұшақпен ұшқанымда астыма сырты былғарымен қапталған көрпеше салып жүрдім, – деп балаша шындығын айтты.

«Бірінші жауынгерлік тапсырмам туралы айтсам, ол 1943 жылдың қысы болатын, – деп Талғат Жақыпбекұлы әңгімесін жалғады, – Біз бір звено ұшақтар жаудың қару-жарақ базасын, жаяу әскерлерін бомбалап, үйге бет алып келе жатқанбыз. Ойламаған жерден, қарсы алдымыздан жаудың 60-70 истребителі шыға келді. Олар үш қабат болып ұшып келеді. Біздің ұшақтардың жүрісі жаудыкінен көп баяу, біз олар үшін тірі нысана сияқты едік. Командирлер: «Мұндай жағдайда оларға қарсы шығуға болмайды, жер бауырлап ұшып, олардан сытылып кетудің амалын ойлаңдар», – деп тапсыратын. Звеноны бастаушы командиріміз төмендеп базаға қарай ұшуды бұйырды. Осы кезде олар бізге шабуыл жасап, біздің төрт ұшақты, оның ішінде командиріміздің ұшағын атып түсірді. Мен жалғыз қалдым. Соңыма түскен немістен құтылу шарасын ойлап, ұшағымды оқыс бұрмалап, жалтарып көріп едім, бірақ ол әккі ұшқыш екен және де истребителінің шапшаңдығын пайдаланып, менің жан-жағымнан кезек-кезек шығып атқылаумен болды. Оқ әлі дәл тие қоймағанмен, рөлімді жартылай сындырып, май, су радиаторларымды тесіп кетті. Ұшағым қақалып-шашалып, менің ырқыма көнуден қалды. Ал, неміс мені аспанда мазақ қылуға айналды, екеуміздің шайқасымызды сырттан қарап тұрғанға ол мысық пен тышқан ойынына көп ұқсайтын. Оның мені басынғаны сонша, ұшағының шапшаңдығын азайту үшін доңғалағын шығарып, менің бірде оң, бірде сол қанатымнан үлкен калибрлі пулеметінен оғын жаудырумен болды. Жаудың бұл қылығы менің намысыма тие бастады. Ызам кернеп «Осы немістен өз аспанымда несіне қашамын, жауынгер ата-бабам жаудан бас сауғалап қашпаған, қазақтың кім екенін мен саған көрсетейін» деп кіжіндім. Содан кейін ұшағымды әрең бұрып алып, мессершмитке қарсы ұштым. Неміс былай болатынын ойламаса керек, маған шабуыл жасауды бір мезет есінен шығарып алды. Немістің ұшағы қарама-қарсы нысанама дәл келгенде пулеметтің гашеткасын бірнеше рет басып-басып жібердім. Ол бір қырына жантая жерге зулай жөнелді. Бір мезетте омбы қарға барып күмп етті. Кімдер екенін байқамадым, құлаған ұшаққа қарай әскери кісілер жан-жақтан жүгіріп бара жатты. Мен болсам сау жері жоқ ұшағыммен әрең дегенде базаға жеттім. Жолдастар жүгіріп келіп, мені пилоттың кабинасынан әрең шығарып алды. Бұл менің жарық дүниеге екінші келуім болатын. Соғыста талай өлім мен өмірдің арасында жүрдік қой. Жауынгерлік тапсырмадан талай жолдастарымыз оралмады».

Батыр әңгімесін әрі қарай жалғады.

«Осындай бір тапсырманы орындау кезінде ұшағыма оқ тиіп, пулеметчигім екеуміз бірнеше күн жау тылында қалған сәт те болды. Аш-жалаңаш, жарақат алған мен жалғыз фронттың линиясын өтіп, әскери бөліміме қосылдым. Бізді өлгендердің тізіміне тіркеп қойған екен. Өкініштісі, жолай немістермен болған атыстардың бірінде жаңағы жолдасымнан айырылдым. Ұшақтан шығысымен аспандағы ауыр шайқас туралы командиріме баяндап бердім. Бұл бір ауыр күндердің бірі болды, – деп өткен күнге қайта оралды Талғат Жақыпбекұлы, – Ойламаған жерден келесі күні телефон арқылы мені дивизия командирі шақырды. Не болып қалғанын білмей, сол кісінің қабылдауына бардым. Барлық болған қайғылы жағдайды толық айтып болғаннан кейін ол: «Сержант жолдас, немістің атақты ұшағын атып түсіргеніңді неге айтпайсың?!» – деді. Сонда ғана ол мені неге шақыртқанын түсіндім. Немістің мессершмитін өзімнің жайбасар ИЛ ұшағыммен қалай атып түсіргенімді ешкімге де тіс жарып айтпаған едім. Мені тыңдап болғаннан кейін дивизия командирі орнынан тұрып, жаныма келіп, менің арқамнан қағып: «Жарайсың, сержант Бигелдинов, сен атып түсірген немістің майоры өзі 4-5 рет қана жауынгерлік тапсырмамен ұшқан, 19 жастағы кеңес қыраны екеніне сенбей-ақ қойды, сені бір көруге ынтық», – деп қарқылдап бір күліп алды. Содан кейін ол ресми түрде: «Жаумен шайқаста көрсеткен тамаша тапқырлығың және ерлігің үшін Әуе армиясының қолбасшысы сені КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының атынан Отан соғысының екінші дәрежелі орденімен наградтайды», – деді. Соны айтты да алдағы кезге табыстар мен денсаулық тілеп, қолымды қысты. Бұл менің бірінші жауынгерлік орденім еді. Командирдің айтуына қарағанда, жаңағы неміс ұшқышы Еуропада аты аңызға айналған фашистің оқ дарымайтын қыраны екен. Ол бір өзі 108 ұшағымызды атып түсіріп, талай крест ордендерге ие болыпты».

