Жаңа Қазақстанды құру жолындағы батыл қадам

0
1674

Кеше, 23 мамыр күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Саяси процестің жаһандық мәселелері» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Динар Нөкетаева, ректор Дархан Біләлов, «Аманат» партиясының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және жастар істері жөніндегі басқарма, студенттік өзін-өзі басқару органдарының төрағалары және белсенді студенттер қатысты. Жиынның мақсаты – ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңының жобасымен таныстыру, алдағы референдумға қатысу бойынша азаматтық ұстанымды қалыптастыру.

Дархан Біләлов ел экономикасын нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа міндеттер жүктелген мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы үшін маңызды қадам жасағанын атап өтіп, саяси реформалардың қажеттігі туралы айтты.

«Негізгі заң Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мүдделерін ескеруі тиіс. Референдум – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы алғашқы нақты әрі батыл қадам. Бұл қадамдарды жүзеге асыру үшін әрбір қазақстандық ел дамуына өз үлесін қосуы керек», – деді ректор.

Кездесу барысында спикерлер ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі айтып, еліміздің қолданыстағы Конституциясына ұсынылатын түзетулер демократияны нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Референдум Жаңа Қазақстанды құрудың нақты қадамы екені, саяси реформалардың негізгі тетігі – Президент алға қойған конституциялық өзгерістерді халықтың қолдауы, әрбір қазақстандықтың еліміздің дамуына үлес қосуы керектігі айтылды.

Сенатор Нұртөре Жүсіп мұның Жаңа Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне айтарлықтай серпін беретінін, өйткені өзгерістерде халықтың үніне құлақ асатын, халықтың ой-пікірімен санасатын мемлекет негіздері ескерілгендігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, Конституцияның құндылығы – әділдік, тәртіп, бірлік және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.

Динар Нөкетаева реформалардың ел тұрғындарының сұранысына және уақыт талабына сай екенін атап өтті. Депутат білім және ғылым саласындағы өзгерістер, педагог мәртебесін арттыру бойынша мемлекет жүргізіп жатқан шаралар туралы айтып, жас ұстаздарға қолдау көрсету мүмкіндіктерін дамыту арқылы ауыл мектептерін кадрлармен қамтамасыз ету және жас ғалымдарға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

Сенаторлар референдумның мақсаттарын нақты түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here