Ұлттық рух немесе кеш оралған әділдік

0
3846

Жиырмасыншы ғасырдың басында Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан абақтыда жатқанда, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына: «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады», –  деп рухты жігерлендіретін әсерлі хатын жолдаған екен. Міне, аузы дуалы Әлиханның осы сөзі айна-қатесіз ақиқатқа айналып, репрессияға ұшыраған боздақтардың ардақты да аяулы есімдерін ақтап алуда қыруар еңбектер атқарылды, атқарылып та келеді. Мұның бәрі еңсемізді тіктеп, егемен ел болуымыздың арқасы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың күзінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Өткен дәуірдің еншісіндегі бұл тарихи оқиғаны жан-жақты зерттеу және жазықсыз құрбан болған боздақтарымызды ақтап алу  жұмысы осы комиссияға міндеттелді. Осы орайда, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зәуреш Сақтағанова «Qazaq» газетіне сұхбат беріп, жоғарыда атап өткен мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде атқарылған жұмыстарды қысқаша саралап көрген еді.

– Зәуреш Ғалымжанқызы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1,5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Сол мемлекеттік комиссия қандай шаруаларды қолға алды?

– Иә, Мемлекет басшысының 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның басты міндеті де сол саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті қайта қалпына келтіру және оларға арнайы бірыңғай республикалық дерек қорын құру.

Комиссия негізінде бекітілген бұл іргелі істерді атқаруға он жұмыс тобы және екі шағын комиссия жұмылдырылды. Олар қуғын-сүргін құрбандары иелігінен айырылған байлар, шаруалар, шаруа көтерілістеріне қатысушылар, қазақ босқындары, жер аударылғандар, лагерь тұтқындары, әскери тұтқындар, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күрескендер және басқа да санаттарды зерттеумен айналысса, бірқатар ғалымдар құжаттарды толық зерттеп, қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы мәліметтерді бірізге келтіріп, осының негізінде бірыңғай республикалық деректер базасы құрылады деп үміттенеміз.

Аталмыш мемлекеттік комиссияны қолдау үшін Жобалық кеңсе құрылды. Бұған әртүрлі мемлекеттік органдарынан, ғылыми-зерттеу институттарынан қызметкерлер ұсынылды. Ғалымдар шамамен бір жылдай уақыт жабық және ведомстволық мұрағаттармен арнайы рұқсатнама қағазы арқылы кіріп, жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ, еліміздің 17 аймағында да осындай арнайы комиссия құрылып, Президенттің берген тапсырмасы бойынша елеулі жұмыстар атқарылуда.

Өзім болсам, НКВД құрамында болған ГУЛАГ-тың 26 лагерінде болған саяси қуғын-сүргіннің ақталмаған құрбандарын ақтауға ұсыныстар әзірлеу бойынша VIII жұмыс тобының құрамында, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне қатысты «XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процестері: бірыңғай деректер базасын құру» жобасы аясында жұмыс істеймін.

2021 жылға арналған жоспарға сәйкес, ҚР Мемлекеттік комиссияның алға қойған міндеттерін орындауға байланысты бірнеше ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Олар: саяси қуғын-сүргіннің ақталмай қалған құрбандары туралы мәліметтер қорын құру, арнайы мұрағаттардағы материалдармен жұмыс істеу, репрессия мәселелеріне қатысты ғылыми жарияланымдар ұйымдастыру, қолға жиналған барлық ақпараттарды арнайы сайтқа жүктеу, мұрағаттық жинақтарды баспаға дайындау және т.б.

Біздің топ ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мұрағатынан, ҰҚК арнаулы мұрағаттары мен ҚР Ұлттық мұрағатының мамандандырылған бөлімінен, ҚР Президентінің Архивінен мұрағаттық құжаттарды жинады. Жұмыс тобында қызмет атқаратын ғалымдар еліміздің және шет елдің мұрағаттарынан құжаттарды іздестіру және іріктеу жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, қазан айында Мәскеуде РФ Мемлекеттік мұрағатының қорларында, Р-9414 қорында – КСРО Ішкі істер министрлігінің Бас бостандығынан айыру орындарының бас басқармасында Қазақстандағы ГУЛАГ лагерінің тарихы бойынша мұрағат материалдарын іздеу және жүйелеу жұмыстары жүргізілді.

