Тіл киесі

0
1449

Әлімсақтан дала заңына қатаң бағынған, табиғатқа құрмет пен аяушылық білдірген ұлы ұлттың ұрпағымыз ғой. Балалық шағымыздан «арқасы, иесі, киесі бар» деген сөздерді көп естідік. Бұл сөздер құлағымызға әбден сіңісті болып кеткен.

Есімнен еш кетпейді, студенттік шағымыз болатын. Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласындағы Шин Жиаң педагогика университетінің қытай тілдері факультетінің 3-курсын тәмамдау алдында едік. Группалас 26 студенттің арасында қазақ ұлтынан – мен, қырғыздан – Жасар, моңғолдан – Бінбә үшеуіміз ғана едік. Жасар мен Бінбә Іле Қазақ облысына қарасты Текес ауданынан, қазақ тіліндегі мектепті бітірген, яғни қазақ ауылдарында туылып, тілдері қазақша шыққан. Біз өте берекелі болдық, сыйласып-сырласып өттік, ошақтың үш бұтындай қайда барсақ та айырылмай бірге жүрдік. «Махаббат, қызық мол жылдар» дегендей, біздің де студенттік шағымыз естен кетпес естелікке, қызыққа толы болды. Қыздарға да қырындап жүрген кезіміз ғой. Көлденең өткен кербез кермаралдарды көзбен кезеп сүріндірмей өткізбеуші едік-ау!..

Сабақ аралық үзіліс болатын. «Қаке… Қаке… Бүгін… Бүгін… Жаңа… Жаңа ғана әлгі қыз алдымнан жымиып басын изеп өте шықты, өте нәзік, ұялшақ көрінеді, аяғы аяғына шалынып құлап түсе жаздады. Сабаққа кіру қоңырауы да шалынбасы бар ма?! Тіл қатуыма үлгермей, әп-сәтте тал шыбықтай нәзік денесін меңгеріп ала қойды да, оқу бөлмесіне сүңгіп кетті, қап, әттеген-ай», –  дейді досым Бінбә.

Орта бойлы, қызыл шырай жігіттің езуі құлағына қарай түріліп, құлағы, бас терісі түгел қызарып кеткен, шеке тері шып-шып етеді, тап бір қызыл түлкіден айырылған бүркітшідей алқынып сыбыр-сыбыр етеді…

Біз де оқытушымен аудиторияға әрең кіріп үлгердік. Осы күнгі сабақ Бінбәнің миына кірмегені белгілі еді. Оқытушы: «Сабақ түсінікті ме? Сұрақтарың бар ма?» – десе, орнынан атып тұрып: «А… А? Не дейсіз?» – дейді. Сынып іші ду күлкі, аласапыран ыбыр-сыбыр, араның ұясындай болды да кетті…

Бінбәнің есі кетіп ғашық болып жүргені – Алтай аймағынан келген, бізбен бір жылдықта моңғол әдебиетінде оқитын, қазақшаға судай, орта бойлы  аққуаша, қарақат көз Дана деген моңғол бойжеткен еді. Иығын жауып тұратын желкілдек қырықпа құлаң қара шашы сымбатты да нәзік қаз мойнына құп  жарасқан, жан дүниеңді еріксіз елітетін. Көп жігіттің жүрегін жаулағаны еш шүбәсіз.

Бұл бойжеткенмен бір ғимаратта оқитынбыз, жолыққан сайын сәлеміміз жиілеп, жылы лебізде әңгімелесіп жүрдік. «Досым Бінбәмен болашақ отбасын құрса қандай жарасымды болар еді, екеуінің сыртқы келбеттері мен ішкі жан дүниелері әбден сәйкес келеді, бір ұлт, оның үстіне қазақ тілін, салт-дәстүрін жетік меңгерген, болашақ отбасылық достарымыз бола бермек» деген жақсы ой келді де, «дәнекер болайын» деп бір шешімге келдім. Сонымен, моңғол тілінде шығатын газеттен бір данасын таптым да, қысқалау шағын жазылған мақаладан біреуін талдадым. Күн көрінетін биттің қабығындай өте жұқа жұмсақ ақ парақты газеттің үстіне қойдым да, үстінен бастырып өз әйнінде сызып көшіріп шықтым. Хаттың тақырыбы да «Сәлем жаным» немесе «Cәлем хат» дегендей қысқа ғана мағынаны білдіргендей, өз авторлық құқығым тек  хат соңындағы ауашаланып жазылған жыл, ай, күні ғана болды. Қыздың аты-жөні үшін де әшекейлі көркем бадырайып басылған бір сөзді өте ептілікпен бастырып жаздым, үкілі хат етіп неше бұрыш шығарып бүктеп, ішкі қалтама салып қойдым. Өзім де шынымен ғашығымнан хат тапсырып алғандай көңіл-күйдемін. Ендігі бар ойым – уақыт сәйкестігін тауып, бұл хатты досым Бінбәға табыстау еді.

Ертесі тағы да сабақ аралық үзіліс үстінде Бінбәдан ауашаланып моңғол әдебиетін оқитын қабатқа шықтым да, уақыт болуына қайта сабаққа кірдім. «Дана «Бінбәға бере салыңызшы», – деп жаңа ғана хат берді, «міне хаты» деп табыс еттім. Хатты ақырын ашты да, «Университет кітапханасында қызмет істейтін Батырға оқытып аламын» деді де қалтасына басты. «Ана тілінің уызына жарымаған сақау, соқыр сорлым-ай! Тіл киесі мен махаббат иесі қайтер екен сені?! Жүр, сөйтіп» деп іштей әліптің соңын бағу ойын түйдім…

Бір күні түскі ас кезі болатын, әлгі хат оқытатын Батырымыз сөйлей алмай ішегі қатып күледі. «Не болды?» десем, қыздан келген хатты оқыпты, «сүйдім, күйдім» деген махаббат жайындағы емес, ауылдағы бір тілшінің төрт түліктің төлі жөніндегі хабар мақаласы болып шығыпты.

«Бінбә бұл қызбен үйленсе, келіншегінің балағынан бала саулайды, көп ұрпақты болады екен» деп жақсылыққа жорып, әбден күліп тарастық.

Күндер өте келе менімен жол-жөнекей айқасып өтетін монғолдың қыз-жігіттері әлде бір нәрсені айтып күліп өтетін болды. Сөйтсем, хат оқығыш тілмәш Батырымыз моңғолдардың оқытушылары мен студенттерінен құрам тапқан үлкен бас қосу кешінде «Бінбәнің қызықтары» атты тақырыпта қыздан келген хаттың жәй-жапсарын әбден мәнерлеп, бояуын қандырып, әсерлеп-әспеттеп тұрып көпке жайып салыпты. Ыржақ-тыржақ арзан күлкінің көкесі сол отырыстан басталған көрінеді. Жақсы көңіл мен досқа деген адал ниетімнің көптің ауызынан табылатын әзіл-қалжыңға айналып кетерін мен де сезбеппін…

Қысқа мерзім ішінде досым Бінбәнің ана тілін судай сылдыратып  сөйлеп, маржандай етіп жазып, терең меңгеріп ала қоюының сыры қыздың иесінен бе, жоқ әлде ана тілінің киесі құдіретінен бе?! Мен әлі байыбына бара алмадым. Қойын дәптеріме ескірмейтін естелік ретінде қайта жаңғыртып жазып қойдым.

Қайролла Мамытанұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here