Батырды тыңдап отырып: «Бір кезде есімі Одаққа белгілі болған азаматымызды қазір неге алақанға салып қадірлей алмаймыз, әлде әр нәрсе өз уақытында ғана деген қағиданы ұстанғанымыз ба?!» деген сияқты терең ойға шомдым.

– Талғат аға, облыстық партия комитетінен бір қатардағы нұсқаушы келсе, аудан басшылары аяқтарынан тік тұрып, жік-жапар болып жатады. Сізбен бірге неге облыстық комитеттен бір өкіл келмеген, ал қазір аудан басшылары да тым-тырыс, осындай екі мәртебелі Кеңес Одағының батыры алыс ауданға жұмыс барысымен күнде келіп жатыр ма?! – дедім.  

 Ең болмаса, аз уақыт мектептердің, ол кезде кәсіби училищелердің де бар кезі, солардың оқушыларын жинап алып, Батырмен кездесу ұйымдастырып жіберсе, артық болмас еді. Естісе бүкіл аудан басы жиналатынына күмән туғызуға бола ма?! Әрине, тайлы-тұяғына дейін, оның ішінде соғыс ардагерлері, бәрі жиналар еді. Әттең, сол кездегі үлкен саясаттың салдары-ай деуден басқа бұған нақтылы дәлел таба алмадым.

 Тағы бір байқағаным, Тәкең өте ұлтжанды кісі екен. Кеңестік идеологияның кемеріне келіп тұрған кезінде, кейбір ұлт мәселелерін жалтақтамай ашық айтып отырған ағама іштей риза болдым. Ол кезде бұндай сөздерді айту түгіл, бас изеп құптаудың өзі қауіпті еді ғой.

Ол кісінің сөз саптауына қарағанда, Тәкеңді облыс басшылығынан, біріншіні айтпағанда басқа да жауапты кісілер қабылдамаған болып шықты. Қазақ халқына қаны ұйымайтын облысты билеп отырған кісіден не көрегендік, мәдениеттілік күтуге болады?! Ең болмаса облыстық әуеотрядының бастығы жанына еріп жүрсейші… Ол да облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының шашбауын көтеріп жүрген басқа ұлт өкілі болатын. «Осындай жаужүрек ағалардың арқасы емес пе еді, бүгіндері сендердің талтаңдап адам болып жүргендерің» деген ой келді.

Ертеңіне аудан басшысына кіріп, жағдайды айттым. Ол да бізге жүрегі елжіреп тұрмаған, Еңбек Ері атағы бар кісі еді. «Білмедік, облыстан ешкім қарсы алыңдар деп хабарламады» деген сияқты сылтау айтты. Алайда, жүзінен ешқандай таңқалушылық ишаратын сезбедім.

Бұл жерде өз көңіл-күйімді әрең тежеп, тек қана «сен кім едің, қызыл құмарлығыңды былай қойғанда, араққұмарлығыңмен атың облысқа әйгілі партократ, сенің Еңбек Ері деген жоғары атақты қалай алғаныңды білеміз, кешегі сұрапыл соғыста фашизмді жеңгеніміз, осындай ержүрек қырандарымыздың арқасы емес пе еді, енді міне, ешкімді танығың келмей отырғаның» деп іштей налып отырдым. Бірақ, амал не, билік солардың қолында болған соң…

Әттең, қазақтың даңқын көтерген Батырымызға сол кездегі астанамыз Алматыдан бір келісті пәтер беруге болар еді ғой. Одан еліміз кедей болып қалмас еді…

2014 жылдың қараша айы болатын. Мен Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің емханасында ем қабылдап жатқан едім. Талғат ағаймен соңғы қоштасу болып жатқанын теледидардан көріп, дәрігерден сұранып, қала ортасындағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағына жылдам жеттім. Батырмен қоштасуға келгендердің көптігінен оның мәйітіне жақындауға мүмкіндік болмады. Ол Кеңсай зиратына жерленді.

Егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен қазіргі уақытта ел мақтаныштарын құрметтеу – бүгінгі жастарымыздың ұлт алдындағы өтелмес бір парызы. Соны естен шығаруға болмайды. Ал, қазақтың текті қыраны, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы Талғат Бигелдиновтің есімі Қостанай қаласының бір көшесіне берілсе, нұр үстіне нұр жауар еді. Жергілікті әкімдікте отырған атқамінерлердің «құлағына алтын сырға».

Ғалихан МӘУЛЕТОВ,
тыл еңбеккері,
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Құрметті ардагері

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here