Тұғырлы тұлға /эссе-диалог/

0
957

«Ұяда нені көрсең, өскенде соны ілерсің» дейтін халқымыздың әлімсақтан айтылып келе жатқан осы қанатты сөзінде қаншама өмір шындығының нышаны бар десеңші. Дүниеге келген сәбидің әлемді алғаш танып, түйсінуі отбасынан басталады емес пе?! Біз бүгін әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз сондай үлгілі шаңырақтың нәрімен сусындап өсіп, үлкен өмір жолында жақсы із қалдырған көшелі азамат, тұғырлы тұлға – «Құрмет» орденінің иегері, АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон қаласының, бұрынғы Торғай облысының орталығы – Арқалық қаласының Құрметті азаматы, Елордамыздағы қалалық қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі, қоғам қайраткері Марат Кәрімұлы Мұстафин.

ҰШҚАН ҰЯ

– Марат Кәрімұлы, Сіздің әкеңіз Кәрім мен анаңыз Нәбира әжей бүкіл Торғай еліне аты мәшһүр болған ұлағатты ұстаздар. Қазаны мен қара шәйнегінің астындағы оты сөнбеген қонақжай, ақжарқын адамдар еді. Әңгімеміздің әлқисасын сол кісілерден, шыққан тегіңізден бастасақ қайтеді?

– Әкем марқұм 100 жасқа келіп, абыз қария атанып, ғасыр тойын ел-жұртына тойлатып барып дүниеден озды. Ғұмыр бойы ұстаздық қызметті атқарып өтті. Қолынан газет-журналы, кітабы түскен емес. Руы – қыпшақ, Торғайдағы атақты Тілеп қобызшы, Амангелді батыр, Әліби Жангелдин, Кейкі батыр сияқты текті тұлғалардың нәсілі. Ал, менің нағашыларым атақты Шақшақ Жәнібек батырдың туған ағасы Тұрлығұлдың ұрпағы Жанқожа батырдан тарайтын киелі әулет. Өзім 1952 жылы Ақкөл ауылында, қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы елді мекенде дүниеге келдім. Онжылдық мектепті үздік бітіргеннен кейін, 1968 жылы Қазақ химия-технология институтының инженерлік-құрылыс факультетіне түсіп, оны 1973 жылы аяқтадым. Сол жылы өзімнің курстасым, атақты Қатонқарағайдың қызы Гүлнармен отбасын құрдым.

– Мәке, бір оқпен екі қоян атқандай болыпсыз ғой. Диплом қолда, келіншек қолтығыңызда. Енді қай жаққа бет алдыңыздар?

– Шынымды айтайын, курстастарымның көбі үлкен қалаға баруға ұмтылды, ал Гүлнар екеуміз болсақ, «Туған жерге – туыңды тік» дегендей, сол кезде жаңадан ашылған Торғай облысына барайық деп шештік. Біздің бағымызға қарай Торғай облысының Есіл қаласындағы Қазақ КСР Ауыл құрылысы министрлігіне қарасты Есіл керамзит-бетон бұйымдары зауыты мамандарға сусап отыр екен, бізді құшақ жая қарсы алды.

ЕСІЛДЕ ЕРЖЕТТІ

Марат Кәрімұлының сонау бала кезден бері бойында қалыптасқан жақсы қасиеті – қандай іске болмасын жауапкершілікпен қарап, бастаған жұмысты тиянақты аяқтау болатын. Есіл зауытына қатардағы шебер болып орналасқан жас маман бірден осы қасиетімен көзге түсті. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін бағалаған зауыт басшылығы оны көп ұзамай цех бастығы, одан біршама уақыт өткенде бас технолог қызметіне жоғарылатты.

Жеті жыл бойы зауыттың технологиялық мүмкіндіктерін жетілдіріп, оның орасан зор табыстарға жетуіне елеулі үлес қосқан Маратты 1981 жылы партия қызметіне шақырады. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Социалистік Еңбек Ері Рысбек Мырзашев жас маманды қамқорлығына алып, әуелі аудандық партия комитетінің өнеркәсіп-көлік бөлімінің меңгерушілігіне тағайындайды.

