Ата Заңға енетін өзгерістердің ішінде қандай жаңашылдықтар бар? /Сарапшы пікірі/

0
1644

Бүгінгі таңда Конституциялық реформа бойынша жұмыс тобы өз жұмысын аяқтап, Конституциялық Кеңес аясында өзгертулер енгізу жұмыстары басталды. Қыркүйек айынан бастап аталмыш өзгертулер Парламент қабырғасында қаралып, жыл соңына дейін енгізілетін болады. Негізгі өзгертулерге келетін болсақ, Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізу жоспарланып отыр. Соның ішінде Президент өкілеттігін шектеуге, сайлау жүйесін оңтайландыруға, саяси партияларды тіркеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты өзгерістер қолданысқа енеді. Оның ішіндегі басты өзгерістерді атап өтер болсақ.

Біріншіден, Президент өкілеттілігі шектеледі. Бұл Екінші Республика қағидаты аясында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асады. Мәселен, облыс әкімдерін енді Мемлекет басшысы тағайындамайды, керісінше Президент екіден кем емес үміткер ұсынып, оны қолдау немесе қолдамау бұрын облыстық мәслихат тарапынан болса, жаңа өзгерістерден кейін облыстық мәслихат депутаттарымен бірге аудандық мәслихат депутаттарының да дауысы ескеріледі.

Екіншіден, Президент бұрынғыдай Конституциялық соттың, Есеп палатасының төрағаларын тағайындамайды, бұл Сенатқа екіден кем емес үміткерлерді ұсыну арқылы жүзеге асады.

Үшіншіден, Парламенттің заңнамалық функциясында жаңашылдық бар. Енді заңды қабылдау өкілеттігі Мәжіліске өтеді. Яғни, Мәжілісте заңды қабылдау функциясы пайда болады. Бұл Мәжілістегі бастамалардың Президентке тікелей өтуіне мүмкіндік береді. Өйткені, бұған дейін Мәжіліс тарапынан қарастырылған заңдарды Сенат кері қайтарып келді. Енді Мәжіліс қабылдаған заңды Сенат не мақұлдайды, не мақұлдамайды. Мақұлдамаған жағдайда үш түрлі нұсқа жүзеге асады. Біріншісі, келісім комиссиясын құру арқылы бір шешімге келеді. Екіншісі, Мәжіліс үштен екі дауыс беру арқылы Сенат шегінен өтіп, Президентке тікелей өтуге мүмкіндік алады. Үшіншісі, Сенат Мәжілістің заңнамасын растайды, осы арқылы заңға қол қою тікелей Президентке өтеді.

Төртіншіден, заң қабылдау нормаларында шұғыл қабылдау формасы пайда болады. Неге десеңіз, пандемия немесе қаңтар оқиғасы кезінде шұғыл заңдар қабылдау қажеттігі туындады. Осы кезде Үкімет өз тарапынан заңды шұғыл қабылдауға өзінің актісі арқылы мүмкіндік алады. Яғни, Үкімет Мәжіліске заңды шұғыл қабылдауға ұсыныс береді, Мәжіліс заңды шұғыл қабылдау үрдісін жүргізіп жатқан кезде Үкіметтің актісі арқылы ол жүзеге аса береді. Бірақ, ол заңсыз немесе қажетсіз деп танылса, Мәжіліс заңды қайтарған кезде ол өз күшін жояды.

Бесіншіден, аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесі Мәжіліс деңгейінде 70/30 пайыз, облыс, республикалық маңызы бар қалалар негізінде 50/50 пайыз, аудандық, қалалық деңгейде 100 пайыз мажоритарлық жүйеге өту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, бір мандатты округтен мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттардың өз жұмысын толыққанды атқармаған немесе өз саяси бағдарламасын жүзеге асырмаған жағдайда сайлаушылар оның мандатын қайтару құқығына ие болады.

Алтыншыдан, Тұңғыш Президенттің өкілеттіктеріне қатысты баптар Конституциядан алынып тасталады. Бұл ретте 91-бапта ҚР Тұңғыш Президенті – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы мәртебесі қалады, бірақ «Елбасы» сөзі болмайды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі мойындалып қалады, ал өкілеттіктердің кең ауқымы жойылады.

Міне, осындай бастамалар Жаңа Қазақстанның мемлекеттік басқарудағы жаңа формасына сай келеді.

Қазбек Майгелдинов,
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма Төрағасы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here