Жұмыс топтары мен өңірлік жұмыс комитеттері арасында зерттеу әдістемесі бойынша өзара жоба тақырыбына да тәжірибе алмасу мақсатында Жобалық кеңсемен бірлесіп, былтыр бірқатар республикалық семинарлар, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізілді.

– Сіздің бір мақалаңыздан КСРО кезіндегі репрессия саясатын тоғыз негізгі кезеңге бөлгеніңізді оқыдық. Осы тақырыпты тарқатып айтып берсеңіз…

– Кеңес мемлекетіндегі тоталитарлық жүйенің қалыптасуы жүйелі, жоспарлы жаппай сипатқа ие саяси қуғын-сүргінмен қатар жүрді. Қуғын-сүргіннің ауқымы және репрессияға ұшыраған адамдар санына қарап айтатын болсақ, мұндай көрсеткіш барлық әлеуметтік категориялар мен халық топтарын қамту жағынан бұрын-соңды болмаған еді. КСРО-да мемлекеттік органдар тарапынан қолданатын жазалау шаралары ең алдымен үрейге негізделген қоғамды басқаратын жүйе құру үшін қолданылды. Қарсылық көрсеткендері, билікпен келіспегендері жазаланды немесе көздері жойылды. Сонымен қатар, қуғын-сүргін саясаты халықтың қалың бұқарасын елдің аз қоныстанған аудандарында қосымша инвестициясыз көшіруге, мәжбүрлі түрде еңбекпен түзеу лагерлерінің жүйесін кеңейтуге, еркін еңбекті пайдалануға, негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, ірі өнеркәсіптік құрылыс, аумақтарды дамыту, жаңа елдің аз қоныстанған аудандарын еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді қарастырған.

Кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін саясатын талдай отырып, «1920-1980 жылдардағы Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін: оңалту кезеңдері, салдары және проблемалары» (Отан тарихы. – 2021. – №3 (95). – 136-145 б.) атты мақаламызда ерекше атап өтеміз. Жеке тұлғаларды емес, халықтың барлық санаттары қамтылған жаппай сипатта болған Қазақстандағы ауқымды қуғын-сүргінді негізгі 9 кезеңге бөліп қарастырамыз.

Бірінші кезең – большевиктер билікті басып алған алғашқы күндерден бас­тап, 1917 жылдың қазанынан 1920 жылдардың ортасына дейін ұлттық партиялардың қызметімен ­байланысты ұлттық интеллигенцияға қатысты («Алаш», «Шура-и-Исламие», т.б.) және ұлттық автономиялардың үкіметіне («Алаш Орда», «Түркістан Мухтариаты») қатысты жүргізілген репрессиялар.

Екінші кезең – коммунистік партия-кеңес элитасын – 1920 жылдардың орта­сынан 1930 жылдардың басына дейін кеңестік партиялық жүйенің ескі көздерімен қатар, Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы  Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» ­саясатына бас көтерген коммунистердің жаңа буыны, кеңестік ұлттық интеллигенцияның «жаңа толқынын» репрессиялау.

Үшінші кезең – 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың бірінші жартысында толық ұжымдастыру мен күштеп отырықшыландыру кезеңінде ауқатты шаруаларға (оның ішінде қазақ байлары мен шаруа малшылар бар) қарсы репрессиялар. Репрессияның бұл кезеңі, кулактар мен байларды тап ретінде жою науқаны жүріп жатқан кезде, шаруалардың «сағын сындыруға» мүмкіндік берді, сол арқылы шаруа халықтың ең күшті, ең еңбекқор, ең ықпалды бөлігін құртты. 