– Партиялық жұмыс менің бұрын араласпаған салам. Мұнда қызмет істей жүріп көп нәрсені үйрендім. Саяси сауаттылық, ішкі этика, бұқарамен қарым-қатынас жасаудың әдіс-тәсілдері, мемлекетшілдік сияқты жақсы нәрселерді бойыма сіңірдім, – дейді Марат Кәрімұлы әңгімесін одан әрі жалғай түсіп. – Мойындауымыз керек, Кеңес үкіметі уақытында шаруаға қажетті барлық жағдай жоғары жақтың шешімімен жасалатын. Сенің міндетің – солардың берген нұсқауын мүлтіксіз орындау. Берген техникасы мен құрылыс материалдарын орнымен пайдалану. Қазіргідей жанар-жағармай іздеп шаруашылық басшылары ойға-қырға шапқыламайды. Өзі жоспарлы түрде келіп тұрады. Әйткенмен, мұның да кемшілік жағы аз болмады. Ешкім өз шаруашылығының толық қожасы бола алған жоқ. Бір жолмен жүріп, бір жүйеде ойлайсың. Ауылдар мен қалаларда біркелкі тұрғын үй, мәдени-құрылыс нысандары салынуы соның салдары. Егін орағы кезінде Ресейден, Украинадан қаншама механизатор, техника алып, кеңседегі адамдарды жұмыстан босатып, студенттерді қосып, тіпті армияны жұмысқа тартып әлек болушы едік. Қазір ешкімнің көмегінсіз, ешқандай айқай-шусыз әр шаруа өз астығын жинап алады. Міне, жекенің жауапкершілігі, нарықтық жүйенің артықшылығы.

– Марат Кәрімұлы, Сіз 1987 жылы өз зауытыңызға қайтып келдіңіз. Жай келмедіңіз, бас директор болдыңыз. Сіз басқарған жылдары зауыт облыс және республика көлемінде алдыңғы кәсіпорындардың қатарына көтерілді…

– Оныңыз рас! Зауыт ауыл-аймақтағы құрылыс жұмысына қажетті материалдарды көптеп шығарды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағынан ілгерілеуіне өзіндік үлес қосты. Құрылыс индустриясы қарқынды дамыды.

Әлбетте, жігіттің жолы болып, бағы көтерілерде оның қызметтік баспалдағы да тез өзгереді. Зауыттың бас директоры болып жақсы жұмыс істеп жүрген Марат Кәрімұлы 1993 жылы Арқалық қаласының әкімі қызметіне тағайындалады.

АРАЙЛЫ АРҚАЛЫҚ

Кезінде Арқалық аяққа құйған астай шағын қала болғанымен, оның алдағы күндері алатын айшықты жоспарлары да, өзіндік проблемасы да аз емес еді. Марат Кәрімұлы соның бәрін өзінің жан-жүрегімен сезініп, елдің төл перзенті ретінде әкімдік жұмысты сапалы әрі таза атқарды.

Әуел бастан тура жүріп, тура сөйлеуге үйренген, ешкімнің ала жібін аттамайтын адалдығымен, қаланың инфрақұрылымын жетілдіруге, әлеуметтік нысандар құрылысын жаңғыртуға, қаланы абаттандыруға аса мән берді. 

– Ең алдымен әр басшының өзіне деген сенімділігі маңызды, – дейді ол. – Басшы «Мен өзіме жүктелген осы міндетті атқара аламын ба, әлде жоқ па? Қолымнан келе ме, келмей ме? Халықтың сенімінен шыға аламын ба?» деген сауалға жауап бере алатын болуы керек. Содан кейін адамдарды алаламау, яғни бөліп-жармай қызметіне, дәрежесіне қарамай адамгершілік тұрғыдан қарау ләзім. Қай істе де ең бастысы адалдық. Бір сөзділік. Егер басшы екі сөйлеп жатса, оның беделден жұрдай болғаны.

Басшыға керек тағы бір қасиет – болашақты болжай білу, ойдың озықтығы. Өмірдің сан тарау жолдарынан өтіп тәжірибе жинаған Марат Кәрімұлының ұстанған кредосы осындай.

