Студенттердің әлеуметтік және қоғамдық белсенділігін дамыту – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің стратегиялық басымдықтарының бірі. Бұл бағытта білім алушылардың өзін-өзі басқаруын дамыту, студенттердің корпоративтік мәдениет деңгейін көтеру және оларды тұлға ретінде қалыптастыру үлкен маңызға ие. Осы мақсатты жүзеге асыру бағытында университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай студенттік қоғамның белсенді өкілдерімен кездесті.
Town hall форматында ұйымдастырылған басқосуда студенттер мен жас оқытушылар тарапынан ой-пікірлер айтылып, көптеген ұсыныстар жеткізілді. Олардың қатарында студенттік ұйымдардың жұмысын жетілдіру, университетте қызықты да әсерлі студенттік өмірді қалыптастыру, академиялық ұтқырлық пен қос дипломдық білім беру бағдарламаларының аясын кеңейту сынды мәселелер бар.
Екі жақты тиімділікке негізделген жиында қойылған сауалдарға Басқарма мүшелері жан-жақты жауап берді. Сондай-ақ, олар кездесу барысында айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Кездесуді университет басшысы Гүлмира Қанай қорытындылады. Ол өз сөзінде осындай басқосулардың тұрақты өткізіліп отыратынын және бұл қадам барлық тараптар үшін пайдалы болатынын жеткізді.
Коммуникация және маркетинг департаменті
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Студенттік өзін-өзі басқару – білім алушылардың оқуын, тұрмысын, бос уақытын ұйымдастыруға, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға қатысты өзекті сұрақтарды шешу бойынша қоғамдық қызметтің ерекше үлгісі. Бүгінде университетте 15-ке жуық студенттік ұйым қызмет атқарады. Оларға 4 мыңға жуық білім алушы мүше. Ал, студенттік өзін-өзі басқару органдары мен жастар ұйымдарының басты мақсаты – жастар арасында азаматтық-патриоттық тәрбиені қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, білім алушыларды әлеуметтік қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау.