Мұражайдан мешітке айналған бұрынғы шіркеу

0
8011

Қасиетті Рамазан айында Түркияның ең ірі қаласы – 15,8 млн халқы бар Ыстамбұлдың Айя София мешітінде 92 жылда алғаш рет тарауық намазы оқылды. Әрине, осы арада Айя Софияның тарихынан бейхабар оқырманның көкейінде «Сонда Айя София мешітінде 92 жыл бойы тарауық намазының оқылуына не кедергі болды?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін оқырманның осы сұрағына жауап беріп көреді.

АЙЯ СОФИЯ МЕШІТІНІҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ

Аталған сұраққа жауап беру үшін алдымен 1698 жылдық тарихы бар Айя Софияның өткеніне тоқталу керек. Өйткені, о баста аталған тарихи нысан түріктерге тиесілі болған жоқ. VI ғасырда Әулие София ғибадатханасы византиялық император Юстиниан тұсында тұрғызылды. Осы 15 ғасыр ішінде ғибадатхана басынан небір тарихи жағдайларды өткерді. Византия, Латын және Осман империяларын көрді. Византия тұсында христиандардың құтты мекеніне айналды. Дәл осы шіркеуде 1054 жылы христиан діні «Батыс шіркеуі» (католиктер) және «Шығыс шіркеуі» (православтар) болып екіге бөлінді.

Константинополь (қазіргі Ыстамбұл) қаласын Осман империясы жаулап алғаннан кейін 1453 жылы түрік сұлтаны ІІ-ші Мехмед шіркеуді мешітке айналдырды. Төрт мұнара тұрғызылып, «Айя София» атауына ие болды.

XVI ғасырдың екінші жартысында сұлтандар ІІ-ші Селим мен ІІІ-ші Мұрат тұсында ғимараттың сыртқы келбетіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Содан XIX ғасырдың ортасына дейін, яғни 300 жылдай мешітте жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Әбден тозған тарихи нысаннан айырылып қалатын болғандықтан 1847 жылы сұлтан І-ші Абдул-Меджид күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге әмір берді. Сол кезде византиялық мозаикалардың сақталғаны анықталды (бұрын олар боялған еді). Тарихқа қиянат жасағысы келмеген түрік сұлтаны өрнектердің басым бөлігін қалдырып, христиан әулиелерінің бейнесін қайта бояуды тапсырды.

Жалпы 623 жыл өмір сүрген Осман империясы 1922 жылы ыдырап, оның орнына Түркия Республикасы құрылды. 1935 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің қолы қойылған Түркия үкіметінің декреті шықты. Декреттің күшімен Айя София мешіті мұражайға айналды. Сөйтіп, тарихи нысанның жаңа ғұмыры басталды. Мұражай Ыстамбұлдың бойтұмарына айналғанын да ешкім жоққа шығармайды. Пандемияға дейінгі 2019 жылы Айя-Софияға әлемнің 3,7 млн туристі бас сұққан екен.

ХРИСТИАНДАР МҰРАЖАЙДЫҢ МЕШІТКЕ АЙНАЛУЫНА НЕГЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ?

Рас, соңғы жиырма жылдықта түріктер арасында мұражайды қайтадан мешітке айналдыру әңгімесі қызу талқыланып келген болатын. Бұл бастаманы мұсылмандар қолдағанымен, христиандар тарихқа қиянат жасалатынын алға тартты. Дегенмен, 2006 жылы мұражайды қайтадан мешітке айналдырудың алғашқы қадамы жасалды. Сол жылы мұражай қызметкерлеріне намаз оқуға арнайы орын бөлінді. Батыс елдері бұған қарсылық білдірді. Мысалы, 2007 жылы америкалық саясаткерлер мен кәсіпкерлер Айя Софияның бастапқы мәртебесін қайтару мақсатында Әулие Софияны босату кеңесін (Free Agia Sophia Council) құрды.

Америкалық саясаткер Реймонд Бакли бұл үшін Түркия билігін қатты сынға алып, осылайша түріктер барша христиандардың бетіне түкіргендерін ашық айтты.

Халықаралық Әулие Софияны босату кеңесінің президенті Крис Спиру 2009 жылы ресейлік «Завтра» газетіне: «Мы стремимся, чтобы собор Святой Софии Премудрости Божией снова занял подобающее ему место как храм, священный для всего христианства, как мать всех церквей, как царственный храм православия – чем он и был до захвата турками-османами в 1453 году. Всё дело в том, что Святая София никогда не была мечетью и никогда не была музеем. Она всегда была христианским храмом, переделанным в мечеть султана-завоевателя, а затем и в музей. Считаю обязательным возвращение этого храма к своему первоначальному предназначению», – деп сұхбат берген еді.

2016 жылы қасиетті Рамазан айында Айя София мұражайында Құран оқылып, ол түрік телеарналарынан тікелей эфир арқылы көрсетілді. Христиандар қайта шу көтерді. Грекияның сыртқы істер министрлігі наразылық нотасын жолдады.

2018 жылы Түркияның Конституциялық соты жекелеген азаматтардың мұражайды мешітке айналдыру өтініштерін қанағаттандырмады. Дегенмен, 2019 жылы Түркия президенті Режеп Ердоған TGRT телеарнасына берген сұхбатында Айя София мұражайының қайтадан мешітке айналуы мүмкін екенін, барлық дін өкілдері (туристер) оған тегін кіре алатынын мәлімдеді. Содан бұл мәселе халықтың талқысына қайта түсті. Ал, 2020 жылы Түркияның мемлекеттік кеңесі Айя София мұражайын мешітке айналдыру туралы шешім шығарды.

Батыс елдері Түркияны тарихқа құрметпен қарауға шақырғанымен, түрік билігі оған құлақ асқан жоқ. Өз кезегінде АҚШ-тың сол тұстағы Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Түркия үкіметінен Айя-Софияның мұражай мәртебесін қалдыруды талап еткен-ді.

Өкінішке қарай, бұл жерде тағы да саясат алдыдан шықты. Өйткені, бұған дейін Режеп Ердоған егер АҚШ Таяу Шығыстағы Голан мен Иерусалимді Израильдің бөлшегі санап, палестиналықтардың құқығын шектейтін болса, онда Айя Софияны мешітке айналдыратынын жасырмай айтып келді. Өздеріңіз білесіздер, Израиль де, мұсылмандар тұратын Палестина автономиясы да Иерусалимді өзінің ресми астанасы санайды. Ал, Ақ үй Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындады. Яғни, Түркия президенті өз сөзінде тұрды.

Айя София мәртебесін өзгерту арқылы түріктер ата жауы гректерге де соққы берді.

Майк Помпео сияқты кейбір саясаткерлер бұл шешімнің қате екенін айтып шектелсе, Грекияның Мәдениет министрі Лина Мендони сияқты «бұл діни және ұлтаралық араздықты қоздырады» деп қатты мәлімдеме жасаған шенеуніктер де табылды. Дегенмен, түріктердің гректерге берер жауабы дайын.

«Басқа-басқа гректердің бізді сынайтын жөні жоқ. Грекия өз еліндегі мыңдаған мұсылманның барлығына қарамастан, бірде-бір мешіттің ашылуына рұқсат бермеді. Оларға қарағанда бізде (Түркияны айтады, – ред.), толерантты елде көптеген шіркеу бар», – деп мәлімдеді Түркияның Сыртқы істер министрлігі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, Айя София мұражайын мешітке айналдыруға христиан елдері түпкілікті қарсы болғанымен, заң бойынша бұл түріктердің ішкі шаруасы, оған өзге елдердің араласуға еш құқығы жоқ еді. Сондықтан Түркия осындай батыл шешім қабылдады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here