Бірлескен Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы ашылды

0
1153

2024 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөздер қорытындысы бойынша 30-ға жуық, соның ішінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен ҚХР Ланьчжоу университеті арасында «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын» бірлесе құру туралы Келісімге қол қойылған болатын. Осы келісім аясында 2024 жылдың 12 шілдесінде Алматы қаласында ҚазҰАЗУ Бас ғимаратында «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығының» салтанатты түрде ашылуы өтті.

Аталмыш іс-шараға ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов, Ланьчжоу университеті делегациясының жетекшісі, партия комитетінің хатшысы Ма Сяоцзе,  Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулдығының Бас консулы Цзян Вэй, проректорлар мен декандар, ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Пірімқұл Ибрагимовтың айтуы бойынша, жаңа Орталықтың негізгі қызметі – Қазақстандағы ақылды ауыл шаруашылығы саласындағы озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз етеді және мынадай міндеттерді шешуге бағытталады:

  • екі елдегі жасыл және тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдесу;
  • ауыл шаруашылығын цифрландыру;
  • генотиптерді зерттеу;
  • жасыл және төмен көміртекті технологиялар;
  • суды тиімді пайдалану;
  • зиянды организмдердің алдын алу және күресу;
  • ауыл шаруашылығы техникасын автоматтандыру, тиімді басқару;
  • ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

«Осы мәселелерді шешу үшін Орталық келесі функцияларды орындайды: ғылыми-зерттеулер мен білім беру барысында оқытушылармен және студенттермен алмасу; бірлескен ғылыми жобалар мен жарияланымдар; бірлескен білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын әзірлеу; ғылыми материалдармен, жарияланымдармен және басқа да ақпараттармен алмасу; семинарлар, конференциялар және шеберлік сабақтары сияқты бірлескен академиялық іс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асырады», – деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда және АӨК саласында терең өңдеу, су ресурстарын тиімді басқару, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігі, климаттық өзгерістердің салдарымен күресу бойынша көптеген ауқымды ғылыми жобаларды іске асыруда жетекші рөл атқарады. Қазіргі таңда ҚазҰАЗУ «QS Asia» рейтингісі бойынша Орталық Азияда 6-шы, «QS Sustainability» рейтингісінде Қазақстан бойынша 5-ші, техникалық ЖОО-лар арасында 2-ші орында. 2023 жылы университетке 4 ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылық қосылды. Бұл әлемдік үрдіс, ғылыми-зерттеу мен білімді біртұтас жүйеге айналдыру.

ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті, академик Ақылбек Күрішбаевтың ғылым мен білім беру және аграрлық салада Қазақстан мен Қытайдың сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығының дамуына көп еңбек сіңіргенін, осы жұмыстарды халықаралық деңгейде ұйымдастырғанын атап өткен орынды. Ректордың бастамасымен университет ҚХР-дың 20-дан астам жетекші білім беру, ғылыми ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Оның ішінде Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылым академиясы, Қытай аграрлық университеті (Пекин), Сычуань ауылшаруашылық академиясы, Ланжоу университеті, Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті, Хэнань ауыл шаруашылық университеті, Шихыцзы университетімен өзара келісім-шарттар жасалынды.

2024 жылғы 17 мамырда ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Вице-премьері Лю Гочжун бастаған үкіметтік делегация мүшелерімен Алматыда кездесу аясында Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын ашу мәселесі екі мемлекет басшыларының назарына ұсынылды және жоғары дәрежеде қолдау тапты.

Алматы қаласындағы ҚХР Бас Консулдығының Бас консулы Цзян Вэй өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын атап өтті, сондай-ақ екі ел арасындағы ғылым және білім беру байланыстарын тереңдетудің тиімді тетіктерін бірлесе іздестіру мен іске асыру аясындағы қолға алынған бастамаларға қолдау білдірді. Бірлескен Орталықтың ашылуы екі елдің ғалымдарына АӨК өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Ланьчжоу университеті делегациясының жетекшісі Ма Сяоцзе Қытайдың ауыл шаруашылығын дамытудағы тәжірибелік жетістіктерін пайдалана отырып, қытай технологиясын Қазақстанға енгізудің алғышарты басталғанына, жалпы ауылшаруашылығын цифрландырудың маңыздылығына назар аударды.

Ланьжоу университеті – жүз жылға жуық тарихы бар, ҚХР білім министрлігінің тікелей қарамағындағы және Double First Class құрамына кіретін жетекші оқу ордасының бірі. 31 факультетте ауыл шаруашылығы ғылымдары, фармакология және токсикология, инженерия, экология, математика, химия, физика, ботаника және зоология, биология, биохимия, клиникалық медицина, әлеуметтік ғылымдар, компьютерлік ғылымдар, өңірлік экономика және ядролық ғылым т.б. салалар бойынша мамандар даярланады.

Орталықтың ашылуы Қытай мен Қазақстан арасындағы ғылым, білім және бизнес саласындағы қатынастарды одан ары нығайтудың, екі университет арасындағы (бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу; студенттер, магистранттар және докторанттар алмасу бағдарламаларын жасау; білім беру бағдарламаларын бірлесіп құру) сияқты ынтымақтастықты тереңдетудің заңды жалғасы болатыны анық.

Орталық қызметін әрі қарай дамыту мақсатында төмендегідей ұсыныстар ортаға салынды: орталық құрамындағы зертханаларды құрып, оларды жабдықтауды қаржыландыру; бірлескен зерттеулер жүргізуді Қытай тарапынан қаржыландыру көздерін қарастыру; бірлескен білім беру бағдарламаларын жасақтауды жеделдету.

Сонымен бірге, Қытай делегациясының мүшелері ұсыныстарды қолдай отырып, ҚазҰАЗУ ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, оқу ордасындағы инновациялық ғылыми жетістіктерін жоғары бағалады.

Тараптар Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығының ашылуы және өзара әріптестік ынтымақтастықты одан ары дамыту туралы келісімге қол қойды

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here