Содан да болар, онымен қызметтес болған үлкен-кіші қашанда ол туралы мақтанышпен сөйлейді. Осы сыйластықтың сипаты кейінгі қызмет істеген жылдары да үзілген жоқ. 1997 жылы Торғай облысы тараған кезде Баға және монополияға қарсы саясат комитетінің Ақмола облысы бойынша төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Әр жылдары Баға және монополияға қарсы саясат комитетінің Ақмола облысы бойынша төрағасы, ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарды.

КӨКШЕТАУ МЕН ҚЫЗЫЛЖАР

– Бұл өңір бір-бірімен қоян-қолтық араласып жатқан аймақ. Өмір салты, табиғи ерекшеліктері өте ұқсас. Адамдары аузын ашса көкірегі көрінетін ақкөңіл, абзал, атпал азаматтар, – дейді Марат Кәрімұлы өзінің өмір жолына шолу жасай отырып. – Екі облыста да Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаменттің басшысы болып істедім. Бұл өзі қыр-сыры беймәлімдеу ерекше сала. Мыңжылдықтар ауысқан кешегі күйзеліс кезеңдегі коммуналдық қызметтегі бағаның ойнақшып, өзгеріп отыруы жұртшылықтың есінен кете қоймаған шығар. Біздің мекеменің қызметі сонымен күресу. Баға белгілеудің себеп-салдарын ашып, «Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жол табу. Бұл жерде кіріс-шығыс, табыс көзі тегіс сүзгіден өтіп, есеп-қисабы шығарылады. Мұның бәрі ат үсті қаралатын жеңіл мәселелер емес. Олар тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен тығыз байланысып жатқандықтан, әрқайсысы мұқият зерттеліп, жан-жақты талдау жасалып екі тараптың бірдей көңілінен шығатындай шешім шығаруды қажет етеді. Мұның сыртында коммуналдық қызметтердің бағасы мен тарифін ұдайы назарда ұстап отырған қоғамдық сарапшылар тобы тағы бар. Оларға да мән-жайды түбегейлі түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп отыру керек.

Осының бір мысалы – «Петропавл су» акционерлік қоғамында болған жағдай. Марат Кәрімұлы кәсіпорынның бағаны көтеруіне қарсылық білдірген қоғамдық кеңес мүшелеріне сол мекемеге барып істің барысымен танысуды ұсынады. Нәтижесінде «Ашық есік күні» шарасына қатынасып, су беру қондырғылары тозған, жұмысшыларының еңбекақысы тым төмен екеніне көз жеткізген бастамашы топ кәсіпорынның бағаны сәл көтеруіне келісім береді. Мұндай өміршең мысалдар Мұстафин басшылық еткен мекемеде көптеп кездеседі.

Тағы бір мысал. Көкшетауда қызмет істеп жүргенде көпшілік табандылығы мен қайсарлығының арқасында жылу қуатының тарифтерін бекітуге табиғи монополия субъектілері қарсы шығып, облыстық деңгейдегі соттарда дес бермей кеткеніне қарамастан, соңына дейін күресіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының алқасында жеңіске жеткен болатын. Осы оқиға оның облыс тұрғындары алдындағы беделін асырып, абыройын көтерді. Әлі күнге дейін Көкше елі «басшы болса, Марат Кәрімұлындай болсын» деп отырады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде жасы 70-ке келіп, ақсақал атанса да, Марат Мұстафин ат үстінен түскен жоқ. «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» акционерлік қоғамының вице-президенті болып қызмет атқаруда. Мұның сыртында Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесінің белді мүшелігі тағы бар.

Жұбайы Гүлнар Малғаждарқызы мамандығы бойынша қызмет атқарып, Маратқа тілекші бола білді. Екеуі 50 жылдай тату-тәтті өмір сүріп, балаларына үлгілі тәрбие берді. Үлкен қызы бизнес саласында, ұлы Ерлан шет елде оқу бітіріп, Алматыда аудиторлық қызмет атқарады. Кіші ұлы Ержан Республикалық мемлекеттік кіріс комитетінде қызмет етеді. Міне, мәуелі бәйтеректей жапырақ жайған тұғырлы тұлғаның өнегелі өмір жолы осындай.

Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here