Төртінші кезең – 1930 жылдары инженерлік-техникалық және өнеркәсіп кәсіпорын­дарындағы жұмысшыларды «саботаж және диверсиялық жұмыс» айыбымен репрессия­лау («Риддер ісі», «Балқаш ісі» және т.б.). Бұл кезеңде ­«жапон-неміс тыңшысы», «контрреволюциялық ұйымдар», «троцкистер», «оңшылдар», «ұлтшылдар және басқа шпиондық бандалар» деген жаламен техникалық интеллигенцияның еркін ойлайтын инженерлері мен техниктері, жұмысшылары жаппай репрессияға ұшырады.

Бесінші кезең – 1937-1938 жылдардағы «Үлкен террор». Ол ал­дыңғы репрессиялардың шыңы және қи­сынды соңы ретінде билікке қарсы шыққан немесе репрессия механизмінің «қысымына» кездейсоқ ұшырағандарды физикалық түрде жоюды көздеді. Бұл жолы алдыңғы кезеңдерде қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ аман қалғандардың бәрі қайтадан қуғындалды және ату жазасына кесілді. 1937-1938 жылдардағы репрессия кезеңінде алдымен қапасқа қамалса, кейін республикалық, облыстық, қалалық, аудандық партия және кеңес органдарының, НКВД органдарының жетекші қызметкерлерінің барлығы дерлік (80-100%) атылды.

Алтыншы кезең – 1930 жылдардың аяғынан 1940 жылдардың ортасына дейінгі қуғын-сүргін. Аталған кезеңде корей, поляк, неміс, шешен, ингуш, Қырым татарлары, түрік және т.б. халықтар Қазақстанға КСРО бойынша бұрын-соңды болмаған ауқымда жер аударылды. Жүз мыңдаған адам негізсіз айыптаулармен 24 сағат ішінде үйінен шығарылды, олардың ондаған мыңы депортация кезінде қайтыс болды.

Жетінші кезең – соғыстан кейінгі онжыл­дықтағы репрессиялар. Ол 1940 жыл­дардың ортасынан 1950 жылдардың ортасына дейін, соғыстан кейінгі он­жылдықта Сталин режимінің күшеюімен байланысты, соғыс тұтқын­дары, шаруалар, жұмысшылар, интеллигенция өкілдері және тағы басқалар қуғын-сүргінге ұшы­рады. КСРО-да саяси тұтқындарды «аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді қатаң режимде ұстау үшін» арнайы ГУЛАГ лагерлер жүйесі құрылды. «Үлкен террор» кезеңі артта қалғанымен, репрессия жалғасып, ГУЛАГ кеңейе түсті.

Сегізінші кезең – 1950 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі барлық «басқаша ойлайтындарға» – шығармашылық интеллигенция өкілдеріне, ғалымдарға, партиялық-кеңестік элитаға және басқа әлеуметтік топтарға қатысты қуғын-сүргін. И.В.Сталин қайтыс болған соң, «Хрущев жылымығы» біраз либерализациялық бағытындағы саясаты біршама өзгертті. Бұл кезеңде репрессия әдістері біршама «жұмсартылды»: өлім жазасының орнына бас бостандығынан айыру, психиатриялық клиникаларда мәжбүрлеп емдеу, КСРО-дан жер аударып жіберу және т.б. қолданылды. Дегенмен, жүйе түбегейлі өзгерген жоқ: келіспеушілікке, оппозицияға, сөз бостандығына әлі де тыйым салынған болатын.

Тоғызыншы кезең – 1980 жылдардың екінші жартысындағы қуғын-сүргін. Сол жылдардағы «ашықтық пен қайта құру» кезеңіндегі репрессияның ең жарқын фрагменті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың қуғын-сүргіні болды. Кеңестің қуғын-сүргін машинасы  мейірімсіз Молох сияқты жүйеге қарсы шыққандардың тағдыры мен өмірін қиратты. 

