Мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігі қағаз жүзінде болмауы тиіс – С. Шәпкенов

0
967

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) 2021 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2022 жылға арналған жоспарлар бойынша кеңейтілген алқа отырысы барысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов жергілікті атқарушы органдардың мүгедек адамдарға арналған объектілерді бейімдеу жөніндегі жұмысын сынға алды.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Серік Шәпкенов өз сөзінде Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың (бұдан әрі – МБА)  өмір сүру сапасын арттыру үшін кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Мәселен, 2021 жылғы қазанда заңнамаға бірқатар жағдайды жақсартатын нормаларды көздейтін түзетулер қабылданды. Нәтижесінде I топтағы мүгедектігі адамдарды күту және оларды сүйемелдеп жүру бойынша бірыңғай жәрдемақыны 26,3 мың адам алды; 57,2 мың мүгедектігі бар бала үшін жәрдемақы мөлшерін ұлғайтуды көздейтін топтарға бөлу жүргізілді; 2,8 мың алушы бір мезгілде мүгедектік және асыраушысынан айырылу жөнінде жәрдемақыларды иелене алады.

«Елімізде шамамен 700 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Экономикада еңбекке қабілеттілердің 126 мыңы немесе 25%-дан азы жұмыспен қамтылған (417,8 мың). 2022 жылдың соңына дейін еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамтылғандардың үлесін 25%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

2021 жылдан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы толыққанды іске қосылды. Компенсаторлық құралдармен 371 мың адам немесе қажеттіліктің 87,4%-ы қамтамасыз етілді», – деді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар Еңбекмині басшысы, түйінін тарқатуды талап ететін мәселелер әлі де бар екенін атап өтті.

«Әсіресе оңалту мәселесі өзекті. Осыған байланысты 2022-2024 жылдары 12 өңірде әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланған. 2021 жылы олардың құрылысы Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында басталды. Ағымдағы жылы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында құрылысты жүргізу жоспарлануда. Еңбекмині бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды. Өңірлерде де құрылыс барысына қатаң бақылау жүргізілуі тиіс», – деді Серік Шәпкенов.

Министр сондай-ақ әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарының МБА үшін қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында интерактивті қолжетімділік картасына 5 мыңнан астам объект енгізді. Олардың барлығы мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына бейімделген ретінде көрсетілген. Алайда, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменттері жүргізген тексерулер 2 мыңнан астам бұзушылықты анықтады (барлығы 3 258 объект тексерілді немесе 2021 жылға арналған бейімдеу жоспарының 74%-ы). Сондықтан нысандарды бейімдеу және қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс ерекше бақылауда болуы тиіс. Объектілер қолжетімділігі қағаз жүзінде қалмай, шынымен де олар қолжетімді нысандар болуы керек», – деп атап өтті Еңбекмині басшысы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here