Үмітке толы референдум

0
1191

Алматыда Конституциялық реформалар жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті. Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты әрі Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің жетекшісі Ақылбек Күрішбаев та қатысты.

Отырыс барысында сенатор Ақылбек Күрішбаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер заман талабы мен халық талабы, ең бастысы, парламенттік мемлекетке өтудің алғашқы қадамы екенін айтты. Сондықтан қоғам алдағы жалпыхалықтық референдумға үлкен жауапкершілікпен қарап, дауыс беруі керек. Халықтың таңдауы бойынша өзгеріс енгізілетін Ата Заң парламенттік мемлекет, демократиялық ел екенімізді куәландыратын басты төлқұжат болады. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру тобы жиынға қатысушыларға науқан алдындағы дайындық пен алғышарттары туралы айтты. Референдумға қатысушылар дауыс беру күніне дейін Конституцияның өзгеріс енгізілетін 33 бабын оқып, ондағы 56 өзгеріс туралы білуі керек.

«Қазір біз көптеген ұжымдармен кездесіп жатырмыз. Кейбір ұжымдарда мынадай сұрақтар туындайды: «Біз референдуммен асығып жатқан жоқпыз ба, бұл косметикалық өзгерістер емес пе?» деген. Оған жауабымыз, олай емес. Біріншіден, мына конституциялық өзгерістеріміздің бәрі жан-жақты талданды, заңгерлер, қоғамдық институттар қарады. Ең бастысы, бұл өзгерістер ең дамыған мемлекеттердің Конституциясына сәйкес келеді. Біз сол демократиялық елдердің жолымен келе жатырмыз. Мысалға Оңтүстік Кореяны алайық. Супер президенттік мемлекеттен парламенті мықты мемлекетке ауысты. Шығыс Еуропа, Балтық жағалауы елдері де осындай Конституциямен келе жатыр. Біздің де Конституциямыз сол елдерге сәйкес. Конституция дегеніміз – біздің Ата Заңымыз. Басқа сөзбен айтқанда, мемлекетіміздің темірқазығы. Алдымен сол қазықты түзеп алуымыз керек. Сондықтан қазіргі өзгерістер соған тікелей байланысты. Негізін дұрыстаған соң қоғамда да, экономикада да оң өзгерістер болады», – деді сенатор Ақылбек Күрішбаев.

Аршын КЕМЕЛЖАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here