Қуғын-сүргіннің барлық кезеңдері бірқатар ортақ белгілермен сипатталады. Репрессиялық механизмнің астында, ең көрнекті, іскер, өз ұстанымы бар және өз көзқарасын қорғауға қабілетті тұлғалар түсті. Репрессиялық шаралардың нысандары мен әдістері қоғамдық-саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Егер 1920 жылдардың бірінші жартысында әлі де болса дау, пікірталас, пікір алмасу еркіндігі (осы кезеңде репрессиялар көбіне партия мен мемлекеттік құрылымдардан «мәжбүрлі» түрде шығару, изоляция, саяси-азаматтық құқықтарынан айыру және т.б.) болса, ал 1920 жылдардың аяғында «ұлы сталиндік бетбұрыс» кезінде қайшылық пен қарсылықтың кез келген нысаны мен дәрежесіне төзбеушілік атмосферасы қалыптасып, репрессиялық шаралар күшейтілді.

– Зәуреш Ғалымжанқызы, 2020 жылы оқырманға жол тартқан «Жадыңнан өшпес. Қазақстандағы сталинизм: Өткені. Естелігі. Еңсеру» деп аталатын ұжымдық монографияға бір кісідей үлес қосқаныңызды білеміз. Осы ұжымдық монографияға кірген еңбегіңіз туралы айта кетсеңіз және қандай тақырыпты қозғап едіңіз?

– Ұжымдық монография 2019 жылы «Живая память. Сталинизм в Казахстане: Прошлое, Память, Преодоление» деген атпен орыс тілінде жарыққа шықты. Ал, Сіз айтып отырған «Жадыңнан өшпес» кітабы әлеуметтік тақырыпта маңызы бар үздік кітап номинациясында «Алтын қалам» әдеби сыйлығын алды. (Кітап авторларының бірі сұхбат кейіпкеріміздің өзі.)

Ұжымдық монографиядағы менің мақалам Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағаттарының материалдары бойынша жазылды, тақырыбы: «1950 жылдардың басындағы Қазақ КСР Ғылым академиясының тарихынан алынған сюжет немесе БК(б)П ОК-ге жазылған бір «хаттың» оқиғасы» деп аталады.

2020 жылы кітап елімізде қазақ тілінде, ал шетелде ағылшын тілінде жарық көрді. Бұл мақалада аз зерттелген және жарияланбаған құжаттардың негізінде 1940 жылдардың соңы – 1950 жылдардың басындағы ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға қатысты саяси қуғын-сүргіннің тарихын зерттедім. Соғыстан кейінгі Қазақстандағы сталиндік кезеңдегі қуғын-сүргіннің екі толқынының себептерін ашып көрсетуді бірінші орынға қойдық. Билік түрі идеологиялық-насихаттық клише-айыптауларды пайдалана отырып, ғылыми шығармашылық пен зиялы қауымның ішінде қазақстандықтарды саяси қудалауды қолға алған. Бұл қуғын-сүргін науқандары көбінесе өздерінің ғылыми қауымдастығы, ерікті алаяқтардың, саяси оппортунистердің және биліктен «қорғаныс хаттарының» түрін «сауда-саттық» жасап, мансабын құрған ортанқолдардың ұсынысы бойынша басталды. Олар айыптаулармен «идеологиялық отты» Қ.Сәтбаев, А.Жұбанов, С.Кеңесбаев, А.Бектұров, И.Галузо, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан және т.б. сынды ғалымдарға бағыттап, түзетіп отырды. Т.Шойынбаевтың орталық партия басшылығына жолдаған хатты мақалада жарияладық. Онда Шойынбаев КСР Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаев өткен «Алаш» дәуірінде өзінің «феодалдық бай» тұқымы екенін жасырып, «ұлтшылдарды» қолдағаны туралы айтылған. Басылым Қ.Сәтбаевтың тағдырындағы қуғын-cүргінге байланысты кейінгі оқиғаларды осы тұспалдарға жауап ретінде көрсетеді. Қаныш Сәтбаев репрессиялық қысымға ерлікпен қарсы тұрды.

Өз көзқарастарымды, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ойлап, осы тақырыпты талқылауды жөн көрдім.

– Зәуреш Ғалымжанқызы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Алмабек ИБРАЙЫМОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here