Ассамблея өкілдері сауабы мол іс атқарды

0
1175

Биыл елімізде зор су тасқыны орын алды. Бұл апат бүкіл жұртшылықты жанашырлық пен бірлікке шақырды. Осы тұрғыда Қазақстандағы Ассамблея өкілдері де қарап қалмады, олар көмек берудің алдыңғы шебінен көрініп, дер кезінде Республикалық штаб құрып, одан әрі қарай гуманитарлық көмек беру бойынша жұмыстарын жоғары деңгейде атқарды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі баспанасынан айырылған отбасылар үшін тұрғын үй алып беру арқылы нақты көмектер көрсетті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен  жүрекке» арнайы жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының инспекторы Мұхтар Құлжан және «Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры» қоғамдық қорының басшысы Рафик Мирзоев зардап шеккендерге баспана беру үшін су тасқыны болған өңірлерге арнайы барды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері тарапынан Ақмола және Қостанай облыстарында тұрғын үйінен айырылған отбасыларға үйлер сатып алынды. Ассамблея өкілдері ең бірінші Қабиденовтар отбасын қуантты: Ақмола облысы Жарқайың ауданы Державинск қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Дархан мен Ксенияға үй беріліп, көмек көрсетілді. Олардың үйі су тасқынынан қирап, қалпына келтіру мүмкін болмаған.

Тұрғын үй алған келесі тұрғын – Қостанай облысының Арқалық қаласынан Айман Казова. Ол төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана. Арқалық қаласының маңында орналасқан оның үйін де қалпына келтіру мүмкін емес. Айманның құқық белгілейтін құжаттарымен де мәселелер болған. Сондықтан баспана алуға үмітін үзіп үлгерген еді. Ассамблеяның көмегі оған жаңа үміт сыйлады.

Қостанай облысы Қарасу ауданының Восток ауылының тұрғыны, бес баланы тәрбиелеп отырған Анна Косолапова су тасқыны салдарынан жалға алған үйінен айырылған. Оның да құқық белгілейтін құжаттарымен мәселелер болған. Осы уақытқа дейін өз үйінде тұруды армандап келген Анна бұл бақытты сәтке сенер-сенбесін білмей, қуануда.

«Біз Қазақстан халқы Ассамблеясына қиын кезеңдерде қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Расында, ғажайыптың болатынына сенім күшейді», – дейді Анна Косолапова. Енді көп балалы ана өзінің жаңа пәтеріне көшіп, қоныс тойын тойлайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтың жанында жүріп, табиғи апатқа байланысты қиын жағдайға тап болғандарға көмек қолын созуда. Үйлер мұқтаж жандарға берілуде. Көмек көрсетілетін отбасылар көпбалалы, кейбірінің асыраушысы жоқ, балаларының мүгедектігі бар, кейбірінің құқықтарын белгілейтін құжаттармен мәселелер туындаған, жалдамалы пәтерде тұратыны да, тұрмайтыны да бар.

Айта кетейік, су тасқынының алғашқы күндерінен бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы табиғи апатқа қарсы күресте көмегін аяған жоқ. Аймақтардағы Достық үйлерінде еріктілер орталықтары мен гуманитарлық көмектерді қабылдау пункттері ашылды, онда 12 мыңнан астам еріктілер ең ауыр және қауіпті учаскелерде көмек көрсетті. Өңірлік ҚХА өкілдері зардап шеккен өңірлерге 1 727 тоннадан астам азық-түлік және алғашқы кезде қажет тауарларды жіберді. Сондай-ақ, 85 жүк машинасымен гуманитарлық көмек жөнелтілді (орташа және ауыр жүк фуралары және т.б.), 60 арнайы техника (экскаваторлар, камаздар, самосвалдар және т.б.) тартылды. Көрсетілген гуманитарлық көмек сомасы – 807,4 млн теңгеден астам. Сондай-ақ, құрылыс материалдарымен де көмек көрсетілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы жалғасуда, бұл табиғи апат жағдайында қазақстандықтардың достық пен ынтымағының беріктігін көрсетеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кең жүректі адамдарды тоғыстырған, Қазақстан халқының үлкен бір отбасы екенін нақты істерімен әрдайым дәлелдеп келеді.

Сөзімізді Мемлекет басшысының Ассамблея өкілдері туралы айтқан әдемі теңеуімен түйіндесек: «Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым».

Иә,  этномәдени бірлестіктердің басын қосқан ұйымының атқарып отырған шаруаларына берілген бұл баға өте орынды. Қиналған кезеңде «бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығара білген» жандарға көптің алғыстан өзге айтары жоқ.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here